Сократ – Абай –Шәкәрім: адам жайлы сұқбат


Сократ – Абай –Шәкәрім: адам жайлы сұқбат

Абдрасилова Гауһар Зұлпықарқызы, филос. ғыл. к.

 

1841 жылы дат ойшылы С. Кьеркегор «О понятии иронии, с особым вниманием к Сократу» тақырыбында қорғаған магистрлік диссертациясында «әрдайым өзінен және өзгелерден бір қадам артта тұратын» «дүниеге жат бейтаныс» деп атаған Сократты «Неліктен отандастары өшпенділікпен өлімге қиды?» сұрағына жауап іздеді. [1]
Өмірі — өз ілімінің айнасы болған Сократтың өмірі, әсіресе өз еркімен қабылдаған өлімі асқақ әрі тылсымға толы. Сондықтан ұзақ уақыт бойына Платон «Диалогтарындағы» Сократ атты идеалдандырылған персонаж – тарихи тұлға ретінде қабылданып келді. Егер Сократ терең де сезімтал диалектик, Идеялар теориясы мен Өлмес жан ілімін насихаттаған метафизик, идеалды қаланың қандай болуын болжайтын әлеуметтік реформатор болмаса, ширек ғасыр бойына (б.д.д. 425 жылдан өз өліміне дейін) Афинының білімді жастарын баурап-елтіп, әйгілі болар ма еді? Қарапайым көрінетін ілімі Афинылық демократияны қатты мазасыздандырып, Афины өкіметі 70 жастағы философқа қарсы сот процесін бастар ма еді?
Бұл сұраққа жауап табу үшін Сократ туралы дерек көзі болып табылатын Платон диалогтарына үңілейік. Жиырмаға қараған шағында (б.д.д. 407 жылы) Сократ шәкірттерінің қатарына енген және Сократты өмір бойына ұстаз тұтып өткен Платон аса ұқыпты да сезімтал тыңдаушы болып шықты. Бірақ «Диалогтардағы» Сократ – көркем образ ғана болғандықтан, 1911 жылы екі британдық ғалым – грек философиясының тарихшылары Дж. Барнет пен А.Е.Тейлор, өмірде болған тарихи Сократ пен «Диалогтардағы» Сократтың қайсысы шын екенін анықтауға кірісті. Ғалымдар Платонның туындыларын мұқият зерттеп, басқа дереккөздерімен салыстыра келіп, жазылу уақытына қарай Платон диалогтарын «алғашқы», «кемел шақтағы» және «кейінгі» деп үш хронологиялық топқа жіктеді. Платонның алғашқы кезеңдегі диалогтары шынында да Сократтың ықпалымен жазылғаны (сондықтан олар «сократтық» диалогтар), ал кемел шағында және өмірінің кейінгі кезеңіндегі диалогтары Платонның өз ілімін бейнелейтіндігі анықталды. Нәтижесінде тарихи Сократ пен «Диалогтардағы» Сократтың өзара сәйкестігі, барабарлығы, ал Платонның — әрбір сәт пен әрбір ойды дәлме-дәл бере білген шебер «репортер» екендігіне көз жетті.
Бірақ Барнет мұндай классификациямен келіспейді. Оның пікірінше, Сократ басты персонаж ретінде баяндалатын диалогтар – Платонның оларды қай кезде жазғанына қатыссыз – барлығы да «сократтық» сарында.
Нағыз ойды тек көзбе-көз, ауызба-ауыз, тікелей айтылған сөз ғана жеткізе алады деп сенгендіктен өз өмірінде бірде-бір еңбек, бірде-бір сөз жазып қалдырмаған.Сократ өз заманында кең тараған түрлі натурфилософиялық спекуляцияларға қарсы тұрды. Өз қажетіне қарай софистер бірде оны, бірде мұны ақиқат ретінде дәлелдеп, ал элеаттықтар табиғат туралы білімнің қайшылыққа толы екенін айтып, айыптап, тұтасымен терістеп жатса, Гераклитті жақтаушылар да түрлі себептермен, дәл осыны уағыздады. Ол даулардың негізінде бас пайда мен атаққұмар даңғойлық, мақтансүйгіштіктен өзге ештеңе жоқтығына көзі жеткен Сократ адам, адамгершілік туралы өз ойларынан ілім құрап, азаматтық өмір және индивидуалды мораль тақырыптарына сұқбат жүргізді. Сократ «алғаш болып философияны жерге түсірді» деп баға бергенде Аристотель — Сократ іске асырған осы интеллектуалдық революцияны нұсқайды.
Сократ ілімі бізге оның шәкірттері арқылы жетті. Олардың әрқайсысы Сократ ілімін өздігінше баяндайды. Ал күмән туғызбайтын мәліметтер қатарына мыналар жатады:
• Сократ «Философияның басты міндеті — табиғатты зерттеу емес, адамды тану» екенін бірінші болып айтты;
• Сократ пікірінше, философияның басты мақсаты — адамды өмір сүруге үйрету;
• Сократ жанның денеден-денеге көшуі идеясын жақтады.
Сократ философияның орталығына – тек адамгершілік иесі ретіндегі адамды қойды. Сондықтан Сократ философиясы – этикалық антропологизм. Этика сұрақтарында Сократ рационализм принциптерін дамытты: ізгілік – білімнен, білуден туындайды; ізгілікті игерген адам жаман іске бармайды, сондықтан интеллект мәдениеті адамдарды ізгілендіреді: ешкім өз еркімен жаман болайын демейді, олар жаман іске — ненің жақсы, ненің жаман екенін білмегендіктен ғана барады.
Сократ этикалық реализмді жақтады:
1. «кез-келген білім – ізгілік»;
2. «кез-келген зұлымдық білімсіздіктен туады» деп түсінді. Яғни
адамды ізгілікті ететін – ненің ізгі, ненің зұлымдық екені туралы білім. Мысалы: батырлық – адамның өз қорқынышын жеңуі туралы білім; әділдік – құдіретті және адами заңдарды қалай орындау керектігі туралы ілім; ұстамдылық — өз құштарлығы-нәпсісін қалай тізгіндеу керектігі туралы білім. Бұл ілім антикалық дәуірдің өзінде сынға ұшырады (мысалы Аристотель).
Өзінің этикалық рационализм ілімінде Сократ ізгілік пен білімді теңестіреді: «ізгілік бүкілімен — білім», нағыз ізгілік – білуге, оны тануға тікелей байланысты», «ізгіліктің ақиқатылығының бір ғана өлшемі бар, ол — білім».
Мұндай барабарлықтың жағымды да, жағымсыз да жақтары бар. Жағымдысы: білімнің, біліп барып іске асырудың арқасында ізгілік — өз қасиетін жоймай, орнықты болатындығы. Яғни білім – ізгілікті өзінің қарама-қарсылығына — зұлымдыққа, дұшпандыққа айналып кетуден сақтайды, өйткені надандықпен жасалатын ізгіліктің қауіптілігі фанаттық сенімнің салдарынан кем емес.
Жағымсызы – ізгілікті білімге тікелей тәуелді етуінде. Нағыз ізгілік ұзақ ойлаудың емес, көңілдің, жүректің қалауынан туады. Ізгі істі ақылға салып жан-жақты ойланып-толғанып, рационалды себеп тауып барып істеу – пайда іздеумен бірдей. Ал пайда бар жерде нағыз, шын көңілден жасалатын ізгілік жоқ. Ал екінші бір жағынан, ақылмен кесіп-пішілмеген ізгі істің шала болатыны да рас. Біліп барып істелмеген жақсылық оп-оңай өз қарама-қарсылығына ауысып, догмаға немесе екіжүзді жәдігөйлікке айналмақ.
Сөйтсе де, ізгіліктің ізгілік болып шығуына және солай болып қалуына жалғыз білім аздық етеді. Өйткені, ізгілік – риясыз істелгенде ғана ізгі. Ал риясыздық үшін себептің керегі жоқ.
Сократ этикасының мәні мынада:
1. Сократ пікірінше, адамгершілікке, ізгілікке ұмтылыс әрбір адамға тумысынан тән. Ал ол ұмтылыс нағыз ізгілікке айналу үшін бәрін еске түсіру қажет. Еске түскен бойда ол адам ізгілікке ие болады. (Платон кейін өз кезегінде ақиқат білім – адамның жаны тәнімізге енбей, ақиқат болмысты тамашалауға кедергі болатын сезім мүшелеріміз жоқ кезде қабылданған мәліметті еске түсіру, ал шәкіртті оқыту – шәкірттің ес-жадында бар нәрсені жарыққа шығару деп дамытады. Жаңа Заман дәуірінде бұл ой туа берілген идеялар теориясы түрінде жалғастырылды).
2. Жамандық – білімнің таяздығынан, жоқтығынан туындайтын адасушылық. Ізгілік дегеніміз – ізгілік туралы білім. Ізгіліктің не екенін білмей тұрып ізгі болу мүмкін емес. Ізгілік (немесе адамгершілік) – қайырымдылық – ізгілік екендігін біліп істелінгенде ғана ізгілік. Есепсіз, санасыз, білмей жасалатын жақсылық (мысалы, жануарлардағы) – ізгілік емес.
3. Білім – ізгіліктің алғышарты: ешкім де өз еркімен жамандық жасамайды. Ізгіліктің не екенін білмегендіктен немесе зұлымдықты ізгілік деп қабылдап, адасушылықтан. Ал адамдар өз табиғаты бойынша ізгі.
4. Білім – адамгершіліктің маңызды бөлігі ғана емес, адамгершіліктің өзі деп санады Сократ. Ол туралы білімге ие болған сәтте ізгілікке айналатын не нәрсе? Ондай жалпы білім ретінде Сократ жанды жетілдіру мен жанға деген жалпы қамқорлық туралы білімді атайды.Сократтың бұл этикалық интеллектуализмі ілімінен мынадай қорытынды туындайды:
1. білім беру, ақыл-ойды жетілдіру арқылы ізгілікке баулуға болады;
2. білім біреу, демек, ізгілік те біреу (ал сансыз көп ізгілік түрлері – сол білімнің бөлшектері: әділеттілік – басқаларға қалай қарау туралы; жүректілік – неден тартынып, неден қорықпау керектігі туралы).
Сократтың диалог түрінде өтетін ашық әңгімелерінің тақырыптары: ізгілік, байлық, даңқ, денсаулық, сұлулық, махаббат, адамшылық, зұлымдық. Ол әңгімелерді өткізу тәсілін Сократ өзі «майевтика» («кіндік шешелік» — «ой туғызу өнері») деп атады. Оның мәні — әңгімелесушіге дайын ойларды үйрету емес, оған жетекші сұрақтар беру арқылы ойландырып, ақиқатты іздеуге итермелеу.Мұндай әдіске тап болған адам алғашында қарапайым сұрақтарға өте оңай жауап бергенімен біртіндеп шатасып, қайшылықтың шешімін таба алмай дағдарады. Ал Сократ сол бастағы күйінше аңғал түрмен сұрақтарды үстемелей отырып әрбір адамның өз-өзінің ойы мен санасына үңілуіне, бұған дейін талғамсыздықпен немесе білімсіздіктен иланып келген, бедел санаған қағидалар мен ойлардың жалғандығына, жасандылығына, негізсіздігіне көз жеткізуіне себепші болады. Ой тұңғиығына көңіл көзімен саяхат жасайтын мұндай айтыс-тартыстан соң ол адам — мәселеге жан-жақты қарап, білгенін тереңдете түсуге, білмейтінін өз бетінше іздеуге үйренеді. Ал адам өзінің рухани өміріне үңілген сайын ақылы мен парасаты жағынан байи түсетіні белгілі.
Сократ ілімі логика мен этиканың бастауы болды: Сократ ойды логикалық тұрғыдан қарастыруға мүмкіндік ашты. Сократ әңгімелер мен дау-таластарда ақиқатты ажыратып отыратын диалектиканың негізін қалаушы ретінде аты шықты. Сократ пікірлердегі ойдың айқындылығы мен нақтылығы – олардың ақиқаттылығының бірінші белгісі екенін алғаш болып айтты. Пікірсайыстарда Сократ дүниенің, және сондай-ақ адамның ақылды да мақсатты ұйымдастырылғандығын дәлелдеуге тырысты. Осылайша Сократ философиясы арқылы алғаш рет логикалық ой көрініс берді. Өз философиясында басты орынды этикаға бөлген Сократ білімге үлкен мән беріп, дұрыс білімді екі әдіс арқылы:
1. жеке жағдайлардан жалпы қорытынды жасау әдісі;
2. жалпы жағдайлардан қалыс қалған белгілерді табу әдісі
арқылы алуға болады деп сенді (өз әдісін Сократ маевтика деп атады). Білім алудың бұл әдісін кейінірек Аристотель «индукция» деп атап, жалпы ұғымдар үшін анықтама алу тәсілі ретінде қолданды. Сократ жалпылау өнеріне, жалпы ұғымдарға дұрыс анықтама табу өнеріне үйретті. Бірақ алғашқы орында этика тұрғандықтан Сократ үшін білім алу туралы ілім мақсат емес, құрал ғана. Сондықтан Сократ индукциясы табиғат заңдарын зерттеу үшін емес, адамгершілік ұғымдарын айқындауға бағытталды
Саяси көзқарасы. Сократ мемлекеттік билік тек «жақсыға», «аса игіге» (яғни, әділетті, тәжірибелі және міндетті түрде мемлекетті басқару өнеріне ие, қабілетті басшыға) тиесілі болуға тиіс деген пікірге негізделді. Сократ өз заманындағы афинылық демократияның кемшіліктерін сынады. Сократша, «жаман дегеніміз – көпшілік». Өйткені билеушіні сайлайтын көптің барлығы бірдей саяси-мемлекеттік сұрақтарды түсіне, біле бермейді және өз таңдаулыларының моральдық, интеллектуалдық деңгейі мен кәсіпқойлық дәрежесін бағалай алмайды.
Антропологиясы. Сократ философиялық зерттеу орталығына адам мәселесін қойды Байсалдылық, ұстамдылық, өз бойын билей алу қасиеттерін Сократ ақыл-ойдың үстемдігінің, адамның өзін-өзі билей алуының көрінісі деп санады Нәпсі, құштарлық итермелейтін қуаныш-қайғы, қажу жағдайларында адам өзін-өзі билеп-тежеуі қажет. Жан — тәннің қожасы және әміршісі. Бостандық, еркіндік дегеніміз — рационалдылықтың виталдылыққа үстемдігі. Ешкімді және ештеңені қажет етпейтін Құдай секілді, өз нәпсісін жеңіп, қажетсізден арылып, азға қанағат тұтатын дана адам — бақытты адам.
Бақыт мәселесі. Грек тілінде «бақыт» («эвдаймония» сөзінен) — өмірлік раһат пен көркеюдің кепілі болып табылатын «сақтап-қорғаушы демонның болуы» дегенді білдіріп келді. Сократ бұл ұғымды тереңдетті: бақыт — тәннен немеcе қандай да бір сыртқы ықпал-әсерден тумайды. Жан жетілгенде, ізгіленгенде ғана бақытқа бөленеді. Ізгі адам бұл өмірде немеcе о дүниеде зұлымдық азабын тартпайды. Адамға о дүниелік раһат қандай керемет көрінсе де, ол тек осы өмірде ғана бақытты бола алады. Адам — өз бақытының немесе өз бақытсыздығының сәулетшісі.
Адамгершілікке ие тұлға туралы дәстүрлі антикалық түсінік осылайша адамгершіліктік прогрестің өлшемдері туралы ұғымға ұласты. Ондай өлшем адамның табиғат күштеріне үстемдігі, оның әлеуметтік қатынастардан жоғарылығы және өз-өзіне өз билігінің бейнесі ретінде қарастырылды.
Рухани мәдениеттің рөлі екімәнді: адамның сыртқы, табиғат күштерін және өзінің ой-пиғыл-сенімдерін билеуі. Бірақ адам ақылының өз әрекеттері мен ниетін билей алуы — адамзаттың табиғи құбылыстарды бақылап-билеуінен әлдеқайда маңызды.
Осылайша Сократ дәстүрлі құндылықтар жүйесінде рухани төңкеріс жасады. Оның пікірінше, адам қолындағы билік, дәулет, денсаулық, сұлулық «өзіндік табиғаты бойынша өздігінен игілік бола алмайды. Егер олар надандық жетегінде кетіп, бұрыс бағытта дамыса, өздеріне жат көретін зұлымдыққа қызмет еткені. Ал егер ғылым мен таным жетегінде қозғалса, онда бұрынғыдан да үлкен игілікке айналады. Өздігінше олардың ешқайсысының құны жоқ». Сократ түсінігінде адам табиғаты — оның жанына, яғни ақыл-ойына барабар болғандықтан, адам табиғатын жетілдіретін нәрсенің, қасиеттің бәрі ізгілікке жатады. Нәтижесінде ізгілік — адам жаны мен ақыл-ойын жетілдіруге бағытталған таным формасы деген қорытынды туады. Сократтың «Танып білу — игі істің қажетті шарты» деген пікірі осылайша айқындалады. Өйткені ізгіліктің не екенінен хабарсыз адам оған қалай қол жеткізу жолын да білмейді. Жақсылықтың не екенін ұғынған, сөзсіз қажеттілігіне көз жеткізген адам ғана жақсылық жасайды.
Сократтың мұндай тезистерінен «парадокс» аталатын мынадай тұжырымдар туындайды: 1. ізгілік (даналық, әділдік, тұрақтылық, ұстамдылық) — қашан болмасын білімнен, ал зұлымдық — надандықтан туындайды; 2. ешкім де біліп тұрып күнәға батпайды. Зұлымдық жасаған адам ондай іске надандықтан, қараңғылықтан барады.
Мұндай «Сократтық интеллектуализм» классикалық кезеңмен қатар, эллинистік философияға да әсер етті: Сократқа дейін адам бойындағы ізгі қасиеттер түрліше (әділдік, адалдық, ұстамдылық, байсалдылық, даналық) аталып келген болса, Сократтан бастап, адам өмірі және ондағы құндылықтар ақыл-ойдың билігіне толығымен тәуелді етілді. (Сократқа дейінгі натуралистер космос пен космостық құбылыстардан ғаламдық ақыл-ойдың билігін көруге тырысатын). Нәтижесінде «Жақсылықтың не екенін білемін және қолдаймын, бірақ іс-әрекетте жамандықты ұстанамын» деген ұстаным Сократқа ғана емес, бүкіл антикалық дүние үшін болуы мүмкін емес жағдайға айналды. Осылайша Сократтан кейінгі бүкіл антикалық философияда жамандық немесе күнә — «ақыл-ойдың қателігінен туатын құбылыс» ретінде қарастырылды.
Ілімнің кемшілігі. Моральдық игілікті тікелей білімге, білуге апарып тірейтін бұл екі тұжырым тарихта «сократтық интеллектуализм» атына ие болды. Бірақ Сократ ілімі адамдардың игіліктің не екенін біле тұрып ізгі істі неге істемейтіндігін түсіндіріп бере алмады.
Сократ Анаксагор мен Эмпедоклдың ілімдерін қолдап, пифагорліктердің Идеялар теориясын, орфиктердің Өлмес жан туралы концепциясын және адам тәнін – сол адамның қабірі ретінде қабылдап, пәнилік өмірді – бақилыққа дайындық деп санаған мистицизмін өз дүниетанымына қабылдады. Бірақ Сократ орфик те, пифагорейлік те емес. Өйткені оның ойлауындағы басты ерекшелік: бейдогматизм, сындарлы ақыл және сократтық мысқыл. Сондықтан Барнет Сократ тұлғасын «Салқын ақылдың билігіндегі ыстық жүрек» деп анықтады. [2]
Сократ цикутаны қабылдағанда әлі дүниеге келмеген, ал оның өлімінен 50 жыл өткенде дәріс беріп, шығармашылыққа кіріскен Аристотельдің ұшқыр ойы, жүйелі де сындарлы ақылы Сократқа қатысты «шындықты», «шындыққа ұқсастықты», «шындыққа ұқсастықтың елесін» дәл, нақты жіктеді. Аристотель Сократтың алуан әдебиеттегі алуан бейнесін ажыратып келіп, тарихи тұлға ретіндегі Сократты «Socrates» деп, ал платондық Сократты «o Socrates» («әлгі Сократ») деп сілтеме жасайды.
Сократтық иронияның мәні: «Мен ештеңе білмеймін. Мен өзімнің ештеңе білмейтінімді ғана білемін. Бір нәрсені айыптау үшін немесе бір әрекет жасамас бұрын сол нәрсе туралы біліп алуым қажет. Жақсы кәсіпкер — өзі жұмыс істейтін материалдың және құрал-сайманның қасиеттерін жақсы білетін адам. Адам организміне дәрінің әсерін жақсы білетін дәрігер жақсы емдейді. Адам табиғаты мен дүние, тіршілік заңдарын жақсы білгендіктен – адам ізгілене түседі. Жеке бастың ізгіліктері – интеллектуалдық (соған сәйкес) білімге байланысты. Батылдық – қауіп туралы білім, құдайшылдық – құдайларға не ұнайтынын білу. Юстиция — заттарды дәл білу».
Сократтық оптимизм осыдан туындайды: «жаман дегеніміз — жақсы туралы білімді елемеу. Өйткені жақсы әрекет жасау үшін оны жақсы білу жеткілікті. Ешкім өз еркімен ақымақ болмайды. Парасаттылық (благоразумие) сияқты, ізгілікті де тәрбиелеуге болады». Грек интеллектуализмінің фундаменталды сипаты осы ойға негізделді.
Сократ қатардағы қарапайым уағызшыл моралист емес, «Осы Әлемнің жаратушысы және Әкесі» ұғымының, Өлмес жан және Идеялар теориясының, ақиқат білім мен қарапайым пікір доктринасының, таным құралы ретіндегі маһаббат концепциясының авторы, моральдық интеллектуализмнің негізін қалап, Платон мен Аристотельді ақиқатты іздеу жолына бағыттаған тәлімгер. Мінсіз үлгісі Сократтың өзі болып табылатын мұндай моральдық интеллектуализм – Батыс философиялық ойының даму бағытын ұзақ уақытқа анықтап берді.
Қазақ философиясы да ұзақ эволюциялық дамуды бастан кешіргенін айтуға тиіспіз.19 ғасырдың екінші жартысы мен 20 ғасырдың басы — Абай, Шәкәрім заманындағы жаңа өмірсалт, жаңа философиялық бағдар мен жаңа ой образдарын қалыптастыруды талап еттi.Нәтижесінде Шәкәрімнің дүниенің «адами сипатына» жасаған анализі оптимистік тұжырымдар мен соны да бірегей концепцияға әкелді.
Шәкәрім өз философиясындағы алғашқы міндет — тұтас әлемдік картинаны жасауда деп білді. Ойшыл дүниедегі адам орны мен табиғатын сол әлемдік тұтастық тұрғысынан қарастырады, адам туралы ілімінің негізіне Шәкәрім белгілі онтологияны қояды
Сонымен, Шәкәрім онтологиясының логикалық ретін қысқаша келтіретін болсақ: тіршілік атаулыға импульс беретін Бастапқы Себеп — Жаратушы, Тәңірі немесе Ceбenciз Себеп табиғат пен адам ақыл-ойы, жан құбылыстарында көрініс береді. Тартылыс пен серпіліс заңы табиғаттағы, болмыстағы қозғалыс көзі болып табылады және оның өзi Жаратушыға барып тіреледі. Нәтижесінде, өз кезіндегі физиологиялық, психологиялық, жаратылыстық және адамтану ілімдеріне сүйене отырып адам – ұзақ та күрделі, жеке (индивидуалды) және жалпы (жалпыадамдық) процестің нәтижесі деген қорытынды жасайды. Фактілерге, ғылыми қорытындыларға сүйеніп жасаған синтезінде Шәкәрім адамға, адамдар қауымына, адам атаулыға кеңістік пен уақыт жағдайында тарихи-генетикалық болмыстың «тіршілік түйіні» ретінде құрметті орын бөледі.
Шәкәрім адам мәселесінде табиғат пен әлеумет тұтастығын ескермеуге болмайтындығын ұмытқан емес. Адам табиғат дамуының нәтижесі, оның тiрi элементі болғандықтан қашанда оның жалпы даму, жетілу шарттарын, өмір сүру ортасы мен жағдайларын ескеріп отыру қажет. Шәкәрім «адамның құрамының» бүкіл табиғатпен бірлігі постулатын, тіршілік құрылымының күрделену есебінен болатын, төменгіден жоғарғы түрге қарай үдемелі дамуы жөніндегі жүйені негізге алғанын аңғару қиын емес. Ондағы әрбір элемент — материяның даму заңына — қарапайымнан күрделіге бағытталады және бағынады: «белгілі-бір кезеңде жан-жануар пайда болады, одан соң адам».3 Қазақ ойшылы адамды табиғаттың тұтастығы идеясы тұрғысынан қарастырады. Оның философиялық монизмі адамның дүниемен универсалдылығы, байланыстылығы идеясымен ұштасады.
Абай түсінігінде тұлға, азамат болудың шарты — «нұрлы ақыл, ыстық жүрек пен қайратты қатар ұстауда» болса, Шәкәрім азаматы «арлы». Бұл ойшылдың ең жоғарғы адамшылық сатысы. «Жоғарғы айтылған жаман әдеттерді жоюға бұлар жеткіліксіз болғандықтан,… «ар білімi» деген білім оқытылуға керек. Бұл ғылымды ақылды адамдар ойластырып, пән ретінде жазып, нәпсіні жойып, адам бойында жеке ардың қожа болып қалу жағын көздеу керек. Адам бойындағы нәпсі кеселі кетсе, өзгесі оңай….»4 «Ар білімi» — деп, «ар білімі нәпсі кеселін жоюға керек» деп атап жазған ойшыл, «ар білімін» имандылықты, адамгершіліктің қалыптасуын, адам мінез-құлқының принциптері мен нормаларын зерттейтін этика ғылымы деген деңгейде қарастырады.
Абай мен Шәкәрім — гуманист ойшылдар.
Гуманистер үшін ақиқатқа жету — өзін адамгершіліктік жетілдіру жолы есепті. Аристотельдің ізінше олар ақыл — адамның басты қасиеті деп, сондықтан даналық — ізгі қасиеттер ішіндегі ең жоғарғысы деп есептеді. Бұл — гуманистерден ғылыми революция жаршыларын көруге мүмкіндік берді. Рухани құндылықтар жүйесінде білімді алғашқы орынға шығару оны толық игілікке теңестіруге әкелді. Шәкәрім жүйесінің ерекшелігі мынада: Адам Tәңірi жаратқандықтан адам аталуы тиіс емес, ұжданы болғандықтан адам болды және болады. Немесе — адам құрылымының басты компоненті — ұждан. Онсыз адамның ішкі гармониясы ыдырап, статусы — «хайуанның арам, насы» дәрежесіне дейін төмендейді.
Осылайша, «қазақтың Сократы» — Шәкәрім рухани патшалықты, өмip мәнін объективті дүниеден емес, адамның өзінен іздейді және табады.Қозғалыс сыртқа емес, субъекттің өз ішіне бағытталады. Не табиғаттағы эволюция, не тарих немесе прогресс адамшылықтың кепілі бола алмайды.Тек қана ұждан!

Резюме

В статье проанализирована идейная преемственность мыслителей разных времен и регионов по проблеме человека — великое значение которых состоит в том, что они рассматривают в качестве основы всего не вещественное, материальное, а нечто идеальное, божественное, духовное, заключенное в человеке, обосновав тем самым уникальность человека, состоящую в его способности познавать, мыслить, верить в Бога и соблюдать законы нравственности.

The article contains the analysis of ideological succession of different period and region sophists on the problem of human being. Their great importance is that they consider the basis of everything is something spiritual rather than material inside a human being. It is a human being’s ability to think, perceive, believe in God and observe the laws of morality



Пайдаланылған әдебиет:

1. Гардинер Патрик. Кьеркегор. Очень краткое введение. (Перевод с английского Е.Глушенковой) –М.: Астрель: АСТ, 2008. -192с. С.22.
2. Каратини Роже. Введение в философию. Формирование философских взглядов и систем от античности до современности. –М.: Изд-во Эксмо, 2003.-736с. С.91.
3..Құдайбердіұлы Шәкәрім. Шығармалары.-Алматы, 1988, 89-бет.
4. Құдайбердіұлы Шәкәрім. Шығармалары. -Алматы.:Жазушы, 1988, 223-бет.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *