Қазақстан азаматтық қарсыласу жылдарында (1917-1921 жж.)

Қазақстан азаматтық қарсыласу жылдарында
(1917-1921 жж.)

1917 жылғы Ақпан төңкерісі. 1917 жылы 27 ақпанда Ресейде Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы жеңіске жетіп, ІІ Николай патша тақтан құлатылды. Патша тақтан құлатылғаннан кейін елде қос үкімет орнады. Оның бірі — жұмысшы-солдат депутаттарының Кеңесі болса, екіншісі — Уақытша үкімет еді. Ресейде болып жатқан оқиғалар Қазақстанда да қанат жайды. Уақытша үкімет өзінің Қазақстандағы билігін сақтап қалу үшін бұрынғы облыс басындағы генерал-губернаторлардың орнына комиссарлар тағайындады. 1917 жылғы сәуір айында Түркістан өлкесін басқару үшін Түркістан комитеті құрылды. Бұл комитеттің құрамына қазақтардан Мұхамеджан Тынышбаев, Әлихан Бөкейханов кірді. Әлихан Бөкейханов сонымен бірге Торғай облысының комиссары болды. Уақытша үкімет органдарымен қатар Қазақстанда екінші үкімет – жұмысшы, солдат депутаттардың Кеңестері өмір сүрді. Сөйтіп, Қазақстандағы губернаторлардың, уезд бастықтарының, болыстардың үкімет билігі барлық жерде жойылды. Қазақстанның облыстары мен уездеріндегі уақытша үкіметтің сенімді тірегі Сібір, Орынбор, Орал және Жетісу Казак әскерлерінен құралған “Казак комитеттері” еді. Қазақ халқының көпшілігі патша құлатылғаннан кейін ұлттық езгі де құриды, Уақытша үкімет Ресей халықтарының теңдігі мен туысқандығын қамтамасыз етеді деп сенді. Қазақстандағы қос үкіметтің орталық аудандарға қарағанда әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты, аймақтық отар ретіндегі саяси жағдайына байланысты және көп ұлттылығына байланысты өзгешелігі болды. 1917 жылғы көктем және жазғы айларда қазақ еңбекшілерінің ұйымдары құрылды. “Қара жұмысшылар одағы” Верный қаласында, “Жұмысшылар одағы” Жаркентте, “Мұсылман еңбекшілерінің одағы” Түркістанда құрылды. Сонымен бірге қазақтың демократиялық интеллигенциясын біріктірген “Жас қазақ” ұйымы Ақмолада, “Талап” Қызылжарда, “Жанар” Семейде, Тұрар Рысқұлов басқарған “Қазақ жастарының революциялық Одағы” Меркеде құрылды. Елдегі революциялық қозғалыстың өсуіне байланысты бұл ұйымдардың кейбіреулері большевиктер жағына шықса, кейбіреулері “Алаш” партиясын қолдап, автономия идеясын жақтады.Ақпан революциясы ұлт мәселесін шешкен жоқ. Қазақстанды отар деп білген буржуазиялық уақытша үкімет қазақ халқына ешқандай право берген жоқ. Мектептерде оқыту ісі және мекемелерде кеңсе ісі бұрынғыша тек орыс тілінде ғана жүргізілді. Уақытша үкімет бұрынғы патша үкіметінің жер жөніндегі саясатын жүргізіп отырды. Өнеркәсіпті бұрынғыша шетел капиталистері мен орыс капиталистері билеп төстеумен болды. Қазақстанда құрылған жұмысшы солдат депутаттары кеңесінің жұмысына келетін болсақ олар жергілікті халықтың мұң-мұқтажын ескермей Қазақстанда революциялық ұрандармен ойларына келгендерін істеді. Алғашқы кезде құрылған Кеңестер тек орыстардан тұрды. Аудандардағы билікті қолына алған жұмысшылар мен солдаттар ауылдарға келіп, үйлерді тінтіп, “революция мен оның құрбандарының” пайдасына деп халықтан көптеген салық алып, жақсы ат, қымбат кілем, алтын-күміс сияқты заттарды тартып алып кетіп отырған. Алғашқы кезде құрылған қазақ партияларымен қоғамдарының жұмысшы-солдат депутаттары Кеңесіне жақындаудан тартынғандығының басты себебі осы еді. Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде халқымыздың көзі ашық азаматтары елді осы қиындықтан алып шығу үшін әрекет жасады. “Шорай Исламия”, “Ғұлама қоғамы”, “Алаш” партиясы, “Үш жүз” саяси партиясы осы кезеңдерде пайда болған еді. Осы ұйымдар мен партиялардың ішіндегі халқымыздың тарихында елеулі орын алатыны “Алаш” партиясы. 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында бірінші бүкіл қазақ съезі болды. Съездегі ең бірінші мәселе – мемлекеттік басқару туралы мәселе болды. «Ресейде демократиялық, федерациялық, парламенттік республика болуы керек. Қазақ облыстары автономия алуы тиіс» деген шешім қабылданды.“Алаш” партиясының бағдарламасы 1917 жылы 21 қарашада “Қазақ” газетінде жарияланды. Бағдарлама 10 тармаққа бөлінген. Онда мынадай басты мәселелер қаралған: Ресей демократиялық-федеративтік-парламенттік республика болуы керек; Қазақ автономиясы басқа халықтармен қатар Ресей федерациясына кіреді; Ресей федерациясында теңдік және адамның мүддесіне қол сұғылмауы, сөз бостандығы қамтамасыз етіледі; Жұмысшы заңдары жұмысшының мүддесіне сай болуы тиіс; Сайлау правосы тегіне, дініне, жынысына қарамай баршаға бірдей берілуі керек; Дін мемлекеттен бөлінуі тиіс; Сот алдымен айыптау, тергеу жұмыстарын жүргізбей тұрып ешкімді тұтқындай алмайды; Халыққа білім тегін беріледі; Бастауыш мектепте сабақ ана тілінде жүргізілүі тиіс.“Алаш” партиясымен бірге құрылып, халықты азаттық үшін күреске шақырған қоғамдық ұйымдардың бірі “Үш жүз” социалистік партиясы еді. “Үш жүз” партиясы алғашқы құрылған кезден бастап-ақ большевиктер жағына шығып, алаштықтарға қарсы болды. Бұл партияның қатарында жұмысшылар мен жатақтар көп еді. “Үш жүз” партиясы большевиктер жағында болғанымен олардың бағдарламаларының кейбір тұстары большевиктерден бөлек болды. Олар пролетариат диктатурасын мойындамады. Коммунистер партиясының қоғамдағы басшылық ролін мойындамады. Мемлекет басқару ісіне дінді араластыру керек деді. Сондықтан да 1920 жылы большевиктер бұл партияны таратып жіберді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *