Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм жерінде туып өскен. Əкесі Сұлтанқожа мұсылманша сауатты, шағын дəулетті, көзі ашық, діндар адам болған. Майлықожа əуелі үйде, əкесінің үйретуімен сауатын ашып, кейін өз бетімен көп ізденіп, заманына сай білім дəрежесіне жеткен. Майлықожаның өнегелі сөздері кейін елге тарап, ауыздан-ауызға көшіп, жаттанды нақылға айналып кеткен. Майлықожа ұлтымыздың əдебиет тарихынан ойып тұрып орын алар өз заманының көрнекті ақыны болған. Ол, сондай-ақ, шығыс əдебиетін қазақ тіліне аударды.
Халық ісі дегенде жақсы қалмас тартынып.
***
Елге келген жұмысқа жақсы жүрер қайысып, жаман жүрер майысып.
***
Ақын — елдің тұлпары,
Кетпейтін басы кермеден.
***
Көпті көрген ер жігіт — көсем болар төселіп.
***
Ерінбегеннің еңбегі жанар.
***
Мал аласы — сыртында,
Адам аласы — ішінде.
***
Бақ қонады ұл таңдап,
Қонақ қонар үй таңдап.
Болымы жоқ бозбала,
Бейнеттен қашар бұлтаңдап.
***
Жігіттің бағы қайтады — ағайын жұртын алдаса.
***
Аңдысқан мынау дүниеде — біреуге-біреу табашы.
***
Өңкей жақсы қосылса —
Бітіреді кеңесті.
Өңкей жаман қосылса —
Шығарады егесті…