Өсімдіктерге қажетті қоректену элементтерінің жетіспеушілігін анықтау

 

ТАҚЫРЫБЫ: Өсімдіктерге қажетті қоректену элементтерінің жетіспеушілігін анықтау

Мақсаты: Қоректену элементтерін өсімдіктердің қажет етуін визуалды диагностикалау келесілерді білуге негізделінген.
Міндеті: Топырақта элементтердің мөлшері аз болған жағдайда жас, өсіп жатқан органдар қажетті қоректену элементтерін ала алмай қалуын қадағалау.
Түйінді сөздер: Жетіспейтін қоректену, индикатор-органдар,симптомдар
Дәріс жоспары:

1. Картопқа қоректену элементтерінің жетіспеушілігін анықтау
2. Көкөніс дақылдарына қоректенуэлементтерінің жетіспеушілігін анықтау

Қоректену элементтерін өсімдіктердің қажет етуін визуалды диагностикалау келесілерді білуге негізделінген:
• индикатор-органдарды (ең алдымен бұларда қоректену элементтерінің жетіспеушілік нышандары байқалады);
• қоректену элементтері (өсімдіктің бір бөлігінен басқасына ауысу қабілеті бар).
Дж. Мак-Мертри (1957) өсімдіктердің минералдық қоректену жетіспеушілігінің симптомдарын екі ірі топқа бөлуді ұсынады.
Бірінші топ — сиптомдар өсімдіктердің кәрі жапырақтарында байқалады. Оларға азоттың, фосфордың, калийдің, цинктің, магнийдің жетіспеушілік симптомдары жатады. Топырақта бұл элементтер жетіспесе, олар өсімдіктің кәрі, төменгі бөліктерінен өсіп жатқан жас бөліктеріне (жетіспеу нышандыры дамымаған) ауысады.
Екінші топ — симптомдар жоғарғы жапырақтарда, өсу нүктелерінде байқалады. Бұл жетіспеу тобына кальций, бор, күкірт, темір, мыс, марганец жатады. Бұл элементтер өсімдіктердің кәрі органдарынан жастауларына қарай ауысуға қабілетті емес.
Сонымен, топырақта бұл элементтердің мөлшері аз болған жағдайда жас, өсіп жатқан органдар қажетті қоректену элементтерін ала алмайды. Осының нәтижесінде өсімдіктерде жапырақтардың сипатты түсі, габитусы, орналасуы түрінде сигналды функциялар пайда болады.
Симптомдардың бірінші тобы ескі, кәрі жапырақтарда байқалады. Бұл топты екі топшаға бөлуге болады:
• бірінші топша — толық өсімдіктің немесе тек қана кәрі органдарының күй-жайына әсер етеді (мысалы, азоттың және фосфордың жетіспеуі).
• екінші топша — жергілікті (локальды) түрде байқалады, яғни жапырақтардың кейбір бөліктерінде байқалады (магний, цинк, калий).
Симптомдардың екінші тобы жас жапырақтарда немесе өсімдіктің өсу нүктелерінде байқалады. Бұл топты үш топшаға бөлуге болады:
• бірінші топша — хлороз байқалады немесе жас жапырақтар жасыл түсін жоғалтады, бірақ жоғарғы бүршік өлмейді (темірдің, күкірттің, марганецтің жетіспеуінен);
• екінші топша — жоғарғы бүршік өледі және жапырақтар жасыл түсінен айырылады (кальций, бор жетіспеуінен);
• үшінші топша — жоғарғы жапырақтар тұрақты сарғаяды (мыстың жетіспеуінен).

Картопқа қоректену элементтерінің жетіспеушілігін анықтау

Азоттың жетіспеуі
Түсінің өзгеруі жапырақтың басынан және шеттерінен басталып, біртіндеп барлық жапырақтардың жасыл түсі ақшылданады, кейін жапырақтар түсі ақшыл-сары түске айналады. Азоттың қатты жетіспеу жағдайында төменгі жапырақтардың шеттері хлорофиллден айырылып, қайырылады, кейде «күйікке» шалдығады. Өсуі тоқтатылып, жапырақтары түседі.

Фосфордың жетіспеуі
Жапырақтары жиырылған, күңгірт-жасыл. Фосфордың қатты жетіспеуі жағдайында төменгі жапырақтардың түсі күлгінденеді. Өсімдіктер қатты, түзу болып келеді. Жапырақтардың діңі және шеттері жоғары қарай қайырылады. Жапырақ пішіні тостағантәрізді болып келеді. Жапырақтар тиісті шамасына жетпейді. Фосфордың қатты жетіспеуі өсімдіктің өсуін бәсеңдетеді. Түйнектерде датты-қоңыр дақтар пайда болады.

Калийдің жетіспеуі
Өсімдіктердің пішіні қисықтанған, буынаралығы қысқарған, жапырақтардың түсі кәдімгі түсіне қарағанда күңгірттеу, жапырақтары жиырылған, ұсақтау болып келеді. Кейіннен кәрі жапырақтар сәл сарғыштана бастайды. Алдымен жапырақтың басы және шеттері, кейінінен өсімдік толығымен қола түсіне ие болады. Вегетация кезеңінің соңында өсімдіктерге паразит ағзалары зиян келтіреді.

2. Көкөніс дақылдарына қоректенуэлементтерінің жетіспеушілігін анықтау

Азоттың жетіспеуі
Өсімдіктердің өсуі бәсеңдейді. Сабақтары жіңішке, талшықты және қатты болып келеді. Жапырақтарда ірі сарғыш-жасыл дақтар пайда болады. Азоттың қатты жетіспеу жағдайында бүкіл өсімдік сарғайып кетуі мүмкін. Басында тамыр жүйесі жер бетіндегі органдарына қарағанда жақсылау дамығанымен, азоттың жетіспеушілігі күшейген сайын тамырлардың өсуі тоқтап, түсі қоңырланып, өледі.
Фосфордың жетіспеуі
Сабақтары жіңішке, ағаштанған. Жапырақтары ұсақ, жасыл түсі күңгірттеу болып келеді. Жапырақтардың астыңғы бетінде қызыл түс пайда болады. Талшықты тамырлары өте әлсіз дамиды. Жемістің салынуы және пісуі кешігеді.

Калийдің жетіспеуі
Өсімдіктің төменгі бөлігінде сұрша-жасыл жапырақтар пайда болады. Өсімдіктің жапырақтары қола немесе сары-қоңыр түсін қабылдайды. Олардың шеттері сарғайып, кейінінен қоңырланады. Жапырақтың жүйкелері бойында дақтар пайда болады. Жапырақ ұлпалары іріп, өледі. Тамырлары қоңыр түсті, әлсіз дамыған.
Сабақтары жіңішке, біртіндеп олар қаттыланып, ағаштанады.

Бұршақ дақылдарына қоректену элементтерінің жетіспеушілігін анықтау

Азоттың жетіспеуі
Өсімдіктердің түсі ақшыл-жасыл болып келеді. Азоттың жетіспеуінен бірінші болып төменгі жапырақтар қиналады, кейін жетіспеушілік белгілер басқа жапырақтарда да байқалады. Төменгі жапырақтар солып, түсі ақшыл–сарыға айналып, одан кейін қоңырланып, түсе бастайды. Өсімдіктердің бойы аласа болады.

Фосфордың жетіспеуі
Өсімдіктердің түсі күңгірт-жасыл болып келеді. Жапырақ сағағы және жапырақ беттері жоғары қарай қайырылады. Өсімдіктердің бойы аласа болады. Сабақтары жіңішке, қызғылт түсті.

Калийдің жетіспеуі

Жапырақтардың шеттерін бойлай сары теңбілдік пайда болады. Хлорозға ұшыраған учаскелері қосылып, жапырақтың басын және бүйір жақтарын бойлай анық үздіксіз сары жолақтарды құрады. Жапырақтың бұл аймағы кеуіп, өлген ұлпа ыдырайды. Майда жапырақты бүршік тұқымдастардың жапырақтары өсімдіктің барлық бөліктерінде зардаптанады. Жапырақтардың шеттерінде майда ақ дақтар пайда болады. Өсімдіктің өсуі тоқтатылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *