XІX ғысырдың ІІ жартысында қазақ даласында саясиәлеуметтік, экономикалық жағдай өте ауыр болды. 1822 жылы Ресей патшасының жарлығынан кейін қазақ даласында хандық институт толығымен жойылды. Қазақ елі Ресей империясының құрамына губерния ретінде кірді. Елдегі саяси билік түгелімен Ресей шенеуніктерінің қолына көшті. Губерниялардың басшысы генералгубернаторлар патша жарлығымен бекітіліп отырды. Жергілікті қазақтарға бұл шен (губернаторлық) түгелімен бұйырмады. Қазақтар тіпті уезд басшысы болуға да құқықтары болмады. Қазақ халқы отаршылықтың қамытын біржолата киді. Отаршылық қазақтарды ең бастысы саяси тәуелсіздіктен айырды. Хандық билікпен бірге елдің қоғамдық статусы да жойылды.
Елдегі феодалдық-рулық тартыстар мен жанжалдар және патша үкіметінен шен-шекпен дәмелі сұлтандар елдің берекесін алды. Оған ішкі Ресейден қазақ даласына қоныс аударып келген шаруалардың жергілікті халыққа қысым көрсетіп, шұрайлы жерлерін тартып алуы тағы қосылды. Бір сөзбен айтқанда, отарлау саясаты басталды. Мұның барлығы да, мүлгіп жатқан қазақ қоғамына әсер етпей қоймады. Әсіресе, орыс патшасының қазақ жеріне саяси тұтқындарды жер аударуы бұл процеске жаңаша серпін берді. Ел ішінде көзі ашық, орыстың жер аударылып келген зиялы қауымымен араласа бастаған алдыңғы қатарлы өкілдері сол заманға байланысты өз ойларын білдіре бастады.
Шоқан Уәлиханов (1835–1865 жж.) өз заманының еуропаша білім алған, талантты ғалымы, жаһангері және қазақ саяси әлеуметтік ойларының эволюциясына үлкен үлес қосқан азаматы. Шоқанның дүниетанымы мен рухани жетілуіне өскен ортасы мен Омбы қаласындағы кадет корпусында оқып жүргендегі қазақ даласына патша үкіметіне саяси жағынан сенімсіз деп табылған орыс зиялы қауымымен араласып, достасуы және Батыс Сібір генералгубернаторы Гасфорттың адьютанты болып қызмет етуі ерекше із қалдырды.
Шоқан орыс армиясының офицері ретінде патшаға адал қызмет атқарды. Патша өкіметі жасақтаған керуенмен Қашқарияға саяхат жасап келді. Сырт әлемге есігін тарс жауып отырған Қашқар Үкіметі туралы алғашқы құнды материалдарды жинақтаған да – Шоқан.
Орыс патшасы Оңтүстік Қазақстан, ұлы жүз қазақтары территориясын өз иелігіне қарату үшін Генерал Черняев бастаған арнайы әскери экспедициясын құрайды. Экспедиция құрамына Шоқан Уәлиханов та енген болатын. Бірақ ол патша генералының жергілікті халықты бағындырудағы ұстанған саясатын көргенде, экспедициядан бас тартып бөлініп кетеді. Осы жолғы жағдай Шоқанның патшаға деген сенімін біржолата үзді және ол патшаның отарлау саясатының мақсатын түсінді. Қазақ даласындағы патша Үкіметінің өктемдігі мен озбырлығын өз көзімен көрген Шоқан өз достарына жазған хаттарында «…халықты ашықтан-ашық аямай сорды» – дейді.
Шоқанның саяси портретін аша түсетін – «Сот реформасы туралы» еңбегі. Бұл еңбекте ол қазақ даласында жасалмақ болып жатқан реформаның мән-мақсатына тоқталады. «Адамның тұрмыс қажетін өтейтін реформа ғана пайдалы да, ал бұл мақсатқа қандай да болса кедергі келтіретін реформа зиянды болып табылмақ» – дейді. Сонымен қатар, ол реформа барысында реформатор сол елдің менталитетіне назар аударып, ескеру керек деп есептейді.
Шоқан сот реформалары туралы еңбегінде патша үкіметі тағайындаған соттардан гөрі, бұрыннан қазақ қоғамында қалыптасқан билер институтын тиімдірек деп есептейді. Сондай-ақ, ол әкімшілік реформалау кезінде патша үкіметі округ басшыларын жергілікті салт-дәстүрді қанық білетін қазақтардан сайлау керек деп түсінеді. Осы мақсатта өзі 1862 жылы Атбасар округінің аға сұлтандығын сайлауына қатысады. Ондағы ойы билік жүйесін жақсартуда оқыған, көзі ашық билеушінің пайдалы екендігін дәлелдеу еді. Бірақ өкінішке орай сұлтандыққа өтпей қалады.
Шоқанның бұл идеясы сол замандағы Ресей мен Еуропадағы «ағартушы билеуші» идеясының нақты көрінісі еді.
Шоқан Уәлиханов этнограф ретінде өзінен кейін қырғыздардың «Манас» дастаны, «Елдегі мұсылмандық туралы», «Қазақ шежірелері», «Құлжа күнделіктері» және тағы басқа да тамаша еңбектер қалдырды.
Шоқан Уәлиханов қазақ саяси тарихында өз орны бар «жарқ етіп ағып өткен жарық жұлдыз» болды десек қателеспейміз.
ХІХ ғасырдың аяғында қазақ даласына ақырындап капиталистік қатынас ене бастады. Жаңа заманмен бірге ел арасына жаңа дәстүр мен жаңа саяси өзгерістер қатар келді. Осы кезде қазақ ұлтының ішінен шыққан зиялы азаматтар «ел келешекте қай бағытта дамиды, елдігіміз не болады» деген сұрақтармен саяси аренаға шықты. Ұлт зиялылары көтерген осы мәселелер қазақ дәстүрлі қоғамының ғасырлар бойы сақталып келген құндылықтарын шайқалта бастады. Екіншіден, ескіше сауатын ашып, кейіннен Орталық Ресейде білім алған ұлт зиялылары Ресейдегі болып жатқан саяси дүрбелеңнің қақ ортасында жүрді. Ресейдегі әр түрлі саяси партияларға қатысып, саяси жағынан шыңдалған азаматтар келешекте қазақ саяси ойларының дамуына, Алаш қозғалысы мен Алашорда ұлттық үкіметін құруда ерекше рөл атқарды. Сол кездегі ел ішіндегі ауыртпалықты көріп, сезген ұлт зиялылары заманның ащы шындығын көрсету үшін, халықтың санасын ояту үшін ағартушылық бағытты ұстанып, алғаш рет қазақ даласында «Айқап» газетін шығара бастады.
Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері.
Қазақтың көрнекті ағартушысы Ы.Алтынсарин оқушыларға білім беру мен оларды кемелдендіру мақсатындағы мұғалім мен оқушының бірлесіп, біріге жасайтын қызметін және қарым-қатынастарының амал-тәсілдерін әдіс деп атайды. Оқымыстының дүниетанымдық және тәлім-тәрбиелік идеялары XIX ғасырда қазақ халқының тәлім-тәрбиелік, ұлттық құндылықтарын жаңа деңгейге көтерді. Дегенмен, сол кезеңдерде қазақ зиялыларының ағартушылық ой-пікірлерінің дамуы, өзіндік идеяларын жариялау мүмкіндіктері биік деңгейде болмағаны белгілі. Соған қарамастан ұлт ағартушылары, педагог – ұстаздары өз еңбектерін оқу-тәрбие жұмыстарына енгізіп, педагогикалық тың мәселелерді көтере білді. Қазақ мектептерін және ондағы оқытудың дидактикалық негіздерін педагогика ғылымының алдыңғы қатарлы деңгейінде құра білуі, білім мен тәрбие беру, оқыту принциптерінің негізгі құрамдас бөліктерін өміршең мәнде дәлелдеуі ғұламаның сол кездегі үлкен жетістіктері болды. Қазіргі жоғары оқу орындарындағы кіріктіре оқыту (интеграция) әдісін Ы.Алтынсарин өз тәжірибесінде сол тарихи кезеңнің өзінде пәрменді және сапалы қолдана білгенін атап өткеніміз абзал.
Ы. Алтынсарин терең ағартушы ретінде оқу-білімнің тек ізденіс, еңбекпен табылатынына ерекше мән бергенін атап өтуге болады. Әрине, сапалы оқу үшін инемен құдық қазғандай ыждағаттылық, талап пен сабырлылық қажет екенін ескертеді. Ал енді оқымаған надандарды ақын аз ғана сөзбен сынап, олардың ақ пен қараны айырмайтын көрсоқыр екенін айтады (Мәселен, «Оқымаған жүреді, Қараңғыны қармалап; Надандықтың белгісі — Еш ақылға жарымас»). Адам үшін оқу, білімнің өмірдегі пайдасы қандай, ол неге керек? деген мәселеге келгенде, оның нағыз өмір үшін, болашақ үшін қажет екенін талдап көрсетеді (Мәселен, «Ата-енең қартайса, Тіреу болар бұл оқу; Қартайғанда мал тайса, Сүйеу болар бұл оқу»). Жастарды өнер-білім, техниканы игеруге үндеу ағартушы-ақынның «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңінде өз жалғасып тапқаны белгілі. Дүниеде өнер-білімі жетілген елдердің артықшылығы қандай, олар сол өнерімен нені игеріп отыр, ертеңгі өмірдін талап-тілектері қандай болуы мүмкін деген секілді күрделі мәселелерді жастар алдына көлденең тарту арқылы оларға ой тастап, өнер-білімді батыл игеруге шақырады (Мәселен, «Адамды құстай ұшырды, Мал істейтін жұмысты, От пен суға түсірді. Отынсыз тамақ пісірді, Сусыздан сусын ішірді»).
Қазақ ағартушысы Ыбырайдың орыстың көрнекті зиялысы Ушинский жолымен жүргізген оқыту жүйесі бойынша: мектеп, ең алдымен халықтық мектеп болуы, халықтың тұрмысына ыңғайлы шаруашылығына қолайлы болып, халықтың қалың бұқарасын қамтуы үшін ауылдарда, болыстарда, уездерде ашылуы және жергілікті жағдайға сай құрылуы керек. Ағартушы мектептер үлгілі, тәртіпті, көрнекі, мәдениетті, ауылдағы бүкіл мәдениағарту жұмысының орталығы, «қазақтарды оқытудың негізгі буыны» болуға тиіс деген ойды тұжырымжайды. «Мектеп ішкі мазмұнымен ғана үлгілі болып қоймасын, сонымен бірге сыртқы формасымен де ауылға үлгі берсін» деген ұстанымды білдіреді. Қазақ шаруалары балаларын мектепке алып келгенде, балам білім алады деп қана қуанбасын, өзі де сол мектепті көріп, «өмірді осылай құру керек екен» деп, үлгі алып қайтатын болсын – деген талап қойды. Міне қазақ ағартушылығының әлеуметтік сипатының кеңдігін осы қадамдарда-ақ байқауға болады.
Ресей патшалығы заманында жоғары оқу орындарына аз санды ұлттардың жастарын алмайтын еді. Осыны терең түсінген ағартушы өз мектебінің бағдарламасын жоғары деңгейге көтеріп, қазақ жастарына әр түрлі ғылым саласынан мәлімет беруді алдына мақсат етіп қойды. Ыбырай өзі дайындаған бағдарламалар хақында айтылған үстірт пікірлерге құлақ аспаған және өзінің ойын әлеуметтік практикада жүзеге асыруға барынша күшін салған. Ресей үкіметі қазақ даласынан ашылатын мұндай мектептің алдына қойған мақсаты қазақ даласынан мектеп ашудағы ереженің бірінші параграфында анық айтылған. Онда: «мектеп құрудағы басты міндет – шекарадағы басқару ісін атқара алатын адамдарды және сұлтан-правительдердің ісін жүргізетіндер мен айрықша қызметтерді атқаратын адамдарды дайындау» деп жазылған еді. Міне, осындай «айрықша қызметке» мамандар дайындайтын мектепке осы ереженің он екінші параграфы бойынша «тек үкіметке ерекше еңбегі сіңген адамдардың балалары алынатын» болған. Бұл әлеуметтік жіктемелеу ағартушының жалпы гуманистік көзқарасымен сәйкес келмейтін.
Қазақтың атақты ағартушысы, әрі өз халқының шынайы патриоты өз халқының жарқын болашағын тек оқу-ағарту ісімен, білім – ғылыммен, сол білім-ғылымды ел ішіне көптеп тарата алатын мектептерді ашумен байланыстырды. Сондықтанда ол өз заманында: «Мектеп – қазақтарға білім берудің басты кұралы, біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осында, тек осы мектептерде ғана» деп жазды. Міне ойшыл ағартушының ой-тұжырымдарының астарында қазақ елінің болашағына, ұлттық бірлігіне деген сенім жатқанын байқаймыз.
Қазақстанның XIX ғасырға дейінгі қоғамдық-саяси ой-пікірінде өз халқының барлық рухани-адамгершілік құндылықтарын жинаған Абай айрықша орын алады. Оның әлеуметтік көзқарастарының қалыптасуына Шығыстың философиялық-саяси ойы ықпал етті.
Абай Құнанбаев (1845–1904 жж.) қазақ ақыны, ағартушысы, ойшылы, қазақ философиясы тарихында өшпес мұра қалдырған біртуар тұлға. Шығармашылық мұрасы өлең, дастан-поэмалар мен философиялық мазмұнды қара сөздерден және аудармалардан тұрады.
Абай елде моральдық құндылықтардың құнсызданып бара жатқанына көңіл аударады. Ақын мұндай қоғамда зұлымдық, қулық-сұмдық, адамгершілікке меңіреулік және надандық билік жүргізеді деп ескертеді.
«Қазақтың қайсысының бар санасы? Қылт етерде дап-дайын бар жаласы. Пысықтардың белгісі – арыз беру, Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы».
Абай өз шығармаларында сол заманның әлеуметтік ащы шындығын нақты бейнелеп берген. Қоғамдағы әділетсіздікті Абай халықты ағарту арқылы шешуге болады деп есептеген және білім мен мәдениетті қараңғылыққа қарсы ұғым ретінде қолданған. Абай өзінің жиырма бесінші сөзінде «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да бәрі орыста» деп халықты білім мен өнерге шақырады.
Абай қазақтың бойындағы надандықты да қатты сынаған. Оны мына өлең жолдарынан көруге болады:
Қалың елім қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсыменен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Абай заманында білім мен ғылымға ерекше назар аударған және жастарды алған білімін қалың қазақ игілігіне жұмсауға үгіттейді, «баламды медресеге біл деп бердім, шен алсын, қызмет қылсын деп бермедім» немесе «жасымда ғылым бар деп ескермедім, пайдасын көре тұра тексермедім, ер жеткесін түспеді уысыма, мезгілінен қолымды кеш сермедім» дейді.
Абай қоғамдағы әлеуметтік (бай мен кедей) мәселесіне де өте көп көңіл бөледі. Ақын «Қараша желтоқсан мен сол бір екі ай» өлеңінде заман келбетін тамаша ашып береді.
Қар жауса да тоңбайды бай баласы, Үйі жылы, киіз тұтқан айналасы. Байұлына жалшы ұлы жалынышты, Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.
Ол заманда қазақ қоғамында енді-енді ғана партиялар пайда болып, болыстыққа сайлау өтіп жатқан еді. Сайлау үшін малын шашып, елді алдап, пара беруші байларды Абай қатты сынаған.
Болды да партия, Ел іші жарылды.
Әуремін мен тыя, Дауың мен шарыңды. немесе
Орыс сыяз қылдырса, Болыс елін қармайды.
Қу старшын, аш билер,
Аз жүрегін жалғайды – деп сол заман шындығын реалистік тұрғыдан өрнектейді.
Абай елдегі бірлікке ерекше мән береді. Елдің болашағы білім мен бірлікте. Ел ішіндегі күншілдік пен надандықты тоқтату керек деп ойлайды. Ру мен ру арасындағы алауыздыққа жол бермей, әрбір қазаққа «біріңе қазақ бірің дос, болмасаң істің бәрі бос» деп мәңгілік ұран тастайды.
Абай шығармаларының дені елдегі әлеуметтік мәселелерге арналды. Ақын қоғамдағы келеңсіз жайттарды болдырмауға барынша қарсы тұрып, күресіп өтті. Абайдың шығармалары осы заман тұрғысынан алып қарағанда да өз өзектілігін жойған жоқ және оның шығармалары әлі талай ұрпаққа өсиет-өнеге болып қала бермек.
Тақырыпқа қатысты ұғымдар мен түсініктер: қазақ, хандық институт, саяси билік, бай, кедей, әкімшілік реформа, билер институты, саяси тарих.
Тақырыпқа қатысты сұрақтар мен тапсырмалар:
XІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақ даласындағы саяси ахуалға сипаттама беріңіз.
Шоқан Уәлихановтың әлеуметтік-саяси көзқарастары.
Ыбырай Алтынсаринның саяси ілімдер тарихында қалдырған ізі туралы.
Абай Құнанбаевтың әлеуметтік-философиялық көзқарастары.