Гаухар батыр (жырынан үзінді)

Гаухар батыр
(жырынан үзінді)
Гауһар қыз тартып туған ағасына,
Ұшқын бар байсалды көз қарасында.
Өжет боп ел көзіне түскен екен,
Он екі, он үш жастың арасында.

Ол кезде аштық, тоқтық бәрі малдан,
Мал болса көшпелі елдін жаны қалған.
Тал түсте қойға шапқан бір көкжалды,
Өжет қыз үзеңгімен соғып алған.

Ел естіп бұл хабарды қайран қалды,
Аралап Арғын, Қыпшақ, Найман барды.
Батыр әке қызына масаттанып,
Анасы «мұның не » деп ойбайлады.
* * *
Ежелден іргелі ел Бәсентиін,
Жұп жазбай сыннан өткен неше қиын.
Тоқтауыл ауылында ас беріліп,
Күзге салым үлкен бір болды жиын.

Төр жайлау арналы өзен жағасында,
Үй тігіліп үш ауыл шамасында.
Ағылып игі жақсы келіп жатты,
Елдінің бетке шығары бәрі осында.
Бақталас басталды да кетті қызып,
Жамбасы палуандардың жерді Сызып.
Жамбыны атып еш мерген түсіре алмай,
Масқара жұрт алдында болды қызық.

Тұрғанда садақшылар жерге қарап,
Ортаға шыға келді бір жас талап,
Гауһардың таңғажайып мергендігі,
Осылай ел ішіне кетті тарап.

Гауһарды тойдың сәні деп айтады,
Домбыра шертіп, шырқатып ән айтады.
Атқа мықты, найзагер қапысы жоқ,
Ұстазы — өз ағасы Малайсары.

Батырлық бара-бара шынға айналды,
Қыз бала ерлігімен ұлға айналды.
Көркіне ақылы сай, сөзге шешен.
Осылай Гауһар аңыз, жырға айналды.

«Жорықта жарты малта арман» дейді,
«Дос — арттан, жауың келсін алдан» дейді.
«Атадан ұл боп тума, ер болып ту»,
Деген сөздер Гауһардан қалған дейді.
* * *
Қоңыр тау, бұқпасы көп Абыралы,
Жорықтың естіледі дабылы әлі.
Абылай заманында аталыпты,
Мерт болып жекпе-жекте Абыр, Әлі.
Жоңғарлар осы таудан асқан күні,
Қазақ қолы канша деп бас қатырды.
Абырды осы тауда қалдырылды,
Арқауыл хан Дөржінің бас батыры.

Әрине, жалғыз емес Абыр ноян,
Серігі қанша екені өзіне аян.
Тасадан қазақ қолын санап жатты,
Секілді тас түбіне бұққан қоян.

Жорыққа аттанғаны биыл емес,
Ұйқыға, тамаққа көп үйір емес.
Құлағын жерге тосып, желген аттың,
Тұяғын санап шығу киын емес.

Сол үшін Дөржі жақсы көрген еді,
Қасына бұл жолы да ерген еді.
Шапқан аттың үстінен садақ тартса,
Жүзікті іліп түсер мерген еді.

Күні-түн бағып отыр құба жонды,
Тың тыңдайды, шолады оң мен солды.
Ұшқан құс, жүгірген аң — бәрі есепте,
Сарқылды бірте-бірте қазақ қолы.

Жаңа шеп таудың оң жақ етегінде,
Тосыннан көзге түсті ертеңінде.
Салт атты қазақтардың бір-бір түйе,
Келеді маң-маң басып жетегінде.

Бұл қалай, түйелер бос, жүгі қайда?
Бұл жұмбақтың шешуі, сыры қайда?
Теңдеп артқан асы жоқ, сусыны жоқ,
Мұнша түйе не керек Абылайға?

Абыр да көпті көрген жырынды еді,
Мырс етіп, мұның сырын ұғынды енді.
Бұлардан бұрын Дөржіге біз жетейік,
Қосшыға, атты әкел, жүгір, деді.

Өткізіп қолды ұзатып жіберді де,
Қабағы Абыр ноян түнерді де,
Тасамен бой жасырып жортқан бұлар,
Тоқтады бір өзенге тірелді де.

Өзеннен жаңа өткен бес-алты атты,
Шығысқа қарай бет алып бара жатты
Бұлар мойын бұрғанша Жоңғар тобы,
Сыртынан суылдатып садақ тартты.

Бұл қарақшы неше рет қан төкпеді,
Жебесі бұл жолы да қалт кетпеді.
Қан құйылған көзіне шалынған жоқ,
Өзінің нөкерінің жалп еткені.

Ерлікке бұдан әрі бара алмады,
Өтуге өзенге ат сала алмады.
Бұл өлсе — жерге бірге көмілмекші,
Түйелі қазақтардың амалдары.

Мұрша жоқ ойлануға бұдан артық,
Жалт берді ашу-ыза бойын шарпып.
Қараса арт жағында екі сардар,
Тұр екен найза кезеп, тізгін тартып.

Сан көрген ноян мұндай тосын жайды,
Бетпе-бет келген жаудан тосылмайды.
— Жекпе-жек!— деп аулаққа шыға берді,
— Біліп тұр, бұлар енді кашырмайды.

Екеудің бірі жап-жас, бірі мосқал,
Бірі емен секілді, бірі жас тал.
Жекпе-жектің талайын бастан кешкен,
Абырға екеуі де болмайды астар.

Тебіне берді ілгері «кәрі емен»,
Шашақты найза ыңғайлап сәніменен.
Жас батыр тоқтаңыз деп ұмтылғанда,
Өткелден дауыс шыкты «Әлі!» деген.

Мерт қылмайын деді ме, бекер ерді,
Өзеннен көкжорғалы өте берді.
Айқаса кетқен Абыр мен Әлі боздақ,
Көзін жұмып өмірден кете берді.

Қешқұрым қандай қызыл адам қаны,
Ноянды көкжорғалы ала алмады.
Өйткені қан төкпей-ақ мерт қылудың,
Қапысын андығанмен таба алмады

«Не деген бұл қазақтың қолы епті…»
Абырдың біраздан соң әлі кетті.
Найзасын белдікке орай салған қазақ,
Ноянды ат үстінде дөңгелетті.

Абыр да айла тауып мұнысына,
Жармасты беліндегі қылышына.
Ақ алмас ақырында билік айтты,
Қос батырдың жекпе-жек ұрысына.

— Шіркіннің сауытының ауырын-ай…
— Сылқ еткен қалдырды да жауын былай,
— Әлінің қасына кеп аттан түсті,
— Бір туған болып кеткен бауырындай.

Гауһардың алдынан жау кұтылған ба,
Жас мөлт етті қабағын шытынғанда.
Қос бұрым иығына суси берді,
Басынан дулығасын сыпырғанда.

Теңі кім, батырлардың теңдесі кім,
Ақтарды тарих бүгін елге сырын.
Ерлікті елеп Қабанбай, Гауһар батыр,
Әлі деп атын қойған кенжесінің.
* * *
Басқарған қазақ қолын хан алдында,
Іске асты Қабанбайдың амалы да.
Қос өркешті түйелер қалың қол боп,
Көрінді жау көзіне таң алдында.

Абылай жүзі сұсты, көзі нұрлы,
Риза боп бұл амалға күліп тұрды.
Қос өркеші түйенің екі адам боп,
Саны көп жоңғарларды дүрліктірді.

Қабанбай кірпік ілмей таңды атырды.
Міз бақпай, ақ ту ұстап алда тұрды.
Жекпе-жекте дарабоз, шепті бұзып,
Атанды осы жолы Хан батыры.
Бақи Әбдіқадыров. [6, б. 66-69]

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *