Лисаков қаласы әкімдігі білім бөлімінің «Мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
«Қазақ тілі сабақтарында
оқушылардың ауызекі сөйлеу
тілін дамыту бойынша тиімді жұмыс түрлері
(мәтінмен жұмыс)» тақырыбы бойынша
зерттеу жұмысы
Дайындады: Ахметова Айгуль Кайратовна
Лисаков қаласы-2020
МАЗМҰНЫ:
1. Жұмыстың көкейкестілігі, міндеттері,
ғылыми маңыздылығы, іс-жүзінде қолданылуы.
2. Негізгі бөлім
3. Қорытынды.
4. Оқу модульдері.
5. Пайдаланған әдебиеттер.
Нақты жұмыстың жалпы сипаттамасы
Тақырыптың өзектілігі. Бүгінгі күнгі жалпы орта білім беру мекемелерінде мемлекеттік тілді оқытудың сапасын арттыруда талай жұмыстар атқарылып, нақты шаралар белгіленіп, іске асырылып жатқанымен, оқыту ісінде түбегейлі мақсатқа жету жолында әлі де көптеген істерді атқару қажеттігі бар.
Соның бірі – тіл дамыту сабақтарында мәтін және мәтін бойынша тапсырмалар арқылы тілді меңгерту мәселесін зерделеу. Себебі мәтінмен жұмыс істеудің бір әдісін тіл үйретудің барлық деңгейінде қолдана беру орынды бола бермейді. Бастапқы кезеңде шағын мәтінді оқып, түсініп, сұрақтарға жауап беріп, мазмұндау іспетті тапсырмалар орындалса, одан кейінгі кезеңдерде мәтіндегі сөздерге антоним, синоним табу, мәтін бойынша диалог құрастыру, мәтіндегі сөйлемдерді мағынасын сақтай отырып басқаша құрастыру, толықтыру, таратып жазу т.с.с. және бұдан да күрделі, оқушылардың шығармашылық (креативті) ойын дамытатын тапсырмалар болуға тиіс.
Тіл дамыту сабақтарын сапалы әрі түрлендіріп өткізу оқушы тілін ұштай түсетіні ақиқат. Ғалымдар еңбегін саралай келе, мәтінді, мәтін бойынша тапсырмаларды пайдаланудың бірнеше тиімді жолын айқындап, тіл үйрету сабақтарында мәтінді, мәтін бойынша тапсырма түрлерін ұтымды пайдаланып, тиянақты нәтижеге қол жеткізуге болатынына көз жеткіздік.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті. Алға қойған мақсатымыз — қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында жаңа технология элементтерін пайдалана отырып, оқушылардың ауыз екі сөйлеу тілін қалыптастыру, тіл байлығын, сөйлеу шеберлігін дамыту, сондай-ақ оқушылардың көркем әдебиетті оқуға деген ынтасын арттыру, шығармашылық, танымдық қасиеттерін жетілдіру, әдеби сөйлеу арқылы тіл мәдениетін қалыптастыру; сонымен қатар пән мұғалімінің жүргізетін жұмысын ғылыми-теориялық тұрғыдан негіздеу, мәтінмен жұмыс жасау әдістемесін жетілдіру. Ол үшін мынадай міндеттерді орындау көзделді:
— оқушылардың бұрынғы алған (балабақшада, бастауыш сыныптарда) лексика-грамматикалық білім-біліктерін бірізділікпен жалғастыру (болмаса – қалыптастыру), оларды белсенді түрде қолданысқа түсіру және одан әрі тереңдету.;
— мәтін бойынша тапсырма түрлері арқылы қарым-қатынас жасау дағдыларын (диалог, монолог, еркін пікірталас түрінде) және жазу тілінің интесивті түрде белсенділігін арттыру әрі дамыту;
сөздік қорын кеңейту;
тілдік құбылыстарға, сонымен қатар жалпы өмір
құбылыстарына интеллектуалды талдау жасау дағдыларын жетілдіру;
— тілді дамытудағы, меңгертудегі қиындықтарды жеңудің тиімді әдістерін қалыптастыру;
— сабақтың тиімділігі мен пәрменділігін арттыру жолдарын айқындау;
— қазақ тілін оқытудың ғылыми негіздерін белгілеу;
— жаңаша білім беру сабағының жүйесін жасау;
— тапсырмалар жүйесін тақырыпқа сәйкес жасау;
— тіл дамыту жұмыстарының түрлері мен мазмұнын айқындау.
Зерттеу нысаны. Тіл дамыту үдерісіндегі басты мақсатымыз оқушылардың ауызекі сөйлеу тілін қалыптастырып, сөйлеу дағдысын дамытып, оқушыны тілді игеру нәтижесінде сұхбатқа қатысып, пікірталастарға еркін түсе алатындай дәрежеге жеткізу болғандықтан, бұл мақсатқа жетудің бір жолы мәтін деп ұйғардық. Жұмысымызда мәтін түрлері (қарапайым шағын мәтіндер, оқытудың бастапқы, одан кейін орта және тереңдетіліп оқыту кезеңдерінде қолданылатын шағын әңгімелер, оқушының жасына және тілді білу деңгейіне қарай іріктеліп алынған танымдық сипаттағы ғылыми-публицистикалық (бейімделген болуы мүмкін) шығармалар, көркем шығармалар.
Зерттеу әдіснамасы. Зерттеу жұмысында жалпы тіл білімі ғылымындағы, тіл үйрету әдістемесіндегі, психологиялық, педагогикалық ғылыми әдебиеттердегі мәтінге қойылатын талаптар, мәтін арқылы тіл үйрету жолдары, тағы осы іспетті мәселе бойынша жасалған зерттеулердегі ғылыми тұжырымдамалар басшылыққа алынды.
Жұмыстың зерттеу әдістері. Еңбек мәтін арқылы тіл дамыту жұмыстарын зерттеуге арналғандықтан, тілдік факторларды белгілеудегі негізге алынған сипаттамалы әдіс, интерпретация әдісі, салыстыру, сұрақ-жауап, тест, әңгімелесу, педагогикалық бақылау, эксперимент, статистикалық өңдеу және нәтиже алу әдістері қолданылды.
Зерттеу жұмысының жаңалығы:
— Білім беру сатысында грамматиканы мәтін бойынша тапсырмалар арқылы игертудің жолдары қарастырылды.
— Қазақ тілі сабақтары барысында берілетін білім мазмұны өмір талаптарына сай сұрыпталды.
— Мәтін коммуникативтік тіл білімі өрісіне шығарылды.
Зерттеудің ғылыми болжамы. Егер тұлғаның танымдық қабілеттері және танымдық үдеріс:
— жадының алуан түрлерін (есту, көру, қимыл және т.б.), ойлауды, ынтаны, қабылдау қабілетін арнайы жасалған оқу және танымдық жағдайлар арқылы дамытуға бағытталса;
тұлғаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өзін-өзі белсенді етуге, өзін-өзі тануға, қарым-қатынас жасауға ұмтылуға, ойын дамытуға, танымдық және шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталса;
белсенді сөздік қорын (ауызша және жазба тілінде) қалыптастырып, дамытуға бағытталса;
пән мұғалімі мен оқушылардың бірлескен жұмысы ғылыми-әдістемелік тұрғыда қамтамасыз етілсе;
қазақ тілі мен әдебиет сабағында оқушылардың шығармашылығын дамытуда ғылыми-педагогикалық кәсіби бағыт болса;
пән мұғалімі мен оқушылардың жұмыс жүйесі тиімді қарым-қатынас арқылы педагогикалық ынтымақтастық негізінде ұйымдастырылса, қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында әдістемелік жаңа технология элементтерін пайдалану арқылы оқушылардың тілді білу деңгейі жоғарылап, пән мұғалімінің оқушыларымен жүргізетін жұмыстарының тиімділігі артады.
Зерттеудің практикалық маңыздылығы:
— оқушыларға жалаң сөз жаттату емес, қолданылған әрбір сөздің астарына байыппен қарап, қазақ тілінің сөз байлығын меңгерту, алған білімін күнделікті өмірде қолдана білуге баулу жұмыстары жүргізілуде;
— қазақ тілі мұғалімдеріне арналған дидактикалық материалдар жинағы жасалды;
— Оқушылардың шығармашылық қасиеттерін қалыптастыруда пән мұғалімі мен оқушылардың бірлескен жұмыстарының әдістемесі және пән мұғалімдеріне арналып озық тәжірибе таратылды.
Зерттеудің жаңашылдығы:
— Берілген мәтінді оқып, одан түйінді ой шығару.
— Мәтін немесе ережемен танысықаннан кейін оларды оқып ассоциациялау.
— Жоба сабақ берілген шығармашылық жұмыс арқылы оқушының ізденушілік қабілетін дамыту.
— Презентация сабағы. Берілген тапсырма бойынша оқушылар сабақ үсітнде компьютердің көмегімен презентация жасайды.
— Тапсырма бойынша екі топта пікірталас жүргізіледі.
— Көркем шығарма мәтіні бойынша сынып төрт топқа бөлінеді.
— Бірінші топ – кіріспе бөлімі, екінші топ – негізгі бөлім, үшінші топ – қорытынды бөлім, төртінші топ – толықтырады.
— Әр топ өз бөлімінде жұмыс істейді. Төртінші топ әр топтан кейін мәтінді толықтырып отырады. Соңында қай топтың жұмысы дұрыс екені салыстырылады.
Жұмыстың негізгі қағидалары:
1. Сөйлесім бөлімдерін құру қағидалары;
2. Оқу модульдерін әзірлеуге ұсыныстар;
Қазақ тілі курсын оқып-үйренуге, меңгеруге, дамытуға арналған оқу модульдерінің мазмұны.
Зерттеу нәтижелерінің дәлділігі мен негізділігі:
Қорытындылардың әдіснамалық және теориялық негізде дәлелденуімен, зерттеудің ғылыми аппаратының мазмұнына сай болуымен кешенді әдіс-тәсілдердің пайдаланылуымен, тәжірибелік эксперимент жұмысының жоспарлылығы және кезеңділігімен, ұсынылып отырған әдістеменің тиімділігі мен сондай-ақ зерттеу нәтижелерінің бүгінгі жалпы білім беретін мектептердің пән мұғалімдерінің іс-тәжірибесіне енгізілуі қамтамасыз етіледі.
Мәтін арқылы оқушылардың ауызекі сөйлеу тілін дамыту
Орыс сыныптарында қазақ тілі оқытудың ең негізгі мақсаты – тілді үйрету, яғни оқушы белгілі дәрежеде қазақ тілінде сөйлеу керек, басқаны түсіну керек, оқыған шығарманың мазмүнын түсіну керек, өз ойын басқа адамға жеткізе білу керек. Бұл ушін сабақ барысыдна мәтіндер қолданылады.
Мәтіндерді қолдану мақсаты – балалардың сөздік қорын дамыту, мәтінді талдай білу, сонымен бірге ауыз және жазба тілінің дағдаларын қалыптастыру.
Баланың тілін дамытуда мәтін үлкен орын алады, мәтін балаға білім береді, тілі мен ой-өрісін дамытады және тәрбиелейді.
Мысалы, ауызша да, жазбаша да біз өз ойымызды сөз арқылы емес, негізінде мәтін арқылы жеткіземіз.
Мәтін талдаған кезде келесі талаптарға назар аудару қажет:
Мәтінде тәрбиелік мақсаты болу керек;
Мәтіндерде оқушылардың дүниетанымын кеңейтетін қазақ халқының тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрлері, ұлт мейрамдары туралы мағлүмат көбірек болуы тиіс;
Жеңілден қиынға деген дидактиқалық принципіне сәйкес мәтіндер сабақтан сабаққа, сыныптан сыныпқа күрделену тиіс.
Мәтінмен жұмыс 5 түрге бөлінеді:
• Мәтінмен танысу (тұсаукесер)
• Мәтін негізінде тапсырмалар мен жаттығуларды орындау
• Сұхбат құрастыру
• Монолог
• Бақылау
1. Мәтінмен танысу. Мәтінмен танысу – мәтінді оқу, жаңа сөздермен танысу, мәтінді аудару, мазмұнымен танысу.
2.Мәтін бойынша грамматиқалык тапсырмаларды орындау. Мәтінмен жұмыс істеген кезде мынадай грамматиқалык тапсырмаларды орындауға болады: сөйлемді толықтыру, сөйлемнің мағынасын сақтай отырып сөйлемді жаңадан кұрастыру, сөйлемді кеңейту және қысқарту, антоним мен синонимдерді табу, сөйлемдерге синтаксистіқ талдау жасау.
Мәтінмен жұмыс жасаған кезде инновациялық технологияларын қолданамын, мысалы – интенция. Интенция дегеніміз — сұхбат немесе монолог барысында ситуативтік, эммционалық сөздерді қолдану.
Енді осы бес кезеңге, бес мәселеге нақты тоқталайық,
Көркем шығарманы талдаудың алғашқы қадамы-ондғы оқиғаны, оның талдау желісін таныстырудан, ұғымдырудан басталады. Шығармадағы оқиғаны, онық мазмұнын, сюжетін, шығарманың көркемдік ерекшелгін, тілдік шеберлігін, кейіпкерлер бойындағы адамгершілік, сана мен рухани байлығын білмеген, түсінбеген оқушы шығарманы әрі қарай талдауға кірісе алмайды.
Ол үшін мынадай жұмыс істелу қажет:
1) Сөздік жұмысын жүргізу. Мәтінде кездесетін жаңа сөздермен және тірек сөздермен жаттығу жұмыстарын өткізу;
2) Мәтіннің мазмұнымен таныстыру (оқушылар өз бетінше оқып, мазмұнымен танысып келеді).
3) Мұғалімнің арнайы тапсырмасындағы мәтінге байланысты жаттығуларды орындау.
А) Сөйлемдерді толықтыру.
Ә) Сөйлемдердің мазмұнын сақтай отырып басқаша құрастыру.
Б) Сұрақтарға жауап беру.
В) Қате сөйлем беріледі. Мәтіннен дұрыс нұсқасын табу.
Г) Мәтінді жоспарлау.
Д) Сөйлемдерді ықшамдау. Сөйлемдерді кеңейту.
Е) Шығармада кездесетін фразеологизімдермен, мақал-мәтелдермен, нақыл сөздермен, омоним, синоним, антонимдермен жұмыс істеу.
3. Сұхбат (диалог)
Мәтінмен жұмыстың ең қажетті, ең негізгі түрі — оқушыларды сөйлеу, яғни екеуара сөйлесуін ұйымдастыру.
Осыны іске асыру барысында түрлі әдіс пайдалануға болады: бүл интенция әдісі (одағай, қыстырма сөздері пайдаланып жолдасының айтқанымен келісу/келіспеу, сөзін құптау/құптамау), инновациялық әдіс — сөйлеу жағдаяттарына (түрлі ситуацияларға), сөйлету, және проблемалық тәсіл-белгілі бір тақырыпқа проблема құрып, сол проблеманы шешу-(интерактивная методика дейміз).
Бұған:
а)драматизация әдісін пайдаланып, әңгімені рөлдерге бөліп оқу;
ә) рөлдік ойындар;
б)сөйлеу жағдаятын туғызу;
в) мақал-мәтел, нақыл сөз, дәстүр бойынша әңгімелету, ситуация құрастыру;
г) оқушыларды ойландыратын сұрақтар қою жатады
4. Монолог.
Тіл үйренушілер сұрақ қойып, оған жауап беріп қана қоймай, ойын, пайымдаудың бір бүтін мәтін арқылы жеткізе алу керек,
Осыған байланысты жұмыс түрлері:
а)Жоспар бойынша әңгімені мазмұндау.
ә) Әңгіменің ұнаған эпизодтарын теріп алып мазмұндау.
б) Әңгіменің ең негізгі эпизодтарын мазмұндау.
в) Шығарма оқиғасының басталуын, байналысын, дамуын айқындау.
5. Бақылау.
Мәтін талдау барысында бақылау өзінен өзі болатынына қарамастан, оқытушы қорытынды бақылау өзінен — өзі болатынына қарамастан, оқытушы қорытынды бақылау жұмыстың өткізгені лазым. Ең тиімді- тест.
Тест арқылы оқушылардың жазу, тындау, оқу, сөйлеу қабілетін тексеруге болады. Тест тапсырмаларына мәтіннің мазмұнына байланысты сұрақтарға қоса грамматикалық тапсырмалар беруге болады.
Жеке адамды қалыптастырып дамыту және оған жан-жақты терең білім беру мақсатында көптеген білім беру технологиялары ұсынылуда: СТО дамыта оқыту, рейтингтік, модульдік оқыту технологиясы, ынтымақтастық технологиясы т.б. технологиялар.
Оқушының ойлау қабілетін дамыту үшін өздігінен жұмыс істеуге баулу, өз ойын тұжырымдауға дағдыландыру, оқушы белсенділігін арттыру барысында проблемалық сұрақтарды пайдалану, проблемалық ситуацияларды туғызу қажет.
Қазақ тілін тиімді оқытудың алғышарты – ұстаздардың әдістемелік ұсынысы арқылы әртүрлі әдіс-тәсілді пайдалану нәтижесінде тәжірибе жинақтай отырып, оның тиімді жақтарын өз тәжірибесіне енгізу.
Тиімді оқытудың негізгі бір шарты – білімнің мазмұнын дәл тиімді анықтау. Негізгі ұғымдар мен мәселелерді, теория мен фактілерді қажеттілігі мен тиімділігіне сай іріктей білу, өз бетімен оқи білуге, білім алуға үйрету.
Қазақ тілі пәнін терең меңгертуде тіл дамыту жұмыстарының атқаратын маңызы өте зор. Тіл дамыту сабақтарын сапалы жүргізу оқушы тілін ұштай түсетіні анық. Соның бір жолы – тіл дамыту сабақтарында мәтіндік тапсырмаларды тиімді қолдану. Бұл жайында педагогика ғылымының докторы Н.Құрманова былай дейді: «Тіл дамыту оқушыға берілген теориялық материалды практикалық қажеттіліктерімен, арнайы ұйымдастырылатын түрлі тілдік ситуациялармен, сөйлеу жағдайларымен байланыстыра отырып, жаттығулар орындату. Тіл дамытуда ситуациялық жаттығулар мен іс-қағаздарын, стильдердің ерекшеліктерін меңгертуге басым назар аударылады». Әрине бұл жағдайларды күнделікті сабақ барысында тиімді қолдану үшін икемділік пен дағдылық білім жүйесін танып, білу қажет.
Тіл дамыту жұмыстарының бір ерекшелігі – оқушыларға тілдік заңдылықтар туралы тиянақты мағлұмат беріп, оны оқу әрекетінің барлық сатыларында дамытып отыру тиімді. Мысалы, тілдің қоғамдық рөлін, сұлулығын, байлығын, даралық сипатын түсіндіріп, белгілі ақын-жазушылардың, ғалымдар мен ойшылдардың нақыл сөздеріне талдау жасату керек. Дидактикалық мәтіндерді іріктеп, ондағы ой жүйесін қорытындылауға баулу; тіл сөз құдіреті жайында халық ауыз әдебиеті үлгілерін, мақал-мәтелдерді жинату; тіл туралы оқушының ой-пікірлерін, толғаныстарын жаздыру секілді жұмыс түрлерін ұсыну оқушының білімін арттырады.
Тілдің даму үстінде болатыны, оның ішкі заңдылықтары да оқушы назарынан тыс қалмауы тиіс. Әр ұрпақтың сөздік қорының өзгеруімен, яки тіл өзінің негізін сақтауымен бірге, ішкі алмасу, жаңару сипатына ие болатыны жөнінде, лексика, морфология тарауларын өткенде мол мағлұмат беріледі. Бір тақырыпқа байланысты әр кезеңде жазылған мәтіндерді салыстыру, тілдің тарихы туралы ғылыми-көпшілік мақалаларды талдау, түрлі лексикалық сөздіктермен жұмыс жасау үстінде оқушы білімі бекітіліп отырса құба-құп.
Сондай-ақ тілдік бірліктердің өзара байланыстылығына, бір-біріне тәуелділігіне, яғни тілдің күрделі құбылыс екеніне оқушының назарын аударудың маңызы зор. Мәселен, дыбыс – морфема мен сөзде, сөз – сөз тіркесі мен сөйлемде, сөйлем мәтінде қолданылатынын, осылай тізбектеле орналасуының өзінде ерекше заңдылық бар екенін білу оқушының білімін тереңдетумен бірге, сөзді орнымен қолдануға үйретеді. Оқушылар сөздегі әр дыбыстың грамматикалық, лексикалық мағынаны түрлендіруге негіз болатынын таниды; екінші жағынан, сөз тудыру, форма түрлендіру және сөздердің бірігуі сол сөздің лексикалық мағынасына тәуелді болатынын біледі. Мәселен, лексика тарауын өткенде, тілдік хабардарлықты басқа тараулармен қалай сабақтастыруға болады?
Мектепте оқытылатын қазақ тілі пәнінің лексика тарауы өзге тараулармен тығыз байланыста қайталанып отырылатын өзекті сала. Себебі, мұнда тілдің негізі – сөз туралы, оның басты белгісі – мағынасы жөнінде жан-жақты айтылады.
Кез келген теориялық білім мазмұнында тілдің құрылымы мен қызметіжайындағы білімдердің жиынтығы берілуі тиіс. Мұндай білім екі түрлі қызметті атқарады: бірі – оқушының тілді қолдану өрісін кеңейтсе, екіншісі, тілдік іскерлік-дағдыларды қалыптастырады. Яғни теориялық білім мен тілдік тұжырымдарды практикалық тұрғыда қолдану нәтижесінде сабақтың түпкі міндеті жүзеге асырылады. Сондықтан лексика тарауы бойынша өтілетін тақырыптар үстірт түсіндіріле салмай, оқушының тілін дамытуын, сөздік қорын байытуда, әдеби тіл нормаларына сай болуын ескерту жөн. Бала өтіліп отырған тақырыпты дара қалпында қабылдамай, тілдік жүйедегі орнын, басқалармен байланысын, әрі тұтастың бөлшегі ретінде қызмет ететінін бағамдайды. Мұндай лексикалық байланыссыз ешқандай тілдік ұғымды игертуге болмайды.
Оқушылардың тіл білімі жөніндегі түсінігін қалыптастыру дегеніміз – балаға тіліміздің ғылым ретіндегі даму үрдісін, жүйелілігін, атқаратын қызметін түсіндіру болып саналады. Мұның өзі оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ұйымдастырылып беріледі. Оқушы әрекетіне түрткі болып, оны білімге талпындыратын негізгі тетіктер – пәнге деген қызығушылық, білімге деген қажеттілік бір-бірінен туындап отырғанда ғана түпкілікті нәтижеге жеткізеді.
Оқушының бойына ана тіліне деген шынайы сезімді қалыптастыру әрекеттері жалаң ұрандар мен құрғақ уағыздардан болмау керек. Мұнда тіліміздің ерекшеліктерін, я айрықша сипаттарын нақты мысалдар арқылы алға тарта отырып, ол туралы баланың өзі ойланатын үлгідегі жұмыстар ұсыну тиімді. Мысалы, синонимдік қатардағы саны көп сөздерді, сөздіктерді пайдалана отырып тапқызу тілдің байлығы туралы мағлұмат берсе, ана тіліндегі үндестік. Ал тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын ашу арқылы тілдің мазмұн жинақылығын анықтайды. Мақал-мәтелдерді оқу нәтижесінде халықтың тіл арқылы танылатын даналығынан хабардар болады. Сол сияқты қарым-қатынас жасау әдебіне енетін, түрлі атаулық ұғымдар қарым-қатынас жасау әдебіне енетін, түрлі атаулық ұғымдар (айналайын, қарағым, қозым, ботам, жарығым т.б.) мен жер-су атауларын берудегі тапқырлықтар ұлттық таныммен, ұтымды үрдістердің жүйесін белгілеумен бірге олардың сүйіспеншілігін қалыптастырады.
Мұның қай-қайсысы болса да, біріншіден, ана тілінің жеке пәндік, арнайы міндеттеріне қатысты болса, екіншіден, сол арқылы тілдің жалпы дидактикалық мақсатын айқындайды. Оқушыларды саналы тәрбиелеу, олардың логикалық ойлауын дамыту, алған білімдерін өз беттерінше толықтыруға үйретеді.
Тілді оқыту барысында тәрбиенің эстетикалық, адамгершілік т.б. түрлері мынадай оқу материалына қатысты беріледі: а) тіл туралы жалпы мағлұмат пен ә) сабақ үстінде ұсынылатын дидактикалық материалдар арқылы. Дидактикалық материалдар кездейсоқ жалаң тілдік дүниелерден құралмауға тиіс, ол оқушы танымын кеңейтуге арналып, ұлттық педагогикаға негізделген тәрбиелік мәні терең, пайымды мәтіндерден жинақталған болуы керек. Тақырып ауқымы мен мәтін мазмұны ұтымды ұтымды үйлескен дидактикалық материал – мұғалім шеберлігінің белгісі. Тәрбиелеу мен білім беруді қатар алып жүру үшін сабақ сыныптан тыс жұмыстарды қатар алып жүрген абзал. Мектепте өткізілетін түрлі кештер мен кездесулердің әсерін баяндау, өзекті мәселелер төңірегінде мазмұндама, шығарма жаздырту, оқушылардың тілектері бойынша тіл туралы қосымша шаралар ұйымдастыру, оқушыларға тәрбие берумен қатар белсенділіктерін де арттырады. Бір-біріне сыни көзқарасын қалыптастырып, оны әділ шешуге ұмтылдырады, сонымен бірге ұжымдық бірігуіне әсерін тигізеді. Демек, бұдан келіп шығатын қорытынды – заманымызға сай биік адамгершілік пен таза парасаттың иесін тәрбиелеу деген сөз.
Адамның ойлау қызметін жаңарту мәселесі баланың тілдік қабілетін шыңдаумен тығыз байланысты. Психологтардың адамның сөйлеген сөзінде оның ойлау жүйесі де көрінеді дейді. Сондықтан баланы жастайынан ойын жүйелі, нақты айтуға жаттықтырудың маңызы зор. Әсіресе, мазмұндау барысында, я көпшілік алдында сөйлегенде қойылатын талаптармен баланы таныстырып, оны дағдыға айналдыру арқылы нәтижеге жетуге болады. Ол талаптар жөнінде шетелдік әйгілі психолог Дейль Карнеги еңбектерінде бай мәліметтер беріледі. Онда сөйлеушінің өз тақырыбын нақты білуі, сөз сөйлеудегі мақсатының анықтығы, оны жеткізуге негіз болатын мәселелерді жүйелеуге негіз болады.
Демек оқушының жеке басының қасиеттерін дамытуда, тәрбиелеуде ең маңызды құрал – тіл туралы жүйелі ұғым қалыптастыру. Тілдің қызметін түсіндіруде басшылыққа алынатын қағидалар білім мазмұнындағы негізгі бағыттар, оқу-әдістемелік жолдар бір-бірімен тығыз бірлікте қарастыруды қажет етеді. Бала дүниетанымының қалыптасуында ерекше рөл атқаратын мәселенің қай-қайсысы да оның қабілетінің деңгейімен қаралатыны дау туғызбасы анық. Олай болса, тілдік қабілет оқушының жеке басы қасиеттерінің дамуының да айқын көрсеткіші болып саналады. Сондықтан оны қалыптастыру ана тілі пәні мазмұнында ерекше айқындалып, сабақ барысында жүзеге асыруға байланысты.
Ендігі сөз кезегінде тілді дамыту жұмыстарындағы білім мен дағдының алатын орнына тоқтала кетсек.
Білім жүйесі әрқашан белгілі бір икемділік пен дағдыға сүйенеді де оның негізін қалайды. Білімге негізделген әрекет қандай да бір икемділіктің, кей жағдайда дағдының болуын қалайды.
Білімді меңгерту – оқушының танымдық талдау жасай отырып, оны орынды пайдалана білуі арқылы жүзеге асатын құбылыс.
Психологиялық және педагогикалық әдебиеттерде білім мен дағды жөнінде әр түрлі ұғым жүр. Бірде білім мен дағды бір-бірінен бөлініп алынып оқшау қаралса, бірде ақыл-ой қызметі – саналы әрекет, ал дағды саналы әрекеттің автоматтанған компоненті деп жазылып жүр. Білім мен дағдының арақатынасы диалектикалық тұрғыда дұрыс түсіну мүмкіндігіне И.П.Павлов ілім береді.
Білімнің бәрі дағдыға айнала бермейді, бірақ дағды, әдетте білім арқылы қалыптасады. Уақытша байланыс пайда болуы үшін, жеткілікті дәрежеде қозу әсері, И.П.Павловтың айтуынша қозудың тиімді ошағы құралуы керек болады. Қозу немесе қозу ошағы жеткілікті дәрежеде құралған кезде шапшаң және баяу жылдамдықпен, дәлдеп айтқанда, уақытша байланыс қатары пайда болады. Одан әрі сол байланыстар әр түрлі басқа байланыстарға қосу да қозу ошақтары жеткілікті дәрежеде болған жағдайда жүзеге асырылады. Осындай процестердің нәтижесінде адам өз білімін еркін игеріп, білімін өз қалауынша пайдалана алады және баяу қозу кезінде стееотипті әсер ететін уақытша байланыстар жасалады. Ми қабығы клеткаларының баяу қозуы кезінде байланыстар сан алуан қайталанып, үздіксіз жаттығады. Соның нәтижесінде әрекет автоматтанады.
Педагогика теориясы мен әдістемесі ғылымның көкейкесті мәселесінің бірі – оқушылардың танымдық іс-әрекеттерін ұйымдастыру. Осы бағытта қажетті көрсеткішке жету жолдарын тиімді жолға қою. Егер, теориялық білімді шығармашылық ізденіспен нақты игертіп отырсақ, оқушылардың алған білімі мен білік ізгілікті бағытта нақты қалыптасады. Мұндай жолмен қалыптасқан білімі мен біліктіліктің танымдық маңызы да зор болады.
Қазіргі заман талабы: әр оқушы әр сабақ кезінде жаңа білім қосып қана қоймайды, соны өзі игеріп, талдап, пікір тасластыру деңгейіне жетіп, даму үстінде болуын қалайды.
Ендігі сөз барысында тіл дамыту жұмысында тиімділік танытып отырған бүгінгі педагогикадағы технология барысына тоқталып өтсек.
Бүгінгі педагогика оқушыны оқу барысындағы субъект ретінде қабылдайды. Соның бірі тиімді деп танылып отырған М.М.Жанпейісова технологиясындағы оқу үрдісінде:
— білім алушының көптеген тұлғалық психикалық қасиеттері оның жеке өзіндік, өзін қанағаттындыратын қызметі барысында айқындалып қалыптастыру, оқытуды ойын түрінде ұйымдастыру;
— әр түрлі белсенді формаларды (топтық, топтық-жеке және жұппен жұмыс, диспуттар, пікірталастар) қолдану, өз қабілеттерін, жадын, ынтасын, ойлауын, ауызша және жазбаша тілін дамыту;
— оқушыға сенімділік білдіру;
— пәнге қызығушылығын арттыру;
— оқушы өз біліміне сеніп, оны дамыту;
— өз білімін бағалау;
— өзара білім тексеру;
— ақпараттандыру арқылы білім алу;
— өзіндік шығармашылық деңгейге көтерілу мақсат етіп көзделген.
М.М.Жанпейісова технологиясының тиімділігі:
1. Бұл технология: оқушы тұлғасының танымдық қабілетін дамытуға; танымдық процестерді (жады, ойлау, зейін, елестету қабілет) дамытуға; оқуға жағымды қызығушылық қалыптастыру, тұлғаның қиындықтарға даяр болу және жеңе білу, қарым-қатынас, ойын, танымдық, қауіпсіздік, сыйласу, шығармашылық, өзін-өзі бекіту қажеттіліктерін қанағаттандыруға ықпал етеді.
2.Танымдық процестерді: жады, зейін, ойлау, елестету, қабылдау, танымдық, шығармашылық қажеттілігін қанағаттандыруды дамытады.
3. Қажеттіліктерді қанағаттандыру: қауіпсіздік (тұлғаның негізгі қажеттілігі), сыйласу, өзін өзектілендіру, өзін-өзі бекіту «негізгі қажеттіліктер» өзара қатынас, ойын қажеттілігі, қиындықтарға дайын болу және оны жеңуге мүмкіндік береді.
4. Танымдық қабілеттерін дамытады. Тапсырмаларды үш деңгейлік саралап беру, Б.Блумның таксономиясын пайдалану, сөйлесу бөлім сабақтарын ұйымдастыру, тұлғалық бағытталған формалар.
5. Белсенді сөздік қорын (ауызша және жазбаша тілі) дамытады. Тұрақты түрде өзара сөйлесу, ортақ тақырыпта әңгімелесу сөйлесу бөлімінің сабақтарында адамның екі сигналдық жүйесіне сүйену.
6. Оқуға жағымды қызығушылық қалыптастырады. Танымдық қызметтен қанағаттанып қуаныш сезіміне бөлену (оқу модулінің сөйлесу бөлімі сабақтарындағы «екіліксіз» оқу, «өз деңгейінде жұмыс істеу мүмкіндігі, ойынға қатысу, қорқыныш сезімінің жойылуы, өзіндік және өзара бірге дайындау мүмкіндігі».
7. Жаңа тақырыпты балалар шығармашылық ізденіс үстінде өздігінен меңгеруі тиіс. Сондықтан мұндай сабақтарда оқушылардың ынтасын, белсенділігін арттыру үшін оларға проблемалық сұрақтар қойылып отырады. тақырып бойынша жасақталған деңгейлік тапсырмалар жүйесі дамыта оқыту идеясын асыруға мүмкіндік береді, өйткені ол оқушының ойлауын, елестету мен есте сақтауын, белсенділігін, дағдысын, білім сапасының дамуын қамтамасыз етеді.
Деңгейлік саралау оқушы мен мұғалімнің белсенді шығармашылық қызметін дамытумен қатар оқушыларға өз білімін жаңа әдіспен бағалауға мүмкіндік береді.
Тіл дамыту білімін оқушыларға меңгертуде деңгейлік тапсырмалардың ауқымы өте кең. Оқушыны деңгейге бөліп оқыту үшін сабақ жаңаша жоспарланады. Оқушыларға деңгейлік тапсырмаларды беру арқылы сан түрлі жұмыс жүргізіледі. Оқушылардың алған білімін жүзеге асырылатындығы тексеріледі. Өз бетімен жұмысты орындауға бейімділігі бақылауға алынады. Қорытындылауда деңгейлік тапсырмалар арқылы жұмыс жасаудың тиімділігі байқалады. Оқушылардың белсенділігі мен ісекрлігі артып, шығармашылыққа ұмтылады. Деңгейлік оқыту барысында біліктілікке жетеді.
Оқушыға өз бетімен жұмыс істеп, дағдысын қалыптастыру, ұзақ, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қалыптасады. Атап айтқанда, бастапқыда жеңіл, кейін біртіндеп күрделі тапсырмаларды орындау барысында салыстыру, қорытынды жасау, түрлі жағдайды өздігінен ойлау үрдістеріне өтеді.
Мен өзімнің тәжірибе барысымда жаңа технология түрлерін сабақта мұғалім өз әдіс-тәсілдерін жетілдіріп, сабақты бекіту мақсатында қосымша алынатын тестік бақылаудың бала үшін атқаратын мәні зор екендігіне де көз жеткіздім. Тестік тапсырмада оқушы білімін нығайтуда жаңа технологиялық әдіс-тәсілдің жаңа түрі десе де болады.
Қорыта келгенде әр оқушының психологиялық жағынан жас ерекшелігіне, тәжірибелеріне қарай өздігінен жұмыс орындау дағдысын қалыптастырудың танымдық мәні зор. Мәселен, тіл дамыту сабақтарында мәтіндік тапсырмаларды орындағанда төменгі саты оқушылары көбіне сұрақ-жауап әдісімен орындалатын жұмыстарға бейім, ал кейінгі сатыдағы оқушылар қызықты оқиғаларды, әлеуметтік жағдайларды, спорт пен ғылымдағы жаңалықтарды көбірек білуді қалайды. Сондықтан да психологиялық жас ерекшеліктерін, оқу орнына бейімделуін есепке алу өздігінен жұмыс істеу дағдыларына қарай жұмыс түрлерін таңдаудың белгілі басты талаптарының бірі болып қала береді және мұны әр ұстаздың есте ұстағаны абзал.
Қорытынды
Бүгінгі таңда білім беруде оқушыға тек қана білім, білік дағдыларын қалыптастырып қана қоймай, алған білімін өмірлік қажеттігіне жаратуға жетелеу көзделеді. Осыған орай, тіл дамыту жұмыстарында оқушының шығармашылық (креативті) ойын дамытып, жұмыс жасау барысында ізденуге көмек көрсетіледі, оқушының өз-өзіне дербес тұлға ретінде қарауға, оны сезінуіне мүмкіндік туғызылады.
Оқыту – таным әрекетінің ерекше түрі және білім берудің негізгі жолы. Оқытуда баланың таным қабілеті дамып, білімді, дағдыны, икемділікті игереді. Педагогиканың бір саласы дидактиканың негізгі міндеті – оқыту үдерісіне бағынатын заңдылықтарды анықтау. Ол заңдылықтарды мақсатқа сай қолданудың жолдарын қарастыру. Дидактика ғылым мен техниканың даму дәрежесін, балалардың жас ерекшелігін ескере отырып білім мазмұнын, икемділік пен дағдының мөлшерін, көлемін анықтау мәселесімен де шұғылданады. Тілді оқыту барысында да, тілді меңгерту үшін мәтіндерді іріктеп алу ісінде де біз ең алдымен дидактика заңдылығын басшылыққа аламыз. Себебі оқушының жасына қарай дұрыс таңдалған, танымдық, тәрбиелік қасиеттері мол мәтіндердің рөлі аса маңызды.
Қорыта айтқанда, танымдық қызығушылықты дамыту оқушылардың шығармашылық (креативті) ойлау қабілеттерін арттыруға, тілін байытуға, өз ойын қазақ тілінде еркін жеткізу, сауатты жазу үшін елеулі нәтиже береді деп ойлаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Ж.Дәулетбекова «Оқушылардың тілін дамыту жолдары»
Алматы «Рауан» 2000 ж.
2. Т.Сабыров «Оқушылардың оқу белсенділігін арттыру жолдары»
Алматы, 1998 ж.
3. Б.Тұрғынбаева «Дамыта оқыту технологиялары»
Алматы, 2000 ж.
4. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы. Алматы, 2004 ж. №7
5. «Қазақстан мектебі» Алматы, 2004 ж. №5
6. Б.Тұрғынбаева «Ұстаздық шеберлік» Алматы, 2006 ж.
8. «Қазақ тілі» Т.Ысқақов Алматы, 1998ж.
9. «Сөз өнері» З. Қабдолов 1998 ж.