Аулада

Білім беру салалары: Қатынас, таным
Бөлімі: Қазақ тілі
Тақырыбы: Аулада.
Мақсаты: сөздік қорларын үй құстарының атауларымен толықтыру.
Білімділік міндеті: қазақ тіліндегі сөздер мен сөйлемдерді түсініп және күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету. Сөздерді бір-бірімен байланыстырып, сөйлем құрауға жаттықтыру.
Үй жануарлары туралы алған білімдерін, яғни жаңа сөздерді бекіту.
Дамытушылық міндеті: ойлау, зейін қойып тыңдау секілді қабілеттерін дамыту. Қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру. Есту және мәтіннен таныс сөздерді таба білу қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік міндеті: қамқорлыққа тәрбиелеу.
Күтілетін нәтижелер:
Жасайды: үй құстарын және үй жануарларын атайды.
Түсінеді: үй жануарлары мен үй құстарына адамдар қамқор болатынын түсінеді.
Қолданады: зейін қойып тыңдайды, таныс сөздерді мәтіннен таба алады.
Қолданылатын көрнекі құралдар: қуыршақтар – Сәуле мен Арман, жылжымалы суреттер, үнтаспа, жұмыс дәптері, айна.
Билингвалды компонент: аула- двор, қаз – гусь, үйрек – утка, күркетауық – индюк, жем – корм.

ҰОҚ барысы
1. Ұйымдастыру кезеңі
Шаттық шеңбер
Арайлап таң атты Алтын сәуле таратты.
Қайырлы таң, алтын күн!
Қайырлы таң, кең далам!
Ғажайып сәт. Қонаққа қуыршақтар – Сәуле мен Арман келеді. – Сәлеметсіздер ме?!
Өткен «Екі лақ» ертегі тақырыпты қайталау. Ертегі кейіпкерлерін атау.
Педагог тақпақ оқиды.
Кішкентай әліппе Бота: Б-ны Ө- ге қосып,
«Бө», – дейді.
Лақ: М-ны Е-ге қосып, «Ме», – дейді.
Қозы: М- ны Ә- ге қосып, «Мә» – дейді.
Ал мен: М-ны А-ға қосып,
«Ма», – деймін,
«Ма-ма», – деймін, «Мама!» – деймін.
Ж. Смақов
1. Қандай төлдер аталды?
2. Бота не дейді?
3. Лақ не дейді?
4. Қозы не дейді?
2. Негізгі кезең
Үй жануарлары қайда тұрады?
Жылжымалы суреттермен ойын: «Аулада». Жаңа сөздермен таныстыру.
– Балалар, мынау – аула.
– Мынау не?
– Мынау – аула.
– Мынау – … (аула сөзін айтып жаттығады).
– Аулада не болуы мүмкін?
Үнтаспадан жануарлардың дауыстары естіледі. Балалар дауысы бойынша жануарды атап, суретін аулаға орналастырады. Аулада сиыр бар. т.с.с.
Педагог үй құстарын (тауық, әтеш) естеріне түсіреді. Мынау не?
Аулада тауық (әтеш) бар.
Құстардың суреттерін аулаға орналастырады – Мынау – қаз. Қаз – үй құсы.
– Мынау – … (қаз).
– Қаз қандай құс? – Қаз – үй құсы.
– Аулада қаз бар. – Аулада не бар?
– Аулада қаз бар.
– Мынау – үйрек. Үй-рек.
– Мынау не?
– Мынау – үйрек.
– Үйрек – үй құсы.
– Үйрек қандай құс?
– Үйрек – үй құсы. – Аулада үйрек бар. – Аулада не бар?
– Аулада үйрек бар.
– Мынау – күркетауық. Күр- ке- тау- ық.
– Мынау не?
– Мынау – күркетауық.
– Күркетауық – үй құсы.
– Күркетауық қандай құс?
– Күркетауық – үй құсы.
– Аулада күркетауық бар. – Аулада не бар?
– Аулада күркетауық бар.
Педагог шағын мәтінді оқиды.
– Мынау – аула. Аулада үй жануарлары бар. Олар сиыр, қой, жалқы, ит, мысық. Аулада үй құстары да бар: әтеш, тауық, қаз, үйрек, күркетауық. Адам үй жануарларға және құстарға шөп, жем береді.
Балалар мәтінді қайталайды.
Ойын: «Жалғастыр». Педагог бастайды, балалар аяқтайды.
– Үй жануарлары не жейді?
– Үй жануарлары … жейді.
– Мысық нені жақсы көреді?
– Мысық … жақсы көреді.
– Мысыққа сүтті кім береді?
– Адамдар мысыққа … береді.
– Адамдар құстарға жем береді.
– Адамдар құстарға не береді?
– Адамдар құстарға … береді. (Жем сөзін айтып жаттығады).
Сергіту сәті
Қошақаны қойдың, Қайда қалып қойдың? Бұлтиып тұр бүйірің Қай өрістен тойдың?
Педагог тақпақ оқиды.
Малдың баласын сүюі
Қой сүйеді баласын: «Қоңырым», – деп, – Ештеңені білмейтін момыным», – деп. Сиыр сүйеді баласын: «Торпағым, – деп, – Қараңғыға баспайтын қорқағым», – деп. Түйе сүйеді баласын: «Боташым, – деп, – Жәудіреген көзіңнен, тоташым», – деп. Ешкі сүйеді баласын: «Лағым, – деп, – Тастан тасқа секірген шұнағым», – деп. Жылқы сүйеді баласын: «Құлыным», – деп, – Тұлпар болып жүгірер жұлыным», – деп.
Педагог оқып, мазмұнын түсіндіреді.
Таныс сөздерді атау: қой, сиыр, түйе, ешкі, жылқы, бала.
Мамаларың сендерді не деп еркелетеді? (Балалардың жауаптары).
Мен ботақаным, құлыным, қозым – деп еркелетемін.
Ата-әже, аналар балаларын осылай еркелетеді.
Жұмыс дәптермен жұмыс.
1. Суретке қара. Аулада нелер болады? Шағын мәтін құра.
2. Сурет қара. Сәуле мен Арман не істеді? Сөйлем құра.
Педагог жеке жұмыс жүргізеді.
3. Рефлексия.
Педагог қорытындылайды. Балаларды мадақтайды.
Саған не ұнады? Жұмыс дәптеріне өздеріңнің игерген білімдеріңнің дәрежесін, үлгерімдеріңді смайл арқылы белгілейсіңдер. Қуыршақтар балалармен қоштасады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *