Ғажайып алаң

Білім беру салалары: Қатынас, әлеумет Бөлімі: Қазақ тілі.
Тақырыбы: Ғажайып алаң.
Мақсаты: қарапайым сұрақтар қоюды және оларға жай сөйлеммен жауап беруді дағдыландыру, отбасы тақырыбын қайталау, бекіту.
Білімділік міндеті: отбасы мүшелерінің атын қазақша айтуға, сөз тіркестерін дұрыс қолдануға үйрету, диалогке қатысуға үйрету. Қазақ тіліндегі сөздер мен сөйлемдерді түсініп және күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету.
Дамытушылық міндеті: қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру, байланыстырып сөйлеуді дамыту.
Тәрбиелік міндеті: үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіруге тәрбиелеу.
Күтілетін нәтижелер:
Жасайды: отбасы мүшелерін ажыратып, сөз тіркестерін дұрыс қолданып, байланыстырып сөйлейді.
Түсінеді: қарапайым сұрақтар қоюды және оларға жай сөйлеммен жауап беруді.
Қолданады: таныс сөздерді күнделікті өмірде қолданады, мақал-мәтел айтады. Қолданылатын көрнекі құралдар: қуыршақтар – Сәуле мен Арман, ғажайып барабан, отбасымен түскен суреттер, фотоальбом, қима материалдар, жұмыс дәптері, қарындаш. Билингвалды компонент: отбасы – семья, тату тұрамыз – живем дружно, атамның аты – дедушку зовут, әжемнің аты – бабушку зовут, ғажайып алаң – поле чудес.

ҰОҚ барысы 1. Ұйымдастыру кезеңі Шаттық шеңбер.
– Балалар, бір-біріңе аналарың еркелетіп атайтын аттарыңды айтыңдар.
Ғажайып сәт. Қонаққа қуыршақтар – Сәуле мен Арман келеді.
– Сәлеметсіздер ме?!
Балаларға «Ғажайып алаң» ойынын ойнауға шақырады.
2. Негізгі кезең
Балалар барабанды айналдыра отырып, ұпай жинайды, сұрақтарға жауап береді, тапсырмаларды орындайды. Бірінші тапсырма: Санамақты еске түсіру, отбасы мүшелерін атау.
Атам, әжем, Әкем, шешем.
Әпкем, сіңілім, Ағам, інім және мен.
Бір үйде біз нешеуміз?
Кел, санайық екеуміз.
Екінші тапсырма: Отбасы туралы қандай мақал білесіңлер?
Балалар мақалдарды естеріне түсіреді.
1. Отан отбасынан басталады.
2. Баланың бас ұстазы – ата-ана.
3. Інісі бардың – тынысы бар, Ағасы бардың – жағасы бар.
4.Аға әдепті болса, іні әдепті,
Апа әдепті болса, сіңлі әдепті.
Үшінші тапсырма: Отбасымен түскен суреттер, фотоальбоммен жұмыс.
Балалар өздеріне таныс сөздерді атайды және сөздерден сөйлем құрайды.
– Мынау – менің отбасым. Мынау – ата. Атамның аты – … . Атам теледидар көреді.
– Мынау – менің әжем. Әжемнің аты – … . Әжем ән айтады.
– Мынау – менің әкем. Әкемнің аты – … . Әкем ойыншық берді.
– Мынау – менің анам. Анамның аты – … . Анам тамақ пісіреді. Біз тату тұрамыз.
Төртінші тапсырма: Диалог құру. Сұрақтарға жауап беру.
Балалар бір-біріне сұрақтар қояды.
– Сенің ағаң бар ма?
– Ағаңның аты кім?
– Сенің әпкең бар ма?
– Әпкеңнің аты кім? т.с.с
Бесінші тапсырма. Дидактикалық ойын: «Тыңда, есте сақта, қайтала». Қуыршақ Сәуле сан тіркесімен отбасы мүшелерін айтады, балалар тыңдап алып, қайталаулары керек. Мысалы:
менің 2 әжем, 1 атам, анам, 3 інім бар. Сергіту сәті.
Дөңгеленіп тұрамыз, Керегені құрамыз.
Уықтарша иіліп,
Шаңырақты көтеріп, Қазақ үйді құрамыз.
Жұмыс дәптерімен жұмыс.
1.Суреттерге қара. Отбасы мүшелерін ата. Сөйлем құра.
Педагог жеке жұмыс жүргізеді. Үлгі: Менің атам бар. Атамның аты – … .
3. Рефлексия.
Педагог қорытындылайды. Балаларды мадақтайды.
– Сендерге ойын ұнады ма? Қандай тапсырма ең қызықты болды? Жұмыс дәптерінде сендер өздеріңнің игерген білімдеріңнің дәрежесін, үлгерімдеріңді смайл арқылы белгілейсіңдер. Қуыршақтар балалармен қоштасады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *