Сырымның әңгімелері

Сырымның әңгімелері
Сабақтың мақсаты:Студенттерді Сырым шешеннің өмірімен таныстыру, халық алдында өтеген қызметін білгізу. Шешендік өнерін үлгі етіп практикалық іс-дағдысында қолдануға үйрету.
Тапсырма
1. Балтабай Адамбаевтың Сырым батырдың шешендік өнерін зерттеуі туралы айтыңыз
2. Малайсарының және Сырымның сөздерін зерделеп, талдаңыз
Сырымның шешендік өнері
Сырым Датұлының батырлығы жөнінде орыс зерттеушісі М.Вяткин монография жазды. Балтабай Адамбаев Сырым атына байланысты шешендік сөздерді жинастырып жариялады және кандидаттық диссертация қорғап көп еңбек сіңірді. Қазақ батыры, шешен, билері ішінде Сырым шешен мұрасын жинастыру зерттеу ісі біршама дұрыс жолға қойылған деп айтуға болады.
Осы кітапқа еніп отырған Сырымның шешендік сөздері негізінен Б.Адамбаевтың жинақтарынан алынады.
Олар мына төмендегілер:
Сырым жиырма алты жасында бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, Қараман ана Малайсары мен сөйлесіп отыр екен.
Балалар аман ба? –депті де, елемей өздері сөйлесе беріпті. Сырым жолдасына дауыстап:
Жүр кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой! – дейді. Малайсары жалт қарап:
Ата тұрып ұл сөйлегеннен без,
Ана тұрып қыз сөйлегеннен без
Сырнайдан сайраған мына бала кім еді?-дейді.
Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар,
Ана тұрып қыз сөйлесе, бой жеткені болар – дейді Сырым.
Сен толған екенсің, мен болған екенмін, — деп Малайсары Сырымды қасына шақырған екен.
Сырым Малайсары ауылында
Малайсарының ауылы төменгі Топайлы қаласының аузында екен. Сырым ауылына келгенде қарт азғантай қойының алдында жүр екен.
Аға кім болдыңыз? – деп сұрапты Малайсары:
Шырағым, кім болайық, осы жердегі аз үй Танамыз-дағы, — депті.
Сонда Сырым:
Тананың қайсысысың? Жеті үй Жиенбекпісің? Бес үй Бессарымысың? Тышқан құлақ Асанбысың? Төлеуден алған Құнанбысың? — дегенде, Малайсары:
Шырағым, Тананың пәленімін деп неғылайын. Танысаң танырсың. Мен де сені танып тұрмын. Даттың аузына шайтан түкірген, бір қу аяқ баласы атқа мінді деп естіп едім. Сен сол бала боларсың?-депті.
Сонда Сырым:
Бәлі, аға, сол балаңыз мен боламын. Ауылдан шыққанда сізді сөзден ұтсам ат мінгізіп, шапан жауып батаңызды алайын деп аттанып ем, ұтылдым, батаңызды беріңіз, атыңыз мына астымдағы атым, шапаным мынау! – деп үстіндегі шапанын шешіп беріпті.
Сырымның Нұралымен кездесуі
Сырым Нұралыға наразы болып жүргенде «Аз бен көпті, ақ пен қараны, нашар мен мықтыны теңгере алмадың» — деп өкпелепті. Нұралыға бір кез келгенде Сырым амандаспай жүре беріпті . Сонда Нұралы:
-Батыр! Қайырылып сәлем бергің келмейді, тасып жүрсің-ау! – депті. Сонда Сырым:
— Хан, тасып жүргенім жоқ, қазақ баласының басын қоса алмай сасып жүрмін, — депті.
Тапсырма

Сұрақтар
1. Сырым Бөкен биге не себептен келеді ?
2. Бөкен би Сырымға не деп бата береді ?
3. Сырым Бөкен бидің берген батасының мағынасын қалай айырды ?
4. Бөкен би неліктен Сырымға «жасың алпысқа жетпесін» — деп бата береді ?
5. Қоштасарда Бөкен би басын шертіп, Сырымның оған аузын ашып, тілін шығаруының мағынасы неде ?

Басқа пәле тілден
Сырым жас кезінде Есентемір Бөкен биге батасын алайын деп және ақыл сұрайын деп ат, шапан алып барады. Барып қонақ болғаннан кейін Бөкен Сырымнан келген жұмысын сұрайды.Сонда Сырым:
— Менің сізге келген жұмысым – біріншіден, сіздің батаңызды алайын деп келдім, екіншіден, ақыл сұрайын деп келдім, — дейді.
Сонда Бөкен: «Саған батамды берейін, сен жас болғанмен елге бас болғандай екенсің», — деп бата береді:
Арқаң қара нардай жауыр болсын,
Мінезің қара жердей ауыр болсын.
Өкпең жоқ – бауыр болсын,
Құлағыңнан сыбыр кетпесін,
Жасың алпысқа жетпесін, — дейді.
Батасын бергеннен кейін: «Мен не десем де бәрінің мағынасы бар, қалай түсіндің, өзіме айырып бер», — дейді Бөкен қарт. Сонда Сырым:
— Арқаң көп мінгеннен жауыр болсын дегенің – халық үшін жұмыс жаса, халықты өзіңе ерте біл-дегенің. Мінезің қара жердей ауыр болсын дегенің-беріден ойлама, әріден ойла, салмақты бол, жеңіл болма дегенің. Өкпең жоқ бауыр болсын дегенің — не болса соған өкпелеп, инені жіпке тізіп өкпешіл болма — дегенің. Құлағыңнан сыбыр кетпесін дегенің – ел арасында дау-жанжал көп кездеседі, сол мәселені өзің шешіп, ақ — қарасын айырып, дұрыс төресін бере біл – дегенің. Жасың алпысқа жетпесін деген батаңызға мен түсіне алмадым, — депті.
Сонда Бөкен қарт Сырымға ақырған екен:
— Мен сенен құдайдың берген жасын қызғанам ба, жүз алпысқа кел. Менің жасым сексен төртке келді. Алты бәлеге тап болдым. Мен сені сол алты бәледен аулақ болсын деп едім. Ол мыналар: үлкен үйге кіре алмадым, кіші үйге сия алмадым. Қара сақалды әкем болды, қара шашты шешем болды. Ауру келді, кәрілік жеңді, — міне, алты бәле деген осы. Бұған қалай түсіндің ? – дейді.
Сонда Сырым батыр:
— Үлкен үйге кіре алмадым дегеніңіз, адамның қатары кетеді, баратын үй таусылады. Кіші үйге сия алмадым дегеніңіз өзінен жасы кіші адамдардың үйіне жасы үлкен адам шақырусыз бара алмайды. Қара сақалды әкем дегеніңіз өзіңнен туған кей бала,есейген соң әкенің тілін алмайды, әкені дұрыс баға білмейді. Бір сөз айтсаң бетіңді қайырып тастайды. Қара шашты шешең дегеніңіз сол баланың әйелі, келінің. «Осы шалға не керек екен, берген асты ішіп жата бермей», — дейтін шығар. Ауру мен кәрілік түсінікті ғой, ата, — депті. Сонда Бөкен қарт: «Бақытты бол, балам, жақсы шештің», — дейді.Сырымға қарап Бөкен басын шерткен екен.
Сырым оған аузын ашып, тілін көрсетіпті. Сырымның қасындағы жолдастары: «Бөкең саған неге басын щертті, оған аузыңды ашып, тіліңді шығардың, ол не сөз ? » — дейді. Сонда Сырым: «Ол кісі маған басын шерткені – басқа бәле қайдан келеді», — деген жұмбағы еді; менің оған тілімді көрсеткенім: «Басқа пәле тілден келеді дегенім», — депті.

Пайдаланылған әдебиеттер
1. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері және тілдік танымы
Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2005 – 296 б.
2. Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш//Шығармалары. Алматы,
1989 ж, 137-304 б.
3. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: «Санат», 2002. – 360 б.
4. Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. 2- басылуы. – Алматы, «Санат», 1994. 272 б.
5. Негимов Ш. Шешендік өнер. Алматы: Мектеп-1997

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *