АРОНҰЛЫ СҮЙІНБАЙ
Аронұлы Сүйінбай (1815 — 1898) – қазақтың әйгілі ақыны, айтыс өнерінің майталман жүйрігі. Туып өскен жері Алматы маңы, Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ елді мекені. Осы өңірден топырақ бұйырған. Шыққан тегі Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы. Шежіре дерегі бойынша арғы атасы Күсеп дәулескер қобызшы болған. Күсептен Арон, одан Сүйінбай туған. Сүйінбайдан туған Малыбай, Бағыжан, Жетібай есімді балаларының ұрпағы өсіп өнген.
Сүйінбайдың ақындық дарының алтын бесігі халқының ежелден қалыптасқан өнерпаздық дәстүрі. Әсіресе, ел ішінің сөз өнерін әспеттеген ұлы дәстүріне жастайынан ерте ұштап, төңірегіне ерте танылады. Ел аузында айтылатын:
«Екейде елу бақсы, сексен ақын,
Жаратып мінеді екен ерттеп атын.
Қобызға домбырасы үнін қосып,
Гулейді жын қаққандай кешке жақын» деген өлең сол ортаның ән-күй мен өлең-жырды айрықша дәcтүр еткенін аңғартса, одан тағылым алып өскен Сүйінбайдың:
«Атыңнан айналайын Қызыр бабам,
Түсімде таңға жуық келді маған.
Білмеймін «өлең» деді, «көген» деді,
Сайрауық құстар келіп төнді маған» деуі, оның ақындық дарынының ерте оянғанын аңғартады.
Сүйінбайдың даңқын елге жайған, ауыздан-ауызға тараған шығармаларының бір шоғыры өз кезіндегі хан-қара, би-төре, бай-манаптарға, көз көрген замандастарына қарата айтылған өлеңдері. Бұл өлеңдері, ол бір жағынан елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, табанды да турашыл азаматтың тұлғасын танытып отырса, екінші жағынан айтар ойын ұрымтал образ, ұтқыр ой арқылы жеткізуге шебер ақынның тегеурінді қарымын танытады.
«Хан емессің, күйіксің,
Қалың елді айдап жеп,
Теріңе зорға сиыпсың,
Ұры қары залымның,
Жаныңа бәрін жиыпсың…
Дүниені жұтса тоймайтын,
Түпсіз жатқан ұйықсың,
Қадірің жоқ халыққа,
Аққан судай сұйықсың», дейді Сүйінбай.
Құнарлы сөз, кесек ой, келелі уәж оның поэзиясына, эпикалық қарым, көркемдік сипат дарытып отырады.
Сүйінбайдың, әсіресе, айтысқа түскенде қынынан суырылған қылыштай жарқылдап, өзінің туа біткен ақындық дарынмен қауышқандай әсерге бөлеп отырады. Оның Майлықожамен, Тезек төремен, Қатағанмен, Арыстанбекпен айтыстары нағыз шашасына шаң жуытпайтын жүйріктің айғағы. Сүйінбай поэзиясы арқылы қазақтың айтыс өнерінің өрісі анағұрлым ұзарып, биіктеді, тақырып аясы кеңейіп, әлеуметтене түсті.
Эпикалық қарымдағы ақын ретінде Сүйінбай халықтың әр түрлі жыр дастандарын таңды таңға ұрып айтып, «Манас», «Көрұғлы», «Рүстем Дастан», «Тотынама» сияқты туындыларды шығармашылықпен өзінше жырлаған.
Оның Сұраншы, Сауырық батырлар туралы циклді өлеңдері мен толғаулары нағыз эпик ақынның өресін танытатын өлмес мұра. Мұнда ежелгі эпосқа тән асқақ рух, алапат теңеулер қарша борап отырады. «Лашын құстай түйілген, ақ тұйғындай шүйілген» батыр тұлғасын, «отыз жылдай алысқан, қырық жылдай шабысқан» дұшпан бейнесін нағыз жыраулық тегеурінмен сипаттайды.