Ауызекі сөйлеу тілінің ерекшеліктері

Күні: Пәні: қазақ тілі Сыныбы: 10
Сабақтың тақырыбы : Ауызекі сөйлеу тілінің ерекшеліктері
Сабақтың мақсаты : а) Ауызекі сөйлеу тілінің ерекшеліктерін түсіндіру;
ә) өз ұлтының тілін,рухани байлығын құрметтеу,тапқырлыққа баулу,адамгершілік,эстетикалық тәрбие беру;
б) Сабақ барысында оқушыларды сауатты,көркем жазуға дағдыландыру;
Сабақтың түрі : Дәстүрлі сабақ
Сабақтың әдісі : сұрақ-жауап,шығармашылық іздену
Сабақтың көрнекілігі : тірек сызбалар ,суреттер
Пәнаралық байланыс : әдебиет,тарих
Сабақтың барысы :
а) Ұйымдастыру кезеңі :
Оқушылармен амандасу,түгелдеу,оқу құралдарын тексеру.Сыныптың тазалығына көңіл бөлу.Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
ә) Үй тапсырмасын пысықтау :
Үйге берілген тапсырманы сұраймын . Оқушыларға өткен тапсырма бойынша бірнеше сұрақтар қоямын.
б) Жаңа сабақты түсіндіру.
Қоғамдағы қарым-қатынас ауызша сөйлеу немесе жазбаша тілдесу арқылы жүреді.
Ауызша сөйлеудің де, жазбаша тілдің де түп негізі — ұлттың ғасырлар бойы жасаған, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп, жылдар сыннан өткізген жалпы халықтық тілі.
Қазақ тілінде ұлттың дағды-дәстүрімен біте қайнасқан, елдің тарих, шаруашылық, мәдени, әдеби құндылықтарын молынан көрсететін — ауызша сөйлеу тілі.
Ауызша сөйлеу тілі — күнделікті тұрмыста қолданылатын, бетпе-бет көріп отырған екі немесе одан да көп адамдардың бір-бірімен сөйлесуі, пікір алысуы.
Бұны ауызекі сөйлеу тілі стилі қарастырады. Оның басты ерекшелігінің өзі — өзара сөйлесу кезінде адамдардың пікірі ғана емес, мінез-құлқы, ой-өрісі, сөйлесе білу, тілдесе алу мәдениет, әдебін де көрсететіндігінде.
Әдептіліктің басы сөйлесу, тілдесуден-ақ аңғарылады. Ұлттың дәстүр, мәдениетті бойға сіңірген жанның халықтық сөйлеу әдебін үйренуі, білуі шарт.
Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесін бір отбасына теліп қоймай, ауыл, ел, ру болып қолға алған. Бір ауыл, ел, рудан өрескел іс істеген, әдепсіздік көрсеткен адам табылса, жұрт болып түзеген.
Пікір алысу, сөйлесу кезінде адамның қимыл-қозғалысы, бет-әлпет өзгерісі де оның жан-дүниесін, ішкі ойын білдіріп отырады. Дауыс ырғағы, сөзді орынды қолдану, екпін, кідіріс сияқты қосымша белгілер де сөйлеушінің пікірін білдіріп қоймай, мәдениетін, тәрбиесін көрсетеді. Орынсыз дауыс көтеру, даурыға сөйлеу, жөнсіз айғайлау, дауысын құбылту, бет-пішінін өзгерту, сөйлесіп тұрған адамды соңына дейін тыңдамау, сөзді бұзып сөйлеу, сөйлемді бұзып айту, дөрекі сөздерді қолдану — тәрбиесіздік, әдепсіздік белгісі.
Мәдениетті, тәрбиелі адам ойын еркін жеткізуді мұрат етіп, тілдегі сөздік қорды барынша мол пайдаланып, орнымен жұмсап, ойды жүйелі, нақты, сабырмен айтуды дағдыға айналдырады. Ауызекі сөйлесудің басты шарты — сөйлесушіні тыңдай білу, пікірін, ойын дұрыс түсіну.
Ауызекі сөйлеу тілінің өзіне тән стильдік ерекшеліктері бар:
— сөйлеу тілі қарапайым қарым-қатынас жасау кезінде айтылады;
— көбіне-көп алдын-ала дайындықсыз өтеді;
— сөздердің, сөйлемдердің қалыптасқан қалпы өзгеріске түседі;
— одағай, қыстырма, қаратпа сөздер көп қолданылады;
— дауыс ырғағы, бет-пішін, қол қимылдары қосымша қызмет атқарады.
Жаттығумен жұмыс: 25-жаттығу. Сұрақтарға мақал-мәтелдермен жауап беріңдер..
Білімді бекіту: Өтілген тақырыпқа байланысты бірнеше сұрақтар қоямын. Түсінбеген сұрақтарына жауап беремін.
Бағалау: Үй тапсырмасын орындап келгеніне және жаңа сабаққа ынталы қатысып отырғандарын бағалаймын.
Үйге тапсырма: 26-жаттығу.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *