Махмет Қайырбайұлы Қайырбаев
Махмет Қайырбаев 1925 жылы 1 қаңтарда Павлодар облысы Бесқарағай ауданы Семиярка селосында туған.
Соғысқа дейін Семияр орта мектебінде мұғалім болып, жоғары білім алуды мақсат еткен. Соғыс басталып, 17 жасында әскери комиссариятқа барды. 1942 жылы тамызда Қызыл Әскер қатарына шақырылып, 1943 жылы бірден әскери-артиллерия училищесіне оқуға жіберілді.
Ол кісінің өмірі біздің облысымыздың тыныс-тіршілігімен тығыз байланысып жатты. Оның балалық шағы Аршалы жазығындағы Құлмырза тауы етегінде (Май ауданы) өтеді. Ол Қайырбай Мұқатаевтың шаруа отбасында дүниеге келді. Ұжымдастыру барысында оның отбасы туған жерлерін тастауға мәжбүр болады. Мамыртүбек арқылы (қазір Курчатов) Семиярка ауылына өтеді.
Махметтің жас күнінде оның әкесін халық жауы деп қалай ұстағандары бәрі есінде болатын. Ал соғыс басталған уақытта 16 жасар М.Қайырбаев соғысқа баруға өтініш білдіреді. Бірақ ол кезде рұқсат бермей кейін бір жылдан соң артиллериялық училищеге оқуға жібереді. Жауынгерлік жігерді жас лейтенант Калинин, Смоленск, Витебск түбіндегі шайқастардан дарытты. Ал оған бар жоғы 18 жасқа толған уақытта 1943 жылы батарея басшысы бола жүріп, “Ерлік үшін” медалімен марапатталады.
Сол жылдың сәуір айында соғысқа аттанады. Бас командование резервіндегі 17 дербес танкіге қарсы, жойғыш артиллерия бригадасы құрамында әртүрлі майдандарда соғысты.
1944 жылдың 3 шілдесінде 3-Белоруссия майданының әскерлерімен және партизан құрамаларымен бірлесе отырып, фашистік басқыншылардан советтік Белоруссияның астанасы Минскіні азат етті. Бұл кезде 2-ші Белоруссия майданының әскерлері Березинадан өтіп, Минскіге жылжыған. Соның нәтижесінде Минскінің шығыс жағында жау әскерлерінің 18 дивизиядан тұратын үлкен бөлігі қоршауда қалып жойылды. Осы күндері Москва көшелерімен күзетпен неміс армиясының 60-мыңдай солдаттары, офицерлері мен генералдары өткізілді. Олар советтік астананы тұтқын ретінде ғана көре алады.
Совет әскерлерінің Белоруссия мен Прибалтикада шабуылы одан әрі жалғастырылды. 1-ші Прибалтика майданының әскерлері шілдеде жаңа ірі табыстарға қол жеткізді. Олар литвалық Паневежис, Шяуляй қалаларын және ірі Елгава темір жол торабын азат етті.
Шяуляйдың батыс жағындағы ұрыста Бесқарағай ауданының тумасы, жойғыш танкке қарсы артилерия полкі батареясының командирі аға лейтенант Махмет Қайырбаев ерлік жасады. Қоршауда ұрыс жүргізіп жатқан полк батареяларының біріне көмек көрсетуге бұйрық алған аға лейтенант Қайырбаев өзінің 15 жауынгерімен күші басым дұшпанмен айқасқа түсіп, бұйрықты орындайды, сол жолы үш жау танкісі мен бір батальондай гитлершілді жояды. 1945 жылдың 24 наурызында Махмет Қайырбайұлы Қайырбаевқа Совет Одағының Батыры атағы беріледі.
Соғыстан кейін Батыр, Алтын Жұлдыз кавалері Отанына оралып, қажырлы еңбегіне кіріседі. 1946-57 жылдары Успен және Ермак аудандық атқару комитеттерінің төрағасы, 1957-68 жылдары Краснакутск аудандық партиясының хатшысы болады. 1968-76 жылдары Павлодар облыстық комитеттің 2-ші хатшысы, 1976-1982 жж. Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады. 9 орденмен марапатталған, соның ішінде Ленин ордені (1945), Александр Невский (1945), Еңбек Қызыл Ту ордендері (1957,1966,1971), І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы, ордендерімен, Октябрь революциясы және көптеген медальдармен марапатталды. Республиканың Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. 1994 жылы қаланың бір көшесіне Махмет Қайырбаев есімі берілді. 1997 жылы Данқ аланыңда бюст тұрғызылып, ол тұрған үйге мемориалды тақта орнатылды. М.Қайырбаев 1945 жылы Ф.Дзержинский атындағы соғыс академия курсын, ал, 1960 жылы Қазақстан Компартия Орталық Комитетінің Жоғары партия мектебін бітірді. [30, 329-330, 42, б.6, 43, б.5]