ХІХ ғ. ІІ жартысындағы Қазақстандағы әкімшілік реформалар және Қазақстанның Ресей отарына айналуы.
Ресей империясы қазақ жерінде ХІХ ғасырдың 60-90 жылдары әкімшілік-территориялық реформалар жүргізді. 1867 жылы “Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы уақытша ереже” бекітілді, ал 1868 жылы Орынбор және Батыс-Сібір генерал-губернаторлығын басқару туралы уақытша ереже бекітілді. Осы ережелерге сәйкес бүкіл Қазақстан территориясы Түркістан, Орынбор және Батыс-Сібір генерал-губернаторлығына бөлінді. Барлық билік – азаматтық, әскери биліктер бір ғана генерал-губернатордың қолында болды. Орынборға Орал мен Торғай облыстары, Батыс-Сібірге Ақмола мен Семей облыстары; Түркістанға Жетісу мен Сырдария облыстары кірді. Бұрынғы Бөкей хандығының территориясы Астрахан губерниясының құрамына, Маңғышылақ 1870 жылы Кавказ әскери округының құрамына кірді. Генерал-губернаторлар тағайындап отырған уезд бастықтарына көмекші екі кісінің біреуі жергілікті шонжар тап өкілдерінен алынды. Уезд бастықтарына полиция да, әскери бөлімдер де, уездегі мекемелер де, бекіністер де бағынды. Уездер территориялық пинципке негізделген болыстарға, ал болыстар 100-200 шаңырақтан тұратын ауылдарға бөлінді.1867-1868 жылдардағы реформалар арқылы әскери-сот комиссиялары мен уездік соттар құрылды. Сот мекемелері Ресей империясының отаршылдық саясатын жүргізу құралы болды. Уездік және әскери соттар бұқараны қанауды үдетті. Реформа арқылы отарлық басқару, билік нығайтылды. ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстан Ресей империясының капитализмге дейінгі өндірістік қатынастар басым болған аграрлы-отарлық шет аймағы болды.Отарлаушылар қазақ халқының жері мен оның табиғи байлығының көп бөлігін иелік етіп қана қоймай, сонымен бірге қазақтарды рухани жағынан отарлады. Халықты тілінен, дінінен, жерінен айыру бағытында қатыгездікпен ойластырылған шараларды жүзеге асыра бастады. Бұл жөнінде Міржақып Дулатов 1907 жылы жазылған “Қазағым менің, елім менің” – атты мақаласына былай деп ашына жазған еді: “Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық, оның ешқандай правосы жоқтығы кек тудырады. Халықтан жиналған салық қаражатының көп бөлігі халыққа тіпті керек емес нәрселерге жұмсалады.Енді патша чиновниктері біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет-ғұрыптарымызға тиісе бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды”. ХХ ғасырдың бас кезінде Ресей империясында таптық күрес шиеленісе түсті. Патша үкіметі осы таптық күресті шешу мақсатында қазақтардан көптеген жаңа жерлерді тартып алып, оған Ресейден орыс шаруаларын жаппай қоныс аудара бастады. Ресейден қоныс аударған шаруалар салықтан, әскерден босатылды. Оларға алғашқы кезде ақшалай жәрдем берді. Бұл Қазақстанға қоныс аударған орыс шаруалары Ресей империясының Қазақстанды отарлауының тірегі болды.Орыс шаруаларын Қазақстанға қоныс аудару, әсіресе Столыпинның аграрлық саясаты кезінде кең өрістеді. Бір ғана 1906 жылдан 1917 жылға дейінгі аралықта қазақтардан 17 миллион десятина құнарлы жер тартып алынды. Қазақтарды құмды, шөлейт жерлерге ығыстырып тастады. Бұл қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлауына алып келді.