ҚАЙТА ӨРЛЕУ ЖӘНЕ ЖАҢА ЗАМАНДАҒЫ САЯСИ ОЙ

ҚАЙТА ӨРЛЕУ ЖӘНЕ ЖАҢА ЗАМАНДАҒЫ САЯСИ ОЙ
Қайта өрлеу және Жаңа замандағы саяси ойлардың басты ерекшелігі, бұған дейінгі саяси ойшылдар сияқты «жақсы өмірді» аңсау мен тұлғаның сыртқы күштерге деген тәуелділігі емес, керісінше, оларды мемлекет пен оның пайда болу мәселесі қатты қызықтырды. Саяси ойлар бірте-бірте діни және философиялық көзқарастардан айырылып, сана болмыстың негізі ретінде қарастырылып, заңдар оның құралына айналуы керек деген қағида бірінші кезекке қойылды.
Саяси ілімдер тарихы

Қайта өрлеу және Жаңа заман дәуіріндегі реформалық үрдістердің нәтижесінде әлеуметтік мәдениеттің жаңаша үлгілері жасалды, олар өз заманындағы дамыған бүкіл өркениеттік құндылықтар қатарына енді. Бұл заманның ойшылдары өздерінің мемлекет, құқық, заң сияқты түсініктерін қалыптастыруда антикалық өркениеттің рухани мұраларына сүйенеді. Антикалақ мұралар жаңа мемлекеттің үлгілерін іздестіруге негіз болды. Өйткені бұл үлгілер қайта өрлеу заманында өмір сүрген адамдарға жаңа мәселелерді шешу үшін қажет болды.
Қайта өрлеу мен Жаңа заман ойшылдары дүниені түсіндіруде адамның тағдыры, шыққан тегі, атағы, конфессиялық статусы арқылы алдын-ала болжанбайды, ол адамның қажырлығы, белсенділігі, игілікті істері арқылы анықталуы тиіс деп түсіндірді. Азаматтылық, халық игілігіне риясыз қызмет ету тұлғаның ең басты мақсатына айналып, басты мәселесі ретінде қарастырылды. Бұл түсінік теңдік пен әділеттілік ұстанымдарына сүйенеді, жеке адамның бас бостандығының кепілі іспеттес болып, адамға тән табиғи бастамаларына сәйкес келді.
Азаматтық концепцияны зерделей келе, оны Ренессанс деп қарастыруымызға негіз бар. Бұл мәдени құбылыс тұлғаны қайта қарауға мүмкіндік жасады. Тұлғаны бұрынғыдай тек діни тұрғыдан қарастырмай, қайта керісінше, оның қоғамдағы рөлін барынша қарапайым түрде түсіндіруге тырысты. Н. Макиавеллидің сөзімен айтқанда, қоғам адамдарға қызмет ету керек деген ұстаным – Жаңа заманның басты ұранына айналды.
Қайта өрлеу заманының көрнекті өкілдерінің бірі – итальяндық ғалым Николло Макиавелли (1469–1527 жж.).
Николло Макиавелли саяси ойлар тарихында көптеген еңбек жазып қалдырған. Соның ішіндегі ең маңыздылары: «Патша», «Тит Ливийдің алғашқы он кітабы туралы ой толғаныстар», «Флоренция тарихы» және «Әскери өнер».
Ғалымның қарастырған мәселелерінің ішіндегі бастысы деп мыналарды айтуға болады:
Саяси ғылымды қоғамтану ғылымдарының ішінде дербес ғылым деп қарастыруы. Мемлекет пен құқық, тұлға мен мемлекет, шіркеу мен адамдардың ара қатынастарын зерттей келе, олардың қалай пайда болғанынына ерекше көңіл бөледі, сонымен қатар, ол мемлекеттегі билік тің ауысу мәселесіне, эволюциялық дамуына, басқарудың формаларына ерекше ден қояды. Саясатты билік үшін талас деп түсінген Н. Макиавелли қоғамдағы саяси өмірді реалистік тұрғыдан түсіндіруге тырысып бақты. Ол антикалық ойшылдар ізімен саяси ғылымның теологиядан арасын ажыратып, қоғамдағы саяси үрдістер табиғи қалыпты жағдай деп түсіндірді.
Н. Макиавелли мемлекеттің пайда болуын қоғамдағы саяси ұйым ретінде қарастырды. Жалпы ол саяси ойлар тарихында алғаш рет қолданысқа «мемлекет» ұғымын ендірді. Сондай-ақ, антикалық ойшылдар дәстүрімен ол мемлекетті басқарудың алты үлгісін жасайды, үшеуі «формасы жағынан халыққа жағымды» (монархия, аристократия, демократия), үшеуі «жағымсыз» (тирания, олигархия, охлократия). Сонымен бірге ол мемлекет басшыларының ауысуы қоғамда ешбір діни нанымсенімдерге байланысты емес деп түсіндірді. Макиавеллидің пікірінше, басқарудың ең озық үлгісі аралас басқару (монархия, аристократия, демократия осылардың әр қайсысы қоғамдағы тұрақтылықты ұстап тұруға мүдделі болуы керек).
Жеке тұлғаға саналы, ерікті, өз құқығы үшін күресуге мүмкіндігі бар белсенді деп қарады. Тұлғаның жеке белсенділігі қоғаммен тікелей байланысты деп түсіндірді. Қоғам неғұрлым тұрақты, гармониялы түрде дамыса, тұлға да соншалықты белсенді болмақ. Ол адамның жеке мүмкіндігіне ерекше көңіл бөледі. Адам неғұрлым қорғансыз болса, оның солғұрлым өмірге құмарлығы, өмір үшін арпалысы күшейе түседі, нәтижесінде мемлекет пен діннің, адамгершілік қатынастардың дамуына алып келеді деп түсіндіреді.
Саясат пен құқықтан моральдың ара-жігін ажыратып берді. Саясат пен құқық христиандық догмалық және моральдық ұстанымдарға еш уақытта бағынбайды. Ол өмірдегі тәжірибе мен практикаға, соның ішінде, күшке байланысты деп түсіндіреді.
Саясаттағы азаматтық концепция идеясын одан әрі жалғастырушы ойшылдардың бір ағылшын ғалымы – Томас Гоббс (1588–1679 жж.). Ол өз ой-тұжырымдарын «Левиафан немесе материя, форма және мемлекет билігі» деген ғылыми еңбегінде тұжырымдады. Жоғарғы билік пен ізгілікті мемлекет оның еңбегіндегі басты идея. Ол Англиядағы монархиялық билікті барынша арашалап алуға тырысты, бірақ, соған қарамастан биліктің құдайдан екенін жоққа шығарды. Сондай-ақ, ол монархиялық биліктің қайнар көзі – қоғамдық келісімде жатыр деп түсіндірді.
«Левиафан» еңбегінде ол мемлекетке дейінгі жағдайды мағынасыз, көріксіз, хаос түрінде, жанжалдық жағдайда болды деп түсіндіреді. Бұл жағдайдан шығудың ең басты жолы – қоғамдық келісім деп есептеді. Қоғамдық келісім патшамен оның қол астындағылар арасында жасалуы керек. Қарапайым халық сыртқы және ішкі жаулардан қорғану үшін өздерінің барлық табиғи құқықтарын монархқа беруге тиіс деп түсінді. Ал патша өз тарапынан халықты басқалардан қорғай алатындай заң кепілі болуын қалады. Тек сонда ғана қоғамда тұрақтылық пен даму болады деп түсіндірді. Патша осы талаптарды түгел орындаған жағдайда ғана оның қол астындағылары оған түгелдей бағынуға тиісті, ал егер де ол өз қызметін дұрыс орындамаған жағдайда, халық оны орнынан алып тастауға, яғни тақтан тайдыруға құқылы деп есептеді.
Жаңа заман ойшылдарының келесі бір өкілі – ағылшын философы Джон Локк (1632–1704 жж.). Ол өз заманында азаматтық концепция идеясын өте нақты жеткізе білген ойшыл. Дж. Локк саяси ойлар тарихында – либерализмнің негізін қалаушы. Ол алғаш рет төмендегідей ұғымдарға анықтама берген: тұлға, мемлекет, қоғам. Локктың пікірінше, кез келген адам туылғанынан «өмір сүру, ерікті болу және де меншік иесі болу» сияқты табиғи құқықтарға ие. Әсіресе, Дж. Локктың меншікке деген көзқарасы ерекше болған. Ол оны екі жол арқылы түсіндіреді.
Біріншіден, меншігі бар кісі өзін, отбасын күнделікті тұрмысқа жетерлік дүниелермен қамтамасыз ете алады. Ал тұрмысы жақсы адам өзінің дамуына тікелей мүмкіндік жасайды, қоғамда еркін болады. Екіншіден, меншік иесі болған адам жеке тұлға ретінде толық қалыптасады.
Мемлекет, билік туралы Дж. Локктың көзқарасы да өте ұтымды. Мемлекетті ол тұрақты саяси институт ретінде қарастырады. Ал билікті Т. Гоббспен салыстырғанда шектеу керек деп түсіндіреді. Ол мемлекет пен қоғам арасын бөліп қарастырады. Мемлекет қоғамға бағыну керек, егер де оларды бұрынғы билік қанағаттандырмаса, қоғам жаңа мемлекеттік билік пен мемлекет жасауға мүмкіндігі бар дейді. Сондай-ақ, ол билікті бөлу принципін жақтаған. Оның пайымдауынша, билік заң шығарушы, атқарушы болып бөлінуі керек. Заң шығарушы билік мемлекеттің басты саясатын айқындайды. Ал атқарушы билік тек парламент шешімдерін жүзеге асырушы орган деп түсіндіреді.
Осы заманның көрнекті өкілдерінің бірі, француз- дың ағартушы ғалымы – Шарль Луи Монтескье (1689– 1755 жж.). Ол саяси ойлар тарихында өзінше таңба қалдырған ғұлама, ғалым.
Ш.Л. Монтескье «Заңдар рухы» еңбегінде екі мәселеге ерекше назар аударады, біріншісі «Заңдар рухы» болса, екіншісі «Басқару образы». Ол одан әрі осы еңбегінде «Көптеген заттар адамдар өміріне тікелей әсер етеді: соның ішінде климат, дін, заңдар, мемлекетті басқару қағидаттары, өткен тарих, әдет-ғұрыптар, осының барлығы жинала келіп сол халықтың рухын айқындайды» деп есептейді.
Монтескье, сонымен қатар, Дж. Локктың саяси ойларын одан әрі қарай жалғастырады. Билікті асыра пайдалану адам табиғатының негізінде жатқандықтан, ол оны, яғни билікті шектеу мәселесін қарастырады. Сөйтіп, ол билікті заң шағарушы, атқарушы, сот билігі деп үшке бөледі және оларды бір-бірінен тәуелсіз институт деп таниды, сонымен қатар, ол билік арасындағы тежеу жүйесінің механизмін қарастырады. Осылайша, саяси ілімдер тарихында Ш.Л. Монтескье биліктің бөліну теориясын жасады.
Француз ағартушысы, ұсақ буржуазияның идеологы Жан Жак Руссоға келетін болсақ, ең алдымен оның азаматтық концепциясын қарастыруға болады. Оның саяси теориясындағы негізгі мәселе – халық егемендігі. Ж.Ж.Руссо халықты «Тұтас моральдық дене» немесе «Қоғамдық Адам» деп мойындап, оның тұтастығы мен еріктілігін қолдайды. Бірақ өмірдің дамуына байланысты халық бірте-бірте үлкен қауымдастыққа бірігуінің арқасында қоғамда теңсіздікке душар болды деп есептейді. Теңсіздіктің негізінде жатқан мәселе, ол меншікке байланысты деп, қоғамдық меншікті жақтаған, ал теңдікке жету жолы қоғамдық келісімге келу деп түсіндіреді.
Сонымен қатар, Ж.Ж.Руссо мемлекетті басқару ісінде демократияның көне түрі – тікелей демократияны қолдаған. Ол тек тікелей демократия тұсында ғана халық билік субъектісіне айналады деген. Ал сайланбалы демократия ол тек көзбаяушылық, яғни сайланбалы демократия – құлдық деп түсінген. Депутаттар билікке қолы жеткен соң халыққа берген уәдесін ұмытып кетеді деп есептейді.
Жалпы, кейіннен Жан Жак Руссоның саяси концепциялары Француз революциясы көсемдерінің іс-әрекеттерінде көрініс тапты және олардың әлеуметтік доктриналарына айналды.
Жаңа заман ойшылдары жасаған мемлекетті түбірімен қайта өзгерту арқылы әділетті қоғамдық құрылысқа өту туралы ойлары көптеген жаңа бағыттардың пайда болуына түрткі болуымен қатар олардың көзқарастарына теориялық негіз жасады.
Азаматтық концепцияның жарқын идеяларының көрінісі – қазіргі еуропалық мемлекеттердегі саяси жүйенің негізін қалады. Бірақ Еуропа құрлығындағы «ескі» унитарлық мемлекеттердегі қалыптасқан саяси құрылымдар бірте-бірте өзінің дамуында кейбір әлсіз тұстарын көрсете бастады. Ал осы саяси үрдістерді дер кезінде байқаған Америка Құрама Штаттарының «негізін қалаушы әкелері» жаңа мемлекеттің негізіне теория мен практиканы керемет ұштастыра білді. Мемлекеттің тұрақты да, қарқынды дамуына тікелей әсер ететін бірден бір алғышарт ретінде демократиялық ұстанымдар мен саяси плюрализм, саяси консенсус екендігін олар жақсы білді және де осы идеялардың негізгі теориясын қалыптастырды.
Солардың бірі – республикандық Джеймс Мэдисон (1751–1836 жж.).
Джеймс Мэдисон – биліктің субъектісі халық, ал сайлау оның ажырамас бөлігі, республика мемлекеттің ең жақсы түрі деген идеяны жақтады. Бірақ ол көпшілік фракциясынан әрдайым сақ болуға шақырды, саяси шешім қабылдағанда олар азшылықтың пікірін аяққа таптауы мүмкін деп ескертеді.
Дж. Мэдисоның тағы да бір саяси ғылымға қосқан үлесі – билік қатынастарындағы тежеу мен тепе-теңдік жүйесін қалыптастырды. Ш.Л. Монтескье биліктің бөліну теориясын жасағанмен, оның тежеу механизімін көрсете білген жоқ. Тежеу мен тепе-теңдік жүйесі АҚШ саяси жүйесінде әлі күнге дейін қызмет атқарып келеді.
Тақырыпқа қатысты түсініктер мен ұғымдар: мемлекет, қоғам, жеке тұлға, саяси ұйым, саясат, құқық, парламент, республика.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *