Сөйлеу шеберлігі және тіл мәдениеті

Сөйлеу шеберлігі және тіл мәдениеті
Жоспары:
1) Шешендік тілдің логикамен байланысы
2) Шешендіктегі сөз бен ұғым.
3) Шешендік сөздердегі ой қорытындысы
4) Сөздің дәлдігі, ойдың айқындылығы.
5) Тіл тазалығы, көрнектілігі
6) Қазіргі шешендіктегі сөйлеудің түрлері.
Сабақтың мақсаты:
Қазақтың би-шешендерінің сөз саптау, көп алдында сөз сөйлеу шеберлігін үлгі ете отырып, студенттерді болашақ маман ретінде аз сөзбен көп мағына беруге, өз ойын дұрыс жеткізуге үйрету.
Тапсырма
Төмендегі мәтінді оқып, мазмұнын айтыңыз
Сұрақтарға жауап беріңіз
Сұрақтар
1. Шешендік тілдің логикамен байланыстылығы неде ?
2. Шешендік сөздердегі ой қорытындысы дегеніміз не ?
3.Шешендік сөз несімен мазмұнды ?
4. Таза сөйлеу дегеніміз не? А.Байтұрсынұлы тіл тазалығына не деп анықтама береді?
5. Шешендік сөздің қандай сапалық белгілері бар ?
6. Қазіргі шешендіктегі сөйлеудің түрлері қандай ?

Сөйлеу шеберлігі және тіл мәдениеті
Тіл мен ойлаудың өзара байланысы ұғымдар арқылы жүзеге асады. Ал ұғымның пайда болуы санада өтетін пайымдау әрекетінің нәтижесі. Пайымдау арқылы логика ғылымы ой қорытындыларын жасап, қорытпа білім алуда қолданылатын ойлау заңдарын зерттейді. Логика таным теориясының бірлігі ретінде ежелгі Қытай, Үнді және Греция елдерінде біздің жыл санауымыздан бұрын V-VI ғасырларда зерттеле бастаған. Дегенмен, логиканың ғылым ретінде қалыптасқан отаны Ежелгі Греция деп саналады. Ал оның негізін салушы ұлы ғалым Аристотель болды. Сондықтан ол логиканың атасы деп саналады.
Дұрыс ойлау, дұрыс пайымдау шешендердің ойлау, сөйлеу, дағдыларында қалыптасып, іске асып отырған. Шешен адам дұрыс пікірлесу, пайымдау дәлелдеу сияқты ақыл-ой әрекеттерін іске асыруға қабілетті. Мұндай ақыл-ой қызметтерін іске асыра білу қызметтерінің, қабілеттерінің жиынтығы шешеннің логикалық мәдениет-пайымдау процесіндегі бірнеше ұғым, пікір, ой қорытынды сияқты ойлау формаларына тән, қажетті, ішкі, мәнді байланыстар.
Шешендік сөздердегі тұспалдап атайтын сөздер алынып отырған атаулардың ұғымдық белгісіне сүйенеді. Бейнелі атауларда ұғым заттардың қасиеттерін салыстыру тәрізді логикалық тәсілге сүйеніп, анықталады.
Бұқар жыраудың «Керей қайда барасың?» деген толғауында «сен бұзау терісі шөншіксің, мен өгіз терісі талыспын» дегенінде ыдыс-аяқ атаулары болып табылатын шөншік, талыс сөздерінің қолданылуында мынадай ұғымдық белгілер таңдалынып алынады:
1) шөншіктің бұзау терісінен жасалатындығы;
2) сондықтан көлемінің кішкентайлығы, әлсіздігі;
3) талыстың өгіз терісінен жасалатындығы;
4) сондықтан көлемінің үлкендігі, мықтылығы.
Шешендік сөзде логикалық ой қорытындысы сезім мүшелерінің көмегімен шығарылады. Бұған мысал Төле би мен Әнет бабаның сұрақтары.
Шешендік сөздерде кейде ой қорытындысы берілмейді. Ой қорытындысын шығаруды шешен тыңдаушы көпшіліктің өзіне қалдырады.
Шешендік сөздерде ой қорытындының индукциялық және аналогиялық түрлері кеңінен қолданылады.Билер сөзінде көбінесе жекеден жалпыға қарай жасалатын индукциялық ой қорытындыларының жиі кездесуі билердің таным процесінің эмпирикалық танымнан, яғни жеке нәрселер мен құбылыстардың сапалары мен қасиеттерін танып білуден басталатындығы себеп болады.
Шешендік сөздің сапалық белгілері.
Шешендік сөз ақыл-парасатқа негізделсе, мазмұнды болады. Шешендік сөздің мазмұндылығы сөйлеушінің ақыл-ой дәрежесіне, жан-жақты білімділігіне байланысты. Шешендік ғылымның теориясын жасағандардың бірі – Цицерон да жақсы шешен болу үшін, жан-жақты білім керектігін айтқан еді. Сөз мағыналарын жақсы білген адам сөзді орнымен жұмсай алады. Сөйлеуші әрбір қолданыста әр түрлі мағынаға ие болатын көп мағыналы сөздерді өз орынында ұтымды қолдана алса, ой мен ұғым дәлдігіне жетеді. Мысалы, дүние деген сөздің қанша мағынасы бар болса, сонша рет қолданысқа түседі: мал, мүлік, көңіл-күй одағайы т.б.
Шешендік сөздерде синоним сөздер қабат қолданғанда,тілдің жеткізу мүмкіншілігі молайып, тіпті ғылыми түсініктердің өзі сыр ашып, шешіліп сөйлегендей болады.
Сонымен бірге шешендік өнерде антонимдік қолданыстар көркемдік үшін де, ой айқындылығы үшін де қолданылады. Ал омоним сөздерді орнымен қолдану сөйлеуде логикалық қате жіберуден сақтандырады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мақал-мәтелдер мен фразеологизмдер дәлдікпен қолданғанда, ойдың айқындылығымен қоса, сөйлеу тілінің көркемділік деңгейін көтереді.
Таза сөйлеу — ой айқындылығының белгісі. Шешендікті қадірлеген халық «Адам аласынан сөз аласы жаман, от шаласынан, сөз шаласы жаман» дегенде, ана тілінің байлығын бағаламай,туған тілінде таза сөйлей алмаған адамдардың қойыртпақ тіліне қарап, қынжылып айтса керек.Тіл тазалығы дейтініміз, — дейді А.Байтұрсынұлы, ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау, ескірген сөздерге жоламау, жергілікті сөздерден қашу» [2; 151]
Шешендік өнерде тіл тазалығы жоғарыдағы айтылғандардан өзгешерек. Әрине, шешендік сөйлеу мәдениетінің талаптарын ескереді, өйткені ол – тіл мәдениетінің жоғарғы формасы. Шешен болып қалыптасу жолында сөйлеуші тіл мәдениеті талаптарын меңгермейінше, оның шешен сөйлеуге төселуі пайым нормаларын сақтай алмаған адам көпшіліктің алдына шығып сөйлеп, береке таппайды.
Осы жағынан алғанда тіл мәдениетімен тығыз байланысты.
Шешендікте сөздің логикалық дәлдігі тіл тазалығын құрайды.
Тіл мәдениетінде тіл тазалығы оның өзге тілдік элементтерден арылуы деп түсін, дірілсе, шешендік сөздердегі тіл тазалығын ойдағы екіұштылыққа жол бермеушілік, сөздерді уәжсіз қолданбаушылық, ойды дәл білдірмейтін «жылтыр» сөздерді қуаламаушылық деп түсінуіміз керек.
Қазіргі шешендікте сөйлеу монолог және диалог түрінде болады. Монологтық сөйлеу — қазақ шешендерінің толғау, ақыл, өсиет, бата тілек, үндеу түрінде ертеден қолданып келе жатқан сөйлеу түрлері. Монолог — бір кісінің сөйлеуі немесе ойы. Монологта белгілі бір тақырыпты баяндап, сипаттап, әңгімелеп айтып беру мақсаты көзделетіндіктен, көпшілік алдында сөйленген сөз, жасалған баяндамалар, оқылған лекциялар, айтылған пікірлер, монологқа жатады. Монологта автордың түйінді ой-тұжырымдары айтылып, көпшілікке талқыға ұсынылады. Сондықтан көп жпғдайда монолог диалогқа айналады.
Шешендіктану ғылымы қазіргі шешендіктегі сөйлеу түрлерін былайша жіктейді: монолог және пікір алмасу, ой-талқы, пікірсайыс, ойбөліс, сөзталас, айтыс тәрізді пікірталастың түрлері.

Пайдаланылған әдебиеттер
1. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері және тілдік танымы
Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2005 – 296 б.
2. Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш//Шығармалары. Алматы,
1989 ж, 137-304 б.
3. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: «Санат», 2002. – 360 б.
4. Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. 2- басылуы. – Алматы, «Санат», 1994. 272 б.
5. Негимов Ш. Шешендік өнер. Алматы: Мектеп-1997

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *