Көне жазба ескерткіштері – публицистика бастаулары

Көне жазба ескерткіштері – публицистика
бастаулары

Kөне түркі руникалық жазбаларын көптеген зерттеушілер VІІ-ІX ғғ. жатқызып келді. Бұл турасында әр түрлі даулы пікірлер айтылды. Дегенмен, 80-ші жылдары Монғолиядан табылған тас ескерткіштер руна жазуларының бастапқы кезе-ңінің әріде жатқандығын дәлелдеп берді. Көне түркі жазба ескерткіштерінің ішіндегі неғұрлым ежелгілерінің бірі ретінде Бұғыты жазбасы (Бугутская надпись) аталып жүр. Бұл жәді-герлік VІ ғасырдың соңғы ширегіне жатқызылады [46, 53 б.].
Жалпы көнетүркі жазбаларының алғаш ашылуы XVІІІ ғасырдың 20-шы жылдарына дәл келеді [47, 308-312 бб.]. Тасқа қашалған мұралардың тұңғыш үлгілері Ф.И.Страленбергтің “Северная и восточная части Европы и Азии” [48] атты еңбегінде жарыққа шықты. Ал 1721 жылы зерттеуші ғалым Д.Г.Мессершмидт Енисей өзенінің жағалауынан тасқа ойылып жазылған ескерткіш тапты. Біршама уақыттан кейін, нақтырақ айтсақ XVІІІ ғасырдың аяқ шенінде, ғалым Р.Паллас енисей руна жазбаларының бесеуін жария етті. 1889 жылы Көкшін-Орхон өзенінің жағасындағы Коше-Цайдам аңғарынан қытай әліпбиімен және руна жазуымен жазылған екі үлкен тас ескерткіш табылды.
1893 жылдың 15-желтоқсанында дат профессоры Виль-гельм Томсен Орхон-Енисей ескерткіштерінің құпиясын шеш-ті. Ол тастағы белгілерді салыстыра отырып, дыбыстардың ыңғайына қарай белгілер алдыңғы және артқы қатардағы болып екі топқа бөлінетіндігін айқындады. Бұл түркі тілінің құрылысына тән еді. Академиктер В.В.Бартольд пен А.Н.Са-мойлович бұл оқиғаны – ХІХ ғасырдың ең ұлы жаңалық-тарының қатарына жатқызды [49, 48 б.].
1896-1897 жылдары Қазақстандағы Тараз қаласына жақын жерде көнетүркі жазулары түріндегі бес тас ескерткіш табы-лып, олардың ең ежелгі жазбаларға жататындығы дәлелденді.
Көне түркі жазуының түйіні шешілгеннен кейін баба-ларымыз қалдырған көптеген асыл мұралар табылды. Монғолиядан – 33, Енисейдің Орхон аймағынан – 85, Шығыс Түркістанда, Талас бойында – 12, Ферғана мен Шығыс Еуропада да бірнеше көне түркі ескерткіштері табылып, ежелгі дәуір шежіресін бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Көрнекті түрколог ғалымдар С.Т.Кляшторный мен А.Н.Кононовтар көне түркі жазу ескерткіштерін 7 топқа бөліп қарайды [50, 22 б.].
1. Батыс Түрк қағанатына тиісті болған ескерткіштер. Бұлар негізінен Орхон ескерткіштері деп аталынады да, оған: 1) Орхон өзенінің бойынан табылған ескерткіштер, 2) Алтай тауының айналасынан табылған ескерткіштер енеді. Ғалым-дарымыз бұл ескерткіштерді VІІ-VІІІ ғасырларда жазылған деп шамалайды. Тасқа жазылған сына жазулардың ішіндегі ең үлкені де, тілдік материалдары жағынан құндысы да осы дәуірге сай келеді.
2. Қырғыз қағанатына тән енисей жазу ескерткіштері. Енисей жазу ескерткіштерінің қай кездерде жазылғандығы туралы түрлі пікір бар. Мысалы, бұл ескерткіш тілін С.Е.Малов V-VІ ғасырдағы түркілер тіліне, В.Томсен мен П.М.Мелориан-скийлер VІ-VІІ ғасыр түркілер тіліне, В.В.Радлов VІ-VІІІ ғасыр түркілер тіліне тән деп көрсетеді. Ал, А.Р.Қызласов бұл ескерт-кіштерді ІХ-Х ғасырда жазылған деген пікір айтады. Енисей жазу ескерткіштері Орхон жазу ескерткіштеріндей көлемі өте үлкен емес. Олардың ең үлкені Уйбат өзенінің бойынан табылған. Уйбат ІІІ деп аталатын ескерткіш 478 таңбадан тұрады [51, 26 б.].
3. VІІІ-Х ғасырларда жазылып, Лена-Байкал өңірінен табылған ескерткіштер. Бұл ескерткіш Құрыхан тайпалар одағына тиісті.
4. Талас және Ферғанадан табылған руникалық ескерт-кіштер. Бұл оғыз ескерткіштері Батыс Түрк тайпаларының ұрпақтарына тән, VІ-VІІІ ғасыр араларында жазылған.
5. VІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ІХ ғасырларда жазылған Монғолиядағы ұйғыр қағанатына тиісті болған Семиги және Қараболғасун ескерткіші.
6. Шығыс Түркістандағы ұйғыр мемлекетіне (ІХ-Х) тән ескерткіштер мен турфан жазулары.
7. Хазар қағанаты мен Печенек тайпаларына тиісті Шығыс Европадан табылған ескерткіштер [16, 92-93 бб.].
Тағы бір ерекше назар аударарлық түйінді мәселе – барлық табылған руна жазуларын жанрлық тұрғыдан алты топқа бөліп қарастыруға болады:
1. Тарихи – өмірбаяндық жазулар: Мысалы: Білге-қаған, Күлтегін, Күллі-Шор, Тоныкөк, Өнгін, Селегін, Суджин, Қараболғасун, т.б. тас жазулары.
2. Эпитафиялық, яғни қабірнама жазулар – Енисей бойы-нан табылған молалардағы тас жазулар, Талас, Тува, Хака-сиядан табылған ескерткіштер.
3. Жартастардағы, тастардағы, тас құрылыстарыдағы жаз-балар (Хойто-Темір және т.б. ескерткіштер).
4. Магикалық және діни текстер: “Гадательная книга” – тастардың магикалық қасиеттері туралы трактаттар жазылған – “Сәуегейлік таскітабы” немесе “Болжал кітабы”.
5. Дуньхуан мен Турфаннан табылған қағаздардағы заңдық құжаттар.
6. Тұрмыстық заттардағы белгілер [50, 21-22 бб.].
Қазақ жазуы мен кітабының тарихын зерттей келе, білікті зерттеушілердің бірі, профессор М.К.Барманқұлов түріктердің алғашқы кітабы Х ғасырда пайда болған деген тоқтамға келеді [52, 172 б.]. А.Стейннің Шығыс Түркістанға жасаған экспеди-циясының ірі табысы туралы сөз қозғайды. Диньхуанға жақын жердегі үңгірдегі кітапханадан А.Стейн экспедициясы 1906-1908 жылдары 13,2х8 см көлемдегі 29 бүктелген парақтан тұратын кітап тапқан. Оның ішіндегі текст 104 жолдан тұрады. Текст 65 шағын тәмсілден құралған. Кітаптың тақырыбы жоқ. Бірақ онда қызыл сиямен жазылған: “Бұл кітап жақсылық белгісі!” (Эта книга знамений хороша!)” [52, 172 б.] – деген сөздер бар. Сондықтан да бұл қағаз кітапты – “Ырқ бітік” деген атпен белгілі көне түркі ескерткіштеріне жатқызады. Өйткені ондағы белгілер Орхон – Енисей жазбаларындағы руна жазуларымен сәйкес келеді. “Восточный туркестан в древности и раннем средневековье. Этнос, языки, религии” деген еңбекте бұл кітапқа – “ең көне руна жазуларындағы қағазға жазылған қолжазба” – деген баға беріледі [53, 343 б.]. Бұл көне түркі кітабы Британ музейінің Шығармаларында сақтаулы.
Ал оның қай жылдары жазылғандығы туралы екі түрлі пікір бар. Ол зерттеуші Дж.Гамильтонның анықтауынша 930-жылдың 17 наурызы. Ал Л.Базек деген ғалымның ойынша 942 жылдың 4 наурызы [53, 343 б.].
Қалай болғанда да, сонау Х ғасырда жазылған бұл құжат қазақ жазуының тарихында өз орнын алуы керек.
Орхон ескерткіштерінің ішіндегі мазмұны мен көлемі жағынан өзгеше саналатын жазба – Күлтегінге арналған ескерткіш. Жазбада өмірде болған тарихи оқиға баяндалады. Құтлығ қаған (Ілтеріс) тұсында түркі мемлекетінің күш-қуаты артып, ерекше қарқынмен дамыған. Ол 682 жылы қайтыс болғаннан кейін, балалары Могилян мен Күлтегін жас болып, таққа туысы Мочжо (Қапаған) отырады. 716 жылы Қапаған дүниеден қайтқан соң, таққа Білге қаған отырады. Дәл осы кезде Білге түркі мемлекетінің күш — қуатын арттыруға көп еңбек сіңіреді. 731 жылы түркінің атақты қолбасшысы Күл-тегін дүниеден өтеді. Інісін өмірлік есте қалдыру мақсатында Білге қаған Кошо-Цайдам ойпатындағы Қараболғасун деген ескі қорғанның солтүстігіндегі Эрдени-Цзу пұтханасы маңын-да Күлтегін тас жазуын орнатқызады. Оны жазған Иоллығ тегін атты жазбагер.
Бұл ескерткішті тұңғыш тапқан орыс ғалымы Н.М.Яд-ринцев. 1890 жылы Г.Гейкель бастаған фин-угор қоғамының, 1901 жылы В.В.Радлов бастаған Орыс Ғылым академиясының экспедициялары ескерткіш орнатылған жерге барып, жазуды тексеріп қайтқан.
1902 жылы Учжоудағы ағылшын консулы К.Кэмпбелл Күлтегін жазбасына қатысты бірсыпыра зерттеу жүргізген. 1909 жылы француз саяхатшысы Ля Кост, 1912 жылы В.Л.Котвич, 1958 жылы чех археологы Л.Иисль қарастырады. Жалпы бұл жазуды дат оқымыстысы Вильгельм Томсен, әйгілі ғалым В.В.Радлов, кейін С.Е.Малов өз тілдеріне аударды. Түпнұсқаны зерттеуде В.Бартольд, П.М.Мелорианский, В.Томсен, А.Н.Бернштам, Л.Н.Гумилев, С.Г.Кляшторный, т.б. ғалымдар зор еңбек сіңірді. Көне түркі жазбаларын қазақшаға аударуда зерттеу ісінде Ғұбайдолла Айдаров, Құлмат Өмір-әлиев, Мырзатай Жолдасбеков еңбектері зор. Кейінгі жылдары ақындар Қадыр Мырза Әли, Темірхан Медетбек “Күлтегін” жазбасының еркін поэтикалық аудармасын жасады.
“Күлтегін ескерткішінің биіктігі – 3,15 м, ені – 1,24 м, қалыңдығы – 0,41 м. Ескерткіштің жоғары жағы бес бұрышты. Оның қырларында айдаһардың суреттері мен қаған таңбалары бейнеленген. Екінші жағында ескерткіштің орнатылған күні – 1 тамыз, 732 жыл деп жазылған” [54, 8 б.].
Күлтегін ескерткішіндегі жазу екі бөліктен тұрады. Ол негізгі беттегі 40 жол жазу – үлкен жазу (КТҮ) деп, ал сол жақ бетіндегі 13 жол жазу-кіші жазу (КТК) деп аталады.
Енді тарихи – өмірбаяндық жазулардың ең әйгілісі болып саналатын Күлтегін ескерткішінің публицистикалық сипаты туралы ойларымызды ортаға салайық. Бұл үшін ең алдымен ойшыл ғалымдарымыздың осы ескерткіш туралы тұжырымды пікірлеріне сүйенуіміз керек. Ғұлама М.О.Әуезов: “Мұнда батырдың жас шағынан бастап өмірінің ақырына дейінгі ерліктерін жырлайтын батырлық дастандардың сюжеттік құрылысына ұқсастық бар” [55, 136 б.], – деген ой білдірген.
Ал академик Ә.Х.Марғұлан болса: “Өткен дәуірдің жыршылары қандай ерлік жырын жырласа да, оның бәрі материалистік негізге тіреліп, болған тарихи уақиғаны, тарихи фактілерді жырлаған” [56, 367 б.],– деп жазады.
Көне жазба ескерткіштерінің ішінде осындай нақтылы фактілерге негізделген “Күлтегін” тарихи жәдігерінің үлкен жазуы 428 өлең жолынан тұрады. “Бұл жырдың ерекшелігі – осы жыр бір-біріне толық дербес тұрған алты хикаядан, яғни алты оқиғадан құралған деуге болады. Бірінші хикая – түрік халқының ұлы ата-бабалары туралы, екінші хикая – түріктерді табғаштардың бағындырып алғаны жөнінде, үшінші хикая – Елтеріс қағанды сипаттауға арналған, төртінші хикая – Қапаған қаған туралы, бесінші хикая – Білге қағанды жыр еткен, алтыншы хикая – Күлтегін туралы жыр” [57, 86].
Профессор Б.Кенжебаевтың: “Қай халықтың болсын ерте замандардағы алғашқы әдебиеті, жазба әдебиет нұсқалары сол халықтың бүгінгі тілінде болуы шарт емес, кейбір халық-тардың ондай әдебиетінің басқа тілде, сол халыққа осы күнде түсініксіз тілде болуы, бірақ сол халық жерінде, сол халық өкілдері тарапынан жасалған, сол халықтың бір кездегі өмірін көрсететін әдебиет нұсқалары болуы ықтимал” [58, 10 б.], – деген тұжырымдары ежелгі түркі дәуірінде туған ғажайып ескерткіштерге де қатысты айтылса керек.
Көне түркі жазбаларын зерттеп, зерделеу ісіне зор үлес қосқан, профессор М.Жолдасбеков: “Қазақ әдебиетінің басы, нәр алар қайнар көзі қайсы, қайдан басталады дейтін сұрақ қазақ филологтарын көптен толғантып келе жатқаны мәлім. Бұл сұрақ замандар бойы жасалған халықтық мәдениетіміздің бастауын танып, оның кейінгі қалыптасу жолдары мен заңдылықтарын анық та айқын байқау, сөйтіп, оларды бүгінгі әдебиетіміз бен мәдениетіміздің өзіндік, ұлттық белгілерін айқындауға жұмсау талабынан туып отыр” [59], – деген пікір білдірген.
Күлтегін жазбасы тарихи тұрғыдан да, әдеби шығарма ретінде де зерттеліп жүр. Біз жәдігердегі публицистикалық белгілерге назар аудармақ ниеттеміз. Ең алдымен ескерткішті публицистикаға жақындататын – жазбада көне түріктердің қоғамдық-саяси өмірі туралы нақты дерек, дәйектердің келтірілуі дер едік. Жырдың бастауындағы жолдарға назар аударайық: “Биікте көк тәңірі,// Төменде қара жер жаралғанда,// Екеуінің арасында адам баласы жаралған.// Адам баласы үстіне ата-тегім// Бумын қаған, Істемі қаған отырған.// Отырып, түркі халқының ел-жұртын// Қалыптастырған, иелік еткен” [60, 110 б.] (Мырзатай Жолдасбековтің нұсқасы).
