№22
Білім беру салалары: Қатынас, әлеумет Бөлімі: Қазақ тілі.
Тақырыбы: Менің Отаным.
Мақсаты: Отан туралы түсініктерін кеңейту.
Білімділік міндеті: педагогтің үлгісі бойынша шағын мәтін құрастыруды дағдыландыру. Отан туралы тақпақ үйрету. Қазақ тіліндегі сөздер мен сөйлемдерді түсініп және күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету.
Дамытушылық міндеті: Сөздерді бір-бірімен байланыстырып, сөйлем құрай білу дағдыларын жетілдіру. Қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру.
Тәрбиелік міндеті: Отанға деген сүйіспеншіліктерін тәрбиелеу.
Күтілетін нәтижелер:
Жасайды: жаңа сөздерді, қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтып, тақпақ, мәтін қайталайды.
Түсінеді: жаңа сөздер және қарапайым сұрақтарды түсінеді.
Қолданады: сөйлем құрайды, сұрақтарға жауап береді.
Қолданылатын көрнекі құралдар: қуыршақтар – Сәуле мен Арман, постер, слайд: «Менің Отаным», суретті сөздіктер, қима материалдар, жұмыс дәптері, фишкалар.
Билингвалды компонент: менің Отаным – моя Родина, тәуелсіз – независимый, мемлекет – государство.
ҰОҚ барысы
1. Ұйымдастыру кезеңі
Шаттық шеңбер
Жоғары қараймыз, Шаңырақты көреміз. Төмен қараймыз, Жерді көреміз.
Оңға бұрылып, солға бұрылып, Егеменді елді көреміз.
Ғажайып сәт. Қонаққа қуыршақтар – Сәуле мен Арман келеді. – Сәлеметсіздер ме?!
Өткен тақырыпты қайталайды. Ойын «Кім көп біледі?» қойылған сұраққа толық жауап беру. Сенің бөлмеңде не бар? Мысалы, Менің бөлмемде ойыншықтар, ертегі кітап, кереует, үстел, орындық бар. Балалар әр дұрыс жауап үшін фишкадан алады, ойын соңында фишкалар саналып, жеңімпаз анықталады.
2. Негізгі кезең
Слайд: «Менің Отаным». Жаңа сөздермен таныстыру: менің Отаным, тәуелсіз, мемлекет.
Менің Отаным — ме-нің О-та-ным. Тәуелсіз — ә-ә -ә – тә-уел-сіз – тәуелсіз Мемлекет – мем-ле-кет, мемлекет.
Педагог балалармен суреттер арқылы сөздерден сөйлем, шағын мәтін құрау.
Біздің Отанымыз – Қазақстан. Отанымыздың бас қаласы – Нұр-Сұлтан. Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Қазақстан мемлекетінің Президенті бар. Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. (Балалар сөйлемдерді, мәтінді қайталайды).
Дидактикалық ойын: «Аудармашы».
Педагог орыс тілінде сөздерді айтады, балалар аударады.
Моя Родина – Менің Отаным.
Независимый – тәуелсіз.
Государство – мемлекет.
Тақпақ жаттау.
Отан – сенің ата-анаң,
Отан – досың, бауырың, Отан – өлкең, астанаң,
Отан – аудан, ауылың.
Е. Өтетілеуұлы
Педагог тақпақты 2-3 рет қайталап айтады. Балалар жаттайды.
Сергіту сәті
Керегені жазайық, Шаңырақты құрайық.
Уық болып, иіліп, Киіз үйдей болайық.
Сөздік ойын: «Сұрақ-жауап»
– Сенің Отаның қалай аталады?
– Менің Отаным – Қазақстан.
– Қай қалада (ауылда) тұрасың? (Қаласының, ауылының атын айтады).
– Отанымыздың бас қаласын ата?
– Отанымыздың бас қаласы – Нұр-Сұлтан.
– Қазақстан қандай мемлекет?
– Қазақстан – тәуелсіз мемлекет.
Жұмыс дәптерімен жұмыс.
1. Суреттерге қара. Сөйлем құра. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кім?
2. Мақал-мәтелді жатта. Мағынасын түсіндір.
Отан – оттан да ыстық.
Педагог жеке жұмыс жүргізеді.
3. Рефлексия.
Педагог қорытындылайды. Балаларды мадақтайды.
– Сендерге не ұнады? Жұмыс дәптерінде сендер өздеріңнің игерген білімдеріңнің дәрежесін, үлгерімдеріңді смайл арқылы белгілейсіңдер. Қуыршақтар балалармен қоштасады.