Атақты жырау, қолбасшы батыр, қоғам қайраткері Ақтамберді қазақ тарихындағы аласапыран кезеңде өмір сүрген тарихи тұлға. Он жеті жасында қару алып, ел қорғауға аттанған жыраудың ақындық даңқымен қатар, батырлық даңқы қатар шығады. Жоңғарларды талқандап, жау қолында болған шығыстағы жерлер босатылған соң, ел-жұртты ата мекенінен көшіруге көп еңбек сіңірген.
Суырып салма сөз өнерінің хас шебері Ақтамбердінің өжет те, өткір сөздеріне риза болған жұрты оны «жалынды жырау» санаған.
Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет,
Бірлігіңнен айырылма,
Бірлікте бар қасиет.
***
Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке,
Араз болсаң алты ауыз
Еліңе кірген əреке.
***
Ел аман болсын, ылайым,
Тілегім берді бəрін де,
Разымын, құдайым.
***
Ағайының көп болса — ұлы шерік қолмен тең,
Білімді туған жақсылар — аз да болса көппен тең.
***
Орнын тапса ер жігіт — елсіз болар дейсің бе.
Орда тігіп орнатса — төрсіз болар дейсің бе.
***
Талапты елге нұр жауар.
***
Татулық деген — береке.
***
…Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екенбiз.
Жалаулы найза жанға алып,
Жау қашырар ма екенбiз!
Тобыршықты əндiген
Толтыра тартар ма екенбiз!
Тобылғы түбi құралай,
Бытыратып атар ма екенбiз!
Жарлауға бiткен жапырақ —
Жамылсақ тоңар ма екенбiз.
Жазыққа бiткен бүлдiрген —
Сұғынсақ тояр ма екенбiз!
***
Жауыңды аяма,
Жылағанды уат,
Жығылғанды тұрғыз.
***
Еділ — Жайық екі өзен,
Талсыз болар деймісің.
Жағалай жатқан қалың ел,
Малсыз болар деймісің.
***
Өнер алды — бірлік, қылған жақсы тірлік.