КҮЗ ЕКЕН ҒОЙ…
Көк орайға көсілетін сәске түс
Көзімізді арбаушы еді көктем гүл .
Төңкерілген көк аспанның астында
Аймалаушы еді төбемізден төккен нұр.
Шуда-шуда бұлттар жүзіп шығысқа,
Күз екен ғой сағыныш боп жеткен бұл.
Аспан жақта бозғылт сәуле жамырап,
Сырға таққан Ай ару да ақ күміс .
Қоңыр күздің қоңырауын уақыт ,
Сәл ертерек мезгілінен қақты-мыс.
Күз екен ғой… көңіл неге күреңдеу
Ауа дымқыл, аспан бозғылт, бақ тыныш.
Аспан ашық болса-дағы апырм-ай,
Жаздағыдай елжіремес Күн бірақ,
Сібір жауын сіңіп кетсе жанына
Үнсіз бақ та қарсы алады тұнжырап.
Кірпігіне іліп алған тамшыны
Жапырақтар менен гөрі мұңдырақ.
Ақ шілтерлі арай сүйген үлбіреп,
Ата қоймас қара күзде кіл ақ таң.
Білем, білем картинасы Репиннің,
Пушкин де…
Күз мезгілін ұнатқан.
Күз екен ғой бояу жаққан ағашқа,
Күз екен ғой тереземді жылатқан.
Күз көреді сағыныштан сарғайып ,
Жарырақтың қалай жанын үзгенін.
Уақыт та іштен тынып күрсіне
Шығарып сап қайтқан құстың тізбегін.
Қоңылтақсып қобыз сарын көңілім
Мен де әйтеуір бір бірдеңені іздедім .
Күз екен ғой …
/Ерболат Баят /.