АНА ТІЛІМ – АЙБЫНЫМ


Ана тілің алпыс тілге татиды
(Мақал)


Кез-келген ұлт үшін ең үлкен байлық — оның ана тілі. Адам тамақсыз, сусыз өмір сүре алмайды. Дәл солай тілсіз күн кешу де мүмкін емес дер едім. Себебі қарым-қатынас адам үшін өте маңызды. Күнделікті ақпарат бөлісуде, хат-хабар алмасуда тілдің рөлі басым. «Тіл — ұлттың сүйенетін тамыры, сыйынатын тәңірі» деп бекер айтылмаған. Әлемде көптеген түрлі халық бар. Әр халықтың өз ана тілі бар. Тіл осы ұлт пен оның әр халқы мақтан тұтатын тылсым құбылыс. Ал біз өз ана тілімізбен қаншалықты мақтанып жүрміз?
«Әрбір халық өзінің ана тілінде ғана бақытты» демекші, мен мақтан тұтатын менің ана тілім — қазақ тілі. Бұл тілдің тарихы көшпенділер кезеңінен бастау алады. Тіліміздің, еліміздің тәуелсіздігі үшін соғыс та, қантөгіс те болды. Біздің ата-бабаларымыздың ерлігінің арқасында сол бейбіт күнге жеттік. Солардың арқасында қазақ тілінде еркін қарым-қатынас жасаймыз, оңай түсінісеміз. Көптеген шетелдіктер біздің тілге қызығушылық танытып қана қоймай , үйреніп алу үшін курстарға қатысады. Өйткені, біздің еліміз әлемдік аренада енді ғана өзін көрсете бастады.


Қазақ тілі өте бай тіл. Бұл тілде екі миллионнан астам термин бар. Ежелден бері қазақтар өзінің туған тілін жоғары бағалаған. Қанша жыл өтсе де, қазақ тілінің рухани мол қазынасы жоғалған жоқ. Әндер, ертегілер мен аңыздар жатталып, ұрпақ жадында сақталды. Би-шешендердің даналық сөздері мен афоризмдері ұрпақтан-ұрпаққа тарап келеді. Кей ақындарымыз жазуды және оқуды білмеді, бірақ бұл өлеңдердің, әндердің, поэмалардың тууына кедергі болмады. Сол арқылы ана тілінің сақталуына ықпал етті. Өйткені, тіл кез-келген ұлттың ажырамас бөлігі ретінде сөйлеушілерімен бірге өсіп, дамиды.
Біздің халқымыз өз тілімен ғана емес, бай мәдениетімен де танымал. Бірақ сол құндылықтарымызды жоғары бағалаудың орнына, кемсітіп, төмендетіп жүргендер жетерлік. Қазақ тілінің деңгейін көтеретін де өзіміз, құлдырататын да өзіміз.
«Тілі өлген ел – тірі өлген ел» дегендей қазақ тілімізді қор қылып жүрген «шала қазақтардың» бар екені де жасырын емес. Кейде сондай адамдарға қарап, «қарным ашады». Бүгінгі қоғамымызда өз тілін менсінбей, сөйлеуге арланатын «қазақтар» пайда болған. «Тілін білмейтіндер емес, тілін білгісі келмейтіндер – мәңгүрт» демекші, тілді білмек түгілі, білуге, үйренуге талпынбайтындар қатары да жиіледі. «Өз тілің — бірлік үшін, Өзге тілің — тірлік үшін» екенін әсте естен шығармау керек деп ойлаймын.
Ана тілім маған бізге берді. Алғаш рет туған тілімізде сөйлеуді үйрендік. Ата-анамызбен, бауырларымызбен тілдестік, сырластық. Мектеп, алғашқы достар, алғашқы таныстар — мұның бәрі тілсіз болмас еді. Тіл – қарым-қатынас құралы. Ана тілі – әлем туралы білімімізді кеңейтуге, келіссөздер жүргізуге, басқа халықтардың тарихын зерттеуге көмекші құрал.
Ұрпақ тәрбиелеудегі маңызды салалардың бірі – өскелең жастарға өз тілінің, салт-дәстүрінің, туған жерінің маңыздылығы туралы айту. Біздің балалар өз халқының тарихын, тілін білуі керек. Шет елде тұратын қазақтар өз үйлерінде ана тілінде сөйлеуге тырысады. Мен осы істеріне дән ризамын.
Халық: «Тіл — халықтың жаны», — дейді. Егер әрқайсымыз ата-бабаларымыз сияқты халықтың «жанын» қастерлейтін болсақ, онда тарих пен тіліміз ұмытылмайды. «Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт», — деп Халел Досмұхамедұлы бекер айтпаған. Ұлттың болашағы – ана тілінде. Әр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі. Тіл мәртебесі — бұл елдің мерейі. Біз оны дәріптеуіміз қажет. Тіл отбасынан басталатын әрдайым есте сақтау керек. Қазақ тілінің мәртебесін нығайту үшін барлық қазақстандықтар және шетелдегі қандастарымыз қазақ тіліне деген құрметін арттырып, қазақ тілінің табиғи жағдайын сақтауы қажет деп ойлаймын. Тіл — өткеннің мұрасы, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Демек, ана тіліміздің құндылығын білу және дұрыс сөйлей білу — әрбір қазақ баласының алдында тұрған міндеттердің бірі. Біз, болашақ жастар, өз тілімізді ұлықтаймыз, әрі шыңға көтерілетінімізді сенімді түрде айтқым келеді.
Өткенді еске алып, бүгінмен өмір сүріп, болашаққа көз жүгіртіп, ана тілімізден асқан байлық жоқ екенін түсінуіміз керек!

Альбекқызы Айсұлу

Алматы облысы. Кербұлақ ауданы. Талдыбұлақ ауылы Ы. Алтынсарин атындағы ОММДШО.,  Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *