«Қанжығалы қарт Бөгенбай» кітабынан
Бөгенбай бастаған қол Сарыарқадан аттанып сол бетінде Зайсан көліне бір-ақ тоқтады. Жолай қалмақтың бірлі-жарым жан сақтап қашып жүрген адамы кездеспесе басқа жан жоқ. Қалмақтың көбі Зайсан көлінің оң жағасында ескі заманнан бері келе жатқан қалашықтардың маңына ұйлығып, жиналған екен. Зайсаң көл Алтай мен Тарбағатай арасында, Қара Ертістің ағысында орналасқан көл. Ертіс осы көлдің шығысынан еніп батысынан шығып кетеді. Бұл жер алапат қазан шұңқыр сияқты. Жан-жағының бәрі Орталық Азияның алапат таулы-тасты жоталары. Сол ірі жотаның бірі Тарбағатай мен Сауыр-Сайқанның арасында жатқан Маңырақ. Қазақ үлкен жотаны Қой Маңырақ, кіші жотаны Қозы Маңырақ дейді. Бөгенбайдың алдымен кездескені осы екі Маңырақтың арасындағы көп қалмақ.
Маңырақтың қалмағын тас-талқан қылған Бөгенбай әскері Ақшәулінің өрінен асып, үш мың шақырым биік асуды артқа тастап Алакөлге жаздың басында табан іліктірді. Үржар, Қатынсу, Шаған тоғай маңындағы қалмақ бекіністерінің тас -талқанын шығарған Бөгенбай қолы Жоңғар Алатауының солтүстік сілемін бойлап Қапал-Арасан өлкесіне түскенде Абылай хан бастаған оңтүстік бағыт әскерлерімен кездесті. Бұл XYIII ғасырдың «Ақтабан шұбырындысында» шашылып қалған қазақ әскери өнерінің бұрын-сонды болмаған жеңісі еді. Жоңғарияны екі қабырғадан орай шауып, ұлан байтақ өңір Қазақ хандығының құрамына қосылды. Қазақ жауынгерлері бұрын-сонды көрмеген қиыншылықтарды бастан өткерді, қол бастаған батырлар ерен тәжірибе жинады. Абылай мен Бөгенбайдың алапаты асып, аттары ұранға айналды. Қолдың ішінде жауынгерлерге рух беріп жүрген қазақтың жыраулары бұл ұлы жорықты тамаша толғауларына тақырып қылды:
Бұқар:
Асу салған, тас бұзып,
Тарбағатай белінен
Қол қондырған қос тігіп,
Борлы деген көлінен.
Қалмақты шапқан шулатып,
Ақшәулінің өрінен,
Қоныс қылған найманға
Бәрін қуып жерінен,
Үмбетей:
Қалақайлап дулатқан,
Қалдамаңдап шулатқан
Қалмақты қудың, Бөгембай.
Құбыла көшкен байтақтың
Ордасындай Бөгембай.
Темір жұмсап, оқ атқан
Қорғасындай Бөгембай.
Қолтығы ала бұғының
Пәйкесіндей Бөгембай.
Жалаң қия жерлерден
Жазбай түсіп түлкі алған
Білегі жуан бүркіттің
Тегеуріндей Бөгембай!
Баянаула, Қызыл тау,
Абралы, Шыңғыстау,
Қозымаңырақ, Қоймаңырақ
Арасы толған көп қалмақ,
Қалмақты қуып қашырдың.
Қара Ертістен өткізіп,
Алтай тауға асырдың!
Ақшәуілге қос тігіп,
Ауыр қол жинап алдырдың,
Қалмаққа ойраң салдырдың.
Қабанбай мен Бөгембай
Арғын менен Найманға
Қоныс қылып қалдырдың
Қайран қыран, Бөкем-ай!