Кеңес дәуіріндегі публицистика

Б.Жақып

Кеңес дәуіріндегі публицистика

Біздің түсінігімізде публицистика – өз кезеңіндегі қоғам-дық өмірдің өзекті проблемаларын, құбылыстарын және процестерін жедел түрде көрсететін шығармашылықтың бір түрі, және оның өзіндік ерекшелігі – саяси тұрғыдан күштілігі мен жанды бейнелілігінде, ал басты әлеуметтік міндеті-адамдардың қоғамдық пікірін қалыптастыру, оқырманның (тыңдаушының, көрерменнің) сана-сезіміне және мінез-құлқы-на белсенді түрде әсер ету, сөйтіп көпшіліктің саналы іс-сезімі-не және мінез-құлқына белсенді түрде әсер ету, сөйтіп көпші-ліктің саналы іс-қимылын ояту болып табылады [177,25-26].
ХХ-ғасыр басы қазақ даласында да қат-қабат өзгерістер кезеңі болды. Бірінші дүниежүзілік соғыстың өршуінен болған күйзеліс, ұлт-азаттық көтерілістер, патша үкіметінің құлауы, Уақытша үкіметтің билікке келуі, “Алаш” автономиясының құрылуы, осы саяси дүмпулердің процесі 1917 жылғы күздегі Қазан төңкерісіне алып келді. Петроградта болған зор саяси төңкеріс бұрынғы Ресей империясының кең территориясының түкпір-түкпіріне жайыла бастады. “Орталықта болған Қазан төңкерісінің шеруі ұлан-байтақ Қазақстан жерінде адам айтқысыз таптық зорлық-зомбылық жолымен жүрді. 1917 жылғы қараша – 1918 жылғы қаңтар аралығында өткен сайлау қазақ еңбекшілерінің басым көпшілігі “Алаш” партиясының бағдарламалық талаптарын қолдайтынын көрсетті. Жетісу губерниясында “Алаш” партиясының блогы сайлаушылар даусының 57,5 процентін алды. “Алаш” партиясы Семей уезінде (85,6%), Торғай, Орал губернияларында (75%) бұдан да басым жеңіске жетті. Сайлау нәтижесінің көрсеткеніндей, “Алаш” партиясы өкімет билігі жолындағы күресте боль-шевиктерге елеулі оппозиция болды” [180, 46-47 бб.].
Бірақ орталық билік большевиктер қолында болғандықтан Қазақ даласының әр аймағында күшпен Кеңес өкіметі орнай бастады. 1917 жылы 1 қарашада Ташкентте, 1917 жылдың аяғында Торғай облысында, 1917 жылғы желтоқсанның аяғында Көкшетауда, 1918 жылғы ақпанның 16-сынан 17-сіне қараған түні Семейде, 1918 жылғы наурыз айының ішінде бүкіл Жетісу облысында Кеңес өкіметі жеңіп шықты.
Кеңес өкіметі елді басқару үшін алдымен жергілікті аймақтардағы ұлттық мәселеге, баспасөзді дамытуға баса көңіл бөлді. Мәселен, кеңестік биліктің алғашқы жылдарындағы партия шешімдерінің бірінде: “в) развить у себя прессу, школу, театр, клубное дело и вообще культурно-просветительные учреждения на родном языке” [181, с. 559], – деп атап көрсетілді.
Сөйтіп ел-елде, жер-жерде кеңестік саясатты мықтап жүргізуге бағытталған көптеген басылымдар шығарыла бастады. Верныйда “Мұсылман жұмысшыларының біріккен одағы” 1917 жылдың 13 декабрінде “Садақ” атты сықақ журналын, Ақмоладағы “Жас қазақ” ұйымы 1917-1918 жылдары “Айна” деген журналдың бір нөмірін және “Тіршілік” газетін, Шығыс Қазақстанда 1918 жылы 10 апрельден бастап “Голос Алтая” газетін, Орынборда 1918 жылдың 3 апрелінен “Қазақ мұңы” газетін, Жетісуда 1918 жылы 8 мартта “Заря свободы” газетін шығару қолға алынды. Мұнан кейін де “Жетісу ісші халық мұхбірі” (1918), “Дұрыстық жолы” (1919), “Мұғалім” (1919), “Қазақ тілі” (1919), Кирревком органы “Ұшқын” (1919) атты басылымдар оқырманға жол тартты. Бұл аталған газет-журналдар негізінен Кеңестік саясатты жүргізуде басты құралға айналды. Дегенмен де кейбір басылымдар беттерінде (“Дұрыстық жолы”, “Қазақ тілі”) қазақ халқының мүддесін басым қорғаған жарияланымдар басылды.
Қазан төңкерісінен кейін “Қазақ”, “Алаш”, “Сарыарқа”, “Бірлік туы”, “Жас азамат” газеттері мен “Абай” журналы ұлтшылдық туын көтерген басылымдар ретінде айыпталып, большевиктердің күшімен біртіндеп жабыла бастады. Олардың орнына жер-жерде Кеңес өкіметінің саясатын жүргізетін мерзімді басылымдар бірінен соң бірі шығып жатты. Алашорда үкіметі таратылды. Қазақ даласында бар билікті Кеңес өкіметі өз қолына алды. Дәл осы кезде қазақ зиялыларының алдында екі түрлі жол тұрды. Бірі-саясаттан мүлдем іргені аулақ салу да, екіншісі – жаңа саясатпен айналыса жүріп, панасыз әрі көшбасшысыз қалған ұлт болашағына қызмет ету. Алаштың ардақ тұтқан азаматтарының көпшілігі 1919 жылы 5 сәуірдегі өкіметтің “кешірімімен” [182, 9 б.] екінші жолға түсуге мәжбүр болады. Бұл туралы М.Әуезов өзінің “Қазақ оқығандарына ашық хатында” айқын жазды: “Қазақ оқығаны екі жарылатын замандар әлі туған жоқ… Қазіргі күнде қай қалада болса да мекеме атаулыда үйіліп, қақтығып, арызын жеткізе алмай көзін сүзіп жүрген қазақ көп. Өзге уақыттардан осы күнде олардың арыздары, мұңдары тіпті көп… Сонымен бүгінгі мекеме атаулыда бос қалып жүрген қазақтардың мұң-мұқтажын орындау керек. Қашып, бұғудың ешбір себебі жоқ. Қазақ оқығанының Совет үкіметіне істеген ешбір жазығы жоқ. Совет үкіметі үлкен жазығы бар адамдарды да қатарына кіріп пайдалы қызметімді істеймін десе, қумайды.
Егер қазақ оқығандары Совет үкіметінің қабағынан қорқып қашса, айтатын сөзіміз осы; оқығанның қайсысы болса да азғантай пайда келтіре аларлығы болса, тезінен қала-қалаға келіп қызметке кіруіне керек”[183]. Сөйтіп ол өзінің ашық хатында төңкерістен кейінгі қазақ жайлы көрсетіп қана қоймайды, барша оқығандарды қиын-қыстау сәтте бірлікке, ынтымаққа шақырады. “Кеңес үкіметі” деп тұрып, қалың қазақ елінің, тұтас қазақ ұлтының қамын ойлауға тура келетін заман туғандығын жеткізеді. Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Хайретдин Болғанбайұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, т.б. алғашқылар болып сол жолға түсті де. Олар төңкерістен кейін шыққан газеттер төңірегіне топтасып, ұлт болашағы үшін қызметке кірісіп кетті.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында шыққан басылым-дардың бәрі де большевиктік жолға түсті, партиялық нұсқауларды жүзеге асыруды мақсат тұтты. Олардың негізгі мақсаты — қазақ халқына кеңес өкіметінің саясатын түсіндіру, партия сөзін жеткізу болды. Ал жергілікті ұлтты ойландырып – толғандыратын көптеген проблемалық мәселелер, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің озық үлгілерін насихаттау екінші кезекке сырылып тасталды.
Қазан төңкерісінен кейін алғашқы жылдардағы (1917-1925) қазақ баспасөзінің тарихын зерттеушілердің бірі С.Н.Имашев сол кездегі жергілікті партиялық баспасөз туралы былай дейді:
“К концу 1923 года сеть местной партийной печати характеризовалась следующими данными:
Количество всех газет – 21
из них на русском языке – 14
на казахском языке – 6
на татарском и башкирском языке – 1;
разовый тираж всех газет – 26620;
из них на русском языке – 17470
на казахском языке – 8650
на татарском и башкирском языке – 500” [184].
Бұл деректерден аңғаратынымыз – партиялық басылым-дардың басым көпшілігі орыс тілінде шыққандығы. Ал қарапайым қазақ оқырманына арналған газеттердің аздығы.
Кеңес мемлекетінің басшысы В.И.Ленин Қазақстанды полиграфиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету ісіне тікелей араласты. Ол 1920 жылдың 4 июнінде В.В.Воровскийге жазған хатында: “Қырғыз (қазақ — Б.Ж.) жолдастар әріп құйғыш, баспахана және қағаз алуға көмек сұрайды. Оларды қабылдап, барынша көмектесуді өте-мөте сұраймын” [185, 317 б.], – деп жазды.
Ондай көмек көрсетілді де.
“…Мәдени қордан республикада баспа ісі мен баспасөзді дамыту үшін едәуір қаржы бөлінді. 1925 жылы қазақ газет-терінің саны он екіге дейін өсті. Журналдар (“Қызыл Қазақстан”, “Пионер”, “Таң” т.б.) жарық көрді. Қырғыз мемле-кеттік баспасы тек бір жылдың ішінде ғана қазақ тілінде 200-ге тарта әр түрлі кітаптар мен кітапшалар шығарды” [186, 205 б.].
Қазақ тіліндегі газеттер ашылып, көбейе бастады. 1921 жылы Орынборда “Еңбекші Қазақ” (қазіргі “Социалистік Қазақстан”), 1922 жылы “Жас қайрат” (қазіргі “Лениншіл жас”) газеттері, “Әйел теңдігі” (қазіргі “Қазақстан әйелдері”) журналы шықты. Сондай-ақ Ақмола, Семей, Петропавл, Орал, Алматы, Ақтөбе, Қостанай т.б. қалаларда қазақ тілінде газеттер шыға бастады.
Қазақстанның өзіндік полиграфиялық базасы қалыптасып, газет-журналдар саны өсе түсті. Алғашқы жылдарда шыққан газет журналдар қатары “Ақ жол” (1920-1925), “Актюбинский вестник” (1918), “Ауыл” (1923-1930), “Беднота” (1920-1921), “Бой за коммунизм” (1919-1920), “Большевик” (1920-1921), “Бостандық туы” (1921-1928), “Бұқара” (1920-1921), “Бухтар-минская жизнь” (1921), “Вестник Семиреченского трудового народа” (1919), “Власть труда” (1921-1922), “Вольное слово” (1918), “Вперед” (1924), т.б. басылымдармен молықты. Бұл газет-журналдардың бәріне тән ерекшелік – олар “партиялық басылымдар” деген ат алды. Қазақ даласында “партиялық баспасөз”, “партиялық публицистика” деген ұғымдар қалып-таса бастады. Кеңестік дәуірдегі қазақ баспасөзінің тарихы, кеңестік журналистиканың теориясы мәселелері Х.Бекхожин-нің, Б.Кенжебаевтың, Т.Амандосовтың, С.Имашевтің, Ә.Ыды-рысовтың, Т.Қожакеевтің, Ш.Елеукеновтің, Г.Колосовтың, Ә.Хасеновтың, К.Мұхаметқалиевтің, Ш.Жамансариннің, Т.Кәкішевтің, М.Арғынбаевтың, М.Барманқұловтың, Н.Ома-шевтің, Ә.Қалмырзаевтың, С.Қозыбаевтың, Ю.Крикуновтың, З.Тұрарбековтің, С.Матвиенконың, Р.Ыдырысовтың, Қ.Әбіл-даевтың, Т.Ыдырысовтың, т.б. зерттеулері мен монография-ларында, кітаптарында әр кезең қырынан зерттелді.
Кеңестік дәуірде газет-журналдардың көбеюімен бірге қазақ публицистикасының өрісі кеңейіп, дамудың жаңа сатысына көшті. Бұл кезеңдегі публицистикаға кеңестік кезеңнің саясаты, орыс публицистикасының дамуы ерекше әсер етті. Соның нәтижесінде публицистикадағы пішіндік, жанрлық жаңашылдық белгілер айқын көрініс бере бастады.
Оның үстіне Кеңес өкіметі публицистердің алдына нақты міндет қойып берді. Мәселен, “Революция күндерінде” деп аталған мақаласында В.И.Лениннің публицистикаға берген анықтамасы мен көрсеткен функциясы бүкіл елдегі қалам ұстаған қауымға жөн сілтегені – өмірде болған тарихи шындық. Онда былай жазылған болатын: “Біз публицистердің үнемі істейтін ісін істеуге тиіспіз – кәзіргі заманның тарихын жасауға тиіспіз және оны жазғанда біз өзіміздің күнделікті өмірді жазуымыз оқиға болып жатқан жердегі қозғалысқа тікелей қатысушылар мен батыр-пролетарларға шамадан кел-генше көмек беретіндей етіп жазуға тырысуға тиіспіз, – оны жазғанда қозғалысты кеңейтуге, күрестің барынша аз күш жұмсалып, барынша көп және барынша берік нәтижелер бере алатын құралдарын, тәсілдері мен әдістерін саналы түрде таң-дап алуға жәрдемдесетіндей етіп жазуға тиіспіз” [187, 96 б.].
Бұл сөздер кеңес өкіметі жылдарындағы публицистердің басты бағдаршамына айналды. Сол бағытта насихат, үгіт жұмыстары жанданып, публицистиканы коммунистік қалыпқа салып, саяси күрестің негізгі құралына айналдыру – бірінші кезекке шығарылды.
Төңкерістен кейінгі жылдардағы қалыптасқан ерекше жағдай туралы профессорлар Б.Кенжебаев пен Т.Қожакеевтің мына тұжырымдары да сол кездегі публицистика туралы ой өрбітуімізге жол ашады: “Жиырмасыншы жылдары қазақ тілінде кітаптар бастыру, газет, журналдар шығару жұмысы қалыпты жолға қойылып, барынша күшейді. Бұл қазақ халқы-ның революциядан кейінгі көптеген тарихи табыстарының бірі, әрі көрнектісі, әрі аса маңыздысы болды.
Осы жағдайларға байланысты жиырмасыншы жылдары қазақтың ақын-жазушылары, баспасөз қызметкерлері – журна-листер көбейді. Олар өздерінің салт-санасы, саяси, жалпы білімі, мамандық, шеберлік жағынан да өсті. Партиялық советтік журналист болып қалыптасты.
Қазақтың жиырмасыншы жылдары шыққан көрнекті ақын – жазушылары түгелдей дерлік газет, журналдар айналасынан өрбіді, өздерінің алғашқы қадамдарын газет қызметінен бастады” [188, 26-27 бб.].
Ал баспасөз тарихын қопарып зерттеген Х.Бекхожин: “Еңбекші қазақ” газеті қазақтың әдеби тілінің, көркем әдебиетінің дамуына көмектесті, қазақтың ақын, жазушылары Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Асқар Тоқмағамбетов және басқалары “Еңбекші қазақ” газетінде тәрбиеленді, өздерін халыққа осы газет арқылы танытты” [189, 94 б.], – деп 20-жылдардағы жеке бір газеттің өзінің ірі тұлғалардың тәрбие мектебіне айналғанын тілге тиек етеді. Кеңестік дәуірдің 20-шы, 30-шы жылдарындағы қазақ публицистикасы негізінен үш бағытта дамып, өркендегеніне толық негіз бар. Оның біріншісі – Кеңестік саясаттың күшті ықпалының нәтижесінде дамыған қоғамдық-саяси бағыт. Бұл бағыттың көшбасында тұрған – ірі қайраткер Сәкен Сейфуллин. Сондықтан да Сәкеннің қоғамдық-саяси бағыттағы публицистикасын жан-жақты талдап, қарастыруға талпындық. Екінші бағыт — қазақ халқының ауыз әдебиетінің кәусарынан қанып ішкен, кестелі де шұрайлы қазақ тілінің байлығы мен әуезділігін қатар астастырған көркемдік бағыт. Бұл бағытта өзінің тұтас мектебін қалыптастырып кеткен – шебер публицист Жүсіпбек Аймауытов. Сол себепті Жүсіпбектің кеңестік басылымдар беттерінде жарық көрген көркем публицистикасының ішкі иірімдеріне үңілуге тырыстық. Үшінші бағыт – қоғамдағы келеңсіз жайттардың бет-пердесін ашып берген сыншылдық, сатиралық бағыт. Осы бағытта өз заманында өндірте жазған, кеңестік қоғамның көлеңкелі жақтарын, юмор мен сатираны қолдана отырып, айқын көрсетіп берген – Бейімбет Майлин. Бейімбеттің оқшаулары мен фельетондарын, сын мақалаларын ғылыми тұрғыдан қарастырып, түйінді тұжырымдарға келдік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *