Бүгінгі қазақ əдебиетін қалыптастыруға үлес қосқан ақиық ақын, жазушы, қоғам жəне мемлекет қайраткері. Қазіргі Қарағанды облысы, Ақадыр (қазіргі Шет ауданы) ауданы, Қарашілік қыстағында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаған. Алғашқылардың бірі болып, Қырғыз АКСР-і Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы (1920–1925) қызметін атқарған. Өмірде де, өнерде де белсенді, кемеңгер де күрескер ақын өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы сұрапыл саясат салдарында жазықсыз жапа шеккен қазақ əдебитінің «үш бəйтерегінің» бірі.
Кеңсің дала,
Туған ана,
Көйлегің кең көк ала!
Жан беретін
Тəн беретін
Мейірімді ана сен ғана!
***
Шалқыған біздің жақтың көлдері бар,
Ағашты биік таулы жерлері бар.
Өзен, су, көлдер жайлап, тау қыстайтын
Меймандос, берекелі елдері бар.
***
Думанды шалқар көлдері-ай,
Еркін дала белдер-ай.
Каздай қатар мыңғырып,
Тізіліп көшкен елдер-ай.
***
Жүрекке ыстық, көзге сүйік өз елім,
Тең құрбымен қағысып, ойнап жүргенім.
***
…Жылқы, қой, сиыр, түйелі,
Сағындым Арқа — жерімді.
***
Біздің бір үлкен кемшілігіміз — басқа жұрттан бұрын өзімізді «киргиз» дейміз. Біздің «Қызыл Қазақстан» журналы орысша «Красный Киргизстан» деп аталады. Егер де біздің қазақ бұл қатені түзетем десе, оп-оңай түзетіп əкетер еді…
***
Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік.
***
…Істі қазақшаға аударуды ауылдан, болыстан, ауданнан бастау керек. Волостной исполкомдарда істі қазақ тілінде жүргізу үшін уездерде соларға кісілер даярлап жіберетін курстар ашылу керек. Ауылдан, болыстан, ауданнан қаладағы мекемелерге қағаз жазғанда ылғи қазақ тілінде жазып отыру керек. Қалалардағы мекемелер қазақша жазылған сөздерді алып тексеріп отыруға міндетті. Күллі тілдің бəрі бірдей жүреді деген закон бар. Енді қазақша хат білетін кісілер де бағалырақ болу керек. Əлі қазақша хат білмейтін адамдар французша білсе де Қазақстанда бір кезде іске аспай қалуы ап-анық нəрсе.
***
Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды.
***
Халықтың қорлық көрген туын ұстап
Əділдік жолын іздеп қуған едім.
***
…Өнерлі елге жетпек керек,
Болды ғой, басып озып өтпек керек.
***
Елден безген ер үшін,
Ауыл емес қорыққан…
***
Азамат, жүнжіме, жүрме бос,
Қол ұстас, бірігіп тізе қос,
Ту ұстап дұшпанға барайық,
Теңдіктің ұранын салайық.
Тізесін батырған залымнан,
Күн туды — біз теңдік алайық!
***
«Қазақ» деген атымыз қайтарылып, егеменді ел болдық!