ҚАСЫМҰЛЫ КЕНЕСАРЫ ХАН
Қасымұлы Кенесары хан (1802-1847) – Қазақ хандығының соңғы ханы, ұлт азаттық көтерілісінің әйгілі басшысы. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. Бабасы қазақтың атақты ханы Абылай. Арғы аталары Шыңғыс ханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды. Абылайдың әйелі қалмақтың Хочу мерген ноянның қызы Топыштан Қасым сұлтан туады. Кенесары осы Қасым сұлтанның баласы.
1822 жылы Ресей өкіметі Кіші жүз бен Орта жүздегі хандық билікті жойып, аға сұлтан мен сұлтан әкімдер билігін енгізеді. Сөйтіп, Ресей өкіметі қазақ елінің ішкі тірлігіне тікелей араласып, өз үстемдіктерін жүргізе бастайды. Осыған қарсы шыққан Кенесары хандық басқару жүйесін қалпына келтіруге күш салады. Ол өз ойын Ресейдің жергілікті әкімшілігіне, сонымен қатар патшаның тікелей өзіне де жеткізеді. Бірақ патша өкіметі Кенесарының талаптарын орындаудан бас тартады. Сондықтан да ол өз мақсатын күшпен жүзеге асыруға кіріседі.
Кенесары көтерілісін жер жерден қолдаушылар көбейеді. Өйткені патша әкімшілігі қазақтардың жерін тартып алып, әскери бекіністер сала бастайды. Көшпелі ел ата қонысынан айырылып, мал жаятын жаңа жер іздеуге мәжбүр болды.Оның үстінен патша үкіметінің алым салығының ауыртпалығы да оларды діңкелетіп біткен еді. Осының бәрі қазақ қауымының наразылығын күшейтіп, оларды Кенесары бастаған көтерілісті жан жақты қолдауға итермеледі. Көпшіліктің қолдауымен Кенесары 1841 жылы Қазақ хандығының ханы болып сайланды.
Патша өкіметі кесіп алған жерлерді заңды иесіне қайтару жолындағы күресте Кенесары әскери күштерді ұйымдастыру барысында Орта Азия хандықтарының тәжірибесіне сүйенеді. Ол өз әскерін жүзге, мыңға бөліп жүзбасылар мен мыңбасыларды тағайындады. Әскер тәртібін бұзғандар қатал жазаланды.
Кенесарының сыртқы саясатының басты мақсаты Тәуелсіз Қазақ хандығын құру болатын. Ол осы мақсатын жүзеге асыру үшін Орта Азия хандықтарынан өзіне сүйеу іздейді, олардың ішкі ісіне араласып, билеушілерін өз жағына тартуға күш салады. Хиуа ханы мен Бұқар әміріне өз елшілерін жіберіп, байланыс орнатады. Орта Азия мемлекеттерімен сауда көлемін ұлғайтып, олардан өздеріне қажетті қару жарақ, оқ дәрі алып тұрады.