Ибн-Халдун (1332–1406 жж.) өзінің саяси тұжырымдамасында мемлекет дамуыңдағы және жоғалып кетуіндегі кейбір аспектілерді айқындауға тырысты және билік жүргізу түрлерінің ерекше бір жіктеуін жасады.
Философтың пікірінше, мемлекеттің пайда болуы қоғамдық дамудың бір көрсеткіші болып табылады. Мемлекет күш пен билеуге сүйеніп, ішкі және сыртқы саясатты жүзеге асырады. Сыртқы саясатта мемлекет өзінің дербес позицияларын сақтайды, ал ішкі саясатта ол тайпалардың тығыз бірігу функциясын жүзеге асырады, зандар мен тәртіптің іске асырылуын қамтамасыз етеді, халықтан салық жинайды, оның тәуелсіздігін қамтамасыз ететін әскер құрады.
Әр мемлекеттің өзінің өмір сүретін уақыты болады. Философтың пікірінше, мемлекеттің өмір сүру уақыты рет-ретімен бес сатыдан өтеді екен:
1-саты – пайда болу (билікке жаңа билеушінің келуі);
2-саты – биліктің жаңа билеушінің қолына шоғырлануы;
3-саты – мемлекеттің гүлденуі (мұнда тәртіп орын тебеді, тұрақтылық қамтамасыз етіледі);
4-саты – күш көрсетудің ашық нысандары қолданылып, оппозиция қудаланады;
5-саты – мемлекеттің жойылуы (дағдарыс қоса жүреді).
Мемлекет эволюциясының себептерін талдай отырып, ибн-Халдун биліктің өмір сүру ерекшеліктерін анықтайды, саясат түрлерінің мазмұнын (сыртқы, ішкі, жазалау) және саяси режимнің типтерін айқындайды. ИбнХалдун мемлекеттің үш түрін жіктейді: саяси монархия, табиғи монархия және халифат. Саяси монархия парасатқа негізделген және адамдардың материалдық мүдделеріне бағытталған. Басқарудың бұл түрінде монарх рухани және діни құндылықтардан азат. Табиғи монархия жеке бастың деспоттық режимі болып табылады, себебі басқа адамдардың мүдделерімен емес, монархтың субъективті мүдделерімен айқындалады.
Ибн-Халдунның ойынша, басқарудың ең жақсы түрі – халифат. Халифат Шариғатты басшылыққа алады, бұл дүниелік істерді жүзеге асырады, исламға қатысты сенімінің мүдделерін қорғайды. Ойшылдың пікірінше, дәл халифатта діни және осы дүниелік қағидаттарды үйлестіре отырып, билікте үйлесім табуға, мұсылман құқығының әділдігіне сүйенуге болады. Басқару нысаны ретінде халифаттың артықшылығын атай келіп, ибн-Халдун оның эволюциясын және монархияға ұласуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Тақырыпқа қатысты ұғымдар мен түсініктер:
Құран, сунна, шариғат заңдары, құдай, сұлтанат, халифат, саяси монархия, тәртіп, құқық, кемел адам, адамгершілік, қайырымды қала.