Әбу Насыр әл-Фараби саяси ойлары

Әбу Насыр әл-Фараби саяси ойларын «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Мемлекеттік билеушінің нақыл сөздері», «Азаматтық саясат» деген еңбектерінде жинақтаған. Әл-Фараби өз идеясында басты назарды билеушінің адамгершілік қасиеті мен оның белсенді азаматтық позициясына аударды. Әл-Фарабидің пікірінше, жақсы мемлекет басшысы жоғарғы билік өнерін жүзеге асырушы болып табылады.
Ізгілікті қалада бақытқа жетудің өзекті мәселесінің бірі – философиялық және құқықтық мәдениеттің, моральдық сапалардың, адамның рационалдық қабілеттерінің өзара үйлесімді әрекеттесуі болып табылады. Мұндай өзара байланысты билеушінің өзі жүзеге асыруы тиіс. Билеуші тек өзінің философиялық эрудициясын, қолданылып жүрген қағидаларды және өз білімділігін ғана жүзеге асырмауы тиіс, сонымен қатар адамгершілік қасиеттерді, теориялық және практикалық ізгілік істерді жүзеге асыруы тиіс.
Өнерді, ізгілікті, білім мен даналықты және өзінің ұйымдастыру қабілетін мемлекет басқару ісінде шеберлікпен жүзеге асыра білу, әл-Фарабидің пікірі бойынша, билеуші үшін бастапқы негізді құрайды.
Философиялық, адамгершілік және құқықтық мәдениетті терең меңгеру – билеушіге мемлекетті дұрыс, шебер басқаруда, зандылықты қамтамасыз етеді және олардың мүлтіксіз орындалуына кепіл болады.
Бұл туралы әл-Фараби былай деп жазады: «Заң шығарушы, біріншіден, өзінің заңдарын ендіре білгені, екіншіден, басқара білгені жөн. Егер ол берген жарлығын ендіре алмаса, басқалар қадағалайтынды өзі де қадағаламаса, онда оның нұсқауларының заңды күші болмайды және оның сөзін қол астындағылары қабылдамайды. Егер заң шығарушы – білімсіз адам болса, онда ол адамдарға пайда әкелетін заңды белгілей алмайды, заңды сақтаудағы маңызды орынды тәрбие алады. Заңды елемейтін және өзінің бағыныштыларын да соған итермелейтін адамның өзі, өзінің іс-әрекетімен үлкен тәртіпсіздікке душар қылады».
Әл-Фараби қоғамдағы саясатты жүзеге асыруда, билеушімен қатар қала тұрғандарының да философиялық, адамгершілік, құқықтық және саяси мәдениетінің маңыздылығына назар аудару қажеттілігін атап өтеді.
Қайырымды қала тұрғындарының өзін әл-Фараби бірнеше топқа бөледі. Бұқара халықтың негізгі бөлігі кедей-кепшіктер, олар ерекше қамқорлықты қажет етеді, сондықтан да олардың мұң-мұқтажын үнемі естен шығармау керек, шаруамен келген адамның ісіне қолғабыс жасап, ілтипат көрсету керек. Тек жетілген қалада ғана адамдар бір-біріне қол ұшын беріп, бір-бірін қолдап, ұжымдасып өмір сүреді деп ескертеді.
Әл-Фараби қайырымды қала тұрғындарының қатарына медресе шәкірттерін де жатқызады. Кейбір шәкірттер білім алуды қара басының қамы үшін пайдаланғысы келеді, мұндай шәкірттердің ісіне сын көзбен қарап, теріс мінездерін алдымен өздеріне түзеттіру қажет. Ал мінезі түзу шәкірттерге білім ешбір қиындықсыз қонады деген пікір айтқан.
Келесі топқа әділдігін елге мадақтап айтып отыратын, әлеуметтік жағдайы жұрттан жоғары тұратындар (қала басшысы және оның көмекшілері) кіреді. Қала басшысының қызметі мен мінезіндегі кемшіліктерін тікелей айтпай, оны жанамалап, астарлап сынау арқылы түзету керек дейді.
Әл-Фараби бойынша, адам өз өмірінің қожасы, сондықтан да ол өз тағдырына өзі жауапты. Адамның өмірдегі бақыты мен бақытсыздығы ол құдайдан емес, ол адамның күнделікті істеген әрекетінен деп түсіндіреді.
Әл-Фарабидің идеяларын қабылдаған және оларды шығармашылық жағынан дамытқан ойшылдардың бірі – Жүсіп Баласағұн.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *