Алты жасында жетім қалған Білге (Мерген — Могилян) өсе келе əскери дарындылығымен, ақылды ойымен қаймана жұрттың қошеметіне ие болып, түрік-қытай билеушілерінің ықыласына бөленген. Құтлық қағанның (Елтерістің) үлкен ұлы, Күлтегіннің ағасы. Көне түркі мемлекетін 19 жыл бойы басқарған оның даналық сөздерінде елдің біртұтастығын көксеген терең де саралы ой жатыр. Түрiк Елінің бiрегей тұлғасы атанған Білге iнiсi Күлтегiнмен бiрге елдің қамы, жердің тұтастығы үшін күресіп, көшпелiлер империясының іргесін бекіткен.
Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ.
* * *
Жоқ халықты бар қылу — қағанның қолында.
* * *
Түркіні бұзар тəтті сөз.
* * *
Егер ел басшысы тоңмойын һəм сатқын болмаса — елдің бағы.
* * *
Бақ болмайды басқа бақ — есің барда елің тап.
* * *
Жауыңнан бұрын қимылда — жеріңе жамандық келмейді.
* * *
Нағыз ер «дүние-мал» деп дірілдемес болар.
* * *
Дарақылық үмітіңді үзіп, қанатыңды қияды.
* * *
Дүниеқоңыздық пен тойымсыздық есіңді алып, еркіңнен айырады.
* * *
Тастағы жазудан тағылым алғайсың.