Ежелгі Грекия.

Грекия – Балкан түбегінің оңтүстігінде орналасқан. Балкан түбегін айнала Эгей, Ионий және Жерорта теңіздері қоршап жатыр.
Ежелгі еуропалық өркениет Крит аралында мөлшермен 4500 жыл бұрын пайда болды. Оны басқаша, аты аңызға айналған Крит патшасы Миностың атымен Миностық деп те атайды. Криттіктер өзара мықты жолдармен біріктірген ірі қалалар салды. Су құбырларын жүргізді. Крит сәулетшілері тамаша патша сарайларын салды. Сарайлардың қабырғаларын фрескалармен әшекейледі. Астанасы – Кносс қаласы болды.
Б.з.д ХII ғасырда Балкан түбегіне солтүстіктен дорийліктердің шабуылы басталып шағын мемлекеттер жойылып кетті.
Грекияны табиғаттың өзі үш бөлікке бөлді: Оңтүстік, Орта және Солтүстік. Оңтүстік Грекияны, яғни Пелопоннесті Орта Грекиядан теңіз шығанақтары бөліп тұрады. Оларды жіңішке мойнақ қана жалғастыратын. Тау мен теңіз арасында Фермопил өткелі бар. Осы өткел Грекияны солтүстіктен жалғайтын. Орта Грекияны Аттика аймағы деп атады.
Грекияда мереке күндеріінде спорт жарыстары өткізілді. Ең әйгілісі – Пелопонестегі 4 жылда бір рет өткізілетін Олимпиялық ойындар болған Гректер Олимпияны қасиетті жер деп қатты құрметтеген. Олимпиялық ойындар өткізілген ай қасиетті саналып, бұл уақытта Грекияда соғыс тоқтатылған. Гректер жыл есебін алғашқы ойыннан бастап жүргізді. Аңызға қарағанда, алғашқы олимпиялық ойындар б.з.д 776 жылы өткен. Олимпиялық ойындар өткізілген ай қасиетті саналып, бұл уақытта Грекияда соғыс тоқтатылған.
Грек қалаларының бәрі дерлік өз алдына бөлек, дербес мемлекеттер болды. Олардың қарамағына қалалар мен оған жақын елді мекендер кірді. Қала-мемлекеттердің әскері, қазынасы, тіпті ақшасы болды. Қалалардың өсуі қолөнер мен сауданы дамытты. Қала-мемлекеттерді полистер деп атады. Б.з.д. VIII-VII ғасырларда Грекияда полистер пайда болды. Грекияда полистер саны жүзден асты.
Афиныда б.з.д VII ғасырдың аяғында Аттика жерінің бәрін шонжарлар иемденді. Афиныны ақсақалдар кеңесі, осы кеңес сайлайтын тоғыз әкім басқарды. Афины шонжарлары ғана кеңес мүшесі, әкім және сот бола алды. Шонжар гректер өздерінің ел басқаруын аристократия деп атады, оның мәні «таңдаулылардың билігі» деген сөз болатын. Сондықтан шонжарларды аристократтар деп атады.
Б.з.д. V ғасырда Афиныда жоғарғы өкімет билігі – халық жиналысына тиесілі болды. Барлық азаматтар Афиныдағы халық жиналыстарына қатыса алды. Ол айына төрт рет шақырылды. Оған 20 жасқа толған ер-азаматтар ғана қатысты. Жиналыс мемлекеттің маңызды істерін шешті. Әкімдерді, соттарды, басқа да лауазымды адамдарды сайлады. Шешімдер көпшілік дауыспен қабылданды.
Афины мен Спартаның Периклдің көзі тірісінде-ақ бәсекелесуі екеуінің арасында соғыстың шығуына апарып соқты. Афины мен Спарта дара билік етуге ұмытылып, б.з.д. 431 жылы соғыс басталды. Аттиканы Афины басқарса, Пелопоннес Спартаның қолында болды. Бұл соғыс тарихта Пелопоннес соғысы деп аталды. 30 жылға созылған соғыстың зардаптары ауыр болды. Соғыс Афинының жеңілуімен аяқталды.
Ежелгі грек мектептері үш сатыдан тұрды. Бірінші басқыш – мектеп жасына дейінгі 3-7 жасар балаларға, екінші басқыш 7-12 жасар балаларға арналған. Үшінші басқыш – гимнасия деп аталды. Оларда көбінесе дәулетті адамдардың ғана ұл балалары оқыды.
Ежелгі гректер Гомердің дастандарын ерекше құрметтейтін. Ондаған мың жолдан құралған «Илиада» және «Одиссея» поэмаларын көптеген адамдар сол кезде жатқа білген. Бұл поэмалар б.з.д VIII ғасырда жырланып, б.з.д VI ғасырда хатқа түскен деген жорамал бар.
Грек ғалымы Гиппократ медицина ғылымында 60-қа жуық еңбек жазды. Ол өте білімді оташы (хирург) болды. Қазіргі қолданыстағы «Гиппократ анты» деп аталатын дәрігерлердің антының мәтінін де өзі жазған.
Пифагор – математика біліміне үлес қосқан адам. Ол сан – барлық нәрсенің бастапқы негізі деп түсінген. Тек сан ғана мәңгі өзгермейді деді.
Герадот өзінің шығармасына соғысқа қатысқан халықтар жайында көп мәлімет енгізді. Олардың б.з.д V ғасырдағы тіршілігін ғана емес, одан да ертедегі тіршілігін жазды. Герадоттың тарихи еңбектері баяғы заманның өзінде-ақ аса жоғары бағаланып, жұрт оны «Тарихтың атасы» деп атады. Ол «Тарих» атты 9 кітаптан тұратын еңбек жазды.
Грекияның солтүстік шекарасына б.з.д. IV ғасырда Македония елінің патшасы II Филипп үлкен қауіп төндірді. Ол соғыстан әлсіреген грек қалаларын бірінен соң бірін басып ала бастады. Грекияның құл иеиелінушілері Отанның тәуелсіздігінен гөрі өздерінің байлығын көбірек ойлады. Тек Афины демосы Македония патшасына табан тірескен қарсылық көрсетті. Б.з.д 338 жылы Херонея қаласы маңында гректердің македондықтарға қарсы шешуші ұрысы болды. Осы ұрыстан кейін Грекия түгелімен Македонияға бағынуға тиісті болды. Филипптің ұлы Александр Кіші Азияны толық бағындырды. Жерорта теңізін жағалай Финикия жеріндегі Библ, Сидон және т.б. қалаларын жаулады. Египет ұрыссыз берілді.Үндістанның солтүстік бөлігін басып алған соң Александр Қосөзенге қайта оралып, Вавилон қаласын астана етіп жариялайды. Б.з.д 323 жылы «Азияның патшасы» атанған Александр кенеттен науқастанып қайтыс болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *