«Шешендік өнерге үйрету әдістемесі» пәні туралы түсінік
Жоспары
Сөз өнері туралы түсінік
Тіл мәдениеті, тіл көркемдігі
3. Өнер алды – қызыл тіл
Пәннің мақсаты: халқымыздың әлеуметтік әдеби эстетикалық қажетін өтеп келе жатқан халық даналығының нұсқаларын оқытып үйрету, оның сырын ашқызу, табиғатын таныту және оны практикада қолдануға баулу.
Шешендік өнерді оқытудың міндеттері:
1.Шешендік өнерді қалыптастыру тарихымен таныстыру;
2.Шешендік сөздің түрлерін мазмұнын, қолданыс ерекшеліктерін таныту;
3.Болашақ педагогтарды қызмет барысында оқушылармен, ата-аналармен, өзін қоршаған қоғам мүшелерімен ортақ тіл табысуға үйрету;
4.Студенттердің әдеби тіл нормасын, шығармашылық ойлау операцияларын қолдану дағдыларын қалыптастыру.
«Шешендік өнерге үйрету әдістемесі» — оқу пәндерінің бірі ретінде жоғары оқу орындарында бакалабр сатысында жүргізіледі. Қоғам қашанда дарынды, қабілетті адамдарға мұқтаж. Дарынды, сөзге шебер шешендікке бейім — тіл құдіретін түсінетін адамдар қатарын көбейту үшін студенттердің сөйлеу тілі мен дүниетанымын кеңейту мақсатында от ауызды, орақ тілді шешендеріміздің өнері үйретіледі. Халықтың даналықпен айтқан шешендік сөздері, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер оқытылады.Атағы алты алашқа белгілі, данышпан, гуманист көсемдеріміз А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, С.Сейфуллин, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев т.б. қазақтың дау-жанжалын бір ауыз сөзбен шешкен. Барша халықты өзіне қаратып, сөзге тоқтата білген.Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің өмірінен мәлімет беріледі.Сөз шеберлігі оқытылады.
«Шешендік өнерге үйрету әдістемесі» пәні бойынша Жиренше, Майқы би, Жәнібек батыр т.б.көрегендігін, тапқырлығын, аталы сөздерін оқып, талдап үйрету халықтық педагогикаға негізделеді.
Халықтық педагогиканың басты құралы — сөз өнері. Сөйлей алмайтындар күлдіремін деп күйдіреді, қуантамын деп қуартады,білдіремін деп бүлдіреді.
Шешендік — біліктілік пен білімнен, терең түйсік пен сезімнен, ұшқыр қиял мен өткір ойдан,тер төгу мен зерделіктен тұрады.
Ат сүрінгенше ақыл тапқан би, шешендеріміздің өнерін бойына сіңірген маманның құзіреттілігі талапқа сай бәсекеге қабілеттігі жоғары болып, әрқашан қоғамдық сұранысқа жауап бере алатын тіл мәдениеті дамыған ұстаз болмақ.
Педагог мамандарға шешендік өнерді үйрету арқылы нақты қисынды сөйлеуге үйретіледі. Сөз арқылы тәрбиеленушінің санасында сыйымды ойлар, әсерлі бейнелер туады.
«Шешендік өнерге үйрету әдістемесі» педагогтардың бойында көкірегі сәулелі, тілі орамды ақылды азамат тұлғасын қалыптастырып, сөз өнеріне баулиды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Билер сөзі». Кәкішов Т., Алматы,1992
2.Б.Адамбаев. «Қазақтың шешендік өнері».1984ж
3.Б.Адамбаев. «Халық даналығы».1976ж