Шын мәнінде де Бумын қаған да, Істемі қаған да өмірде болған адамдар. Олар – түрік мемлекетін алғаш құрған елбасылар. Сөзіміз дәлелді болу үшін көне қытай шежіресіндегі “Түріктер” туралы жазбаға жүгіне кетейік: “Илиқаған Тумын (Ел қағаны Бумын). Оның (түріктің) кейінгі ұрпағы – Тумынның кезінде тайпалары біраз күшейе бастап, шегараға келіп, мақта және жібек маталарын сатып алып, Орталық мемлекетпен қарым-қатынас жасай бастайды. (Ол 553 жылы өлді)” [61, 32-33 бб.]. Ал Истеми қаған болса, сол Бумын қағанның інісі. Бұл туралы ғылыми тұжырымдар да жоқ емес. Түрік тарихын зерттеуші С.Г.Кляшторный: “Түркі мемлекеті-нің негізін қалаған адам 551 жылы қаған атағын алған Бумын деп есептеледі” [62, 25 б.], – десе, филология ғылымдарының докторы Т.Жұртбай: “Барша түркі жұртын бостандыққа бастаған Бумын қағанды ақ киізге орап, арбаның үстіне көтеріп отырғызып, хан сайлады. Сол күннен бастап исі түркінің қамын ойлап, намысын қорғаған Бумын қағанды Елхан – бүкіл елдің ханы деп жариялады. Бас-басына бытырап жүрген түркі тайпаларының басы бір тудың астына бірігіп, тарихқа әйгілі болған түркі қағанатын құрды” [63, 67 б.]. Сонымен Күлтегін жазбасы түрік қағанаты мемлекетінің болғандығы, оның алғашқы ханы Бумын болғандығы туралы нақты деректі жеткізіп отыр. Ғасырларды аттап өтіп бізге жеткен тағы бір есім-Істемі. Естеми қаған кезінде түркі мемлекеті күшейіп, бұрынғыдан да қанатын кеңге жайған. “Олардың (Естемидің – Б.Ж.) әскері 555 жылы Батыс теңізіне жетті, мұны Каспий емес, Арал теңізі деп түсінген дұрыс, өйткені Фирдоуси Есте-ми билеген елдің шекарасын Шыңнан (Қытайдан) Жайхұнның (Әмударияның) жағасына дейін және Гүлзарұнның (Сырдария) арғы бетіндегі Шаш (Ташкент) қаласына дейін деп анық көрсеткен” [64, 34 б.]. Қарап отырсақ, сонау ерте замандардың өзінде қазіргі Қазақстан мемлекетінің батыл да күшті болып қалыптаса бастағандығын аңғарар едік. “Сөйтіп, түркілер бір жарым жылдың ішінде қазіргі Орталық Қазақстанды, Жетісу мен Хорезмді өзіне бағындырып алды” [64, 34-35 бб.].
Күлтегін жазбасындағы назар аударатын жайт – сол уақытта жаугершілік заман болғандығын, “Төрт бұрыштағы халықты көп алған, бәрін бейбіт еткендігін”, “Ілгері – Қадыр-қан қойнауына дейін, кері – Темір қақпаға дейін жайлаған-дығын” аңғарамыз. Осындағы Қадырқан қойнауы, Темір қақпа сол кездегі жер аттары.
Тағы бір публицистикалық сарын “Бектерінің, халқының ымырасыздығынан табғаш халқының алдауына сенгендігінен, – Арбауына көнгендігінен…” [60, 111 б.] түркі мемлекетінің ыдырағандығы туралы тұтас көрініс. Бұл да тарихи шындық. Көршілес Қытай мемлекетіне бек ұлдары құл болды, пәк қыздары күң болды. Ол заман да өтті. Осы тасқа қашалған рух пен пафосқа толы өршіл сөздер – бүгінгі ұрпақты бабалар қателіктерімен тәрбиелеп тұр, сабақ болатындай саяси ахуалды баян етіп тұр.
Жазбадағы келесі бір бетбұрысты кезең Елтеріс қағанның ел басына келуімен байланысты сипатталады. “Көкте түрік тәңірісі,// Түркінің қасиетті жері суы.// Былай депті: “Түркі халқы жойылмасын,– дейді,–// Ел болсын, — дейді.// Әкем Елтеріс қағанды,// Шешем Елбілге қатынды// Тәңірі төбесіне ұстап// Жоғары көтерген екен” (Мырзатай Жолдасбековтің нұсқасы) [60, 112 б.],– деген жолдар түркі тарихындағы жаңа кезеңнің, құлдықтан құтылу үшін күрес кезеңінің бастал-ғандығын айғақтайды. “Елді халық едім,// Елім қазір қайда?// Кімге ел – жұрт іздермін? – десті.// Қағанды халық едім,// Қағаным қайда,// Қандай қағанға күш-қуатым// берермін?” – десті (Мырзатай Жолдасбековтің нұсқасы) [60, 114 б.], – осылайша серпінді де сергек ойлар күллі түркілердің көкіре-гінде бір мезетте оянған сияқты. Табғаш халқына қарсы қан майданды бастайды. Елтеріс қаған бастаған қол жауға қарсы “қырық жеті рет аттанды, жиырма айқас жасады” [60, 114 б.] деген нақты деректер де келтіріледі.
Публицистикадағы “факт” терминінің баламасы “оқиға” деген түйіндер айтылып жүр. Күлтегін жазбасындағы публи-цистикалық белгілердің бірі – “осы оқиғалар” дер едік. Жаз-бада бірнеше оқиға бірінен кейін бірі хронологиялық нақты-лықпен жалғасын тауып отырады. Онда Бумын қаған, Естеми қаған, Елтеріс қаған, Білге қаған, Күлтегін ерліктері уақыттық жағынан кезек-кезегімен, өмірдегі билік құру уақытымен кезеңдестіріліп баяндалады.
Жазба ескерткіштегі тағы бір назар аударарлық тұс – өмірде болған Күлтегін батырдың ерлігінің дәріптелуі.
“Түркі халқы үшін// Түн ұйықтамадым,// Күндіз отырмадым.// Інім Күлтегінмен бірге,// Екі шадпен бірге// Өліп-тіріліп ұлғайттым…// …Терістікте оғуз халқына қарсы,// Шығыста – қытай, татабы халқына қарсы// Түстікте – табғашқа қарсы// Көп қолмен он екі жорық жасадым (Мырзатай Жолдасбековтің нұсқасы) [60, 119 б.], – деген жолдарда түркі халқының басына күн туғанда, Күлтегін сияқты ердің жауға қарсы аттанғандығы, кімдермен, қанша жасында, қандай ат мініп айқасқанына дейін дәлме-дәл көрсетіледі. Мәселен,
Жеті жасында әкесінен жетім қалған Күлтегін,
Он жасында ер атанады,
Он алты жасқа келгенде Алты чуб, соғдаларға қарсы аттанады, табғаш, оңтұтықтың бес мың әскерімен соғысады,
Жиырма бір жасқа келгенде Чача Сеңүнмен айқасады,
Жиырма алты жасқа келгенде, қырғыздарға қарсы аттанып, қағанымен Сұға қойнауында айқасады, Ертіс өзенін кешіп, Түргеш халқымен соғысады,
Ақыр аяғы жиырма жеті жасында Күлтегін қарлық халқына қарсы Тамағ шыңында соғысты,
Отыз жаста қарлықтарды жеңді,
Отыз бір жаста Аз халқымен Қара көлде соғысты… – Күл-тегін шайқастары оның жасы өскен сайын, шын мәнінде күшейіп, әрі қарай жалғаса береді. Бұл баяндардан байқайты-нымыз – Күлтегін батырдың өмірде болған адам екендігі, сол кезде өмір сүрген халықтардың нақты аттары, жер-су аттары жиі кездеседі. Күлтегін шайқастары бейлеленетін тұстар – нағыз публицистикалық сарынды байқатады. Тарихи деректер-ге қарағанда, Күлтегін 684 жылы туып, 731 жылы өлген. Бауырының қазасына қабырғасы сөгілген Білге қаған табғаш (қытай) қағанының зергер бәдізшісі Шоң Сеңүнді алдыртып, мәңгі есте қалдыру үшін құлыптасқа түркі елінің тарихын, Күлтегіннің ерлігін ойып жаздырды. Негізгі тексті баяндаушы – баба жырау Иоллығ тегін. Ал жерлеу рәсіміне түргіс қағанынан Мақраш таңбашы, Оғуз Білге таңбашы, Қырғыз қағанынан Тардуш ынаншы Чур, т.б. қатысқандығы жырда көрсетілген. Күлтегін қазіргі Моңғолиядағы Орхон өзенінен 40 шақырымдай жердегі Қараболғасун қаласы қасындағы төбеге жерленді, сол жерде бабалар тарихынан сыр шертетін тас ескерткіш бой көтерді.
