Сырымның әңгімелері
Сабақтың мақсаты: Студенттерді Сырым шешеннің өмірімен таныстыру, халық алдында өтеген қызметін білгізу. Шешендік өнерін үлгі етіп практикалық іс-дағдысында қолдануға үйрету.
Тапсырма
Сырымның сөздеріне талдау жасаңыз
Сырмның сөздерін жатқа айтыңыз
Төмендегі мәтіндердің мазмұның айтыңыз
Ханның Сырымды сынауы
Сырым Үргеніштің ханына барып жүз көріс қылған. Хан Сырымның атағына сырттай қанық : «Қазақтың өзі шешен, өзі батыр кісісі» деп естиді екен. Хан Үргеніш шешен мен Сырымды айтыстырыпты.
Үргеніш шешені:
— Сөз анасы не?
Су анасы не?
Жол анасы не ? – деп сұрайды.
Сырым батыр:
Сөз анасы – құлақ
Су анасы – бұлақ
Жол анасы –тұяқ! — деп жауап беріпті.
Үргеніш шешені:
Дау мұраты не?
Сауда мұраты не?
Қыз мұраты не?
Жол мұраты не?
Сырым батыр:
Дау мұраты –біту!
Сауда мұраты –ұту!
Қыз мұраты — кету
Жол мұраты – жету!- дейді.
Үргеніш шешені:
-Намазда жан-жағыңызға қарай береді екенсіз, оның не ? – деп сұрайды.
— Жан-жағыңызға қарамасаңыз, менің қарағанымды, қарамағанымды қалай көрдіңіз? – депті Сырым.
Үргеніш шешені:
-Сізді екі аяқты, бір тілді адам баласы жеңді ме? – дейді.
Сырым батыр:
-Сырымның айтқанын тыңдамай өз сөзін соға берген адам Сырымды күнде жеңеді депті.
Сырымның тапқырлығы
Сырым әрі батыр, әрі шешен, әрі тапқыр ақылды адам болған. Ол халық қамқоры, батыл да адал бейнесінде көрінеді. Бір мәжілісте Нұралы хан Сырымнан:
Ханның құны не болады? – деп сұрапты? Сонда Сырым:
Ханның құны бір арба жібектің күлі- дейді.
Жібектің күлі болушы ма еді? – дейді хан. Сонда Сырым:
Тақсыр сіздей ханда құн болушы ма еді? – деген екен.
* * *
Бір күні біреу Сырымға:
-Қатты адамға, мал тұрады деген не? Соны айтшы – дейді.
Сонда Сырым:
-Қатты адамға мал тұрса, шөп шықпайтын тақыр-дағы – депті.
Өлмек хақ, тумақ хақ
Ерденнің жалғыз баласы қайтыс болғанда аяқ жетер жердегі ел түгел келіп, ақ жауып арулап қойған соң да, әр тараптан келген жайсаңдар мен жақсылар көңіл айтуға келгенде, басын көтермей, жалғыз баласының қайғысы қабырғасын қайыстырып, сартөсек боп сарғайып жатып алыпты.
Бұл хабар Сыр бойындағы Досбол, Шоқайларға да жеткен. Ел арасы шалғайлықтан мүрде жерленгеннен кейін жетінші күні жетіпті. Үйге кіре аят оқытып, өлгенге — иман, тіріге — береке тілеп, бет сипасқанда да Ерден жатқан орнынан қозғалмапты.
-Уа, Ерден! –депті Досбол. — Қайғырғанда көңіліңді демейтін ағайын- туыс болмаса бір сәрі! Құдайға шүкір, ойдан-қырдан жапырылып — ағылып келіп жатса, бұл өліктің сәні, әрі көңілге дәрі емес пе?
Өлмесе қайда кетті бұрынғының кәрісі? Әлемді жалмап — жұтса да, өмірінде тоймаған қара жердің толысы! Ерден-ау, өткенге өкінбе, келмеске күйінбе, өлім деген- ұзақ жолдың алысы. Өлмек хақ, тумақ хақ, барлық жанның қабір емес пе барысы? Құдайға мұнша наз қылатындай ашынасы ма ең, әлде көз көрген танысы ма ең?!-дейді. Бұған да мызғымаған.
Шоқай молдас құрып отырған қалпынан ауысып, жүгіне қос тізерлеп, қамшысын мықынына таяна ұстап, аңға түсер мұзбалақтай шаңқ етіп:
-Ей, батыр Ерден! Басыңды көтер жерден! Құдайдан да құдіреттімін деп, мейманасың тасып кеткен екенсің керден?! Мыңды айдаған әкең Сандыбай да қара жерге енген! Әулие болсаң, әкеңді де, балаңды да алып қалуға әлің қане келген?!
Көкті бу көтереді,
Жүйрікті ду көтереді.
Өлімді ер көтереді,
Ауырды нар көтереді!
Ер емес пе едің, талайды көрген?! Құнсыз беріп, пұлсыз алды, нең бар еді құдайда берген?!- дейді ашына.
Ерден төсегінен шүйіле көтеріліп, сарғайған жүзін орамалымен сипап:
-Уа, асып туған асылдар! Қайғырсаң да қаншама, өлі артынан өлмек жоқ. Құрдымға хайыл кеткен соң, екі айналып келмек жоқ. Көтермесем басымды, көңілім өксік қаяулы! Ардақтыларым едің аяулы, саңлақтарым едің санаулы! Көңілде қайғы шемен-шер, төбелерің көрінбеген соң, күтіп жатыр едім, өздеріңдей асыл ерлерді!- деп құшақтаса көрісіп, көңілдегі нала-құсасын тарқатысып, үш-төрт күн болып көңілін демеп, қайғысын бөлісіп аттанған екен.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Н.Төреқұлов. «Қазақтың қанатты сөздері».Алматы 1988ж
2.А.Бисенғалиева. «Сөз тапқанға қолқа жоқ».Алматы 1988ж
3. Шқанова Б. Шешендік сөздердің жанрлық ерекшеліктері. Алматы: 1995
4. Шындалиева М. Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі байланысы. Алматы: 1996