1945 жылы 2 қыркүйекте Жапония тізе бүгу туралы Актіге қол қойды. Потсдам келісіміне сай елді АҚШ әскерлері басып алды.
1946-1949 жж. Жапонияда аграрлық реформалар жүргізілді. Помещиктердің жер иелігінде 3 га жер қалдырылды, қалған жер көбіне жалдап алушыларға сатылды. Аграрлық реформалар ауыл шаруашылығындағы капитализмнің дамуын тездетті.
АҚШ-тың қолдауы арқасында Жапония тез дами бастады. Бұған қосымша 1950-1953 жж. Кореядағы соғысқа тікелей қатысқан өндіріс салалары АҚШ-тың әскери тапсырысын орындау арқылы тез қарқын алды.
1950-1960 жж. ғылыми-техникалық революция нәтижелерін жапондықтар өте ұқыпты пайдаланды. Басқа елде ашылған не жасалған жаңалықтарды шұғыл іске қосу, өте қажетті өнімдерді шығару, сапасына мән беру, шикізатты, электр қуатын, жұмыс уақытын үнемдеу және ұтымды пайдалану, кешегіні бүгін, бүгінгіні ертең жаңарту, жұмысшылар мен қожайындар арақатынасын сенімділікке негіздеу, т.б. әдістер кеңінен қолданылды.
50-жылдардың екінші жартысынан бастап елде Жапонияның «экономикалық ғажабы» деген атақ алған экономикалық өрлеу басталды.Экономиканың өрге басу себептерінің бірі негізгі капиталдың жаппай жаңартылуы еді. Мұнымен бірге Жапонияның әскери шығындарының аздығы да маңызды рөль атқарды.
1956 жылдары 19 қазанда Жапония Москвада КСРО мен екі ел арасындағы араздықты тоқтату және дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіру туралы Декларацияға қол қойды. Алайда бітім туралы мәселе шешілмей қалды. Оған жер дауы кедергі жасап келеді.
Жапон экономикасының отын-шикізат ресурстарымен қамтамасыз етілмегендігі салдарынан туындаған осал жақтары, 70 жж. ортасы – 80 жж. дүниежүзілік экономикалық дағдарыстар кезінде көзге түсуі, оның құрылымын қайта құру қажеттігін көрсетті.
80 жылдары өнеркәсіптің ғылымды көп пайдаланатын салалары – электрониканың, компьютерлер шығару, телекоммуникациялық және бақылау-өлшеу жабдықтары, автоматтандыру құралдары, жаңа материалдар, биотехнология салалары алдыңғы шепке шықты. Ғылыми-техникалық зерттеулерді қарж.андырумен салыстырғанда патенттер мен лицензиялар сатып алу кейінгі шепке ысырылды. 1991 ж. Жапония еңбек өнімділігінің деңгейі жағынан Батыс Германия елдерін басып озып, АҚШ деңгейінің 90%-на дейін жетті.
1945 ж. тамызда 38-параллельдің солтүстігіндегі Кореяны Кеңес Армиясы азатт етті. АҚШ әскерлері 1945 ж. қыркүйекте Кореяның оңтүстігіне барып түсті. 38-параллель Корей түбегі аумағында жапон қарулы күштерін тұтқындап, қарусыздандыру үшін келген кеңес және американ әскерлері арасындағы шекараға айналды.
1948 жылы мамырда Оңтүстік Кореяда ұлттық жиналыстың сайлауы өткізілді, ол мемлекеттің атын – Корея Республикасы деп атады, Кореяның бүкіл аумағында КР-нің егемендігін жариялаған конституцияны қабылдады және республика президенті етіп Ли Сын Манды сайлады.
Өздерін бірден-бір заңды және Кореяның бүкіл аумағына иелік етушіміз деп жариялаған екі Корей мемлекетінің пайда болғаны олардың арасында текетірес туғызды. 1950 жылы 25 маусымда КХДР бірінші болып ұрыс қимылдарын бастап, Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулді басып алды да, оңтүстікке қарай ж.жыды. АҚШ КР-на басқыншылық жасады деп КХДР-ді айыптады. 1950 жылы қыркүйекте АҚШ Кореяға ірі десант түсіріп, жағдайды өзгертті де, Солтүстік Кореяның бүкіл дерлік аумағын басып алды, сөйтіп Корей-Қытай шекарасынан келіп шықты. Бұл жағдай соғысқа Қытайдың араласуына себепші болды. КСРО КХДР-ге көмек көрсетті. Одан кейінгі ұрыс-қимылдары бұл соғыста жеңіске жетуге болмайтындығына екі елдің көзін жеткізді. 1953 жылы 27 шілдеде Кореядағы бітім туралы келісім жасалды.
1958 жылы Ли Сын Ман мемлекет қауіпсіздігі туралы жаңа заңды қабылдатуға қол жеткізді. Ол заң демократиялық партиядан басқа оппозициялық партиялардың бәрін таратуға мүмкіндік берді. Президенттің орнатқан авторитарлық режимі парақорлықтың, заңсыздықтың және озбырлықтың өсуімен бірге етек алды.
Мұның өзі қоғамның барлық топтарының наразылығын туғызып, бұқаралық шерулер басталды. Ли Сын Ман оны күшпен басуға тырысып, Сеулге әскер кіргізіп, шеру жасаушыларға оқ атылды. Оған жауап ретінде қалада президентке қарсы көтеріліс бұрқ ете түсті. Армия қару қолданудан бас тартты. Парламенттің кезектен тыс мәжілісінде президентті қызметтен тайдыру және жаңа сайлау өткізу туралы қарар қабылданды. 1960 жылы 27 сәуірде Ли Сын Ман биліктен бас тартатыны туралы мәлімдемеге қол қойып, елден кетті.
60-жж. ортасында үкімет «экспорт арқылы индустрияландыру» саясатына көшті. Ол үшін экспорттық өндірістерді дамытудың, коммерциялық қарыздар мен қаржы салымдары түрінде шетел капиталын тарту, алынған қаржылардың тиімді пайдаланылуына мемлекет тарапынан бақылау орнату үшін арнаулы шаралар қолданды.
Үкімет ішкі қаржы ресурстарын мейлінше іске жұмылдыруға көмектесетін салық жүйесін жасап, енгізді. Ол елге келіп түскен валюта қаржысын өндірістік мақсаттарға пайдалануды бақылап отырды, озық технологиялық негізде құрылған және өнімдерді экспорттауға бағыт ұстаған кәсіпорындар үшін жеңілдіктер енгізді.
Мемлекеттің реттеушілік рөлі мынадан көрінді: дамудың әрбір кезеңінде ол өндірістің бірінші шектегі салаларын анықтап отырды, олардың дамуын тездетуді несие-қаржы шаралары арқылы қамтамасыз етті. Мемлекет инфрақұрылымы жағынан бірнеше «индустриялық аймақ» құрды, оларда жеке меншік кәсіпкерлер жеңілдік шарттарын пайдаланып, электрониканы, электротехниканы, өнеркәсіп жабдығын өндіретін кәсіпорындар құра алды.