ШАЛГИІЗ ТІЛЕНШЕҰЛЫ
(1465–1560 жж.)

Қазақ поэзиясындағы философиялық бағыттың негізін салушы Шалгиіз жырау ноғайлы-қазақ дəуірінде Орақ, Мамай, Би Темірдің тұсында өмір сүрген. Өз заманының ең жетік суырып салма ақыны болған қадірменді жыраудың ғибратнамалық шешен сөздері мен жырларынан бізге жеткені 600 жолдың шамасы делінеді. Осы азғантай мұрасының өзі-ақ оның сирек кездесетін дарын иесі екенін айғақтайды. Жыраудың ой-толғаныстарында ел билейтін басшының қауым, əлеумет өміріндегі орнына да өзіндік баға берілген. Шалгиіз елдің бірлігі мен ынтымағын аңсаған ақын. Оның шығармалары орыс тіліне де аударылған.

Малыңды бер де, басың қос,
Басыңды қос та, бек сыйлас.
***
Есендікте малыңды бер де, батыр жи, басыңа қиын-қыстау іс түссе, дұшпанның қолы жете алмас.
***
Алтау болар, бес болар,
Ішінде абаданы бір болар.
Абаданынан айырылса,
Олардың əрбіреуі
Əрбір итке жем болар.
***
Шағырмақ бұлт — жай тастар, əділ жігіт — ел бастар.
Шешен жігіт — жол бастар, батыр жігіт — қол бастар.
***
Айдын сулар, аймақ көл —
Тасыса дөңбек келтірер.
Көп өтірік, жаман сөз —
Басыңа бəле келтірер.
***
Шағырмақ бұлт — жай тастар, əділ жігіт — ел бастар.
***
Бір жақсымен дос болсаң —
Азбас-тозбас мүлкі етер.
Бір жаманмен дос болсаң —
Күндердің күні болғанда
Бар ғаламға күлкі етер.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *