ІШ СҮЗЕГІ

ІШ СҮЗЕГІ

Сүзек-парасүзек ауруларының диагностикасы үшін алғашқы 5-6 күнде келесі клиникалық мәліметтердің үлкен маңызы бар: жоғары тұрақты қызба, айқын интоксикация, “сүзектік тіл”, гепатолиеналды синдром, метеоризм, «оң» Падалка нышаны. Гемограммада іш сүзегіне тән өзгерістер: лейкопения, анэозинофилия, таяқша ядролы нейтрофилдердің жоғарлауы.
Диагнозды растау үшін бактериологиялық және серологиялық әдістерді қолданады. Өт қосылған қоректі орталарға науқастың қанын (гемокультура), зәрін (уринокультура), нәжісін (копрокультура) міндетті түрде себеміз. Өтті (билиокультура) бактериотасымалдаушылардан ғана алып себеміз. Қоздырғышты сүйек кемігінің пунктатынан (миелокультура), розеола пунктатынан (розеолокультура) бөліп алуға болады, бірақ бұл әдістер қазіргі жағдайда қолданылмайды. Серологиялық әдістерден іш сүзегінің анықтауында агглютинация реакциясы – Видаль реакциясы, О- , Н-, Vi – антигендермен жүргізілетін тікелей емес гемагглютинация реакциясы (ТГАР) қолданылады. Диагностикалық титр – 1:200.
Емдеуі. Іш сүзегінің ағымы мен нәтижесі дұрыс күтімге, диетаға, антибактериальды және патогенетикалық ем жүргізу тәртібіне байланысты. Іш сүзегінің емдеуі комплексті болуы керек.
Науқасты тыныштықта, жайлы төсекте күту керек. Ауыз қуысы мен теріні күту маңызды орын алады. Төсекте жату режимін 6-7 күнге дейін сақтаған дұрыс. Ал 7-8-ші күндері науқастың отыруына рұқсат етіледі, 10-11-күндері дене қысымы тұрақтанса, жүріп-тұруға рұқсат беріледі. Науқастарға №4 және 4б, сосын 4в, 2 диета тағайындалады. Іш сүзек-парасүзек аурулары кезінде антибиотиктердің ішінен ең тиімдісі -левомицетин болып табылған. Сонымен қатар ампициллинді де пайдалану қолайлы. Левомицетинді тәулігіне 6 реттен 0,5 г белгілейді, қалыпты дене температурасының 3-ші күніне дейін, ал 3-10-шы күні — тәулігіне 4 реттен — 0,5 г. Ампициллинді 14 күннің ішінде тәулігіне 4 реттен 1г мөлшерінде пайдалану. Қоздырғыштар антибиотиктерге тұрақты болған жағдайда бактрим (бисептол) күніне 2-3 рет қолданылады, немесе нитрофуран препараттары (фуразолидон) күніне 4 реттен-0,15-0,2 г. Сонғы жылдары фторхинолондар тиімді препараттар болып табылды (пефлоксацин 0,4 г. х 2 рет, ципрофлоксацин 0,5 г. х 2 рет).
Ішектен қан кеткенде қатаң төсек режимі керек, шалқасынан 12-24 сағат бойы жатқызу. Қарынға суық басып, 10-12 сағат аралығында тамақ ішуге тиым салынып, ішетін сұйықтықтың мөлшері 500 мл дейін шектеледі.
Науқастарды ауруханадан дәрігер-инфекционистің бақылауы және рұқсаты бойынша шығарады. Қосымша ауруларды емдеу мақсатқа сәйкес жүргізіледі.
Болжамы. Іш сүзегі тұсында болатын өлім тудыратын жағдай соңғы жылдары едәуір төмендеген және ол 0,3-0,2% құрап отыр. Десек те, әлі күнге дейін болжамы әрқашан жағымды емес, тіпті жеңіл ағымында да, себебі, ауыр асқынудың дамуы мүмкін (ішектен қан кету, ішек перфорациясы және т.б.).
Алдын алу шаралары. Сүзек-парасүзек ауруларымен күрес бойынша шаралар былай бағытталуы керек: жұқпалы аурулардың көзін зиянсыз ету; берілу жолдарын қиып өту; ұжымның қарсы тұра алмауының жоғарылауы. Іш сүзек профилактикасы алдыңғы кезекте жалпы тазалық шараларына жүргізіледі: сумен жабдықтаудың сапасын жақсарту, көпшілік орынды таза ұстау, канализацияларды тазалау, шыбындармен күрес. Науқастар ауруханадан шыққаннан кейін диспансерлік бақылауда 3 ай бойы болады. Науқастың нәжісі, дәреті, өті бактериологиялық бақылаудан өтеді. Сүзек-парасүзек ауруларына қарсы иммунизация жоспарлы тәртіпте, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша іске асырыллады.
А және В паратифтер
А және В паратифтерінің морфологиялық, иммунологиялық, эпидемиологиялық, патогенетикалық және клиникалық көріністері іш сүзегімен ұқсас, бірақ та кейбір өзгешеліктері бар.
А паратиф қоздырғышы — Salmonella paratyphi А. Паратифтің А түрінде жасырың кезеңі іш сүзегіне қарағанда қысқа болады, оның мерзімі 8-10 күн шамасында. Ауру көбінесе жедел түрде басталады, кейде бастапқы кезеңінде тұмаумен араласып, жөтел де қосылады. Науқастарды тексергенде беті қызарып, көздің айналасы да қызарып, ерінге герпестік бөртпелер шығады. Температуралық қисықтары типті мінездеме бермей, кейде ремиттерлеуші болады. Қалтырап қозудың соңы тоңуға ауысады, сосын бірқалыпты болады. А паратифі кезінде теріге бөртпелер шығып, олар полиморфты (дақты, дақты- папулезді) болады, денеде бір мезгілде пайда болады. Бөртпелер қызарыңқырап, қызылшаға ұқсап, болмаса қанталап тұрады. Улану заңды түрде баяу жүріп, іш сүзегіндей статуста өтпейді. Қан анализінде нормацитоз, кейде лейкоцитоз, лимфомоноцитозбен кездесетіні белгілі болады. Ауырған адамдардың көпшілігінде бұл дерт орта ауыр жағдайда, кей жағдайда ауыр түрінде өтеді. Ішектен қан кетуіне, өкпенің қабынуына т.б. асқынуларына ауыспайды. А паратифінде жиі аурудың қайталануы болады.
В паратиф қоздырғышы — Salmonella paratyphi В. В паратифі кезінде жасырын кезеңі 5-10 күннен тұрады, кейде бұдан ұзақ болуы мүмкін. Ауру көбінесе жедел басталып, адам тоңып дірілдейді, бұлшық еттері ауырсынады және тер бөліне бастайды. Дерттің бастапқы кезеңінде улану жағдайымен бірге қосарланып жедел гастроэнтерит өршиді. Мұндайда дене қызуы ұзақ болмайды да, көбінесе ауытқып қайталанып тұрады. Бөртпелер дерттің бастапқы кезіңде көрінеді де, өзінің полиморфтылығымен сипатталады. Кейбір жағдайларда В паратиф дерті ауыр жағдайда өтеді. Ол іріңді менингитке, менингоэнцефалитке, септикопиемияға айналады. Қан анализінде нейтрофилді лейкоцитоз байқалады. Дерттің қайталануы (рецидивтері) мүмкін.

А.Қ.Дүйсенова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *