Екінші Шығыс Түрік қағанатының негізін салған Құтлықтың (Елтеріс) ұлдары туралы ел аузында: «Білге қаған ел бастап, Күлтегіні қол бастап» деген сөз бар. Олар «елдің алтын тұтқасы, айбарлы асыл тірегі» болған. Өз дəуірінің белгілі қоғамдық қайраткері Күлтегін батыр, түркі əскерін басқарған қабілетті де көрнекті қолбасшы болған.
Күлтегін дүние салғанда, қалың жұрты, ұрпағы оның рухына тағзым етіп, алып ескерткіш орнатады, оған елінің тарихын қашап жазады. Бүгінде сол ескерткіштің ғылыми көшірмесін Елордасы — Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің төрінен көруге болады.
Көтерген де — тəңірі, ел берген де — тəңірі.
* * *
Қаған ел құрар.
* * *
Ел ұстап, заң жасаған.
* * *
Ері жоқ елдің күні қараң.
* * *
Тату елге — тыныштық пен тоқшылық нəсіп.
* * *
Бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанының алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан, бегі менен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айырылады.
* * *
Қағанынан айырылған ел — ғаріп, иесінен айырылған жер — ғаріп.
* * *
Күшке күш қосылса — құп, елге ел қосылса — құт.
* * *
Биікте көк тəңірі, төменде қара жер жаралғанда — екеуінің арасында адам баласы жаралған; адам баласы үстіне — Бумын қаған мен Істемі қаған отырған; отырып түркі халқының ел-жұртын қалыптастырған, иелік еткен.
* * *
Билеушісі біліксіз елдің жұрты жалтақ келеді.
* * *
Бас иесіз — ел тозар.
* * *
Зердесіз қаған ел билесе — сол жаман, əлсіз қаған ел билесе — сол жаман.
* * *
Халқын жұтатпаған қаған бақытты.
* * *
Халқын асырау — қағанға парыз.
* * *
Қаған үшін еліне қарулы жау келтірмегеннен асқан мерей жоқ.
* * *
Қағанын сатқан халықты тəңірі де жаратпайды.
* * *
Елін сүйген ер бақытты.
* * *
Халқына — бегі, бегіне — халқы сенген ел ұзақ жасайды.
* * *
Елді халық едім, қайда енді сол елім?!
Қағанды халық едім, қайда сол қағаным?!
* * *
Жарлы халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым.
* * *
Елін елдікті етті, жауын бейбітті етті,
Бастыны бағындырды, тізеліні бүктірді.