Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең қайғылы қасірет

1939 жылы 1 қыркүйегінде фашистік Германия әскері Польшаға бас-көктеп кірді Немістің 57 дивизиясына қарсы 33 поляк дивизиясы ерлікпен шайқасты. Жылжымалы топ бөлімшелеріне сүйенген Гитлер әскері майданды бірнеше жерден бұзып, Польша әскерін бөлшектеп, екі апта ішінде талқандады.
Кеңес Одағы 1939 жылғы 23 тамыздағы КСРО-Германия келісімінің құпия бағыты бойынша 17 қыркүйекте кеңес әскерін Польшаға енгізіп, Польша құрамындағы Украина мен Батыс Белоруссия жерін өзіне қосып алды.
Кеңес Одағы Фин үкіметінен шекарасын Ленинградтан шегіндіруді өтінді. Финляния бұл талапты орындаудан бас тартты. 1939 жылы 30 қарашада кеңес әскері Финляндияға қарсы соғыс әрекетін бастады. Ұлттар Лигасы КСРО-ның әрекетін басқыншылық деп бағалап, оны өзінің құрамынан шығарып тастады.
Кеңес-Фин соғысы 1940 жылы 12 наурызда бітімшартына қол қоюмен аяқталып, Финляндия шекарасы Ленинград қаласынан едәуір алыстатылды, ол елдің 1/4 аумағы КСРО-ға өтті.
1940 жылдың жазында Гитлер Англия жеңілді деп есептеп, оны келісімшартқа шақырды. Алайда Англия бұл ұсынысты қабылдамады.
АҚШ бейтараптық саясат ұстап, Германияның Еуропадағы жаугершілік әрекеттеріне жол берді. Соғысқа қатыспай-ақ АҚШ Англияға үсті-үстіне әскери-экономикалық көмек көрсетті. 1941 жылы наурызда АҚШ конгресі лендлиз (несие беру) туралы заң қабылдады. Ағылшын ғалымдары мен АҚШ мамандары бірлесе отырып, ядролық қару шығаруды қолға алды.
Үштік пактіге көп уақыт өтпей Германияға тәуелді жаңа одақтастар – Румыния, Венгрия, Болгария, Испания және Финляндия қосылды. Басты Еуропадғы үш мемлекет қана – Швеция, Швейцария және Ирландия – толық бейтараптылықты сақтады.
1940 жылы КСРО Балтық жағалауындағы Эстония, Литва, Латвияны өзіне бағындырды. 1941 жылы сәуірде неміс әскерлері Грекия мен Югославияны жаулап алды.
1940 жылығы 18 желтоқсанда Гитлер «Барборосса» жоспарына қол қойды. Гитлершілдер КСРО-ға қарсы «қауырт соғыс» ашып, ол 8-10 апта ішінде, қыс түскенге дейін, аяқтауға тиіс деп жоспарлады.
1941 жылдың 22 маусымында таңға жуық фашист әскерлері КСРО аумағына соғыс жарияламастан баса-көктеп кірді. Кеңес Одағына қарсы 190 дивизия, оның ішінде 153 неміс дивизиясы, жалпы Герман қарулы күштерінің 80 % -ы қатысты. Шығыс майдан Екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші майданына айналды.
1941 жылдың күзінде неміс әскерлері Балтық жағалауын, Молдавияны, Украинаны, Белоруссияны басып алды. Ленинградты қоршады, Мәскеуге жақындады. Бірақ герман әскерінің Мәскеу түбінде тоқтатылуы Гитлердің «қауырт соғыс» жоспарын іске асырмады.
1942 жылы Сталинград түбіндегі шайқаста 100-ден аса неміс дивизиясы талқандалды. Сталинград түбіндегі жеңіс және 1943 жылғы жаздағы Курск түбіндегі шайқас соғыстың түбірлі өзгерістерін айқындады.
1944 жылдың басында Кеңес армиясы жаппай шабуылға шықты. Кеңес Одағы аумағын түгел жаудан тазартып, күзге қарай Румыния, Польша, Чехословакия, Югославия, Венгрияны азат етуге қатысты.
Ағылшын-американ әскерлері 1944 жылы екі десанттық операция жүргізді: бірі – Францияның солтүстік жағалауын, Нормандияны (Оверлорд операциясы), екіншісі – Францияның оңтүстігіндегі Марсель ауданын қамтыды. Шабуылдың барысында Франция, Голландия, Бельгия және Орталық Италия азат етілді.
1945жылдың басында фашистік блок толығымен қирады Одақтастар армиясы Германия шекарасына шықты 13 сәуірде кеңес әскерлері Венаға кірді, ал 24 сәуірде Берлинді қоршауға алды.
1945 жылы 8 мамырда Берлинде маршал Г.Жуковтың төрағалығымен фашистік Германияның сөзсіз тізе бүгуі актісіне қол қойылды. 1945 жылғы ақпанда өткен Қырым конференциясының шешіміне сәйкес Германия аумағы – кеңестік, америкалық, ағылшындық және француздық – төрт басып алу аймағына бөлінді. Берлин де төрт секторға бөлінді.
1942 жылдың бас кезінде Жапон армиясы Филиппин мен Тайландтың бір бөлігін жаулап алды. 1942 жылдың наурызына қарай бүкіл Индонезияны, содан кейін Бирманы жаулап алды. 1942 жылдың жазына қарай Жапония 150 млн-нан аса тұрғын халқы бар кең байтақ аумақты жаулап алды.
1945 жылы 6 тамызда Америка ұшақтары жапон қаласы Хиросимаға атом бомбасын тастады, ал 8 тамызда екінші бомба Нагасакидің тас-талқанын шығарды.
9 тамызда КСРО Жапонияға соғыс ашып, Қытай, Корея жерлерінің бір бөлігін Сахалиннің оңтүстігін және Куриль аралдарын азат етті.
1945 жылдың 2 қыркүйегінде АҚШ-тың «Миссури» атты кемесінде Жапония сөзсіз тізе бүгу актісіне қол қойды.
Екінші дүниежүзілік соғыс 6 жылға созылып, барлық әлемді қамтыды. Ғылым мен техника салаларында, атомдық энергияны меңгеруде үлкен жетістіктерге қол жетті. Германия, Италия, Жапония уақытша ұлы державалар қатарынан шығып қалды. Отаршылдық жүйе ыдырай бастады., ондаған тәуелсіз мемлекеттер өмірге келді. Франция мен Ұлыбритания біраз әлсіреді. Ал АҚШ соғыстың нәтижесінде барлық мемлекеттерді басып озып, дүниежүзіндегі аса ірі ұлы державаға айналды. Екінші ұлы держава Кеңес Одағы болды. КСРО-ның басшылығымен бүтіндей жаңа қоғамдық-саяси жүйе құрылды. Социалистік бағытты көздеген бірқатар жаңа мемлекеттер пайда болды. АҚШ пен КСРО екі державаның арасындағы қарама-қайшылық бүкіл ХХ ғасырдың екінші жартысын түгел қамтыды.
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы әлемдік саяси кеңістікте сапалы өзгерістер алып келді, «қырғи-қабақ соғыс» лаңын өршітіп, социалистік және капиталистік әлемнің арасындағы арпалысты тудырды, халықаралық қатынастарды екі жақты қарама-қайшылыққа жіктеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *