Шешендік арнау

Шешендік арнау
Сабақтың мақсаты: Шешендік арнаудың түрлерін, айтылу ережесін, шешендік бейнесін түсіндіру.
Тапсырма
Тілек туралы не білесіз?
Алғыс дегеніміз не?
Қарғыс дегеніміз не?
Мысал келтіріңіз
Белгілі бір адамға арнайы айтылған сәлем, сын, әзіл және бата сөздерді шешендік арнау дейміз. Жаңалық пен жақсылыққа құтты болсын айту, қаза мен қайғыға қайыр болсын айту, қазақтың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпы. Келгенде «Қош келдіңіз» деп қарсы алу, кетерде «Жолыңыз болсын» деп шығарып салу жаңа сатымызға жат емес. Жақсы лебіз жарым ырыс деп тілектес сөзді жоғары бағалаған халқымыздың бата тілегін бейнелейтін шешендік сөздердің неше алуан нұсқалары бар. Қазақ халқы Ас адамның арқауы, Астан ешкім үлкен емес, деп заттық игіліктің адам өміріндегі шешуші мәнін дұрыс түсінсін, деп астың алды артында жақсы тілек игі ниеттерін білдіретін болған.
Бөлшіл, бөлшіл, бөлшіл бол,
Боз торғайдай төлшіл бол
Тәңір берген несібең
Тепкілесең кетпесін, — дейтін бата, алғыс сезімді әр халықтың үмітімен келешегі болып табылатын балаң көп болсын, тұрмысың жақсы бақытты баянды болсын деген ешбір дәуірде ескермейтін игі тілекті білдіреді.
Алтын ерлі ақ боз ат
Астында жүріп арысын
Қалың шашты қой көзі
Тоңдап қалған бұраң бел
Қасыңда жатып қарысын… -дейтін сөз біріншіден, ердің баласына бақыт пенен байлық тілігі, екіншіден,бақытпен байлық иелі деген Халық ұғымын көрсетеді.
«Алғыспен ел көгереді, Жаңбырмен жер көгереді» деп елдің алғысын, үлкеннің батасын қазақ жоғары бағалаған, сөздің рухтандырушылық дем берушілік күшіне кәміл сенген осы батаны Қанжығалы Шөнкі қарт айтқанда: «Бүкіл денем шымырлап, буын буыным жіпсіп» тұрды – деген екен ұлы жүзде Ысты Бөлтірік шешен. Мұндай батаға біреу мақтанса, біреу үміттенеді. Үміт — талаптың жетекшісі, талап табыс кілті. Олай болса осындай бата тілектің негізінде халықтың мұратшыл ой арманы болашақтан күткен үміт жатады. Сонымен бірге халықтың үлкенге деген құрметін, сыйын, бата сөзге сенімін қара басыңның қамы үшін пайдаланған билерді әшкерлейтін сөздер де сақталады.
Тапсырма
Сұрақтар
Досболдың тапқырлық сөздерінің мәнін түсіндіріңіз
Әзіл туралы не білесіз?
Әйел адамға деген құрмет туралы не түсіндіңіз, айтыңыз
Уайым дегеніміз не?
Байлардың кедейге көзқарасын түсіндіріңіз
Досбол би жолаушылап жүріп бір үйге түседі, үй иесі союға бір тоқты алдырып бата сұраса, тоқтыны арықсынып былай дейді:
— Япырай мына тоқты емген бе,
Әлде қойдан қалдырып шөп жемеген бе,
Болмаса малшы жөндеп бақпаған ба,
Әлде енесін қатырып қақтаған ба,
Ұлан жаздай қонаққа мұны соймай
Әдейі Досбол биге сақтаған ба?
Сонда үй иесі тоқтыны қоя бергізіп басқа қой әкеліп сояды. Қойдың терісіне қызығып, ас артынан би:
Кеңейте көр өрісін
Ұзарта көр желісін
Тонымның бір бойы кем еді,
Бергізе көр терісін, — деп бата беріпті.
Қазақ ежелден қалжыңды жақсы көреді. Баласы әкесімен, келіні атасымен әзілдесе береді. Әзіл үстінде айтылған артық кем сөзді көңіліне ауыр алмайды. Мұндай салт бір жағынан жастарды жақсылыққа тәрбиелесе, екіншіден ұстамдылыққа, еркіндікке баулиды. Бай – патшалар әйелді кем санағанмен халық еркекпен тең санаған. Халықтың ертегі аңыздарда батырлық ғашықтық жырларда арыстан жүректі, жолбарыс қайратты батырлардың атын баптап, қаруын сақтап, ақылшы болған арулар көп. Сондай-ақ ақындық шешендік айтыстарда, сөз саласында еркектен ешбір кемдігі жоғын аңғарған халық сөз жарысында да әйелге тең қарап еркіндік берген. Жақсы әзіл-қалжың танысып, білісудің ақыл-ой санасудың таптырмайтын тәсілі болған. Бала би көсе, Досбол сақалды кісі екен. Бала би жолдастарымен жолаушылап келе жатып, далаға түнеп қара шай ішіп отырған Досболды көріп: Сауулы түйелерің бар көрінеді, қара шай ішкенше түйе сауып сүт қатып ішпейсіңдер! – дейді. Сонда Досбол: -Ұрғашыға үйренген інген еді, сақалымыздан шошып бізге сауғызбай тұр, — депті әзіл -қалжың қыз бен жігіттің қатарлас, қадірлес адамдардың атасу сырласу тәсілі болуымен бірге кейде көңілде жүрген наза – наразылық сөздерді айтып біреуді біреу көп алдында кекетіп-мұқатып қалуға да сылтау болған. Нұралы ханның баласы Қаратай Орынборда оқу бітіріп патшадан аға сұлтандық алып, Кіші жүзді аралап жүргенде Атай Атақозы биге кездесіп қалады. Атақозы ашық арық, қатпа кісі екен. Биге көзі толмаған сұлтан:
Әй, Атақозы! Ойда қалмақтың, қырда қазақтың малын қоймасаңда алғаның бойыңа жұқпаған екен ау – дейді.
Сонда Атақозы шешен:
Өлеңді жерде өгіз семіреді,
Өлімді жерде мал да семіреді.
Қаралы үйде қатын семіреді,
Қайтсем топтан торғай шығармаймын деп,
Қазақтың бір тайын дұшпанға алдырмаймын деп,
Бір түнде тоғыз оянып, тоқсан толғанамын,
Мен арық болмай кім арық болады- депті. Қаратай жұмған аузын аша алмапты. Тек қасындағы бір би: Өз жөнімізбен өлмей, үйдегі қатын, балаға зәбіріміз тиіп кетті-ау деп қисая кетіпті. Бірақ бұдан халықтың дұшпаны — хан, сұлтан досы — би болыс екен деп ұқпақ керек. Хан да, би де кейде қарапайым көпшілікті менсінбей байды жоқтап, сонан соң сөйлеген. Бұл жерде ханды мұқатып халыққа қамқорсып, ел жұрт алдында өз беделін, өз ықпалын сақтап қалу үшін ежелден айтылып келе жатқан ақылды сөздерді би шешендер пайдаланған.
Тапсырма
Төмендегі арнау әңгімелерінің мазмұнын айтыңыз, талданыз
Тапқырлық туралы не түсіндіңіз?
Қасірет деген не?
Жұбату деген не?
Жақы лебіз туралы айтыңыз, мысал келтіріңіз
Шешендік сын туралы қандай шығармаларды білесін?
Арнау сөздердің бір саласы – шешендік сын. Қазақ ауыз әдебиетінде жерге, елге, малға айтылған шешендік сынның алуан түрі бар. Асан қайғы атынан он жылда бес саулық мыңға, бес қара жүзге жететін жердің құты емен, әттең аттың сауырына сыймайды-ау артыма сала кетер едім деп – жерге төс табаны төрт елі қарлап жүрер жол екен, төсегінен түңілген ерлер жүрер жол екен деп — шөлге, жал құйрығы қанат екен, төрт аяғы босаң екен деп — жылқыға айтылатын сөздер шешендік сынның ежелгі үлгісі. Түйе үстінде туып ат жалында өскен малшы, аңшы қазақ қашаннан ақ сыншы болған. Жүйрік ат қыран құсты шаппай ұшпай танитын саяткер құсбегілер туралы аңыздар бар. Ізіне қарап түйенің түгін, түсін айтатын қозыға қарап мың қойдан енесін тауып табыстыратын, жоғалған биенің ішке кеткен құлынын ат болғанда танып алатын сыншылар туралы аңыз әңгімелер сақталған. Ондай сыншылар шындығында болды ма, жоқ па оған кепілдік беру қиын, бірақ сөздің қисыны мен дәлеліне қарап халықтың даналығы мен тапқырлығына сүйенесің.
Қоғам дамуының шешен сатысында тұрған қазақ елінде не қызыңның ажарымен, не ұлыңның ақылымен байсың, онда да өзің сақ болсаң, әйелің қолы берекетті болса, мал құралады -дейді Асау қарт.
* * *
Наурызбай би жас кезінде Қыпшақ, Монғол биді шақырып мейман ғып сыйлап, бағын сынатады. Сонда Монғол би былай дейді:
Ілімің бар екен
Білімің әлде қалай,
Қағуың бар екен
Халқыңа жағуың әлде қалай,
Айлаң бар екен
Халқыңа пайдаң әлде қалай,
Жорғалығың бар екен
Халқыңа қорғандығың әлде қалай,
Заттығың бар екен, Жарқыным
Халқыңа қымбаттығың әлде қалай.
Мұнда қарт сыншы жас бидің ілімділігін, айлакерлігін, сөзшеңдігін бектігін растайды. Бірақ ақыл қайрат барлығымен құнды емес, дұрыс бағытымен құнды дейді. Егерде қасиетті адам қабілетін халқы үшін пайдаланса, ол елінің қамқоры, ол айласын қара басы үшін жұмсап, еліне ептілік жасаса – ол халқы үшін нағыз қауіпті адам болмақ.


Осындай бір шешендік сын:
Алғаның жақсы болса — абыройыңның тұрағы,
Атың жақсы болса — дүниенің пырағы.
Балаң жақсы болса – екі көздің шырағы, деп келесі ұрпақ, келешек жасты қара басы үшін емес, халқы үшін қызмет істеуге жақсылыққа, сыйластыққа меңзейді.
Сөзге шебер шешен адамдар ауызекі сәлемдескенде өзара жауаптасқанда шешендік сөз тақпақ жырларды жиі қолданған. Тұрмыс салт жырларында батырлық және ғашықтық дастандарда шешендік сәлемнің неше түрлі келісті үлгілерін кездестіруге болады. Қамбар батыр жырындағы Келмембеттің Өзімбанға Жәдігердің Қамбарға, Қамбардың Қараманға тұспалдап айтылатын сөздері осыған мысал бола алады. Сол сияқты ел аузынан жиналған халық шығармаларында да шешендік сәлемнің сан қилы нұсқаулары алынған. Арғын Мұнасып батыр кедей екен. Бір күні есік алдында тары түйіп жатса төрт бес адам келіп сәлемдеседі. Сонда Мұнасып қонақасыдан қысылып жазушыларға былай дейді.
Түзге шықсам батырмын,
Үйге келсем қатынмын.
Қатын ауру, бала жас,
Тары түйіп жатырмын.
Менің атым Мұнасып,
Жүрем десең жол ашық.
Түсем десең үй мынау,
Алдыңдағы лашық..
Атадан қалған кедеймін,
Келе жатыр ұласып.
Бұл сөзді Досбол айтты деген де нұсқасы бар. Алайда сөздің түпкі төркіні халықтікі. Халық Мұнасыптай батырдың Досболдай бидің ісін жастарға үлгі етіп ұсынады. Түзде айбынды батыр, азулы би болсаң да өз үйіңде өзің төре болма «құлдай істеп, бидей іш» дегенді аңғартады. Барбас дейтін бай бүкіл үш жүзге сауын айтып той жасап, Алтай Байдалы биді шақыртады.Тойға мініп баратын аты болмай байға былайша сәлем айтыпты.
Дұғай сәлем Барбасқа,
Көкірек бірге жан басқа
Сұлулығы өзіндей
Жүйріктігі өзімдей
Ат жіберсін торы қасқа
Байдалы мінер әр топқа
Даңқы кетер жан жаққа
Небір ақын, шешен, билер ел арасын ығыр қылған қасаң дау талапты алдын ала анықтау үшін араға кісі салып «ауызша хатбегі» сөйлесуді де қолданған. Сондай ақ ілгеріден кейінгіге қосып келе жатқан «білімдінің хаты» сияқты өсиет сәлемдер де бар.
Адам баласының басына түсетін қайғының ауыры қазамен байланысты туған естірту, көңіл айту сияқты шешендік сөздердің әр түрлі нұсқалары сақталған ондай создерді топтап, шешендік көңіл айту деуге болады. Шешендік сөздер көңілі қаралы, беті жаралы жандарды жұбату үшін айтылады. Тауып айтылған көңіл қайғылы қазаны жанды қайырымсыз қазадан түңілтеді, қаза ортақ, қайғы кезек екенін ескертіп жұбатады. Өткенге өкінгенше тірінің тілеушісін тіле дейді.
Жұбату
Ақ қоян қашты беркінге,
Қоймады бүркіт еркіне.
Өлмес адам болмайды,
Өткелсіз су болмайды.
Қанаты бүтін сұңқар жоқ,
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ..
Дүниеде не күшті
Ажал күшті
Ақ сұңқар тұғырдан ұшты.
Таусардың суын ішті
Хордың қызын құшты- дейтін жұбату сөздер – жалғыз баласы өліп жер таянып қалған қарт ата –анаға әртүрлі үлгіде атам заманнан бері келе жатқан көңіл айтудың дәстүрлі түрі. Халық мұнда қаза ешкімнің қалаулысына қарамайды. Өлімнен ешкім қашып құтылмайды дегенді аңғартады. Сонымен бірге өлім — өмірдің заңы, оған мойын ұсын дейді, балаң бұл дүниеде көрмеген қызығын о дүниеде көреді-міс деп жылағанды жұбату үшін діни аңыздарды да пайдаланады. Халық жалаған даналық ой, тапқырлық сөздерді белгілі билердің беделді адамдардың атынан тарату ауыз әдебиетіндегі ертеден келе жатқан дәстүр сондай шешендік көңілдің бірі — Шоқай мен Досболдың Ерденге айтқан сөзі.
Баласы өлген Ерден батыр ешкімді қабылдамай қайғырып жатып қалады. Соған көңіл айта келген Шоқай би былай дейді:
-Ей батыр Ерден!
Басыңды көтер жерден,
Әкең Сандыбай да өлген,
Оны мына Шоқай көрген.
Көкті бу көтереді,
Жерді су көтереді,
Ауырды нар көтереді,
Өлімді ер көтереді…
Сонда Шоқаймен келген Досбол шешен:
Өлмесе қайда кетті,
Бұрынғының кәрісі,
Жер жүзін жұтса да тоймайды.
Қара жердің талысы
Ерден- ау!
Өткенге өкінбе,
Келмеске кейіме,
Өлім деген ұзақ жолдың алысы – дегенде Ерден басын көтеріп, жылап көріскен дейді.
Бұл сөзде халықтың дүниеге өмірге диалектикалық реалистік көзқарасынан көрінеді. Сосын халық қазаға сабыр қыл, болған іске болаттай бол дегенді аңғартады. Өмір сүруге лайықтының бәрі — өлімге де лайық.- депті Ф.Энгельс. Жақсы лебіз, жанашырлық сөзі жаралы жанның көңілін ширатып, көзінің жасын жияды. Бұл сөз өнерінің соның ішінде шешендік сөздердің сиқырлы күшіне дәлел бола алады.
Екі оқты құлан көтереді
Бір оқты бұлан көтереді
Арыстанның белгісі
Айналып кетсе артына
Ақырмайды деп еді.
Нар түйенің белгісі
Қабырғасын сөгіп қаза алса
Бақырмайды деп еді
Нағыз туған асыл ер
Қасірет қайғы тартса да
Аһ! Ұрмайды деп еді – дейтін шешендік сөздер ерді, сабырлы шыдамды болуға шақырады. Өмірде өлім қайғысын таратпайтын басына ауыр іс түспейтін кімде болмайды, қаза қайғы қиыншылық, таршылық жаман адамды жасытады, жақсыны шынықтырады, ширатады.
Басыңа іс түссе ойлай берме, бойлай бер дейді.
Өлім алусыз тау
Кімнің бауыры сау?
Пұлсыз берді
Құнсыз алды
Оған не дау?
Бізге аяулы
Алушыға да қалаулы — деп өмірдің заңын, өлімнің қайырымсыздығын өз ұғымына лайықтап түсіндіріп жақсылыққа тасымайтын, жамандыққа жасымайтын төзімді қайсар болуға шақырады. Сайып келгенде, шешендік арнау адам арасында қарым-қатынастарды бейнелейді. Халықтың әдет ғұрпын, салт санасын білу, тіл байлығын сөйлеу мәнерін үйрену үшін шешендік арнау сөздердің мәні үлкен.
Пайдаланылған әдебиет:
1. Адамбаев. «Халық даналығы». Алматы. Рауан. 1996 ж. (92-99 беттер аралығы)
2. Бердібаев Р. Кәусар бұлақ. Алматы: 1989
3. Жандыбаев Ғ. Сөй мәйегі. Алматы: 1998
4. Типтік оқу бағдарламалары ІІІ бөлім.Абай атындағы ҚҰПУ-нің қазақ әдебиеті кафедрасы. Алматы: 2003
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Дәдебаев Ж. Шешендік сөздер. Алматы: 1993
2. «Билер сөзі». Кәкішов Т., Алматы1992
3. Б.Адамбаев. «Қазақтың шешендік өнері».1984ж
4. Б.Адамбаев. «Халық даналығы».1976ж

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *