Қошқарбай батыр

Қошқарбай батыр

Тарихи фактілерге жүгінер болсақ, Абылай ханның жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі 1723 жылғы әйгілі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған үлкен соғыстан кейін, еуропалық есеп бойынша 1750 жылдар шамасында басталады. Сөйтіп қазақ даласы жоңғарлардан тазартылады. Бұл азаттық соғыста Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай секілді қолбасшылар айтарлықтай рөл атқарды. Ал, жоңғарларды әскери қорған ретінде салынған Омбы түбінен қуып, Обь өзенінен асыруда Қошқарбай батырдың сіңірген еңбегін ерекше атап өтуге тұрарлық. 1755 жылдар шамасында болған осынау тарихи оқиғалар жайында кезінде «Азия» кітабына жазылып, 1913-1917 жылдары «Қазақ» газетінде мақалалар жарияланды.
Белгілі саяхатшылар Г.Н. Потанин мен С.И. Семенов Тянь-Шаньский қазақ даласын аралап жүріп ел аузынан 1868 жылдары көптеген мәліметтерді жазып алған көрінеді. Міне осы айғақтардың біразы ұлты неміс Карл Риттер жазған «Азия» кітабы орыс тіліне аударылғанда, сол кітапқа еңгізіледі.
«Абылайханның Қошқарбай деген батыры жоңғарларды Омбы қаласы тұрған жерден Обь өзенінен асыра қуып тастаған. Бұл туралы Барнауыл оязында Сібір мұжықтарының айтып жүрген әңгімелері көп дейді».
Бұған дәлел ретінде мына бір жайды айта кетуге болады. Қошқарбай батырдың жұрағаттары Ертіс өзенінен 10-15 шақырымдай жерде орналасқан Қараөзек деген елді мекенде (Черлак оязы) әлі күнге дейін ұрпақ өрбітіп, өмір сүріп жатыр. Ә.Бөкейханов Ф.А.Щербинаның еңбектерін негізге ала отырып: «Қыпшақ Қошқарбай батыр 1755 жылы жоңғарларды Обьтан асыра қуып тастады. Қошқарбай батырдың жолдасы қосайдар қыпшақ Тілеуберді ұрпақтары содан бері Құлынды даласында тұрып жатыр деп» деп жазады. (Ә.Бөкейханов шығармалары, «Қазақстан», Алматы баспасы, 1994 ж.) Үлкендердің айтуынша, Қысыраудың Мөнкесінен тарайтын
Андыбай, Жақсыбай, Жиенбай ұрпақтарының алдыңғы көші Ертіс маңынан Қараөткел өңіріне осы тұста келген екен.
Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» бергі уақытта Қошқарбай батырмен бірге өмір сүрген, жоғарыда аталған аталарымыздың ұрпақтарының Есіл бойына біржола қоныс тебуіне батыр себепкер болса керек. Қошқарбайды қатты қастерлейтін Жақсыбай жорықтарға бірге аттанып, жауға шапса да, күрделі бір мәелелерді шешу барысында белсенділік танытып, әсіресе әскерді ұстауға көп жәрдем тигізеді. Сонымен батырдың назарына ілігеді.
Ертіс бойынан құлан қыпшақтардың көшпенділік өмірі қазақ жерінде Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің аяғына дейін созылады. Бостандық сүйгіш жауынгер бұл жолы да ұлы қозғалыстың алдыңғы сапынан көрінеді.
Иә, бүгінде Қошқарбай батырдың сіңірген еңбегі мен батырлығы жайындағы әңгімелерді ел аузынан көптеп естуге болады. Жүріп өткен жолдарын білдіретін айғақтар да жетерлік. Десек те, жазбаша шежіре болмағандықтан айтылған айғақтардың бәрін бір жүйеге келтіру қиындық туғызып, қолға алынбай келеді. Өкінішке орай, батырдың қай жерде туып, қайда қайтыс болғаны, неше жасқа келгендігі, қайда жерленгені белгісіз. Тарихи деректерде айтылған ерлік істері жайлы әңгімелерге қарағанда ол: «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» бұрын туып, қазақ халқы Ресейдің қол астына кірген тұсқа дейін, өмір сүріп, қарттық ғұмыр кешіп, жетпіс жастан аса қайтыс болғанға ұқсайды.
Алдажар қажының айтуынша Барыс жылы туған батыр жетпістен асып, сексенге қараған шағында дүниеден өтіпті. Қасиетті атамекен Қаратауды бір көріп қайтамын деп барған сапарында қайтыс болыпты. Сүйегі де сол жақта жерленген екен» — дейді Бәкеш пен Шубай ақсақалдар өз әңгімелерінде. Бірақ батырдың дәл қай жерге жерленгенін дөп басып айта алмады. Ал, батыр ұрпақтарының бірі Астрахан ауданындағы Жыланды ауылында тұрған Нұрғали ақсақал мен аталас ағамыз Мәули Сағымбайұлының айтуынша Омбы маңында көз жұмғандығы жайлы әңгіме бар. Бұл әңгімені мен Сағын Көзжанұлының аузынан естіген едім (Көкшетау облысында Қошқарбай ауылы деген ауыл бар, Қошқарбай шоқысы деп аталатын жер атын бәрі біледі. Бұл жерде батырдың біраз ұрпақтары тұрып жатыр. Кім біледі, бәлкім, зираты осы жерде болуы мүмкін…?)
Ал енді батырлығына келетін болсақ, қылыш жүзінде ойнаған, әскер ісін жетік білетін Қошқарбай батыр бүгінде аты аталып жүрген батырлардың көпшілігімен үзеңгілес серік болып бірге соғысқан. Оны Жаяу Мұсаның «Ер Олжабай» поэмасындағы мына бір жолдардан айқын аңғаруға болады:
… «Қолбасшы ел ағасы ер Олжабай,
Жер-жерден қол жияды ер Бөгенбай.
Қарқабат, Қарауыл мен Найман, Керей,
Келеді Қыпшақтан ал ер Қошқарбай.
Ақылды, батыр кісі Сары Баян,
Бәсетиін Малайсары ол данышпан.
Шақшақұлы атақты ер Жәнібек,
Қаракесек Қайырлы би ер Қазыбек.
Арғында жаңа шыққан би Едіге,
Мейрамға ұран болған ер Олжабай»,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *