Жаңабатыр әңгімесі
Тілеуімбет: Наурыздың- Наурызының тарауы: Шобалай, Шобай, Ақай, Текей, Ерсімбек (Ырсымбек), Мамек.
Шобалайдан- Жаңабатыр, Өміртай. Айдаболда- Төлебай, Күлікте- Шобалай, Орманшыда- Қарабай, Қаржаста- Мырзағұл- төрт босаға болған, жұрт аузына ілінерлік, ел ұстарлық кісілер осылардан шыққан.
Абылай ханның Үш жүздің баласы қазаққа дүрі жүріп тұрған күнде, құнға кесім қылдырғанда, тамам талас сөздің үстінен қаратып, бітім айтқызып, билік қылдыратұғын биі- Күлік Шобалай баласы Жаңабатыр би екен. Және:
— Ас беріліп, ат шаптырылған жерде Жаңабатырдың босағасына түйе бастатқан «тоғыз» байлансын, Жаңабатыр: «Осы ас жарайды, келісті ас-ақ болды»- десе, ат шауып, ас тарқасын. Болмаса, қайтадан ас бергіземін десе, билік Жаңабатырда болсын!- деп, Абылай хан жарлық қылған екен. Сонда Жаңабатыр өзінің бәйбішесінің асында:
-Бәйбішенің балалары босағама түйе бастатқан «тоғыз» байламаса, ат шабар төбенің басына бармаймын,- деп, отырып алған соң, бәйбішенің балалары айтқанын қылып: «Өзінің қатынының асына үлбелеген (олбала-кен) Жаңабатыр»- атанған. «Жаламен Жаңабатыр үш шабылды»- делінген Жаңабатыр осы. Бұл кісінің құнға қылған кесімі: қара құн- жүз жылқы, он екі «жақсы». Сүйек құны- елу жылқы, алты «жақсы». Өнер құны- тоқсан құн болады, тоғыз «жақсы». «Жақсы» дегеннің басы- «жетім», қалы кілем, қара нар, мылтық,- сондаймен тоғыз болады. Ұрғашының кұны- еркектің бір көзінің құны, елу жылқы, алты «жақсы».
Аттың кұйрығын кескен ұрыға бір жылғаша билік айтпайды екен, босаға күзеттіреді екен. Босаға күзеттіргеннің мәнісі сол- атының құйрығы кесілген үйден бір жылғаша кісі өлсе, ат құйрығын кескен ұрыға кісі құнын тартты-рады екен.
— Сен жаман ырым қылдың. Атын тұлдадың, мұның үйінен кісі өлуі сонан болды,-деп. Шідер ұрлағанға шідер қайыс болса, үш атқа үш балағын салып, үш ат үзіп кете алмаса, ұрыға үш ат айып салады екен. Жау бетін қайыратұғын жаудан елін қорғап (қозғап), аман айыратұғын батырлардың кұнын- «жеті ердің құны болсын!»- деген екен. «Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ»- деген. Шешендікпен ұлтына олжа түсіріп, бітіретұғын шешендердің құны- «үш ердің құны болсын!»- деп кесім қылған екен.
Сол замандарда жеті ердің құны- Малай- Жәдігерден шыққан Айтқожа баласы Жауқаш- Биқаштың Жауқашына алынған екен қалмақтан.
Бір басына үш кұн ұрғашыда Ұлбикеге, еркекте Көтеш ақынға алынған екен.
Бұл Жаңабатыр: «Арқаға үш шабындым, жаламен үш шабылдым!»- деген дейді.
Бұхар барып жолаушы жүрген күнінде екі жақ болып төбелесіп жатқандарға кез болып:
Мынаны айырайық, арашалайық,- десе, жанындағы жолдастары:
Өзіміз жолаушы жүріп, айдаладағы біреудің бізге өлген- тірілгені не керек?- депті.
Сонда аз жағы: «Кім де болса, Жаңабатырды танып айырады ғой, араша-лайды ғой!»- деп дәмелі болып қалған екен.
Жұртқа аты шыққан ері (ірі) кісінің арашашы болмай, керексіз қылып өте бергендігіне өкпелеп, сонда өлімші болып таяқ жеп қалған.
Кім сені ұрған- соққан?-деп сұрағышыға.
Маған қылғанда, Күлік- Жаңабатыр би қылды. Менің қаным соның мойнына!- деп өліп кетіпті. Мұның ұрмағанын, соқпағанын жұрт біліп тұр. Білсе де, өлермен қадалып жабысқан соң, арашалап айырмағандығының айыбына сексен серке тартқан екен.
Кім де- кім екі ұрысып төбелескенді көре тұрып, айырып арашалауға әлі келе тұрып, арашашы болмаса, жазатайым соның бір жағы өліп кетсе, құнын елтіргішіден алсын да, айыбын арашаламағаннан алсын!- деп.
Енді бірі-бір ұлы жиын аста жерден сыңар аяқ өткен жеті жұртты тауысқан бір қу келді де, белдеуде байлаулы тұрған Жаңабатыр бидің атының аузын ашып қарады дейді. Қараса, тілінің түбіне тақалған жері қап-қара екен. Жергілікті Құдай жаратқан, өзі қояндай боз ат екен. Сол жатып жабысты дейді.
— Құлын күнінде жоғалтқан боз биенің кұлыны еді,- деп. Жаңабатыр:
-Өз жылқымның тумасы, Аузын ұрып, аяғын қолдан сыпырған тұл атым,- дейді.
Анау:
— Құлын күнінде жоғалтқан менікі,- дейді.
Дау болған соң, бір көлденеңсіз құтыла ма, жүгініске түседі. Сонда жаламенен жабысушы көрінбеген жерінен белгі айтысайық дейді. Жаңабатыр:
— Бір меңі жоқ қояндай боз ат, бұған басқа белгі не керек?- дейді.
-Енді осының көрінбеген жерінен белгі айтсам, менікі бола ма?- дейді.
— Қап, енді осынан көздің көлеміндей боздығынан басқа белгі тапсаң, сенікі-ақ болғаны,- дейді.
— Менің биемнің тілінің түбіне тақалған жері қол басындай қап-қара еді. Енесіне тартса, мұның да тілінің түбінде сол белгі бар шығар. Егер де тілінің я ұшында, я ортасында, я түбіне тақалған жерінде қол басындай қара болмаса, онда менің боз биемнің құлыны болмағаны,- дейді.
Атты алдырып, аузын ашып қараса, тілінің түбіне тақалған жері қап-қара екен.
— Мынаның сөзі шын болды,- деп,- сіздей кісінің астынан ат алу жол-жобаға сыймайтұғын нәрсе, бұл ат бүгін өз астыңызда барсын!- «Өзімдікі екендігі шын еді»,-деп бір ауыз сөз айтып, атты өзіңіздікі қылсаңыз да, өзіңіз біліңіз. «Жоқ, тақымым үйренген жануар еді!»- деп, үш бесті берсеңіз де, өзіңіз біліңіз,- делінген соң, жұрт дағдарып тарқасты дейді. Ертең таң атқан соң, Жаңабатыр үш бесті алып кеп ортасына келді дейді:
— Әлеумет, көп жиылған топ, кеше өзімдікі деп таластым, бүгін мынанікі қылып, төлеуін алып келіп отырмын. Үйге бардым, бір аяққа аппақ сүт қойдым. Бір аяққа мөлдір, тұнық қара су қойдым. Сүтті қайыра сүтке қостым. Суды суға қостым. Сүттен жұғын қалды. Судан жұғын қалмады. Ойладым, менің сөзімнің ақтығы сүттей ақ шығар, сонда да онан жұғын қалды-ау! Әне, бәлекеттің сөзінің қаралығы қара судай-ақ шығар, сонда да онан жұғын калмады-ау?! А, бұрынғының: «Ақ та болса, ант ішпе, айрандай жұғады!»-дегені осы екен-ау- деп, бір ауыз сөз айтуға жарай алмағаным осы,- депті. Ананікі жала екендігіне жұрттың көзі жетіпті, сонда да болмай Жаңабатыр үш бесті берген екен.
Құдай рахмет қылсын! Жаңабатыр би қартайған күнінде, ел қыстау-кыстауында отырған мезгілінде түйелерін қайырып, жинастырып жүрсе, бір бес атты кісі бірін-бірі қуысып, сабаласып, олай-бұлай ұйтқып шауып жүргенін: «Ел арасында жау жүре ме, ойнап жүрген бозбалалар ғой!»- деп, жайымен түйесін жинастырып жүре береді.
Манағы бесеудің бірі құлап қалды да, төртеуі қашып кете барады. Ақырын аяңдап білейінші деп Жаңабатыр келсе, өлімші қылып тастап кетіпті. Кірпігін қимылдатуға зорға әлі келіп, өкпесін соғып жатыр. Сол арада көрініп тұрған қыстаулардан көп кісілер де келіп қалды. Әлгі өлімші болып жатқан Сексен ұрпағының біреуі екен. Өз ауылдарының кісілері:
Кім сені ұрған-соққан?- дегенде,
Жаңабатыр,- еді де, өліп кетті дейді. Сонан соң оның жанкүйерлері:
Осыны өзің ұрмасаң да, ұрған кім, өлтірген кім екенін білесің?- десе, Жаңабатыр:
Мен білмеймін,- деп, көрген- баққанын айтса да, Сексен деген ел гулесіп, шуласып, нанбайды да болмайды.
Тілеуімбет, Наурыз бірыңғай, Ақыл, Сексен бірыңғай болысып, Күлік өзді-өзі екіұдай болып, айтысып, тартысып, ұлғайып бара жатқан соң, Айдабол: Шоң, Торайғырдың әкесі-Едіге би Айдаболдың ең жақсыларын жіберді дейді.
— Сіздердің замандасаңыз ғой! Бізді баласынар, ағайын арасын бүтіндеп жарастырып келіңіздер,- деп.
Бұлар барса, Жаңабатыр төсегінде теріс қарап жатыр екен. Барған бұлардың сәлемін де алмады, амандық та айтыспады, керек қылмай, үн жоқ, түн жоқ жата берді дейді.
Бір мезгілде басын көтеріп, тіл қатпастан, үндеместен барып, отырған бұларға ежірейіп қарап, бір қолын бұлай көрді, бір қолын олай керді. Аузын ырбитып, ернін бұлай бір шалжайтты, олай бір шалжайтты да, қайтадан теріс қарап жата кетті дейді.
Сонан соң бұл барғандар өкпелеп қайтты. Және көрген-білгенін Едігеге келіп айтты. Ағаң алжыған екен, қартайған екен, аузын шалып, ақылын танып қалыпты. Біздің барған-тұрғанымызды керек те қылған жоқ. Және сөйтті-сөйтті, қолы мен ернін қалайша қылғанын сойледі дейді.
Сонда Құдай рахмет қылсын Едіге ағам, Едіге би:
-Алжыған жоқ екен, аузын шалып, ақылын танған жоқ екен. Бұл келіп отырғандар: бірің оқ беретұғын немесің, бірің жақ беретұғын немесің, бірің бұлай керіп созып, бірің олай шалжитып, ағайын арасын ашқаннан басқаң жоқ. Кесім жоқ, кесім жоқ, сендермен ісім жоқ- деп, мені жоқтап жатыр екен,- деп, жалма-жан Едіге би өзі атқа мініп барып: «Бұл өзі қыстау ортасында болғандықтан, қапы қалған жұмыс болды. Егер қыстаусыз жерде болса, жау ма, немене деп сезіктеніп, не арашалап, айырып қалар еді. Не шыр етіп (шер метіп), танып қалар еді. Кере тұрып ұрғанның кім екенін біле алмай қалғандыққа қыстау жазалы болуға керек,-деп, Жаңабатырдан Сексен деген елге бір қыстау алып беріпті. Сөйтіп сенбегенін сендіріп, нанбағанын нандырып, ағайын арасын тату қылып жарастырып қайтқан екен.
Жаңабатыр би жүз төрт жасқа келіп өлген екен. Өлерінде айтыпты:
— Құдайдың маған берген өмір жасы жүз он төртте өлмекші едім, он жасым кем болды. Оны Құдайдан көрмеймін, өзімнен көремін. Үш жан берген топтың ішінде болып едім. Өзім ант ішпесем де, ант ішкенмен бір топта болғандығымнан көріне он жасыма залал тиді,- деген.
Әкесі Шобалай Ағысқудай, Түндік өзенінің бойында, «Шобалай сүйегі»-дейді.
Өзі Қызылтау бауырында Самай сопы қыстауының қақ іргесінде мазар басы болып қалды.
Жаңабатыр балалары: Аққожа, Қосақ, Таңсық қожа, Жанақ- бәйбішеден төртеу. Үлкені- Таңсық қожа, кенжесі- Жанақ. Тағы басқа қатындарынан толып жатыр. Аз болса, он алты бар шығар.
Бір Жанақтан басқасын қағаз бетін [болған] былғап жаза бергеннен не түседі?! Ат шығарып, аруақ шашқанды сөйлеу керек [7, б.155-157].
Сәлем,
Күліктің ішінде Сексен шежіресі туралы ақпарат бар ма?
ХХ ғасырдың басында өмір сүрген атам Сүлеймен туралы ақпарат іздем жүрмін.