Феодалдық құрылыстың негізгі белгілері Батыс Еуропа елдерінде IХ-X ғасырларда қалыптасты. Оның ең басты белгісі – жердің негізгі табыс пен байлық көзіне айналуы. Кімнің жері көп болса, сол құдіретті де құрметті адам болды. Ақсүйек шонжарлар мен корольдер, әскер қолбасшылары қауым жерлерін, жаулап алынған жерлерді өздерінің мұрагерлік меншігіне айналдырды. Ірі жер иелеріне өздерінің жер иеліктерін ұлғайтуға мемлекет көмектесті.
Атқарған қызметі үшін әр адамға сыға берілетін жер үлесі «феод» деп, ал ол үлестің иесі «феодал» деп аталды. Бір феодалдың жер үлесі ұлан-ғайыр көп болса, екінші феодалдың жері аздау болды. Феодалдар жерді онда өмір сүретін жүздеген, мыңдаған шаруалармен қоса иемденді.
Феодалдар өз жерлерінде ерікті шаруалардың еңбегіне негізделген шаруашылық құрды. Осындай шаруашылық феодалдық поместье деп аталды. Феодалдар мемлекеттің көмегімен шаруаларды өздеріне кіріптарлыққа салды. Ерте орта ғасырлар кезеңінің бір ерекшелігі – монархиялық империялар қандай күшті болғанымен, феодалдық қоғамның заңды дамуы – бытыраңқылықты бастан кешірді. Оның себебі, біріншіден, барлық феодалдық мемлекеттер байлық үшін, билік үшін әр уақытта бақталастықта болды. Екіншіден, феодалдық қоғамда тұйық табиғи шаруашылық дамыды. Мемлекеттер елді басқару мен шаруашылықты ұйымдастыру ісін өз мәнінде жүргізе алмады. Бұл тарихи процесс Франктер, Византия, Киев Русі мемлекетерінің әлсіреуіне және құлауына әкелді.
Феодалдық құрылыстың келесі бір белгісі – шаруашылықтың натуралды, яғни томаға-тұйық сипаты. Феодалдың өміріне қажетті бұйымдар мен азық-түліктердің бәрі оның поместьесінде өндірілді.
VI-Х ғасырларда Батыс Еуропа елдерінде осындай натуралды шаруашылық үстемдік құрды. Мұндай шаруашылық кезінде еш нәрсе сатылмады және сатып алынбады.
Натуралды шаруашылық жағдайында жеке феодалдық иеліктер арасындағы экономикалық және саяси байланыстар өте мардымсыз болды. Ірі феодалдық жер иеліктері одан әрі дамыды, ол иеліктерде күштеу аппараты құрылды. Күшейіп алған жекелеген феодалдар өздерін корольмен тең санай бастады.
Осының бәрі IХ-X ғасырлардағы Батыс Еуропада феодалдық бытыраңқылықтың негізгі себептері болды. Бағыныштылар бір-бірінің мырзаларының иеліктеріне шабуыл жасап тұрды. Бұл қақтығыстар феодалдық өзара қырқысулар деп аталды.
Феодалдық құрылыстың тағы бір ерекшелігі – феодалдар атақ-лауазымы бойынша бірнеше сатыға бөлінді. Ол бөліну тарихта феодалдық саты деп аталды. Ең жоғарғы баспалдақта басты феодал – король тұрды. Ол жоғарғы сот және әскердің қолбасшысы міндеттерін де атқарды. Келесі баспалдақта корольдің бағыныштылары герцогтер мен графтар болды. Оларға жүздеген деревнялар қарады. Олардың билігінде үлкен әскер отряды болды.
Графтардан кейінгі баспалдақта олардың бағыныштылары – барондар мен виконттар тұрды. Олар 20-30 деревняны басқарып, шағын әскер бөлімін жасақтауға мүмкіндік алды. Барондар ұсақ феодалдардың – рыцарлардың мырзасы еді. Ал рыцарлар әлі рыцарь ала қоймаған қатардағы жауынгерлердің мырзасы атанды.
Ерте орта ғасырлар кезеңіндегі мемлекеттердің саяси құрылымы ерте феодалдық монархия болды. Ірі жер иелерімен дін басшылары феодалдардың мүддесін қорғап, үстемдік жасап отырды.
Шаруалар феодалдық сатыға кірмеді. Әскери іспен айналысатын феодалдар Х ғасырдың аяғынан бастап рыцарьлар деп аталды. Рыцарь болу үшін үміткердің жер үлесі «феоды» болуы керек еді. Рыцардың басты кәсібі – соғыс. Сондықтан олардың барлық тұрмысы мен әдет-ғұрпы соғыс талаптары мен соған байланысты тәртіптерге бағындырылды.
Осман империясындағы «сипахилер», Жапониядағы «самурайлар» ортағасырлық Батыс Еуропадағы рыцарьлар іспетті болды. Кейін тұрақты армияның құрылуына, оқпен атылатын қарудың тарауына байланысты рыцарлардың әскердегі рөлі азая бастады. Бірақ рыцарлар біржолата жойылып кеткен жоқ. Олар дворяндарға айналды.
Феодалдар мықты аула-бекінісі бар үйіне азық-түлік, киім-кешек, еңбек құрал-саймандары мен қару-жарақ қорын жинады. Табиғи апат, жұт, өрт зардаптарынан кейін әр шаруа осы қордан қарызға көмек алып, қайтадан әл жиятын. Олардың аула-бекінісі қорғаныс қамалы да болды. Бекіністі айнала дуалдар соғылып, су толтырылған орлар қазылды. Ор үстіне көтерме көпір салынды.
Феодалдық құрылыс кезіндегі шаруалар басыбайлы және ерікті болып екіге бөлінді.
Басыбайлы шаруалар феодалдарға толық тәуелді болды, олардың өз беттерімен шешім қабылдап, әрекет етуіне тыйым салынды. Феодалдар ондай шаруаларды сатуға, айырбастауға, сыйлауға ерікті еді. Басыбайлы шаруа қашып кетсе, қожасы оны тауып алып, өзіне қайтаратын. Басыбайлы шаруалар қатарына бірте-бірте бұрыңғы құлдар да қосылды. Шаруалардың бұл тобы Францияда «сервтер» деп аталды.
Шаруалардың екінші тобына жататын жеке басы ерікті шаруалар. Англияда «вилландар» еді. Олардың жағдайы біраз жеңілдеу болды. Олар өз қарамағындағы мүліктерін, еңбек құрал-жабдықтарын еркін жұмсай алды. Ерікті шаруалар өз жер үлесін мұрагерлік жолмен балаларына қалдыруға құқылы болатын.
Шаруалар өз қожайындары мен корольдеріне көптеген міндеткерліктер өтеді.
Ол міндеткерліктерді өтеудің бірнеше түрі болды. Басты түрі – еңбекпен өтеу. Ол «барщина» деп аталды. Шаруалар заттай алым-салық – «оброк» та төлеп отырды. Сонымен қатар «қоғамдық жұмыстар» атқару міндеткерлігі де болды.
V-Х ғасырлар аралығында шаруалардың жіктелуі күшейді. Яғни шаруалар кедейленіп, жерін ірі феодалдар тартып алған, жерсіз шаруалар көбейіп олар феодалдарға еріксіз кіріптарлыққа түсті. Еріксіз шаруалар Еуропа және Азия елдерінде ірі феодалдарға қарсы күреске шығып отырды.
Феодалдық қоғамның дамуы өндірістік күштердің дамуына, өндірістік қатынастың күшеюіне әкелді. Еуропа елдерінде жерге жеке меншік үстем болды. Азия елдерінде жерге иелік негізінен мемлекеттік меншік арқылы дамыды. Ерте орта ғасырлар кезінде феодализм дамып, феодалдық қоғам өз дамуының жоғарғы сатысына өтті.