Білім беру саласы: Қатынас
Бөлімі: Қазақ тілі
Тақырыбы: «Екі лақ» ертегісі
Мақсаты: ертегі кейіпкерлерінің іс-қимылын салуға, олардың сөзін дауыс мәнерімен келтіріп, диалогке қатыса білуге үйрету.
Білімділік міндеті: қазақ тіліндегі сөздер мен сөйлемдерді түсініп және күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету. Сөздерді байланыстырып сөйлемдер құрай білу дағдыларын жетілдіру, әрбір сөзді анық айтып, өз ойларын дұрыс жеткізе білуге үйрету.
Дамытушылық міндеті: сөздік қорларын дамыту. Сөздердегі қазақ тіліне тән «қ» дыбысын дұрыс айтуға дағдыландыру. Артикуляциялық аппаратты, тыныс алуды және таза дикцияны дамыту.
Тәрбиелік міндеті: балаларды татулыққа тәрбиелеу.
Күтілетін нәтижелер:
Жасайды: кейіпкерлерінің іс-қимылын, сөзін интонациямен жеткізе алады, диалогке катысады.
Түсінеді: ертегінің мазмұның түсінеді.
Қолданады: ертегіні сахналай алады, сұрақтарға жауап береді.
Қолданылатын көрнекі құралдар: қуыршақтар – Сәуле мен Арман, үнтаспа, ойыншықтар (үй жануарлары және төлдері), ертегі кейіпкерлері – лақтар, түлкі, қасқыр бейнеленген қалпақтар, жұмыс дәптері, фишкалар.
Билингвалды компонент: «Екі лақ» ертегісі – сказка «Два козленка», қойшы – пастух овец
ҰОҚ барысы
1. Ұйымдастыру кезеңі
Шаттық шеңбер
Достарымның барлығын, Сыйлап жақсы көремін. Алақаным арқылы,
Жылуымды беремін.
Өткен ұйымдастырылған оқу қызметін қайталайды.
Дидактикалық ойын: «Төлдерің ата және көрсет» Балалар үй жануарларын атап, ойыншықтарды көрсетеді, төлдерін атайды және көрсетеді. Балалар әр дұрыс жауап үшін фишкадан алады, соңында фишкалар саналып, жеңімпаз анықталады.
2.Негізгі кезең
Ғажайып сәті. Қонаққа қуыршақтар – Сәуле мен Арман келеді.
– Сәлеметсіздер ме?! Сендер ертегіні ұнатасыңдар ма? Біз сендерге «Екі лақ» ертегісін сыйлыққа әкелдік.
– Балалар, ертегіні тыңдап қана қоймаймыз, ертегі кейіпкерлерінің рөлінде өзіміз сахналап көреміз.
Үнтаспадан ертегіні тыңдаймыз.
Сөздік ойын: «Сұрақ-жауап».
– Ертегі не туралы?
– Ертегіде неше лақ?
– Ертегідегі лақтарды сипатта. (Ақ лақ және Қара лақ).
– Ақ лақ пен қара лақ нелерге жолығады? (Түлкіге, қасқырға)
– Түлкіден екі лақ қалай құтылады? (Қырдың астында қасқыр күтіп отыр).
– Қасқырдан екі лақ қалай құтылады? ( Арыстан күтіп отыр).
– Қойші ата Ақ лаққа не деді?
Педагог сөздерде қ дыбысының дұрыс айтылуына назар аударады.
Дыбыстық жаттығу (айнамен орындалады).
Қ-қ-қ-қ – лақ-лақ-лақ, Ақ лақ.
Қ-қ-қ- қ – лақ-лақ-лақ- Қара лақ.
Сергіту сәті
Тіктеп титтей құлағын, Ботам былай жүреді. Сыртылдатып тұяғын, Бұзау былай жүреді. Алға созып мойынын, Ойнақтайды ботақан. Таудан тасқа шұнағым, Секеңдейді лағым.
Балалар ертегіні сахналайды.
Санамақ арқылы қасқыр, түлкі және лақтардың рөлдері бөлінеді. Балалар қалпақтарды киеді.
Автордың сөзін педагог айтады.
Педагог: Ақ лақ пен қара лақ әрі жүгіреді, бері жүгіреді. Қара лақ:
Сен Ақ Лақсың, түк білмейтін ақымақсың. Мені әрлі-берлі сүйреп жүріп, ақыры адастырдың. Педагог: Ақ лақ әрі ойланып, бері ойланып, жүрген жерлерін еске түсіреді де жүгіре жөнеледі, алдарынан түлкі шыға келеді.
Түлкі:
– Әдемі лақтар, менің үйіме қонақ болып кетіңдер.
Ақ лақ:
– Түлкі, бізді Қасқыр қонаққа шақырды. Бізбен бірге жүр.
Педагог: Түлкі лақтарға еріп жүреді, алдарынан ақырып Қасқыр шыға келгенде Түлкі қашып кетеді.
Қасқыр:
– Р-р-р, менің қарным аш, сендерді жеп қоям!
Ақ лақ:
– Қасеке, әнеки, ана төбенің басында, қара тастың қасында, бізді Арыстан күтіп отыр. Қара лақ:
– Бәәәә, Арыстанды қара.
Педагог: Қасқыр қатты сасқалақтайды, әрі-бері алақтап тұрады.
Қасқыр:
– Бәлесінен аулақ. Бар жандарыңның барында кетіңдер, түге!
Педагог:
– Қасқыр қаша жөнеледі. Ақ лақ, Қара лақ:
– Алақай!!!
Педагог: осылайша қорықпаған екі лақ, қырды асып өз үйірлерін табады.
Жұмыс дәптермен жұмыс.
1. Суреттер бойынша ертегіні ретімен әңгімеле.
2. Суретке қарап, ата. Атауында «Қ» дыбысы бар жануарларды қорша.
Педагог жеке жұмыс жүргізеді.
3. Рефлексия.
Педагог қорытындылайды. Балаларды мадақтайды.
Сендерге ертегі ұнады ма? Жұмыс дәптеріне өздеріңнің игерген білімдеріңнің дәрежесін, үлгерімдеріңді смайл арқылы белгілейсіңдер. Қуыршақтар балалармен қоштасады.