Сыр бойында дүниеге келген халқымыздың кемеңгер билерінің бірі — Қаз дауысты Қазыбек бидің жастық шағы Қаратау, Ұлытау атырабында өткен дейді тарихи деректер. Оның арғы аталары да, өз əкесі Келдібек те дүйім жұртқа белгілі əділ би, абыздар қатарынан шыққан. Қазыбек би — қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілік, шапқыншылық кезеңде екі елдің арасына бітімші болған алғыр да шешен елші ретінде де танылған.
Халықтың ауыз əдебиеті мен салт-дəстүрін, ата жолын жастайынан меңгеріп өскен Қазыбек би өз заманындағы озық ойлы, əділ де көреген, батыл да батыр тұлға ретінде ел билеген хандардың мемлекет басқару ісіне араласып, ішкі-сыртқы саясат тұрғысында кеңес беріп те отырған.
Ел — көбелек емес, ер — кебенек емес.
***
Ермен бірге ел азады,
Тағындағы хан азады,
Бабындағы би азады.
***
Біз — қазақ деген қырда қой баққан елміз,
Жүйрік жаратып, қымызға бие байлатқан елміз.
Дəм-тұзды ақтай білген,
Достықты сақтай білген,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз!
***
Төрімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Туырлыққа — ту іліп,
Қыннан қылыш суырып,
Көк найзаның ұшына күдері таққан елміз!
***
Дұшпанға еш бас ұрмаған елміз,
Басымыздан сөз асырмаған елміз!
Асқақтаған хан болса,
Сөз ұқпайтын паң болса,
Қанға — қан, жанға — жан алатынымызды жасырмаған елміз!
***
Атадан ұл туғанда — құл боламын деп тумайды,
Анадан қыз туғанда — күң боламын деп тумайды.
Ұл менен қызды қаматып,
Намысқа шашпай түн қатып,
Көз жұмып текке отыра алмайтын елміз!
***
Өркенім өссін десең, кекшіл болма, кесапаты тиер еліңе,
Елім өссін десең, өршіл болма, өскеніңді өшірерсің.
***
Басына іс түскен пақырға қастық қылма, қайғысы көшер басыңа.
Бүгін сағы сынды деп, жақыныңды басынба!
***
Арадан шыққан жау қиын,
Таусылмайтын дау қиын.
Шанышқылаған сөз қиын,
Жазылмаса дерт қиын,
Іске аспаған серт қиын,
Ақылыңнан адасып,
Өзің түскен өрт қиын!
***
Атадан жақсы ұл туса — елінің зары болады,
Атадан жаман ұл туса — адам біткеннің қоры болады.
***
Ерден ердің несі артық — ептестірген сөзі артық,
Жерден жердің несі артық — бір-екі уыс шөбі артық.
***
Бірлігі кеткен ел жаман, егесіп өткен ер жаман.
***
Малдан, ел қымбат
Елдегі ер қымбат,
Ерден — ар қымбат.
***
Алтын ұяң — Отан қымбат,
Құт-берекең — атаң қымбат.
Асқар тауың — анаң қымбат.
Туып-өскен елің қымбат.
Кіндік кескен жерің қымбат.