ӨТЕМІСҰЛЫ МАХАМБЕТ
Өтемісұлы Махамбет (1804-1846) – қазақтың әйгілі ақыны, күйші композиторы, отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов бастаған көтерілісті (1836-1837) ұйымдастырушылардың бірі, осы көтерілістің жалынды жыршысы. Туып өскен жері Ішкі Бөкей ордасының Бекетай деп аталатын өңірі. Бұл қазіргі Орал облысының Жәнібек ауданына қарайтын жер. Шежіре дерегі бойынша он екі ата Байұлының бір бұтағы Беріш ішінде Нәдір деген кісіден Мәлі (кейбір деректе Құлмәлі, Құлманияз деп айтылады) туады. Мәлінің қазақ әйелінен Өтеміс пен Шыбынтай, қалмақ әйелінен Қобылай туған. Өтемістен он ұл, Шыбынтайдан төрт ұл, Қобылайдан үш ұл туып, Мәлі ұлдың өзінен он жеті немере сүйген адам. Бұл әулет Тайсойған құмындағы іргелі ауылдардың бірі.
Махамбет өзінің барша болмыс қасиеттерімен көшпелілер арасындағы көсем тұлғалардың бірі. Ол өзі туып өскен өңірдің Қамбар батыр, Ер Тарғын, Сыпыра жырау, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Жиембет, Доспамбет сияқты біртуар тұлғаларының өлмес мұраларын көкірегіне тоқып өсті. Өзі өмір сүрген заманның ағымына жүйрік, қыр сырын жетік меңгерген, көзі ашық, көкірегі ояу, білімдар адам болған. Орыс, татар, араб тілдерін тәуір меңгерген. Мұны ол жазған хаттардан айқын аңғаруға болады.
Махамбет Ресей отаршылдығының барша ауырлық тауқыметін көзімен көріп, оның барша зорлық-зомбылығын басынан өткеріп, ғұмыр кешкен адам. Сондықтан да 1836 жылы әбден шыдамы таусылған халық теңіздей толқып көтерілгенде, осынау тегеурінді дүмпудің дем берушісі Махамбет болды. Ол Исатай батырмен бірге арыстандай ақырып, азаттық туын қолдаса көтеріп шықты. Азаттық үшін күрес Махамбеттің бүкіл өмірінің мазмұнына айналды. Ұлттың азаттығы мен халықтың әлеуметтік теңдігін Махамбет жеріне жеткізе жырлаған әйгілі ақын. Ол поэзияда қандай дара болса, күй өнерінде де сондай дара.
Махамбет көшпелілер өркениетінің осынау жарық дүниемен шарқырап тұрып қоштасқан соңғы үні. Жалына қол тигізбейтін көшпелілердің қыл сағағын тағдыр тұзағы қылқындырған сәтте асау рухы Махамбет болып тұяқ серпігендей. Қазақты ұлт ретінде даралап, тарих сахнасына шығарған көшпелілер мәдениетінің буырқанып келіп, жартасты соққан ақжал толқыны Махамбет тәрізді. Шыны да сол. Егер, қазақ халқының рухани үрдісін кең аяда тарихи құбылыс ретінде елестетер болсақ, онда Қорқыттан Асанқайғыға дейін, Асанқайғыдан Махамбетке дейін, Махамбеттен Абайға дейін, Абайдан бүгінге дейін деп төрт кезеңге бөлуге болар еді. Махамбет заманы көшпелілер рухының айының батып, күнінің тұтылған кезі. Сондықтан да, көшпелілер мәдениетіндегі эпикалық синкреттілік Махамбет болмысымен түйінделеді. Бұдан былай өнер қоғамдық құбылыстарды реттеушілік міндетінен айрылып, эстетикалық алданыш болуға көшкен. Махамбеттің әрі батыр, әрі көсем, әрі шешен, әрі жырау, әрі күйші болуында осындай тарихи әлеуметтік сұраным болған.