Шоқан Уәлиханов (1835-1865 жж.)
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханұлы (1835-1865 жж.) — қазақтың ұлы ғалымы: тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы. Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысы Сарыкөл ауданындағы Күнтимес қыстауында туған.
Жасында Шоқан ауыл мектебінен мұсылманша хат таныған, сол мектепте шағатай тілін меңгереді, парсыша, арабша тіл сындырады. Бұдан кейін 1847-1853 жылдары Омбыдағы кадет корпусында оқиды. Онда әскери сабақтарға қоса жалпы және Ресей жағрафиясы мен тарихы, батыс, орыс әдебиеттері, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері жүрген.
Шоқан үздік оқыды. Шоқанның зерттеушілік қабілеті оқып жүргенде оянған. Жазғы демалыс кездерінде ол ел ішіндегі аңыз, әңгімелерді, халықтық жырларды жазып алумен айналысады. Шоқан қазақ тарихын зерттеуге ерекше ден қойды.
Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Герцен, Белинский т.б. орыс классиктерін және батыс әдебиетінен шығармаларын, «Современник» журналын үзбей оқыды.
1852 жылы Шоқан көрнекті шығыс зерттеушісі, Петербург университетінің профессоры Березин танысады. Березин Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті нұсқаларын, «Қозы Көрпеш Баян сұлу» жырын алған, ал өз тарапынан Шоқанды ескі жазу ескерткіштерін зерттеу ісіне тартқан.
Кадет корпусын он сегіз жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік шығыс аудандарын басқаратын генерал губернатор Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен жағрафиясын зерттеуге белсене араласады.
1855 жылы Ресейге қосу бағытында жұмыс істеу үшін ұйымдастырылған экспедицияға қатысып, Семей, Аягөз, Қапал арқылы Іле Алатауына дейін келеді. Жоңғар қақпасына, Алакөл, Тарбағатайға саяхат жасайды. Осы сапарында қазақ, қырғыз, ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинап алады. Қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрып, діни ұғымдары жайында материал жинап қайтады. Бұл материалдар негізінде кейін ол «Тәңірі (құдай)», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбектер жазады.
1856 жылы әскери ғылыми экспедицияға қатысып, қырғыз елін жете зерттеп, Ыстықкөл аймағының картасын жасасады. Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады, Жоңғария тарихымен шұғылданады. 1857 жылы тағы да қырғыз елінде болады. Осы сапарларда жинаған материалдарды ол «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстық көл сапарының күнделіктері» атты еңбектерін жазуға пайдаланады. Осыдан барып жиырмадан жаңа асқан жас Шоқанды Орыс География қоғамының толық мүшесі етіп сайлайды.
1858-1859 жылдары Шоқан Қашқардың экономикалық саяси құрылымын зерттеп, бұл халықтың тарихы мен этнографиясынан көптеген материалдар жинап, еңбегін шығарады. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, әлеуметтік құрылысына арналып, сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмысы еді. Ұзамай ол Германияда, Англияда жарияланады.
Шоқаннан қалған мұраның бірі – бейнелеу өнеріндегі зерттеулері. Бұл еңбектер оның өнердің осы саласындағы қазақтың тұңғыш профессионал суретшісі болғанын дәлелдейді. Ол негізінен портрет, пейзаж және халықтың тұрмыс салтын бейнелеумен айналысқан. Одан 150-дей сурет қалған.
1864 жылы наурыз айында Шоқан полковник Черняевтің шақыруымен Әулиеатаға (қазіргі Тараз қаласы) келеді. Орыс империясының Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны Ресейге бағындыру жорығына аудармашы, жергілікті халықпен мәмілегерлік келісімдер жасау үшін қосылған ол полковник Черняевтің Әулиеатаны алу кезінде бейбіт халыққа жасаған жауыздығына куә болғасын, ренжіп, кейін қайтады. Содан Верный (қазіргі Алматы) қаласына келіп, одан әрі Тезек төренің аулына барып, үйленіп, тұрып қалады.
Сөйтіп жүргенде ескі өкпе ауруы қайта қозып, Шоқан 1865 жылдың сәуірінде қайтыс болады. Оның сүйегі Алтынемел тауының баурайындағы Көшентоған деген жерге қойылады.
Сөздік
қыстау – зимовка
хат тану – обучаться грамоте
тіл сындыру – научиться
ояну – просыпаться, пробуждаться
айналысу – заниматься
ден қою – обращать внимание
үзбей – непрерывно
көрнекті – видный
нұсқа – образец
өз тарапынан – со своей стороны
тарту – привлечь
қалдырылу – быть оставленным
қосу бағытында – с целью присоединения
ұйымдастыру – организовать
қатысу – принять участие
қақпа – ворота
саяхат жасау – совершить путешествие
сапар – путешествие
әдет- ғұрпы – традиции и обычаи
діни ұғымдар – религиозные понятия
қайту – возвратиться
«Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» – «Остатки шаманства у казахов»
жете – основательно
«Жоңғария очерктері» – «Очерки Джунгарии»
«Қырғыздар туралы жазбалар» – «Записи о киргизах» ????
«Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы» – «О видах казахской народной поэзии»
биік деңгей – высокий уровень
қалған мұраның бірі – одно из оставшихся наследий
дәледеу – доказывать
бағындыру – подчиниться
мәмілегерлік – дипломатический
жауыздық – зло
куә болу – быть свидетелем
сөйтіп жүргенде – в это время
өкпе ауру – болезнь легких
қайта қозу – возобновиться (о болезни)
Тапсырмалар
1. Мәтінге жоспар құрып, мазмұнын жоспар бойынша айтып беріңіздер.
2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.
4. Мәтіннен етістіктерді теріп жазып, қандай тұлғада тұрғанын анықтаңыздар.
5. Мәтіндегі бірыңғай сөйлем мүшелері кездесетін сөйлемдерді жазып алып, сол сөйлемдердің синтаксистік талдауын орындаңыздар.
6. Келесі сөйлемнің синтаксистік талдауын орындаңыз: Орыс империясының Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны Ресейге бағындыру жорығына аудармашы, жергілікті халықпен мәмілегерлік келісімдер жасау үшін қосылған ол полковник Черняевтің Әулиеатаны алу кезінде бейбіт халыққа жасаған жауыздығына куә болғасын, ренжіп, кейін қайтады.
7. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.
8. Мәтіннен сын есімдерді жазып алып, сапалық және қатыстық екенін белгілеңіздер.
9. Мәтіннен үстеулерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар. Үстеулердің мағынасын белгілеңіздер.