Халқымыздың тарихындағы жан-жақты білгір ғалым, саяхатшы, қазақтың тарихы мен этнографиясының, əдебиетінің тұңғыш зерттеушісі. Қазақ пен қырғыздың əдебиет теориясы мен фольклоры туралы алғаш рет ғылыми пікір айтып, зерттеу еңбектерін жазған бірегей əдебиетші. Шоқан — қазақтың демократтық сынын бастаған, кезіндегі ілгерішіл дəстүр мен əдебиеттану ғылымының негізін қалаған, публицист жазушы. Қазақ əдебиеті мен мəдениетін орыс жұртшылығына танытқан кемеңгер ойшыл, жасампаз ғалым.
Қазақтар — жақсылықтың қадірін білетін халық!
***
Қазақ халқы — ең бір бейбіт халықтардың бірі.
***
Ертеде «қазақ» деген сөз «еркін», «еркіндік» деген мағынада қолданылған. «Қазақылық» деген етістік «Бабырнамада», Бабыр жазбаларында жиі ұшырайды. «Кезбе», «қаңғыбас» деген мағынада «қазақ» сөзі Ежелгі Русь жерінде де жақсы таныс болған, кең қолданыс тапқан. Мысалы: «А… кове меры казакам кочует на поле, со множими людьми то нашему царскому величеству ведомо…».
«А тебе (Когулу) — будучи на поле и живучи казаком от нашие царские рати и вогнанного боко». (Собрание Государ. Грамот и договоров. Т. 26, № 68).
***
Қазақтардың ұлттық əуендерінің табиғатынан, сөз жоқ, ұлан-ғайыр ұлы даланың, желмен жарысқан жүйрік һəм сұлу тұлпарлардың, таңғажайып көркем əйелдердің əсері сезінеді.
***
Қазақ поэзиясы — соны, жалықтырмайды жəне отырықшы халықтарға тəн сан алуан жасанды тəртіп-ережелерден мүлдем ада.
***
Біздің халқымыздың шығыстық үлгілерден гөрі, үнді-герман эпосына жақындау бай ауыз əдебиеті бар.
***
Қазақ жырын еуропалық рапсодияға ұқсатуға болады.
***
Өлеңдер, əпсаналар, мақалдар мен мəтелдер далалық тіршілікті қазақ халқының өмірін жырдай ғып жарқыратып көрсету мақсатымен арнайы жазылған кез келген кітаптан артық ғажап етіп көрсете алады.
***
Қазақтар поэзияға қабілеттілігі жөнінен бүкіл түркі тілдес халықтар (татарлар) арасында бірінші орын алады десе де болады. Олар туралы белгілі ориенталист Сенковскийдің арабтар жайлы айтқан: «Бедуин — табиғатынан өлеңші болып туады, басым көпшілігі ақын халық» деген сөзін қайталаса, еш артықтық етпейді.
***
Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін, ең алдымен, азаттық пен білім керек.
***
Қазақ халқы туралы асқақтата ой айтуға болады: олар өздерінің нанымдарымен, əдет-ғұрыптарымен, сауық-сайрандарымен, ақыл-ой, қажыр-қасиеттерімен, ақындық дарынды тарихи аңыздарының орасан мол қорын жинақтаған. Əр заманда өмір сүрген суырып салма ақындары, жыраулары, əуен мен сайранды жанындай сүйіп, билік айту төрелігі бар көне заманнан келе жатқан халық.
***
Қазаққа басқа да геометриялық пішіндерден гөрі шаршы көбірек ұнаса керек. Өйткені ол үшін зат — неғұрлым ауқымды болса, солғұрлым маңыздырақ көрінеді. Сондықтан да, əдетте, атақты һəм бай қазақтардың қабірінің үстіне осындай ескерткіштер тұрғызылады.
***
Киіз үйдің маңдайшасында жалау ілініп тұрған болса — сіз оны осы шаңырақтың бір адамы опат болған екен деп түсінгеніңіз жөн. Жалаудың түсі қызыл болса — өлген адам жас, қара болса — орта жастардағы, ақ болса — қарт адам деген сөз.
***
Қазақтардың отқа деген көзқарасы ерекше: оны тек от-əулие деп қана атайды. Ал «əулие» деген сөз əдетте мұсылман дінінің пайғамбарларына қолданылады. Отты өзгеше қастерлегендіктен де, қазақтар оны, моңғолдар сияқты анаға теңеп «от-ана» деп атайды. Ұлттық наным-сенімдерге орай, оттың жамандықты аластайтын құдірет-күші бар деп есептеледі.
***
Қазақтардың ескі аңыздары мен наным-сенімдерінің қалай қаз қалпында сақталғаны таңқаларлық. Жəне бір кереметі — ен даланың қай түкпіріне барсаңыз да олардың, əсіресе, өлеңмен жазылған сагалардың, бір-бірінен ешбір аумайтындығы: салыстырып көрсеңіз — бір қолжазбаның тізіміндей төгіліп шығады. Білімсіз саналатын көшпелі ордалардың ауыз əдебиетінің қайнар көздеріне тəн таңқаларлық дəлме-дəлдік — ешбір күдік келтіруге болмайтын факті.
***
Қазақтар өз дауларын əдетте сырттан шақыртылған билерге, мүлдем бейтаныс адамдарға шешкізгенді ұнатады.
***
Еңбекқорлық, ұлттық мақтаныш, ұстанымдылық — сайып келгенде, осы қасиеттердің бəрі де халықтың тұрмыс-салты мен ұлттық мінезінен шығады.
***
Қазақ аңыздарындағы Абылай хан келбеті айрықша поэтикалық ореолға ие. «Абылай заманы» — қазақтың рыцарлық дəуірі деп саналады.
***
Тіл — қай халықтың болсын басты белгісі. Бокль айтқандай, білім беру ісі жалпы адамзаттық сипатта болуға тиіс. Ал ұлттық сипат ортаның жəне оқу жүргізілетін тілдің əсерімен пайда болады.
***
Адам — таңғажайып құбылыс! Оның жан дүниесі, ақыл-ойы, жан-жақты талант-қабілеті — құдіреттілік табиғатының, мүлдем беймəлім əрі ешқашан да танып-білу мүмкін емес мəңгілік құпияның нақты көрінісі осы емес пе?!