Шотана батыр
Орманшы ақсары Шотана батыр туралы Мәшһүр Жүсіп: «Қызылтауда (Баянауылдан оңт.-шығысқа қарай 60 км. Ә.Қ.) Шотана тасы деген тас бар. Шотана батырдың үйі сол тастың түбінде отырғанда қорадан екі өгізін түнде ұры ұрлап кетіпті. Алакеуімнен түрегеліп, өгізді ұры алып кеткенін біліп, Шотана батыр тастың басына шығып айғай салыпты:
— Тастап кет менің өгізімді, атым Шотана, жердің тесігіне тығылсан да қоймаймын, — дегенде алған ұрылар Түндіктін өзенінен асып барады екен», — деп жазады. [11, б. 314]
Орманшы – Ақсары – Шотана батырдың Абылайға айтқан сөзі:
— Бақ – бір қу таяқ; ырыс – құт деген оған сүйеніш болатұғын. Көдедей көп сарттың ортасында жүріп, хан болатұғын болсан, көзін көрмеді ме, қолын тимеді ме? «Дүние бұзылса, Бұхараға сыяды, // Бұхар бұзылса дүниеге сыймайды» — деген екен. Бұхараға сыймай, Арқаға келіп едін! Қара басын қаңғып жүріп, Сарыарқаға сыймағаның ба? «Ер толқыса, ел сүйейді, // Су толқыса жар сүйейді» — деген. Ел толқыған су емес пе, хан деген оған сүйеу боларлық жар емес пе?! Лақ ойнақтағанына құлаған жар орынға тұрып, іске жарай ма?! [12, б.12-13]
Қазақ тарихи жырларының мәселелері атты жинақта Шотана батыр жөнінде Олжабай батырға арналған бөлімде мынадай мысалдар келтіріледі:
Олжабай кезінде қолбасы, батыры болғанымен ханның кейбір саясатын қолдамаған, кейде ашық қарсы шыққан. Жыр соныңда сондай бір уақиға сөз болады. Абылай бір тентектігі үшін Төртуыл-Тұлпар Ботахан мен Қаракесек Жанайды байлатып, зыңданға салады, Ботахан ызаланып өзін-өзі жарып өлтіреді. Бекболат пен Едіге бастаған бүкіл Бес Мейрамның баласы көтеріліп Абылай ханның ордасын шабуға аттанады. Жырда жетіжүз кісілік қолды бастап барған Олжабай батыр Абылайға былай дейді:
Абылай деген ханым ең;
Бұл Орта жүз ішінде
Лаулап оттай жанып ең.
Батыр болсаң басында,
Төле бидің түйесін
Сонда неғып бағып ең?..
Қолға түсіп қалғанда,
Ажыратып алып ем…
Абылай кешірім сұрап, Жанайды босатады, қолды қаншама тарту-таралғымен қайырады.
Шындығында осындай уақиғаның болуы, оған Олжабайдың қатысуы да рас. Бірақ Абылайға қарсы бүкіл бес Мейрамды көтеріп, қолды бастаушы – Қаракесек Бекболат би мен Сүйіндік Едіге би. Олардың атынан елші болып, ханға әлгіндей сөз айтатын Орманшы Шотана деген кісі. Сонсын Абылай ешкімнен кешірім сұрап, кішіреймеген. [13, б.146-147]