Тәуке хан (1680 -1718 жж. билік құрған)
Әз Тәуке атанған қазақ ханы — Жәңгір ханның ұлы. Билерге сүйене отырып, Тәуке хан сұлтандардың ықпалын бәсеңдетуге тырысты. Атақты «Жеті жарғы» заңдарын жасады. Ол XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында қалыптаса бастаған қазақ құқығының ережелер жинағы болып табылады. Тәуке мемлекеттік басқаруды дұрыс жолға қою үшін қарулы күштерді ұйымдастыру, қазақ халқының бірлігін күшейту мәселесіне айрықша мән берді.
Тәуке хан тұсында тұрақты мемлекеттік органдар: Хан кеңесі, Билер кеңесі қалыптасты. Ол басқарған кезде жыл сайын Ташкент түбіндегі Күлтөбеде Үш жүздің басшыларының жиыны өткізіліп тұрды. Жүздер мен тайпалар арасындағы дау-дамайлар Үш жүздің әйгілі әрі беделді билерінің (Төле, Қазыбек, Әйтеке) қатысуымен шешілетін болды. Билер тобы хандықты басқаруға, заң шығару және сот ісіне араласа отырып, бірте-бірте билікке икемделе бастады. Тәуке заңдары арқылы барлық тайпалардың, рулардың ұраны және материалдық байлықтың айырма белгілері белгіленді, хандық биліктің беделін жоғарылату бағытында шаралар қолданды. Сонымен бірге, жаңа салық жүйесі енгізілді. Сот ісінде кісі өлімі қаралған кезде «қанды кек» принципі сақталды, тек ерекше жағдайларда талас билердің шешімін негізге ала отырып, құн төлеу арқылы шешілді.
Тәуке ханның хандық билікті дамыту және күшейту жолындағы қадамдары сәтсіз болды, себебі қазақ хандықтары бытыраңқы күйде еді. Мұнан соң Тәуке хан өзінің сыртқы саясатында Ресеймен дипломатиялық және сауда байланыстарын орната бастады. Тәуке хан тұсында Ресеймен дипломатиялық және сауда байланыстары дамыды, елшіліктер және аманаттар алмасу жүзеге асырыла бастады.
1716 жылы Тәуке хан жоңғарларға қарсы шабуылға шығуға Ресейден әскери көмек сұрады. 1698 жылы ойрат және қазақ феодалдары арасында қақтығыстар басталған еді. Жоңғар ханы Сыбан Раптан билік құрған кезде (1711-1712, 1714-1717) мұндай қақтығыстар үздіксіз болып тұрды.
Сөздік
сүйену – опираться
бәсеңдету – ослабить
дұрыс жолға қою үшін – с целью направить на правильный путь
қарулы – вооруженный
ұйымдастыру – организовывать
айрықша мән беру – придавать особое значение
тұс – период, время
дау-дамай – тяжба, спор, раздор
шешілу – решаться
заң шығару – издавать законы
араласу – 1.общаться; 2.вмешиться; 3.смешиваться ????
бірте-бірте – постепенно, медленно
икемделу – приспосабливать
айырма – различие, разница
билік – власть
беделін жоғарылату бағытында – для повышения авторитета
шаралар қолдану – проводить мероприятия
салық жүйесі – система налогов
«қанды кек» – кровная месть
сақталу – сохранить
талас – спор
негізге алу – брать за основу
құн – стоимость (в тексте:выплата за убийство, введенная при Тауке хане)
арқылы – при помощи
көмек сұрау – просить помощи
ойрат – ойраты (народность)
қақтығыс – столкновение
үздіксіз болу – быть непрерывно
Тапсырмалар
1. Мәтінге жоспар құрып, мазмұнын жоспар бойынша айтып беріңіздер.
2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.
4. Мәтін бойынша келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау (салық), морфологиялық талдау (көмек сұрау), синтаксистік талдау (Тәуке ханның хандық билікті дамыту және күшейту жолындағы қадамдары сәтсіз болды, себебі қазақ хандықтары бытыраңқы күйде еді).
5. Мәтіннен тұйық етістіктерді теріп жазыңыздар, қандай тұлғада тұрғанын анықтаңыздар.
6. Мәтіндегі келесі сын есімдерге зат есімдерді табыңыздар: атақты, дипломатиялық, хандық, әскери, мемлекеттік,материалдық.
7. Мәтіннен үстеулерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар. Үстеулердің мағынасын белгілеңіздер.