ТӨЛЕ ƏЛІБЕКҰЛЫ (1663–1756 жж.)

Қазақ шешендік өнерінің тарихындағы ерекше тұлға Төле би Əлібекұлы қазіргі Жамбыл облысына қарайтын Шу өзенінің бойындағы Жайсаң жайлау деген жерде дүниеге келген. Ел-жұртының тыныштығын көздеп, салиқалы саясат жүргізе білген көреген көсем туралы «Бүтін билікке Төле би жеткен» деген сөз бар. Əз Тəуке ханның «Жеті жарғысын» жасауға қатысып, «Билер кеңесінің» мүшесі болған. Қазақ хандығының тұтастығы жолында күрескен Төле би өз заманындағы зерделі де сауатты қайраткер болған. Оның əділдігіне, парасаттылығына тəнті болған жұрты «Қарлығаш əулие», «Қарлығаш би» деп атаған.

Тегімді менің сұрасаң,
Дулаттан тарап өрбіген
Жаныстан шыққан Төле едім.
Араздасқан ағаны
Тату етсем деп едім.
Береке — бітімі елімнің.
Құдіреті мен қасиетін
Асқар етсем деп едім.
***
Атадан ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі.
Өзіне келер ұятын
Өзі біліп тұрса игі.
Жаудан бұққан немені,
Ортасынан қуса игі!
***
Арғымақ баптап не керек,
Жабы қуып жеткен соң.
Ағайын-туған не керек,
Аңдысып күні өткен соң.
Бес күн жалған өтеді,
Ажал қуып жеткен соң,
Бір төбенің басына
Тыға салып кеткен соң.
«Сөйле, Төке» дейсіздер,
Жастар бар ма тыңдайтын?
Бұрынғыдай жұрт қайда,
Айтататын оны біз қайда?..
***
Іздеп келер інің бар болса,
Бақытың барын содан біл.
Аңсап келер ағаң бар болса,
Аруағың барын содан біл.
***
Аларды біліп, бермегеннен без,
Ел-жұрты қашып, ермегеннен без.
Үйіне қонақ қонбағаннан без,
Көптің айтқанына болмағаннан без!
***
Атың жақсы болса,
Ер жігіттің пырағы,
Балаң жақсы болса,
Жан мен тəннің шырағы.
Қызың жақсы болса,
Жайқалып өскен құрағы…
***
Жалғандай ойлап тұрсаң бірлік керек,
Бірлікті ойлаған соң тірлік керек.
Ағайынға ала көз бола қалсаң,
Аузыңнан несібеңді біреу жемек.
***
Бейбіт елде — сəн бөлек, бүлінген елде — дау бөлек.
Тұсау — ат сақтайды, ат — ер сақтайды, ер — жер сақтайды.
***
Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің баласы бол.
Бір елдің баласы болма,
Бар елдің данасы бол.
***
Жаңбыр жаумаса жер жетім,
Басшысы болмаса ел жетім.
Ұқпасқа айтқан сөз жетім,
Көре алмаған көз жетім.
***
Өзіңе-өзің кəміл бол,
Халқыңа əділ бол,
Жауыңа қатал бол.
Досыңа адал бол.
***
Тəңірге құйса дария
Суының мол болғаны.
Ел билеген ер жігіт
Сыйласа халқы құрметтеп,
Басына бақыт қонғаны.
***
Бірлігі мықты ел болса,
Барлығы түгел бауыр-ды.
Отқа иелік болмаса,
Жеріңді өрт шалады.
Əділ билік болмаса,
Халқыңды дерт алады.
***
Ұрпағыңа үлгі етіп,
Батырыңды жырлап өт,
Жерлеп жеңсе жауыңды.
Астыңа берсе алтын тақ,
Еліңнің саған сенгені.
Береке-бітім жолын тап.
Күштің бетін баста деп.
Қолыңа тізгін бергені.
***
Лауазымың өссе зорайып,
Адалдықты тұншықтырсаң сол айып.
Елді билеп өскеніңнен не пайда,
Рақатыңды көрмесе, ағайын мен халайық.
***
Жүзге бөлінгендердің жүзі қара,
Руға бөлінгендердің құруға асыққаны.
Атаға бөлінгендер адыра қалады,
Көпті қорлаған көмусіз қалады.
Хан азса, халқын сатады,
Халық азса, хандыққа таласады!
***
Жаныңа батса білерсің
Қасиетін саулықтың.
Елің тозса білерсің,
Азабы мен қасіретін.
Араздасқан жаулықтың.
***
Береке-бітім, келмедің
Əз Тəукенің кезінде,
Қазақтан туған асылдар
Өнеге болар ұрпаққа
Əйтеке мен Қазыбек
Əділін айтқан ер еді.
Терезем тең боп солармен,
Елімнің биік төрінен.
Орын алған Төле едім.
Береке-бітім болғанда
Еңсесі биік ел едім.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *