ХҮІІІ-ХІХ ғғ. Қазақ қоғамының саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайы.
1731 жылғы келісімді көп ұзамай Ресей патшалығы бұзды. Ресейге бағынышты қалмақтардың, башқұрттардың, казак-орыстардың қазақ еліне шабуылы тоқтаған жоқ. Ор өзенінің бойына салынған қорған-қала Орынбор Әбілқайыр үшін емес, бүкіл қазақ даласын басып алуға арналған бекініс болды. Көп ұзамай Кіші жүзде – Переволоцкая, Новосергеевка, Чернореченская, Кулагинская, Калмыковская, Иргульская, Орская, Сажерная, Губернинская сияқты казак-орыстардың әскери бекіністері қаптап кетті.ХҮІІІ ғасырдың 40-шы жылдары үздіксіз қан төгіс, қарулы қақтығыстардан титықтаған қазақтар мен ойраттар өзара жақындасуға қадам жасауға мәжбүр болды. Бірақ, орыс үкіметі мен Орынбор әкімшілігі Орта жүз бен Кіші жүздің жоңғарлармен жақындасуына кедергі жасап бақты. Орынбор комиссиясының бастығы И. Кириллов 1734 жылы мамыр айында патша Анна Ионовнаға жазған жолдамасында «Үш жүз ынтымақты болғанда, бірлескен күшпен жауларын жеңе алар еді»-деп пайымдады.1740 жылдың қыркүйегінде қазақ даласына құрамында поручик Д.У. Гладышев және өзгелер бар Ресей елшілігі өз үкіметі алдында Әбілқайырдың сенімсіздігі жөнінде және бұл өңірде орыс ықпалын күшейту тұрғысында шұғыл шараларды жүзеге асыру жайлы тұңғыш рет ресми түрде мәселе қойды. Осы жайды Әбілқайыр ордасында болған прапорщик Муравиннің жазбалары да растайды. Патша үкіметі Әбілқайырды Ресейдің Қазақстандағы ықпалын күшейтуге барынша пайдалана алғаннан кейін, енді оны ауырсына бастады. Орыс билеушілері қазақ қоғамының жоғарғы буынды әртүрлі топтарының арасындағы келіспеушіліктерді өз қажетіне пайдаланып, оларды бір-біріне айдап салды. Ақыры Барақ сұлтан болған топ 1749 жылы Әбілхайырды өлтіреді.Осы фактілердің өзі-ақ патша үкіметі мен жергілікті билік органдары өздерінің қол астына кірген елге әскери және дипломатиялық жәрдем беру ісіне аяқасты қарағанын байқауға болады. Ресей империясы ХҮІІ ғасырдың аяғында-ақ Ертістің жоғарғы жағынан, ХҮІІІ ғасырдың басында Бұқтырма, Үлбі өзендерімен және Зайсан көлін басып, өз жері деп есептеген. Орыс үкіметі Кіші жүздің Ресей қарауына кірісімен қазақ көшпенділерін өздері жасаған линиялар мен бекіністерін әрірек ығыстыруға барынша күш салды. С.Д. Асфендияровтың мәліметтеріне қарағанда, әскери линиялар жартылай қоршау ретінде Қазақстанда (Каспий, Атырау) теңізінің жағалауына Ертістің жоғарғы сағасына дейін жеткен. Бұл уақытқа дейін Орал, Сібір, Орынбор әскери құрамалары құрылып, оларға жер бөлініп, басқа да жеңілдіктер берілген.Орынбор губернаторы Неплюевтің 1842 жылғы шешімі патша Елизоветтаның 1756 жылғы қабылданған жарлығы бойынша Кіші және Орта жүздің руларына Жайық пен Ертіс арқылы мал айдап өтуге, Есіл мен Тобылдың төменгі сағаларын жайлауға тиым салып, бұл шекаралық өңірге алдын-ала бекіністер тұрғызылды.Шекара бойындағы он шақырымдық қаптапқа жақындауға рұқсат берілмейтін болды. Қазақ жүздері мен руларының басшылары айтылған өзендерден әрі-бері өтуге тиым салынуына талай қарсылық білдірді. 1761 жылы Ресей патшалығы Бұқтырма бекінісін салды. Қазақ еліне отарлаудың қамытын берік кигізу мақсатында стратегиялық маңызы бар, маңызды деген нүктелерге берік бекіністер шебін құрып алып, патша үкіметі елді өлкедегі отаршылар санын көбейту қамына кірісті.1745 жылы мұнда Астрахань төңірегінде көшіп жүрген қоңырат, татарларды да зорлықпен қоныстандырды. 1744 жылы өз еріктерімен Қазан татарлары көшірілген еді.Жалпы алғанда, ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында ерікті шаруалар келіп қоныстана бастаса, Орынбор өлкесіне помещиктермен қоса Ресейден әкелінген шаруалар да көшірілді.1807-1828 жылдары Орынбор өлкесіне мемлекеттік шаруалар қоныстандырылып, оларға әрбір адамға, жасына қарамастан 15 десятина жер бөлініп берілді. Ал, Алтай өлкесіне қоныстанған мемлекеттік шаруалар саны жылдан жылға көбейе берді.
Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы күресі 200 жылға созылып келіп, ел басқарған батыр, ақылды билердің ұйымдастыруымен халқымыз жеңіске жетті. Алайда, осы жеңіс үшін талай жыл күрескен, сол күрес жылдарында саны азайып, әлсіреген елімізге Ресей империясы біртіндеп, бірде алдап-арбап, бірде әскери күшпен келіп отарға айналдырды. Тәуелсіздік арманға айналып, зор өкініштерге әкелді. 1781 жылы Абылайдың қайтыс болуы, оның толып жатқан ұрпақтары арасындағы кикілжіңдер хан билігін әлсіретті. 1795 жылы екі сұлтан, 19 ақсақал және 122360 қазақ императрица ІІ Екатеринаның атына Уәлиді хан тағынан тайдыру туралы шешім жіберді. Үкімет ол кезде хан билігін жою жөн емес деп тапты, алайда оны әлсірету мақсатымен біраз кейініректе Орта жүзде Уәлимен қатар екінші хан етіп Бөкей сұлтанды тағайындады. 1817 жылы Бөкей хан, ал екі жылдан соң Уәли хан қайтыс болды. Ресей билігі таралған аудандар жоғарғы билеушісіз қалып, нақты биліктің қандай нысаны болмаған жағдай орын алды. Хандық ықпалды сұлтандармен көзбе-көз келіспей немесе алдын-ала келіссөз жүргізілмей, іс жүзінде жоғарғы жақтан жойып жіберілді. Жаңа реформаны әзірлеуді патша үкіметі граф М.М. Сперанскийге жүктеді. 1822 жылғы 22 маусымда патша «Сібір губернияларына арналған мекемелер», «Бұратаналарды басқару туралы жарғы», «Қырғыз-қайсақтары» басқару туралы жарғы, этаптар туралы жарғы, жер міндеткерлігі туралы ережелер, астық қорлары, шаруалар мен «бұратаналар арасындағы борышкерлік міндеттемелер» туралы ережелер үшін негіз болған 10 заңды бекітті.«Сібір… мемкемелеріне» сәйкес, азиялық Ресей 2 генерал-губернаторлыққа: орталығы Тобыл болған Батыс Сібір, орталығы Иркутск болған Шығыс Сібір генерал-губернаторлығына бөлінді. Біріншісіне Тобыл, соңғысының құрамына Томск губерниялары енгізілмекші болып ұйғарылды.Орта жүздегі дәстүрлі мемлекеттілікті таратып, хан атағын «мүлде артық» деп жойып жіберген үкімет Сібір қазақтары туралы жарғыға сүйеніп, басқарудың жаңа нысанын енгізді. 3-тарауға сәйкес, Оңтүстік-батыс Сібірді мекендеген қазақтар «көшпелі бұратаналар сословиесі» болып есептелінді және тең құқықтарды пайдаланды, ал «сібір қазақтары елі» ең алдымен 1838 жылы Батыс Сібір қазақтарын шекаралық басқару құрылғанға дейін Омбы облысына бағынып келген сыртқы округтерден құралды.Жарғымен міндеткерлік пен салықтардың жаңа санаттары енгізілді. Бұл орайда М. Сперанский мен оның төңірегіндегілер әдейі бесжылдық жеңілдік белгіледі немесе көшпелі халықтың барлық санаттарын барлық алымдардан босатты; мұндай бетбұрыс бұрынғы феодалдық жүйе бойынша міндеткерлік атқаруға: көшпелі аудандарда зекет пен соғым, егіншілікті аудандарда ұшыр төлеуге дағдыланған халық наразылығының алдын алуға ұмтылысқа байланысты болса керек.ХІХ ғасырдың басында Бұқтырма, Өскемен бекіністерінің Петропавлдың, Семейдің маңызы едәуір арта түсті.Алғашқы сыртқы округ – Қарқаралы округі 1824 жылғы 8 сәуірде ашылды. Жаңадан құрылған округке кірген болыстар құрамында 20 мыңдай шаңырақ, шамамен алған есептеулер бойынша, 60000-ға дейін ер азамат болды.Бұдан кейін бірқатар сыртқы округтер: 1825 жылы — Құсмұрын, 1826 жылы — Баянауыл, 1831 жылы — Аягөз (Сергиополь), 1832 жылы Ақмола округтері құрылды.1822 жылы Орынбор губернаторы П.К. Эсеннің қатысуымен дайындалған «Орынбор қазақтарын басқару жөніндегі жарғы» бойынша Кіші жүз жеріне үш хан тағайындау жоспарланды, бірақ ол іске аспады. Жарғының бұл жылы бекітілмей қалуына да осы жай себеп болды. Ал, Орынбор губернаторы 1824 жылы Кіші жүз ханы Шерғазыны Орынбор қаласына шақырып, сондағы бір қызметке тағайындады да, Кіші жүздегі хандық билікті жойды. Тек Еділ мен Жайық өзендері аралығындағы Кіші орда немесе Бөкей хандығы ғана 1845 жылға дейін сақталды.Сонымен Орта және Кіші жүзде хандық, феодалдық мемлекеттіліктің жойылуы, бір жағынан, қазақ қоғамының өзінде ішкі рулық талас-тартыстардың жалғасуы салдарынан, екінші жағынан, патша үкіметінің әскери-әкімшілік әрекеттерінің нәтиежесінде болды. 1822 жылғы Сібір қазақтары туралы жарғы, 1824 жылғы Орынбор қазақтары туралы жарғы алғашқы патшалық реформа ретінде, бүкіл дәстүрлі билік құрылымын қиратып, әлеуметтік-саяси және шаруашылық өмірдің барлық жақтарын қамтыды, қазақ қоғамы ішіндегі, ең алдымен патшалық өзгерістерді, негізінен, қиналмай қабылданған шеп маңайындағы ауылдар арасындағы және кең далада еркін көшіп жүріп, көшпелі тәуелсіздіктің ең берілген жақтаушылары ретінде сұлтандардың, билердің ақыл беруі бойынша патшалық өзгерістерге көнбегендер арасындағы онсыз да өткір қайшылықтарды тереңдетіп, Кавказдағы, Еділ бойының түркі тілдес аймағындағы және далалық табиғи ландшафты реформаның іске асырылуын белгілі бір дәрежеде қиындатқан Қазақстандағы отаршылдыққа қарсы топтардың бірігуін күшейте түсті.