Маңғыстау облысында дүниеге келген. Қазақстанның халық жазушысы. Ірі ойшыл, публицист, қоғам жəне мемлекет қайраткері. Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы (1996–2002). Халықаралық жазушылар қауымдастығына кең танымал тұлға. Шығармалары əлемнің көптеген тілдеріне аударылып, жоғары баға алған.
…Айналаң — аяулы алтын бесігің. Бесігін ардақ тұтпаған береке қайтіп таппақшы?!
***
Біздің халқымыздың рухани өмірінде саяси проблемалардан гөрі адамгершілік проблемалары үстемірек орын алатын сияқты.
***
Тəуекел қауым — тəуелсіз бола алмайды, алаусыз қауым — азат бола алмайды.
***
Қазақтың жерін кең қылып берген тағдыр соған байланысты сорын да аз қылып бермеген.
***
Ел тілегі — бір-бірімізге көзіміз түзу болғанда ғана түзеледі.
***
Ел болып алмай тұрып, ешкімнің де жұлдызы жанбайды.
***
Əділдік бар жерде ғана елдік бар.
***
Елдік жоқ жерде жаманның иығы шығыңқы, жақсының еңсесі түсіңкі жүреді.
***
Ел жүгендемей жатып, дау түгендейміз.
***
Өз басыңнан бақ ауса да, ел басынан бақ аумасын.
***
Елін сүйген азаматқа ең үлкен қайғы — өз халқының тағдырынан тыс қалу.
***
Тəуелсіздік — тəтті ғана сөз емес, ұлттық жауапкершілік.
***
Ұлтты тану — ұлттық дамудың негізгі шарты.
***
Елің теңелмей тұрып — өзің теңелмейсің.
***
Ұлт мүддесі мен ел игілігі — «екі тепкі, бір қамшы» белсенділікті көтермейді.
***
Халқы азат бола алмай тұрып, ешкім азат бола алмайды. Азат емес адам өзін ешкіммен тең сезіне алмайды.
***
Рухани бедерсіздік саяси тəуелсіздікті де тəрк етеді. Тойған тоғышарлыққа халықтың, адамның азаттығы емес, нəпсінің азаттығы керек.
***
Егемендіктің ең үлкен жаулары — жікшілдік те, алауыздық та тек əділетсіздіктен өрбиді.
***
Ұлдарын өлімге қимайтын елдің өзі де өлмейді.
***
Өз мемлекетіңнің тəуелсіздігін қастерлеу, өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу — тек патриоттық парыз ғана емес, үлкен гуманистік жауапкершілік.
***
Атасыздық — отансыздық, отансыздық — опасыздық, опасыздық — имансыздық.
***
Ел болмас елдің төбесіне ту тұрақтамас, төресіне тəж тұрақтамас. Ту тұрмас тұлдыр үйге, тəж тұрақтатпас тұлдыр басқа байлық пен ырыс қалай қонатын еді.
***
Халықтың өзін-өзі билеу құқы сақталмай тұрып, жеке адамның құқы да сақталмайды. Өйткені ұлты азат емес адамның өзі азат болуы еш ақылға сыймайтын шаруа.
***
…Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, бəріміз де мəре-сəре болып жатқанда ұрыншақ емес, ұғымсақ, тиіскек емес, үйірсек болғанымыз келіңкірейтін тəрізді.
***
Ойдағымыз болды, ортамыз толды. Төбедегі келді. Төрелескенде де ренжитін ретіміз жоқ… Бағзыдағыларымыздың аруағы жебегесін, бүгінгілеріміздің тілегі демегесін жетіп отырмыз бұл күнге.