Публицистикада – ой, идея басты рөл атқаратындығы белгілі. Күлтегін ескерткішінде ғасырлар бойы нұр шашып тұрған негізгі жәуһар ой, асыл идея – түркі халқын ауыз бірлікке, ынтымаққа шақыру, ата-баба дәстүрін берік ұстау болса керек.
Түйіндей келгенде, Күлтегін жазбасы – VІ-VІІ ғасырлар-дағы түркі қағанатының қоғамдық-саяси өмірін, жаугершілік замандағы ел басқарған хандар мен қол бастаған батырлар хақындағы, шындық деректерге сүйенген, елдің тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын дәл бейнелеп берген өлмес ескерткіш. Шындық өмірді, ақиқат болмысты көрсеткен жазба – көркем шығарма, тарихи жәдігер болумен қатар, қазақ публицис-тикасының да қайнар бастауының бірі деп батыл тұжырым жасауға болады.
Орхон жазба ескерткішінің ішіндегі бізге жеткен үлкен қазынаның бірі – “Тоныкөк жыры”. Күлтегін жырының авторы Иоллығ тегін болса, Тоныкөк жырының авторы – Білге Тонык-өктің өзі деген жорамал бар. “Тоныкөк – Білгі қағанның қайын атасы және әйгілі әскери маман. Ол жас кезінде 13 жыл Жүнгоның (Қытайдың) астанасында тұрып тәрбие алған. Ол осы ескерткішті 716 жылы өз қолымен жазған. Тоныкөк қайтыс болған соң бұл ескерткіш оның моласының басына қойылды…” [63, 118 б.].
Тоныкөктың Қытай елінде өскендігі жырдың алғашқы жолдарында-ақ көзге ұрып тұр: “Білге Тоңықұқ – мен өзім табғач елінде тәрбиелендім, өстім” [60, 99], (Құлмат Өмірәлиевтің нұсқасы) “Тарихшы Ма-Шаңшудың айтуынша, осы Тоныкөк Алтайдағы Қара Ертісті мекен еткен қарлақ елінің Сабек тайпасынан шыққан адам” [63, 117 б.]. Тоныкөк Елтеріс, Қапаған, Білге қағандардың ақылшысы, Күлтегін батырдың батагөйі болған, көп жасаған дана қарт. “Тоныкөк білге 716 жылы Күлтегінге қолбасшылықты аманатқа тапсыр-ғанда 70 жаста болатын. Ал 727 жылы қытай императоры елші жіберіп, жылына 100 мыңдай тай жібек беруді ұсынған келісімнің тұсында ғұлама Білге билікке қатысқан. Демек, дала абызы 646 жылы туып, тоқсан жас жасаған. Сонда, “жеті жүз жігітті ерткен ұлығ шад” Құтлықтың сарбаздарына қосылып, “ақыл иесі, сөз иесі” өзі болып, Елтерісті қаған сайлаған кезде отыз алты жаста екен” [63, 119 б.].
Күш-қайраты бойындағы сол шағын Тоныкөк жыршы былайша көрсетеді: “Елтеріс қаған [өзінің] ақылды, [үзеңгілес] жолдасы [бар] үшін (49) [өзі] алып болғаны үшін, — Табғачқа [қарсы] он жеті [жолы] соғысты, Қытаңға [қарсы] бес [жолы] соғысты, Оғузға [қарсы] бес [жолы] соғысты. Сондағы ақылшысы (50) тағы мен-ау едім, қолбасшысы тағы мен едім.
Елтеріс қағанға, Түрк Бөгү қағанға, түрк [Білге қағанға, түрк] (51) Қапаған қаған [+ға мен Білге Тоңуқуқ ақылшы серігі мен болдым…
…Теңрі жарылқасын! (54) Бұл Түрк елінің үстіне жарақты жау келтірмедім, [жал-құйрығы] түйілген атты шапқыздым (жауға ел үстіне ат ойнақтатқызбадым” [60, 108 б.], (Құлмат Өмірәлиевтің нұсқасы) – жазбаның дәл осы жолдарында ескерткіш авторы Тоныкөктің қандай адам болғандығы нақты тарихи деректермен баяндалады.
Жырдың басты қаһарманы Тоныкөк – хандардың ақылшысы, дана адам ғана емес, бүкіл түркі елінің тағдырын ойлайтын абыз қарт, жасында қолына қару алып жауға шапқан батыр да, қалың түркі еліне жол көрсеткен жолбасшы, қол бастаған қолбасшы.
Тоныкөк ескерткіші Күлтегін жырымен бір мезгілде жазылғаннан кейін болу керек, жазылу стилі, композициялық құрылымы, баяндау тәсілі, сөз қолдану ерекшеліктері, түрік тіліне тән екпінді пафосы жағынан ұқсас. Көлемі – 313 өлең жолынан тұрады. Құлыптаста 62 руналық жазу жолына сыйып тұр. Филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Келім-бетовтің пікірінше жырдың жалпы оқиға желісін он төрт топтамаға бөлуге болады. Әр топтама: оқиғаның басталуы, оқиға желісінің өрістеуі және қорытындыдан тұрады.
“Бірінші топтамада түркі халқының табғаштарға бағы-нышты болып қалу тарихы, екіншіде – аман қалған түріктердің бас қосып, бірігуі; үшіншіде – сол біріккен халықты басқара-тын қаған сайлаудың қиын болғандығы, қаған сайлаудағы Тоныкөктің зор рөл атқарғаны, төртіншіде – Елтерісті қаған етіп жариялағаны, ел ішіндегі тыныштыққа сырттан қатер төне бастағаны; бесіншіде – оғыздардан тыңшы келіп, олар елін шаппақ болып жатқаны; алтыншыда – түркі халқының жауларымен күрестің қиындығы және осы қиындықты жеңудегі Тоныкөктің рөлі; жетіншіде – оғыздармен болған соғыс туралы; сегізінші топтамадан бастап, он үшіншісіне дейін түркілердің түрлі тайпалармен жүргізген қиян-кескі соғыстары жыр етіп баяндалады.
“Тоныкөк” жырының ең соңғы – он төртінші топтамасы бүкіл жырдың қорытындысы сияқты. Мұнда түркілердің өз елі, жері үшін жүргізген соғыстарын атап-атап айтады да, соның бәрінде түркілердің жеңіске жеткенін, сол жеңістердің өзінен-өзі келмегені, оған Тоныкөк өзінің ақыл-кеңесімен, ерлік істерімен қыруар үлес қосқаны сөз зергерлеріне ғана тән зор шеберлікпен суреттеледі” [65, 89 б.].
Тоныкөк жазбасының өзіндік ерекшелігі ретінде мына жайтты айтпай кету мүмкін емес. Оқиғалар тізбесі, жойқын шабуылдар мен түркі мемлекеттігін сақтап қалу жолындағы жанталас ұрыстар басты кейіпкер Тоныкөктің атынан баяндалғанмен, мұнда – түркі халқы бастан кешірген қанкешті күндер мен жанкешті жылдар көрініс табады. “Түрк Білге қаған еліңе [арнап] жаздырдым. Мен Білге Тоңықук” [60, 109 б.],– (Құлмат Өмірәлиев нұсқасы) деген жолдар да Білге Тоныкөк өз атын тарихта қалдыруды емес, түркі халқының тарихын келешек ұрпаққа жазып қалдыруды мансұқ тұтқан. Елтеріс қаған таққа отырғаннан кейінгі әлсіздеу түркі мемлекетінің ахуалы мына жолдарда сайрап тұр: “Ақылшы серігі, атақты серігі мен болдым. (Елтеріс қағанның – Б.Ж.) Шұғай Құз бен Қарақұмды жерлеп (қоныстап) отырар едік. Халықтың тамағы тоқ еді. [Бірақ] жауымыз төңірегімізде айналып ұшқан жыртқыш құс сияқты еді [де], біз жемтік сияқты едік. Осылайша [қысыл-таяң жағдайда] отырып, тірші-лік жасадық” [60, 100 б.] (Құлмат Өмірәлиевтің нұсқасы.)
Әскері аз, бытыраңқы түркі елі тізе қосып жауға бірігіп аттануы керек болды. Әйтпесе, төрт бұрышты жайлаған басқа халықтар түркі халқын мүлдем жойып жіберу қаупін туғызды. Яғни сол көне дәуірлердегі ең басты мақсат – түркі мемлекеттігін қалай да сақтап қалу еді. Тоныкөк жазбасының да – негізгі көтерген қоғамдық-әлеуметтік мәселесі де, түпқазық, алтын арқау жемісі де осы.
Күлтегін жырындағы “Білге қағанның таққа отыру баяны. Білге қаған мен Күлтегін батырдың Көк Түрк мемлекетін күшейту жолында жүргізген жорықтары баянындағы”, “Түрк халқы үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым”, – деген жолдар Тоныкөк жазбасында да кездеседі: “Сонда түн ұйықтамады [+м] 52, күндіз отырмады [+м ” [60, 101 б.]. Елін, жерін сүюдің ең айқын көрінісі осы болар. Ал “түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым” деген үндеу сөзде қуатты публицистикалық үн бар. Ол сонау терең ғасырлар қойнауынан ұрпаққа жеткен жігерлі, намысты, жалынды сөз. Сол сөздің күшімен, айбынымен түркі тектес халықтар бүгінгі террито-риялық тұтастығын, мемлекеттігін сақтап келе жатқандығы – түрік рухының өшпес бейнесі бола алады.
Тағы бір жерде сол кездегі бабалардың елін, жерін қорғау үшін талай-талай белден асып, әскері аз болса да, жаудан ақыл-айласын асырып, қапыда қалдырып, күшпен емес ақыл-парасатпен жеңіске жеткендіктері баяндалады:
“Ол сөзін естіп қол (әскер) жүргіздім. Алтынжысты жолсыз (жермен) астым. Ертіс суын өткелсіз жерден өттік.Түн қаттық. Болчыға таң ата жеттік. (36) Тіл келтірді (әкелді). Сөзі мынау: “Жарыс жазығында он түмен әскер жиылды”, – дер. Ол сөзін естіп бектер: (37) “Көтерілейік, қайталы. Ару ұят жақсы (босқа қырылғаннан таза ұят көп артық)” – деді. Мен былай дедім: “мен Білге Тоңуқуқ, Алтынжысты аса келдік, Ертіс суын (38) кеше келдік. Келген [кісі] алып!” – деді [+м]. Түймеді (түсінбеді, өкіліме түспеді).
“Теңрі, Умай, Ұйық жер-су жар берді емес пе, неге қашамыз? (39) көп [екен] деп неге қорқамыз, аз дейік. Неге басыналы? (неге басылып қаламыз?) тиелік!” – дедім. Тидік (тиіп бердік). Бытыраттық (быт-шыт қылып қуып жібердік) [60, 106-107 бб.] (Құлмат Өмірәлиевтің нұсқасы). Осы үзіндіде де түрк жауынгерлерінің көп қиындықты бастан кешіп, өз рухтарын “Ару ұят жақсы”, “көп деп қорықпа, аз деп басынба” деген сияқты қанатты сөздермен көтеріп, қалың жауды қақырата жеңгендігін қазір де көріп отырғандай елестейді. Бұл – көне жазбаның сенімді де сергек тілге суарылып, шын өмірде болған оқиғалардан бастау алғандығының дәлелі.
Қазақ публицистикасының туу арналары – осы жалынды леппен тасқа қашалып жазылған “Күлтегін”, “Тоныкөк” ескерткіштерінде жатыр деуге толық құқымыз бар. Кеңес дәуірінде бұндай ғылыми байламдарды айту – басын қатерге тігумен бірдей еді. Қазақ публицистикасының зерттелуіне бүкіл ғұмырын арнаған, профессор Т.С.Амандосов та өз еңбектерінде бұл мәселеге жанамалап болса да соқпай кеткен жоқ. Ертеректе жазған “Қазақ публицистикасын зерттеу туралы” атты мақаласында: “Арғы тамырын көне дәуірден бастаған қазақ публицистикасы (ХІХ ғасырдың екінші жартысында демократиялық бағытта қалыптаса бастады” [66, 138 б.], – деп жазыпты. Арғы тамырын көне дәуірден бастаған, – дегенде профессор Амандосовтың ойы да осы жазбаларға бағытталған болса керек. Сол мақаланың соңына таман “Баяндалған пікірімізді қорыта келгенде қазақ публицисти-касын зерттеу жан-жақты қолға алынуға тиісті. Мұны қолға алғанда бұл зерттеулер мынадай бағытта жүргізілуі керек:
Қазақ публицистикасының пайда болу, қалыптасу және даму тарихы; т.б.” [66, 142 б.], – деп ең алдымен, біз қозғап отырған ғылыми тақырыпты ұсынады. Мұның өзі сол кездегі кеңестік саясат біртуар ғалымдарымыздың еркін зерттеу жұмысын жүргізуіне көп кедергі келтіргендігін айғақтайды. Міне қазақ публицистикасының гносеологиялық негіздерін ашып-ақтарып зерттеудің күні бүгін туды.
Түркологиялық әдебиеттерде негізгі үш топқа бөлінетін көне түркі ескерткіштерінің қай-қайсысы да өз дәуірінен, сол дәуірдегі қоғамдық мәселелерден хабардар етеді. Енисей өзенінің жоғарғы сағасы мен Тува, Якутия, Монғолия жерлерінен табылған Енисей ескерткіштері, жалпы саны 10-нан асып кеткен Талас ескерткіштері, VІІ ғасырдың соңы мен VІІІ ғасырдың бас кезіндегі Құтлығ Қаған, Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк, Күлі-Чор т.б. тасқа қашалған тарихи мұралардың басын біріктіретін Орхон ескерткіштерінің әрқайсысы ерте ғасырларда өмір сүрген түркі тайпаларының сол кездегі қоғамдық құрылысы, мәдениеті мен тілі, әдет-ғұрпы мен тұрмысы, әскери жорықтары мен елбасылары хақынан нақтылы деректер беретіндігімен де құнды. Нақты деректерге құрылған, өмір шындығынан хабардар ететін, дәуір тынысын, заман ағысын сездіретін болғандықтан да бұл тарихи ескерткіштерді – алғашқы публицистикалық жазбалар ретінде атауымызға толық негіз бар.
Мысалы Күлтегіннің кіші жазуындағы: “Көкте тәңірі, төменде қара жер пайда болған кезде, екеуінің арасында адам баласы жаралады. Кісі баласын басқаруға менің ата бабам Бұмын қаған мен Істемі қаған жаралды. Олар түркі қағанатын басқарды (1-2 жолдар)” [67, 22-23 бб.], немесе Құтлығ қаған ескерткішіндегі:
“Біздің ата-бабамыз дүниенің төрт бұрышын қалпына келтірді. Ол хан өлгеннен соң, ел ыдырады, жоқ болды” [67, 56-57 бб.], – деп Бұмын қаған өмірден өткеннен кейін Түркі мемлекеті ыдырағандығы айтылатын тұстар, сондай-ақ Тоныкөк ескерткішінің 2-3 жолдарындағы: “Түркі халқы қайта табғашқа (қытайға) бағынды… Түркі халқы қырылды, әлсіреді, жоқ болды. Түркі жерінде ешқандай мемлекеттік құрылыс қалмады” [67, 100-101 бб.], – деген жайттар сол дәуірлердегі тарихи шындық оқиғалардан сыр береді. Мәселен, Құтлығ Қаған ескерткішіндегі мынадай сөздер бар: “Алып ерлеріне (батырларына) сынтас орнатты. Түркі халқының аты жоқ бола бастаған еді. Түркі халқы жойылмасын дейін, шағын болмасын дейін. Көкте тәңірі де солай ұйғарған еді…” [67, 56-57 бб.]. Бұл жолдардан сол кездегі бабаларымыз өз заманындағы батырла-рына тастан қашаған ескерткіштер арнап, сол сынтастарда ел өміріндегі елеулі қоғамдық маңызы бар оқиғаларды жазып қалдырғандығына куә боламыз.
Көне түркі ескерткіштеріндегі жер су аттары, ру-тайпа аттары мен өмірде болған тарихи тұлғалы адамдардың аттары аталуының өзі – бұл мұраларды публицистикалық жазбаларға жақындата түседі. Ескерткіштердегі аталатын Алтын йыш – Алтай тауы, Ертіс угуз – Ертіс өзені, Кем-Енисей өзені, Інчу угуз – Сырдария, Селеңе – Селенгі өзені, Бұқара, Қадырқан, Қара көл, Өркен, Өтукен т.б. жер-су аттары, оғуз, түргеш, апар-аварлар, арғу, уйғыр, усын, түрк, қырғыз, қарлуқ, ізгіл, қыпчақ тағы басқа ру тайпалары мен унут-тибет, қытай, тоқар халықтарының аттары кездесуі көне замандарда тасқа қашал-ған мұралардағы публицистикалық элементтерді молайта түседі. Бумын Қаған, Ілтеріс қаған, Білге қаған, Бүгі қаған, Ечим қаған, Озмыс тегін сияқты түркі мемлекеті қағанда-рының, үш түркі қағанының кеңесшісі Тоныкөктің, әскер қолбасшысы Күлтегіннің, Түргес тайпасының бегі Күлі-Чор-дың, Түркі бегі Есбараның, сондай-ақ, Тінесі, Тоқра-Сүміг, Иамтар, Күлбілге, Оғузбілге, Ынанчы-Чор, т.б. өмірде болған кісі аттарының аталуы да көне түркі ескерткіштерінің бүгінгі қазақ публицистикасына бастау болғандығын айғақтайтын бұлтартпас дәлелдер болса керек.
Монғолиядағы Кошо-Цайдам аңғарынан табылған Күлте-гін ескерткіші туралы бірнеше зерттеулер бар. “Өлке” баспасынан қазақ тілінде жарық көрген жинақта тек Үлкен Күлтегін жазуы ғана қамтылған.
Біз өз зерттеуімізде Күлтегіннің кіші жазуындағы публи-цистикалық белгілер туралы қарастыруды да мақсат тұттық. Жалпы көлемі – 13 руналық жазу жолына сыйып тұрған ескерткіште көне түркі мемлекетінің саясаты, экономикасы, мемлекет басқару құрылымы, басқа халықтармен қарым-қатынасы, геосаяси бағдарлары қамтылған.
Күлтегіннің кіші жазуы үлкен жазбаға кіріспе іспеттес. Мұнда жазбагер Иоллығ тегін бүкіл түркі халқын түгел өзіне қаратып, сөз бастайды.
“…Сөзімді түгел есіткін: соңымдағы іні-жиенім, ұлым, бір-екі жақын руым, халқым, оңымдағы уәзір, ұлық бектер, солымдағы тарқан бұйрық бектер, отыз…
Тоғыз оғыз бектері, халқы бұ сөзімді жақсы есіт, қатты тыңда! Ілгері күн шығыста оң жақта күн ортасында, сол жақта түн ортасында – соның ішіндегі халықтың көбі маған бағынды, халықты осынша көп еттім” (Ғұбайдолла Айдаров нұсқасынан) [60, 168 б.] – міне жазбаның басында осынау қаратпа сөздердің өзінде мол мән жатыр. Қарап отырсақ, күн шығыстан күнба-тысқа дейінгі орасан зор аймақты мекен еткен халықтардың басын біріктірген алып мемлекет болған екен. Ал сол ұланғайыр жер өзінен өзі келмеген. Ертедегі бабаларымыз үнемі шайқасқа қатысып, жаугершілік заман болғандығын да аңғарамыз. Оны келесі үзінді дәлелдейді.:
“…Түркі қағаны Өтүкен қойнауында отырса, елде мұң жоқ. Ілгері Шантұң жазыққа дейін соғыстым, теңізге кішкене жетпедім. Бергеріде Тоғыз Ерсенге дейін соғыстым. Тибетке кішкене жетпедім. Керіқарай Сырдария өзенін кешіп өтіп.
Темір қақпаға дейін соғыстым. Терістікте Байырға жеріне дейін соғыстым. Сонша жерге жүргіздім. Өтүкен қойнауында игі ие жоқ еді, елді ұстайтын жер Өтүкен қойнауы еді. Бұл жерде отырып, табғаш халқымен дұрысталдым” [60, 168 б.]. Осы жолдардағы лепті сөйлемдер, қайталанып келіп отыратын қан қыздырар рухты сөздер, қарапайым тілмен-ақ, аз сөзбен көп мағынаны білдіретін поэтикалық тұтастық – әсіресе Күлтегін, Тоныкөк жазбаларына тән ерекше қасиеттер.
Көршілес алып Қытай елімен сол кезде де алыс-беріс, зат алмасу, сый алмасу болғандығы Түркі мемлекетінің сыртқы экономикалық қатынастарын көрсетеді. Мәселен, жазбадағы:
“Алтын, күміс, өнім, жібекті сонша шексіз беріп жатқан табғаш халқы сөзі тәтті, қазынасы асыл еді. Тәтті сөзін, жұмсақ қазынасын беріп, алыс халықты өзіне жақындатқан еді. Жақын қонған соң олардан жаман қылықты енді үйренген едік” [60, 169 б.], – деген жолдар көрші Қытайдың тәтті сөзбен, жұмсақ қазынамен алдайтын мемлекеттік саясатын айқын көрсеткен.
Бұдан әрі көрші мемлекеттің алдамшы саясатына сеніп, түркі халқының ыдырап, жойыла бастағандығы, жат жерге бармай құтты мекен, жерұйық – Өтукен қойнауында отырып керуен жіберсе ғана мәңгі ел ұстап отыруға болатындығы, болашақта жаңылмай тура жолға түсуді өсиет етіп қалдырады. Болашақ түркі елінің тұғырына қонатын бектеріне де бұл сабақ ретінде жазылды.
Күлтегіннің кіші жазуының басынан аяғына дейін басты қаһарман – көңілдегі сөзін айтқан, табғаш бәдізшісіне (шебе-ріне) тас тоқытқан Иоллығ тегін баба. “Бү жазуды жаздырған – туысы Иоллығ тегін” [60, 171 б.],– деп қол қояды. Кәдімгі газет-журнал материалының төменгі жағында автор ныспысы тұратыны сияқты, жазбаның соңында жазған адамның есімі тайға таңба басқандай жазылып тұр. Сол жазу-бүкіл мазмұн, мағынасымен ғасырларды көктеп өтіп бүгінгі ұрпақ біздің асыл қазынамызға айналып отыр.
Күлтегін ескерткішінде нақты өмірде болған оқиғалар, тұтас шайқастар көріністері, жеңіс пен жеңілістен, құлдырау мен өрлеуден тұратын ерте заманғы саяси ахуал бейнеленеді. Осы көне жазбаның публицистикалық белгілері ретінде, ескерткіште өмірде болған кісі аттарының кездесуін атар едік. Олар мыналар:
Бумын – туған жылы белгісіз, 552 жылы өлген. Түркі мемлекетінің негізін қалаған. VІ ғасырдың орта шенінде быты-раңқы түркі тайпаларының басын қосып, қазіргі Солтүстік Монғолия аумағында алғаш Түрік қағанаты атты жаңа мемлекет орнатқан. Тарихта аты белгілі Құтлығ (Ілтеріс), Білге қаған (Могилян), Күлтегін, Қапаған (Мочжо) сияқты елбас-қарған адамдардың ұлы бабасы.
Баз – түркі қағаны. Күлтегін үлкен жазуында аты аталғанымен ол туралы деректер жоқ.
Барыс Бег – түркі қағаны.
Бөлек – тибет қағаны атынан Күлтегінді жерлеуге қатысқан кісі. “Тибет қағанынан Бөлек келді”, – делінген жазбада.
Білге қаған – Құтлығ қағанның баласы, аты әйгілі Күлтегіннің ағасы. 689 жылдан уәзір, 716 жылдан бастап қаған болған. 684 жылы туып, 734 жылы қайтыс болды. Оны Қытай императоры түркіден шыққан сатқын бекзаданы азғырып, у беріп өлтірткізді деген де жорамал бар. (Л. Гумилев).
Ілбілге қатын – Құтлығ қағанның жұбайы. Білге қаған мен Күлтегіннің шешесі.
Ілтеріс (Құтлұғ) – шамамен 650 жылдары туған, 693 жылы дүниеден өткен. Табғаш шежірешілері оған “бүлікті” деп баға берді. Өйткені Ілтеріс төрт құбыласымен бірдей шайқасып өтті. Түркінің алғашқы қағаны Бумыннан кейін Коло, Буқан, Тобо, Хели, Шиби сияқты бірқатар қағандар түркі тайпаларын басқарды. Ол кездері түркі тайпалары ыдырап, жан-жаққа бөлінді. Осындай өте қиын жағдайда түрік мемлекетін қайта қалпына келтіру тарихи миссиясын – Құтлұғ қаған орындаған.
Істемі – түрік қағаны, туған жылы белгісіз, 576 жылы өлді.
Ісйі Лікен – табғаш халқы атынан Күлтегінді жерлеуге қатысқан өкіл.
Иоллығ тегін – Білге қаған мен Күлтегіннің жақын туысы. Күлтегін жазбасының түркі тіліндегі тексінің авторы.
Күлтегін – түркінің жаужүрек қолбасшысы, батыры. 684 жылы туған, 731 жылы 27 ақпан күні 47 жасында қайтыс болады. Ағасы Білге қаған оның қабірінің басына жазба ескерткіш орнатқызды.
Мақрач – он оқ пен түргеш тайпалары атынан Күлтегінді жерлеуге қатысқан адам.
Нең сеңен – Күн батыстағы Соғды, Бершеркер, Бұхара ұлыстарының халықтары атынан Күлтегінді жерлеуге келген өкіл.
Тадықын Чор – түркі әскери қолбасшысы.
Чача сеңұн – табғаш әскерінің қолбасшысы.
Чаң сеңұн – (Сеңұн – қытайша – әскербасы, қолбасы) деген сөз. Қытайдың тас қашап жазатын өрнекшісі.
Удар Сеңұн – татабы халқы атынан Күлтегінді жерлеуге қатысқан адам.
Ынанчы Чор – қырық аз тайпасы атынан Күлтегінді жерлеуге қатысқан адам.
Оғыз білге – Күлтегінді жерлеуге қатысқан таңбашы.
Күлтегін жазбасын нақты тарихи шындыққа жанасты-ратын тағы бір публицистикалық белгілері ретінде тексте қолданылған жер-су атауларын көрсетуге болады:
Ағу Алтун йыш – Алтай тауы.
Ертіс – Ертіс өзені
Бөклі – жер аты, шөлдік ел.
Бұқар – Бұхара
Қадырқан йыш – жер аты. Қадырқан қойнауы.
Болчу – жер аты.
Йашыл үзүз – Жасыл өзен.
Йынчү – Сырдария өзені.
Қара көл – Қара көл, жер аты.
Көгмен – Саян тауы.
Өтүкен – Хантай тауы қойнауы.
Тоғу балық – Тоғу қаласы.
Темір қапығ –Темір қақпа.
Шантун – Шантүн провинциясы
Чуғай Йыш – жер аты, Шығай қойнауы.
Күлтегін жазбасында бірнеше ру-тайпалардың аттары да анық жазылады. Бұл да публицистикалық белгілер ретінде бөле-жара айтуға тұрарлық мәселе. Олар:
Апар-аварлар,
Қарлук-қарлұқтар,
Қытан-қытандар, Тұнғүс тайпаларына жатады, қазіргі Манчжурия жерін мекендеген.
Құрықан – қазіргі якут (сахалардың) ата-бабалары.
Оғуз – Оғыз, “Тоғыз оғыз халқы өз халқым еді” деген сөздер бар.
Он оқ – он оқ халқы.
Отуз татар – халық аты, отыз татар.
Табғач – табғаш (қытай халқы).
Тардуш – тардүш атты түрік тайпасы.
Тат – шеттен келген халық.
Татабы – татабы халқы.
Түпүт – тибет.
Түргіс – Түргеш тайпасы
Түрк – түрік халқы.
Көне жазбаларда сол секілді қызмет, билеушілерге берілген аттар қалай аталса солай көрсетілген. Мәселен, қаған, бек, уәзір, нөкер, қолбасы, жабғы, елтебер, шад, елші, хабаршы, таңбашы, өрнекші деген сөздер әлденеше қайталанып жиі көрініс табады. Мұның өзі көне замандағы жаугершілік кезеңге байланысты екендігі дәлел тілемейді.
Көне жазбалардың бір шоғыры қазіргі қазақ жерінен де табылды. 1896-1897 жылдары Қазақ елінің Жамбыл қаласына жақын жердегі Талас өзенінің бойынан В.А. Каллаур және фин археологы Гейкел (Мунк және Доннермен бірге) 5 тасқа қашалған жазба ескерткіштер тапты. Сол кезде Әулиеата уезінің Айыртам ой сайынан табылған бұл ескерткіштер шамамен V-VІ ғасырларда қашалып қалдырылған деген тұжырымдар айтылды. Бұл 5 жазбаны В.В.Радлов, П.М.Ме-лиоранский, А.Гейкель, Ю.Немет және С.Е.Малов аударып, басып шығарды. Бұл жазбалар типографиялық шарттары жағынан “Орхон алфавитімен” жазылған, бірақ әріптік белгілеріне және мазмұнына қарай Енисей өзені бойынан табылған жазбаларды еске түсіреді.
Енді Талас жазбаларының бірінің тексіне назар аударып көрейік:
“Оның аты – Чур (Шор). Отыз оғлан, сендерден, (әлемнің) жақсылығы мен шарапатынан айырылды (яғни өлді). Сендерге, сенімді жігіттер, Оғлан-Чур (Шор), өмірді қалдырды. Қатыны (оның) тұл (жесір) қалды” [68, 74-75 бб.]. (Аудармасы біздікі. – Б.Ж.)
Ескерткіштен түсінетініміз – бұл кесек тас Оғлан – Шор атты танымал адамның қабірінің басына қойылған белгі. Ғасырлар бойы қазақ халқы дүниеден өткен адамның басына, тастан, қыштан белгі қоятын дәстүр – сол көне дәуірлерден бастау алатын сияқты. Талас ескерткішіндегі бар болғаны екі-үш сөйлемнен бағамдайтынымыз – дүниеде Оғлан Шор деген адамның болғаны, оның соңында отыз ұлы қалғандығы және әйелінің жесір қалғандығы. Талас ескерткіші – Күлтегін мен Тоныкөк жазбалары сияқты кең ауқымды болмағанымен, талай ғасырлардан аттап бүгінгі күнге дейін жеткендігімен де асыл қазына. Мұның өзі қазақ даласындағы жазу тарихының терең ғасырлар қойнауында жатқандығының айқын дәлелі.
Монғолиядан, Шығыс Түркістаннан, Талас бойынан, Енисей аңғарынан табылған жазба ескерткіштер – бүкіл адамзаттық тарихтың құрамдас бөлігі болып қалды. Ол жазбалардың әрқайсысында өздеріне тән өзгешеліктер, тілдік ұқсастықтар да кездеседі. Бұл құндылықтардың бүгінгі өркениетке жетіп, аударылып, зерттелуіне көптеген ғалымдар бүкіл ғұмырын арнады [69].
Жоғарыда Талас бойынан табылған ескерткіштегі жазбаға текстік жағынан өте ұқсас қабірнама жазулары Енисей ескерт-кіштерінен көптеп кездеседі. Мәселен, Барлықтағы үшінші жазбаға назар аударалық.
Қазақша аудармасы:
“(1) Байна Сангунның ұлы,
Күлік Чур (Күлік Шор).
(2) Мен қайғысыз өстім. Қайғы (тек) міне болды:
(3) Көктегі күнге жердегі еліме бөкпедім [таймадым],
(4) Күншуақта әйелдерімнен және өз ұлдарымнан айырыл-дым (яғни өлді)”. (Аудармасы біздікі. – Б.Ж.) [70, 22 б.].
Осындағы қайтыс болған адамның аты да – Чур (Шор). Бұл Енисей бойындағы Барлықтан табылған. Ал біздің қазақ даласындағы Талас ескерткішіндегі қабырнамада жазылған адамның аты да Чур (Шор).
Тағы бір назар аударарлық жайт Енисей бойындағы жазбалардың тексі бір-біріне ұқсас келеді. Алдымен өлген адамның кім екендігі, оның туыстары туралы дерек, мемле-кетке сіңірген еңбегі, сосын дүниеден өткендігі жазылады.
Барлықтағы бірінші жазбада:
қазақша аудармасы:
Ерлігім үшін өз ер атымды таптым:
Өз Иигін – Алып-Туран
“алты бау халқымнан
Үш жиырма жасымда [алпыс]
айырылдым (өлдім).
Бек еркімнен, сіздерден айырылдым (өлдім). (Аудармасы біздікі. – Б.Ж.) [70, 20-21 бб.].
Чакулдегі екінші ескерткіште:
қазақша аудармасы
Елші Чур күшті Барс.
Менің әйелдерімнен, менің туғандарымнан, менің ұлда-рымнан, мен қанағаттанбадым (өліміме байланысты)
Өзімнің тәңірі елімнен, өзімнің Улунг – Шад батырлығым-нан айырылдым (өлдім). (Аудармасы біздікі. – Б.Ж.) [70, 37 б.].
Чакулдегі бесінші ескерткіште:
қазақша аудармасы:
Түз бай, Күшті Барс, атақты
Белгілі қайынатамның (қатынымның әкесінің) арқасында байыдым мен.
Қайғымен аға туыстарымнан және қайынағаларымнан (әйелімнің ағаларынан)
Және танымал бектерімнен айырылдым (өлдім) белгілі достарымнан айырылдым [70, 39 б.]. (Аударма біздікі. – Б.Ж.)
Чакульдегі үшінші жазбада
қазақша аудармасы:
Ер атым – Иарук тегін
Мен отыз бір жасымда сіздерден
Кеттім. Беле-Туғма ердің ұлымын. (әр түрлі) рахатқа бөкпедім [қанбадым]
Сіздерден
бөтен халықтың ішінде болғаным үшін, өзімнің елу туысымнан айырылдым (өлдім)” [70, 37-38 бб.]. (Аудармасы біздікі. – Б.Ж.)
Осы келтірілген жазба текстерінен аңғарарымыз – Енисей түрк ескерткіштері қабір басына қойылған эпитафиялық сөздерден құралған. Бұл мұраларды бізге жақындататын – 1) Енисей бойынан табылған ескерткіштердің көне түркі руна алфавитімен жазылғандығы. 2) Бұл – жалпы саны 85 жазба-ұланғайыр даланы мекен еткен көне түркі тайпаларының тарихы. 3) Әр ескерткіште нақты өмірде болған түрк көсемдерінің, батырларының, қолбасшыларының аттары мәңгі өшпестей ойылып жазылған.
Енисей жазбаларын көп зерттеген профессор С.Е.Малов бұл ескерткіштерді – “Это кладбищенская поэзия века V нашей эры” (бұл біздің дәуіріміздің V ғасырындағы қабірнама поэзиясы) [70, 8 б.], – деген баға берді.
Бір айта кетерлік жайт – Енисей аңғарынан табылған ескерткіштер болсын, Монғолиядан табылған жазбалар болсын бізге жат емес. Қайта бір замандарда ұланғайыр территорияны мекен еткен бабаларымыздан қалған қалған мұра ретінде ол жәдігерлердің қазақ халқына да еш жаттығы жоқ. Бұл ескерткіштер бүкіладамзаттық ғажайып асыл қазынаға айналып кеткен, түрік тектес халықтардың ортақ рухани байлығы. Сондықтан да ол жазбаларға бүгінгі көзқарас тұрғысынан қайта қарап, қайта тәржімалап, дұрыс, түпнұсқаға жақын нұсқаларын қайта жасаудың күні туды. Орыс ғалымдары В.В.Радловтың, С.Е.Маловтың аудармаларында асыл түпнұсқа мен тәржіма текст арасында көптеген алшақтықтар, бұрмалаушылықтар бар екенін аңғардық. Өз жасаған аудармамызда түпнұсқаға неғұрлым жақын сөздерді қолданып, тарихи жазба мағынасын неғұрлым дәл беруге талпыныс жасадық. Көне жазба ескерткіштерді тек қабірдегі қысқа сөздер ретінде қарасақ, қателесеміз. Бірнеше ғасырлар бұрын тасқа қашалып жазылған әр сөздің, әр әріптің астарында ерекше дамыған далалық философияның мол-мол ұшқындары жатыр. Енді сол қатпарлардың бай қазынасын ашуға күш салуымыз керек. Мысалы Чакульдегі үшінші ескерткіштегі “бан” бір отуз jашымда сізіма (2) кіт(т)ім…” деген сөйлем Малов нұсқасында “Я в двадцать один год от вас моих (2) я ушел…” [70, 38 б.] болып қате тәржімаланған. Біз “Мен отыз бір жасымда сіздерден (2) кеттім…” деп аудардық. Немесе Барлықтағы бірінші ескерткіштегі (2) Өз Jігін Алп Туран алты баг будунда уч jагірмі (jашымка) адырылдым”, – деген түпнұсқадағы сөздер Малов нұсқасында: “(2) Я отделился (умер) – я сам Йнгин – Алп– Туран в тринадцать лет от шести родов народа” [70, 21 б.] болып аударылған. Біздіңше “уч jагірмі (jашымка)” деген – “үш жиырма жасымда” яғни “алпыс жасымда” болуы керек. Әрі батырдың аты да “Өз Иігін – Алып-Туран” болса керек. Сондықтан да бұл жол біздің аудар-мада: “Өз Иігін – Алып-Туран алты бау халқымнан үш жиырма (алпыс) жасымда айырылдым (өлдім)” болып тәржімаланды. Әрине мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сонау терең ғасырлар қойнауында жазылып бізге жеткен бабалар жазбаларында біз ашпаған әлі талай құпия жатыр, әрі өзіне қарай ерекше жылылықпен тартатын бір қасиетті күш те бар. Солай болған соң келер күндер бедерінде бұл ескерткіштерге үлкен дайындықпен, мол ыждаһатпен қайта оралу ынта-ықыласы менің де көкейіме ұя салды.
Қазақ публицистикасы тарихында аса құнды қолжазба кітаптардың алатын орны зор.
Бүкіл түркі елдерінің асыл жәдігері саналатын “Қорқыт ата кітабының”, Әбунасыр әл-Фарабидің дүние жүзіне белгілі “Ғылымды жүйелеу”, “Қайырымды істер қаласының тұрғын-дары туралы трактаттары”, “Мемлекет қайраткерінің мақал-мәтелдері”, “Даналық жауһарлары” еңбектерінің, Жүсіп Баласағұнның “Құтты білік” кітабының, Махмұт Қашқаридің “Түрік сөздерінің жинағы” еңбегінің, Қожа Ахмет Иассауидің “Ақыл кітабының”, Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тарих-и-Рашиди”, Қадырғали Қосымұлы Жалаиридің “Жылнамалар жинағы”, Бабырдың “Бабырнама” кітабының көне замандар-дағы халық өмірінің шындық көріністерін жеткізетін, баба-ларымыздың тұрмыс-тіршілігі, саяси және экономикалық ахуалы, әдет-ғұрып, салт-санасы туралы көптеген деректерді жинақтағандығы дәлел тілемейді. Осы қолжазба кітаптардағы публицистикалық сарындарды зерттеп, арнайы тоқталып, талдап, таразылау ісіне қайырыла оралуымыз керек-ақ. Бұл аталған асыл қазыналарымызбен қоса, әлі де зерттеушісін күтіп жатқан араб тіліндегі жазылып қалдырылған көптеген басқа да бабалар мұрасы – сөз жоқ бүгінгі қазақ публицисти-касының қайнар көздері екендігіне кәміл сенеміз.
Жалпы Орхон, Енисей, Талас, Суджа, т.б. көне түрк ескерткіштерінің бәрі әлі талай зерттеуді қажет етеді. Біз өз тақырып ауқымымызға қарай, кейбір жазба ескерткіштерден мысалдар келтіре отырып, сол жәдігерлеріміздегі нақты қоғамдық-саяси ахуалға, нақты адамдарға белгілі, бір жер-су аттарына қатысты дерек – дәйектерді ғана қарастырдық. Мұның өзі қазақ публицистикасының түп-төркінін терең ғасырлардан іздестіруден туған ізденістер еді. Б.Жақып 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *